• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 02.07.2015 г

Отправить по почте

Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 10 шілдедегі № 712 қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 2 шілдеден бастап ҚР Үкіметінің 23.06.2015 жылғы № 475 Қаулысына сәйкес
«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Жылу энергиясын пайдалануқағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 10 шілдедегі
№ 712 қаулысымен бекітілген
Жылу энергиясын пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жылу энергиясын пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының19) тармақшасына сәйкес әзірленді және жылу энергиясын пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:
1) есептік кезең – тұтынылған жылу энергиясы есепке алынатын және тұтынушыға төлемге ұсынылатын жылу энергиясына шартпен айқындалатын уақыт кезеңі;
2) жылу желісінің баланстық тиесілігі – энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың және тұтынушыға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі жылу желісінің учаскесі;
3) жылу желісінің баланстық тиесілігінің шекарасы – жылу желісінің, оның баланстық тиесілігіне сәйкес энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушы арасындағы жылу желісінің бөлініс нүктесі (сызығы);
4) жылу тасымалдағыштың шығысы – уақыт бірлігі ішінде құбырдың көлденең қиылысы арқылы өткен жылу тасымалдағыштың массасы (көлемі);
5) жылу тұтыну жүйесі – бір немесе бірнеше жылу жүктемесі түрлерін тұтынуға арналған жылу тұтыну қондырғыларының кешені;
6) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу көздерінің, жылу желілерінің және жылу тұтыну қондырғыларының жиынтығы;
7) жылу энергиясына арналған тариф табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен жылу энергиясы құнының ақшалай мәні;
8) жылу жүктемесі – уақыт бірлігі ішінде жылу тұтыну қондырғысы қабылдай алатын жылу энергиясының мөлшері;
9) жылу желісі – жылу энергиясын беруге, таратуға арналған құрылғылар жиынтығы;
10) жылу энергиясы – тұтыну кезінде жылу тұтынатын қондырғының термодинамикалық параметрлері (температура, қысым) өзгеретін, жылу тасымалдағыш беретін энергия;
11) жылу тасымалдағыш – жылу энергиясын беру үшін жылумен жабдықтау жүйесінде пайдаланылатын зат (су, бу);
12) жылу тұтыну қондырғысы – жылу энергиясын тұтынушының қажеттілігі үшін жылу энергиясын, жылу тасымалдағышты пайдалануға арналған құрылғы;
13) жылумен жабдықтау – тұтынушыларға жылу энергиясын беру жөніндегі іс-шаралар;
14) қосалқы тұтынушы – жылу қондырғылары тұтынушының жылу желілеріне қосылған тұтынушы;
15) өлшеу құралдарын тексеру – өлшеу құралдарының (коммерциялық есепке алу аспабының) белгіленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестігін айқындау мен растау мақсатында мемлекеттік метрологиялық қызмет немесе басқа да аккредиттелген заңды тұлғалар орындайтын операциялар жиынтығы;
16) энергетикалық сараптама – жұмыс істеп тұрған объектілер, қайта жаңартылатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынып жатқан объектілердің жобалары бойынша, жылу желілеріндегі энергетикалық жабдықтардағы технологиялық бұзылулар мен аварияларды тексеру кезінде, сондай-ақ олардағы өндірістік жарақат алу жағдайларында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестілігіне электр энергетикасы саласында жүргізілетін сараптама;
17) техникалық шарттар – жылу желілеріне қосу үшін қажетті техникалық талаптар;
18) төлем құжаты – оның негізінде тұтынылған жылу энергиясы үшін тұтынушы төлем жүргізетін құжат (есеп, хабарландыру, түбіртек, есеп-ескерту);
19) тұтынушы – шарт негізінде жылу энергиясын тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
20) есепке алу торабы – жылу энергиясын есепке алуды қамтамасыз ететін аспаптар мен құрылғылар жүйесі;
21) сарапшы ұйым – электр энергетикасы мәселелері бойынша энергетикалық сараптама жүргізу үшін аккредиттелген ұйым;
22) энергиямен жабдықтаушы ұйым – сатып алынған жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;
23) энергия беруші ұйым – жылу энергиясын тұтынушыларға беруді шарттар негізінде жүзеге асыратын ұйым;
24) энергия өндіруші ұйым – жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым.
2. Жылу энергиясын пайдалану тәртібі
3. Жылу энергиясын пайдалану үшін тұтынушы қолданыстағы энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосылуы және энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жылумен жабдықтау шартын жасасуы қажет.
