Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1525 қаулысына өзгеріс енгізу туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 Қаулысы
Редакция 23.12.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасы бекітілсін.
2. 2011 жылғы 17 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасының 8-тармағының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұрған кезеңде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады:
«8. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде тік эшелондау төмендегідей жартылай шеңбер жүйесі бойынша жүзеге асырылады:
1) әуе трассаларын, жергілікті әуе желілерін және ұшу жолының нақты белгіленген бұрыштары 0-ден 179о-ға дейінгі (қоса алғанда) маршруттарды бағыттау кезінде мынадай ұшу эшелондары белгіленеді: 900, 1500, 2100, 2700, 3300, 3900, 4500, 5100, 5700, 6300, 6900, 7500, 8100, 9100, 10100, 11100, 12100, 14100 (метр);
2) әуе трассаларын, жергілікті әуе желілерін және ұшу жолының нақты белгіленген бұрыштары 180-нен 359о-ға дейінгі (қоса алғанда) маршруттарды бағыттау кезінде мынадай ұшу эшелондары белгіленеді: 1200, 1800, 2400, 3000, 3600, 4200, 4800, 5400, 6000, 6600, 7200, 7800, 8600, 9600, 10600, 11600, 13100, 15100 (метр).
3. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы Ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 28 ақпандағы № 285 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 9, 67-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 28 ақпандағы № 285 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы № 61 қаулысы ;
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне авиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 ақпандағы № 61 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПАЖ-ы, 2010 ж., № 9, 109-құжат).
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 12 мамырдағы
№ 506 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасы
1. «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және 1944 жылы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидалары әуе кеңістігін пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, әуе кеңістігін пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, ел экономикасы мен қорғанысы мүддесінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) авиациялық жұмыстар ауданы – әуе кемелерінің авиациялық жұмыстарды орындауы шегінде географиялық координаттармен белгіленген аудан;
2) ағымдағы ұшу жоспары – кейінгі диспетчерлік рұқсаттарға негізделген ықтимал өзгерістерді қоса алғандағы ұшу жоспары;
3) аэростат – күштік қондырғы қозғалысқа түсірмейтін, ауадан жеңіл ұшу аппараты;
4) автожир (гироплан) – ұшқан кезде шамамен тігінен орналасқан, осьтердің айналысында еркін айналып тұратын бір немесе бірнеше тірек бұрандамен ауаның реакциясы есебінен ұсталып тұратын, ауадан ауыр ұшу аппараты;
5) әуеайлақ ауданы (тораптық диспетчерлік аудан (Terminal control area (ТMA) – бір немесе бірнеше ірі әуеайлақ маңында әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруттарының түйісу орнында құрылатын диспетчерлік аудан;
6) әуе кеңістігін пайдалану қауіпсіздігі – әуе кеңістігін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей, мемлекетке, азаматтарға және заңды тұлғаларға материалдық залал келтірмей пайдалану жөніндегі қызметтің барлық түрлерінің орындалуын қамтамасыз ету қабілетін айқындайтын әуе кеңістігін пайдаланудың белгіленген тәртібінің кешенді сипаттамасы;
7) әуе кеңістігін пайдалану – жүру барысында түрлі материалдық объектілердің (әуе кемелерінің, зымырандар мен басқа да объектілердің әуе кеңістігінде қозғалуы жүзеге асырылатын қызмет, сондай-ақ әуе қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін басқа да қызмет (биік құрылыстар салу, жүру барысында электр магниттік және басқа да сәулелер бөлінетін қызмет, көру мүмкіндігін нашарлататын заттардың атмосфераға таралуы, жарылыс жұмыстарын жүргізу және т.с.с);
8) әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіру – әуедегі жағдайларға, метеорологиялық, аэронавигациялық жағдайларға байланысты және әуе кеңістігін пайдаланудағы мемлекеттік басымдықтарға сәйкес әуе кеңістігін пайдалануды оңтайландыруға бағытталған, әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлау және әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) барысында жүзеге асырылатын қызмет;
9) әуе кеңістігін пайдалану жоспары – әуе қозғалысын жоспарлау органдарына ұсынылатын жоспарланған қызмет туралы белгілі бір мәліметтер;
10) әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлау – әуе кеңістігін пайдалануды, әуе қозғалысын ұйымдастыруды, әуе кеңістігін, мемлекеттік басымдықтарға сәйкес, оның пайдаланушылары арасында орны, уақыты және биіктігі бойынша бөлу жолымен әуе қозғалысы ағынын ұйымдастыруды рұқсат ету және барлау тәртібінде қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын қызмет;
11) әуе кеңістігінің құрылымы – әуе кеңістігін пайдалану қызметін жүзеге асыруға арналған әуе кеңістігі элементтерінің тік және көлденең жазықтықта шектелген жиынтығы;
12) әуе қозғалысына қызмет көрсету (бұдан әрі – ӘҚҚ) маршруты – әуе қозғалысына қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында қозғалыс ағынын бағыттауға арналған белгіленген маршрут. «ӘҚҚ маршруты» термині тиісті жағдайларда әуе трассасын, бақыланатын немесе бақыланбайтын маршрутты, ұшып келу немесе ұшып шығу маршрутын және басқа да маршруттарды айқындау үшін пайдаланылады;
13) әуе қозғалысына қызмет көрсету аумағы – белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі, олардың шекарасында әуе трассалары бойынша әуе қозғалысына және олардан тыс маршруттарға қызмет көрсету диспетчерлік орталықтың диспетчері арқылы жүзеге асырылады;
14) әуеайлақтағы қозғалыс аймағы (Aerodrome Traffic Zone) –әуеайлақтағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген, әуеайлақ маңындағы белгілі бір өлшемдегі әуе кеңістігі;
15) әуе шабуылына қарсы қорғаныс органдары (бұдан әрі – ӘШҚҚ органдары) – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бойынша жауынгерлік кезекшілік жүргізу міндеті жүктелген жедел органдары;
16) бойлық эшелондау – әуе кемелерін бір биіктікте уақыт немесе жол сызығы бойындағы ара қашықтық бойынша белгіленген аралықтарға шоғырландыру;
17) бүйірден эшелондау – әуе кемелерін бір биіктікте ұшу сызықтары арасындағы арақашықтық немесе бұрыштық жылжу бойынша белгіленген аралықтарға шоғырландыру;
18) «Брифинг» тобы – әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және қозғалысын жоспарлау және ұшу алдында ақпараттық қызмет көрсету функциясын қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі;
19) диспетчерлік аудан (CTА) – жер бетінде белгіленген шекарадан жоғары жайылған бақыланатын әуе кеңістігі;
20) диспетчерлік аймақ (CTR) – жер бетінен белгіленген жоғарғы шекараға дейін жоғары жайылған бақыланатын әуе кеңістігі;
21) диспетчерлік рұқсат – ұшуды орындаумен және тиісті жағдайлармен және белгіленген ұшу қағидаларымен байланысты әуе кемесінің экипажына әуе қозғалысына қызмет көрсету органы беретін рұқсат;
22) диспетчерлік нұсқау – пилотқа нақты жағдайда нақты іс-қимылды ұйғаратын әуе қозғалысын пайдалану органының директивті нұсқаулары;
23) дирижабль – күштік қондырғы қозғалысқа түсіретін ауадан жеңіл ұшу аппараты;
23-1) еркін маршруттаудың әуе кеңістігі (Free Route Airspace) (бұдан әрі – FRA) – бақыланатын әуе кеңістігінің белгілі бір көлемі, оның шегінде пайдаланушылар әуе кеңістігінің қолжетімділігін ескере отырып, белгілі бір кіру нүктесі мен белгілі бір шығу нүктесі арасындағы маршрутты ӘҚҚ бекітілген маршруттық желісіне байланыстырмай, аралық жол нүктелері арқылы маршрут салу мүмкіндігімен еркін жоспарлай алады;
24) жауапкершілік аймағы (ауданы) – әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары өз функцияларын жүзеге асыратын белгіленген өлшемдегі әуе кеңістігі;
25) жауап бергіштің (транспондердің) міндетті түрде болуы талап етілетін әуе кеңістігінің аймағы (TMZ) – белгіленген рәсімдерге сәйкес пайдаланылатын бақылау жүйесіне арналған жауапкердің әуе кемесін міндетті жабдықтау талап етілетін ұшу кезіндегі белгілі бір өлшемдегі әуе кеңістігінің аймағы;
26) тікелей көру аймағынан тыс ұшу (BVLOS) – пилотсыз әуе кемесі тұрақты тікелей визуалды байланыстан тыс немесе сыртқы пилот немесе оператор пилотсыз әуе кемесінің орналасқан жерін көзбен шолып бақылауға және басқа әуе кемелеріне, адамдарға және соқтығысуды болдырмау үшін кедергілерге қатысты пилотсыз әуе кемесінің ұшу траекториясын бақылауға мүмкіндігі бар қашықтықтан тыс орналасқан пилотсыз әуе кемесінің ұшу түрі;
27) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан ұшып өтудің әуе дәлізі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының үстіндегі әуе кеңістігінің халықаралық ұшуды орындайтын әуе кемелерінің қиып өтуі үшін белгіленген бөлігі;
28) қашықтықтан сәйкестендіру жүйесі – ұшуды орындау процесінде пилотсыз әуе кемесі туралы ақпаратты жергілікті таратуды қамтамасыз ететін жүйе;
29) қайталанатын ұшу жоспары (RPL) – ӘҚҚ органдары сақтау және қайта пайдалану үшін пайдаланушы ұсынатын, негізгі ерекшеліктері бірдей, жиі қайталанатын, тұрақты түрде орындалатын бірқатар жеке ұшумен байланысты ұшу жоспары;