Toggle Dropdown
Осы редакция 23.07.2013 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Азық-түлік шикізатының және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 қараша N 1783 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153 Жарлығымен бекітілген "Халық денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Азық-түлік шикізатының және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі осы қаулыны іске асыру жөніндегі шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы
Yкiметінiң
2000 жылғы 29 қарашадағы
1783 қаулысымен
бекiтiлген
Азық-түлiк шикiзатының және тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы нұсқаулық
Осы Нұсқаулық азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң (бұдан әрi - тамақ өнiмдерi) сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгiлейдi және өндiру, сатып алу, тасып әкелу, сақтау, тасымалдау және сату (бұдан әрi - айналым) кезеңдерiндегi өндiрушi, сатушы және тұтынушы арасында туындайтын қатынастарды реттейдi. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес әзiрлендi.
1. Заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын, әкелетiн және сататын тамақ өнiмдерiн стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың, санитарлық, малдәрiгерлiк-санитарлық, фитосанитарлық нормалар мен ережелердiң, сондай-ақ басқа да техникалық регламенттердiң (бұдан әрi - нормативтiк құжаттар) талаптарына сай болуы тиiс. , , , , , , ,
2. Жалпы қабылданған негiзгi терминдер мен ұғымдар:
тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi - тамақ өнiмдерiнiң оларды әдеттегi жағдайда пайдалану кезiнде зиянды болып табылмайтындығы мен қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулығына қауiп туғызбайтындығына негiзделген сенiмдiлiк күйiнiң болуы;
биологиялық белсендi қоспалар - тамақпен бiр мезгiлде пайдалануға немесе тамақ өнiмдерiнiң құрамына енгiзуге арналған табиғи (табиғимен бiрдей) биологиялық белсендi заттар;
тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды теңестiру - белгiлi бiр тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды нормативтiк, техникалық құжаттардың талаптарына және оларға қоса берiлетiн құжаттардағы және жапсырмалардағы ақпараттарға сәйкестiкке келтiру жөнiндегi қызмет;
тамақ өнiмдерiнiң сапасы - оларды әдеттегi жағдайда пайдалану кезiнде адамның тамаққа қажеттiлiгiн қанағаттандыруға қабiлеттi тамақ өнiмдерi қасиеттерiнiң жиынтығы;
тамақ өнiмдерiмен араласатын материалдар мен бұйымдар (бұдан әрi - материалдар мен бұйымдар) - тамақ өнiмдерiн дайындау, буып-түю, сақтау, тасымалдау, сату мен пайдалану кезiнде қолданылатын материалдар мен бұйымдар, оның iшiнде технологиялық жабдықтар, құралдар мен құрылғылар, ыдыстар, ыдыс-аяқтар, асханалық керек-жарақтар;
нормативтiк құжаттар - тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiне, олардың сапасы мен қауіпсiздiгiн бақылауға, оларды дайындау, сақтау, тасымалдау, сату және пайдалану, сапасыз, қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды қайта жарату немесе жоюға талаптар қоятын мемлекеттiк стандарттар, санитарлық, мал дәрiгерлiк- санитарлық және фитосанитарлық ережелер мен нормалар және басқа да нормативтiк-құқықтық кесiмдер;
тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың айналымы - сатып алу-сату (оның iшiнде экспорт және импорт) және тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды берудiң өзге де тәсiлдерi (бұдан әрi - сату), оларды сақтау және тасымалдау;
тамақ өнiмдерi - адамның тамаққа пайдаланатын табиғи немесе өңделген түрдегi өнiмдер, оның iшiнде балалар тамағының өнiмдерi, шөлмектелген су, алкогольдi өнiм, сағыз, сондай-ақ азық-түлiк шикiзаты, тамақтық қоспалар мен биологиялық белсендi қоспалар;
азық-түлiк шикiзаты - өсiмдiк, мал, микробиологиялық, минералдық, қолдан жасалған шикiзат және тамақ өнiмдерiн дайындау үшiн пайдаланылатын су;
балаларды тамақтандыру өнiмдерi - 14 жасқа дейiнгi балаларды тамақтандыруға арналған және балалар организмiнiң физиологиялық қажеттiлiктерiне жауап беретiн тағам өнiмдерi;