4. Қолданыстағы жылу желілеріне қосылу және жылумен жабдықтауға шарт жасасу техникалық шарттар талаптары орындалғаннан кейін жүзеге асырылады.
5. Тұтынушылардың объектілерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар мынадай жағдайларда беріледі:
1) жаңадан пайдалануға берілген объектілерді жылу желілеріне қосу;
2) тұтынылатын энергия мөлшерінің немесе жылу тұтынушы құрылғының қайта жаңартылуына немесе кеңеюіне байланысты техникалық шарттарда және шарттың талаптарында белгіленгеннен жоғары жылу тасымалдағыш параметрлерінің өзгеруі;
3) сыртқы жылу жабдықтаушы схемасының өзгеруі;
4) бұрын жылу жүйелеріне қосылмаған объектілерді қосу.
6. Техникалық шарттарды алу үшін тұтынушы энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға өтінім береді. Өтінімде мыналар көрсетіледі:
1) объектінің атауы;
2) объектінің орналасқан орны;
3) тапсырыс беруші ұйымының толық атауы, мекенжайы мен телефоны;
4) жоба болған жағдайда, жобаланатын объектіні сипаттайтын деректер (энергияны тұрмыстық тұтынуға пайдаланатын тұтынушылар үшін техникалық паспорт).
7. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушыдан өтінімді алғаннан кейін он төрт жұмыс күн ішінде тұтынушыны жылумен жабдықтау желісіне қосуға арналған техникалық шарттарды береді.
8. Энергия берушi ұйым тұтынушылар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарды орындаған жағдайда, оларды жылу желілеріне қосудан, сондай-ақ оларға жылу энергиясын беруден бас тартуға құқығы жоқ.
9. Тұтынушы объектісін жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі:
1) жылумен жабдықтау көзі, жылу желілеріне қосу нүктесі, берілетін жылу энергиясының сапасы;
2) басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып, негізгі және резервтегі іске қосу нүктелеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері мен гидравликалық режимі;
3) қажет болған жағдайда, басқа тұтынушылардың жүктемелерін қосу перспективасын ескере отырып, негізгі тұтынушының жүктемесі;
4) қайтарылатын өндірістік конденсаттың саны, сапасы және қайта айдау режимі, қажет болған жағдайда, конденсатты жинау және қайтару схемасы;
5) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі талаптар (жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін орнату кемінде 50 кВт орташа сағаттық жылу энергиясын тұтынатын объектілерге қолданылмайды);
6) жылу желілерін төсеу тәсілі;
7) жылыту-желдету мен технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосу схемасы;
8) температуралық кесте мен желілік судың шығысы;
9) салынып жатқан немесе қайта жаңартылып жатқан жылу желілерінің баланстық және пайдалану тиесілілігі мен тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.
10. Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі ҚР ҚН 1.02-01 2008 жобалау нормаларының, ҚР ҚНжЕ 1.04.03 2008 құрылыс тиесілігінің нормаларының талаптарына сәйкес айқындалады, бірақ бір жылдан кем емес.
11. Жылу тұтынатын қондырғылары тұтынушылардың желілеріне қосылатын қосалқы тұтынушылар техникалық шарттарды энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымнан алады және тұтынушымен келіседі.
12. Объект иесі өзгерген жағдайда, жаңа мүлік иесі мүлік құқығы тіркелген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда энергия беруші (энергия өндіруші) және энергиямен жабдықтаушы ұйымға объект иесінің ауысқандығы туралы хабарлайды. Тұтынушыға бұрын берілген техникалық шарттарды, актілер мен шарттарды қайта ресімдеу тек меншік иесінің ауысуы бөлігінде ғана жүзеге асырылады.
13. Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.
14. Техникалық шарттарда көрсетілген талаптардың негізділігіне күмән туындаған жағдайда, тұтынушы сарапшы ұйымға энергетикалық сараптама жүргізу үшін жүгінеді. Тұтынушының өтініші негізінде сарапшы ұйым энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға жүгінуі кезінде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым барлық сұратылған мәліметтерді береді.
15. Тұтынушы техникалық шарттарды немесе техникалық шарттарда көрсетілген талаптарды беруден бас тартуының негізделмегендігі туралы сарапшы ұйымның оң қорытындысы негізінде техникалық шарттарды алуға өтінімді энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға қайта береді.
16. Техникалық шарттарды беруден қайта бас тарту немесе техникалық шарттарда көрсетілген, негізделмеген талаптардың өзгеруі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның іс-әрекетіне шағымдану үшін негіздеме болып табылады.
17. Қосылуға арналған техникалық шарттарды алған жағдайда, тұтынушы құрылыс салу жүйесінде жылу энергиясын өндіру және тасымалдау объектілерін орналастыра отырып, елді мекендерді жылумен жабдықтау, сондай-ақ қонысаралық аумақтарда орналасқан өндірістік кешендерді жылумен жабдықтау схемаларын жобалау бойынша жобалық қызметті орындауға лицензиясы бар жобалаушы ұйымға жүгінеді.
18. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушыдан өтінімді алғаннан кейін үш жұмыс күн ішінде: сыртқы жылу желілері, жылу торабы, есепке алу аспабы, ішкі жылу желілері жобаларын келіседі.
19. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосылуды осы (қосылу бойынша) жұмыстардың ақысы төленгеннен кейін тұтынушының жазбаша өтініші бойынша ұйымның өзі жүзеге асырады.
20. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым жылу желісіне қосылғаннан кейін тұтынушы мынадай тәртіппен:
1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерімен бірлесіп баланстық тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігінің шекарасын ажырату актісін 3 жұмыс күні ішінде ресімдейді;
2) жылу торабының құрылысынан, есепке алу аспаптарын және ішкі жылумен жабдықтау желілерін монтаждаудан кейін қайта монтаждалған жабдықтарды шаю және сығымдау жұмыстарын қабылдау үшін кейіннен 3 жұмыс күні ішінде актіні (есепке алу аспаптарын пайдалануға рұқсат беру актісі, жылу торабын және ішкі жылумен жабдықтау желілерін қабылдау актісі) ресімдей отырып, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілін шақырады;
3) 2 жұмыс күні ішінде объект паспортын ресімдейді және дроссель құрылғыларының (сопло, шайба) өлшемдерін алады. Дроссель құрылғыларын дайындау нормативтік-техникалық құжаттамалар мен алынған есептеулерге сәйкес жүргізіледі. Дроссель құрылғыларын орнату кезінде пломбалау үшін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілін шақырады;
4) алдағы және кейінгі жылыту маусымына жылу тұтыну қондырғылары мен жылу желілерінің техникалық даярлығы туралы актіні алу үшін шаю, сығымдау және ретке келтіру актілерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға ұсынады.
21. Даярлық туралы акті негізінде тұтынушы энергия беруші ұйыммен шарт жасасады.
Шарт жасалғаннан кейін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылуға өтінім беріледі.
Қосу энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілі мен тұтынушының қатысуымен, қосылу актісін ресімдей отырып, оны кейін энергиямен жабдықтау ұйымына бере отырып жүргізіледі.
22. Тұтынылған жылу энергиясын есептеуді егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жүзеге асырады.
23. Коммерциялық есепке алу аспаптарын тексеру мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) оның көрсеткіштерінің дұрыстығына күмән келтірілген жағдайда, тұтынушының немесе энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымының өтініштері бойынша;
2) тұтынушы коммерциялық есепке алу аспаптарының ақаулылығын анықтаған жағдайда.
24. Егер тексеру кезінде коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері олардың дәлдік сыныбы рұқсат еткен ауытқушылығынан асып кетсе, онда жоспардан тыс тексеру бойынша шығасыларды өлшеу құралының меншік иесі төлейді. Басқа жағдайда тексеру бойынша шығасыларға тексеруді талап еткен тарап көтереді.
25. Коммерциялық есепке алу аспаптарын тексеруден өткізу туралы өтініш беру тұтынушыны шартта белгіленген мерзімде өзі тұтынған жылу энергиясына ақы төлеуден босатпайды.
26. Жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдері тұтынушы өкілдерінің қатысуымен жүргізеді. Тұтынушының кінәсі бойынша екі есептік кезең ішінде коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алу мүмкіндігі болмаған кезде және бұл ретте тұтынушы өзінің тұтынған жылу энергиясының мөлшері туралы мәліметті энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға ұсынбаса, онда энергиямен жабдықтаушы ұйым өткен жылдың осыған ұқсас кезеңі үшін нақты тұтыну бойынша кейіннен қайта есептеуді жүргізе отырып, жылу энергиясының орташа тәуліктік шығысы бойынша есеп жүргізеді.
27. Энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым мынадай:
1) шартта белгіленген мерзімдерде жылу энергиясын беру және/немесе бөлу бойынша ұсынылған қызметтер төленбеген;
2) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желісіне жылу тұтынушы қондырғыларды өз бетінше қосқан;
3) жылу тұтыну жүйелерін коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату орнына дейін қосқан;
4) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерін жылу тұтынатын жүйелерге және есепке алу аспаптарына жібермеген;
5) жылу тұтынатын қондырғылар мен жылу желілерін күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа техникалық даярлық актісінсіз және сараптамалық ұйымның қорытындысынсыз энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желісіне қосқан жағдайларда тұтынушыға жылу энергиясын беруді шектейді.
28. Тұтынушы желілік суды өздігінен жинаған, жылу тұтыну қондырғыларын өз бетінше қосқан, коммерциялық есепке алу аспаптарын бүлдірген, есепке алу торабында орнатылған пломбаларды бұзған немесе олар болмаған жағдайда энергия беруші (энергия өндіруші) және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар акт жасайды және тұтынушы пайдаланған жылу энергиясының көлеміне қайта есептеу жүргізеді.
Ыстық су бойынша қайта есептеу бір жылдан аспайтын кезеңде, ал жылу жүйесі үшін жылыту маусымының басынан бастап осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар анықталған сәтке дейін жүргізіледі.
Акт энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілінің және тұтынушының не оның өкілінің қолы қойылған жағдайда жарамды. Акт тұтынушы немесе оның өкілі қол қоюдан бас тартқан, бірақ оны энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның және кондоминиумның басқару органының құрамында кемінде үш адам бар комиссиясы ресімдеген жағдайда да жарамды болып саналады.
29. Өз желісіндегі аварияның алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдау үшін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым оны міндетті түрде хабардар ете отырып, кейіннен энергиямен жабдықтаушы ұйымы толық бермеген жылу энергиясы үшін қайта есептеу жүргізе отырып, тұтынушының жылу тұтыну жүйесін уақытша ажыратады.
30. Тұтынушының уәкілетті тұлғалары (кондоминиум объектісін басқару органы) тіреуіштен, жылытатын элементтерден, реттейтін және бекіту арматурасынан, басқару торабынан (элеваторлардан), есеп торабынан, жылу энергиясын есепке алу аспаптарынан, сондай-ақ осы желілерде орналасқан басқа жабдықтан тұратын жылыту жүйесі мен ыстық сумен жабдықтау, үйге ортақ (үйшілік) меншікті құрайтын коммерциялық есепке алу аспаптарын (үйге ортақ) тиісті техникалық жағдайды ұстайды және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
31. Энергияны тұрмыстық тұтыну үшін пайдаланатын тұтынушымен (бұдан әрі - тұрмыстық тұтынушы) немесе энергия беруші ұйымдардың және көп пәтерлі тұрғын үйлерде кондоминиум объектісін басқару органының арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы басқару торабының (элеватордың) кіру ысырмаларының бірінші бөлу фланеці бойынша анықталады.
32. Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыға:
1) энергия беруші ұйымның және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның келісімінсіз пәтерішілік желілерді, инженерлік жабдықты және құрылғыны қайта жабдықтауға;
2) жылыту аспаптарының қосымша секцияларын, реттеуші және бекітуші арматураны орнатуға, сондай-ақ оларды бөлшектеуді жүзеге асыруға;
3) жылыту жүйелерінде жылу тасымалдағышты тікелей мақсаттан тыс (жылу жүйесінен және аспаптардан суды ағызу) пайдалануға рұқсат етілмейді.
33. Тұрмыстық тұтынушыда есепке алу аспаптары болмаған жағдайда көрсетілген қызметтер көлемі былайша:
ыстық сумен жабдықтау бойынша - нақты тұрып жатқан азаматтардың санына табиғи монополия салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен тұтыну нормалары бойынша;
жылумен жабдықтау бойынша - жылытылатын алаңның шаршы метріне (жылыту) табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен тұтыну нормалары бойынша анықталады.
34. Энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым мынадай жағдайларда:
1) шартта белгіленген мерзімдерде жылу энергиясын тұтынғаны үшін төлем төленбеген;
2) жылу желілеріне өз бетінше қосылған, оның ішінде қосалқы тұтынушылардың жаңа қуатын қосқан жағдайларда тұрмыстық тұтынушыға жылу энергиясын беруді тоқтатады немесе шектейді.
Бұл ретте энергия беруші ұйым осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайда жылу энергиясын беруді шектеуге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайда жылу энергиясын беруді тез арада тоқтатуды ескертеді.
35. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу энергиясын есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды энергия беруші ұйым жүргізеді.