диеталық тамақтандыру өнiмдерi - шипалы және профилактикалық тамақтандыруға арналған тамақ өнiмдерi;
тамақ қоспалары - тамақ өнiмдерiне белгiлi бiр қасиеттер беру және (немесе) олардың сапасын сақтау мақсатында тамақ өнiмдерiне оларды дайындау процесiнде енгiзiлетiн табиғи немесе жасанды заттар мен олардың қосылыстары;
тамақ өнiмiнiң тағамдық құндылығы - тамақ өнiмiнiң адамның қажеттi заттар мен энергияға физиологиялық қажеттiлiктерiн қанағаттандыратын қасиеттерiнiң жиынтығы;
жарамдылық мерзiмi - ол аяқталғаннан кейiн тағам өнiмi мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болып саналатын кезең. Жарамдылық мерзiмiн сақтау шарттары сақталған жағдайда, тамақ өнiмiнiң тұтынушының өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiне кепiлдiк беретiн сақтау шарттарын көрсете отырып, тамақ өнiмдерiн дайындаушы белгiлейдi;
сақтау мерзiмi - белгiленген сақтау шарттары сақталған жағдайда, тамақ өнiмiнiң нормативтiк құжаттамада немесе сату-сатып алу шартында көрсетiлген өзiнiң бүкiл қасиетiн сақтайтын кезең. Сақтау мерзiмi өткеннен кейiн тамақ өнiмi пайдалану үшiн жарамды болуы, бiрақ оның тұтынушылық қасиеттерi (тұтынушылық құны) төмендеуi мүмкiн;
тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiнiң куәлiгi - тамақ өнiмдерiн дайындаушының (жабдықтаушының) тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар тобының сапасы мен қауiпсiздiгiнiң нормативтiк, техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжаты;
тамақ өнiмдерiн қайта жарату - тамақ өнiмдерiн нормативтiк құжаттардың талаптарына жауап бермейтiн және адамдардың өмiрi мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауiп төндiретiн жарамсыздыққа жатқызу рәсiмi және оларды жою;
бұрмаланған тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар - қасақана өзгертiлген (қолдан жасалған) және (немесе) жасырын қасиеттер мен сапаға ие, олар туралы ақпараттар қасақана толық емес немесе қате болып табылатын тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар;
3. Заңды және жеке тұлғалардың шығаратын, әкелетiн және сататын өнiмiн жарнамалауға Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес оның қауiпсiздiгiн растайтын құжаттарсыз жол берiлмейдi.
2. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын жалпы талаптар
1. Сатуға арналған тамақ өнiмдерi химиялық және биологиялық, оның iшiнде адамдардың денсаулығы үшiн қауiп туғызуы ықтимал радиоактивтiк, микробиологиялық заттар мен олардың қосылыстарының құрамындағы мөлшерi жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгіленген талаптарға сай болуы тиiс.
2. Балаларды тамақтандыру өнiмдерiнiң тамақтық құндылығы бала организмiнiң жай-күйi мен жасына сәйкес келуi және денсаулық үшiн қауiпсiз болуы тиiс.
3. Емдеу-профилактикалық тамақтандыру өнiмдерi, тағамдық және биологиялық белсендi қоспалар арнаулы мақсаттағы өнiмдерге жатады және олардың денсаулық сақтау органдары белгiленген тәртiппен бекiткен нормативтiк құжаттамаға сәйкес қасиеттерi мен сипаттамалары болуы тиiс.
3. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн мемлекеттiк нормалау
1. Тамақ өнiмдерiнiң сапасына, буылып-түйiлуiне, таңбалануына, бақылау (талдау) әдiстерiне, бағалау рәсiмдерiне және тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiнiң нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растауға қойылатын талаптар уәкiлеттi мемлекеттiк органдар бекiткен нормативтiк құжаттарда белгiленедi.
2. Тамақтық және энергиялық құндылықтарға, тамақтық және биологиялық белсендi қоспалардың, тамақ өнiмдерiнiң (малдан алынатын азық-түлiк шикiзатынан басқа) қауiпсiздiгiне, сондай-ақ тамақ өнiмдерiн дайындау, сақтау тасымалдау сату (сауда) және қоғамдық тамақтандыру қызметтерiн көрсетуге қойылатын талаптар мемлекеттiк (мемлекетаралық) стандарттар мен санитарлық ережелерде және нормаларда белгіленедi.
3. Малдан алынатын азық-түлiк шикiзаттарын (ет, балық, құс, жұмыртқа және басқа) дайындау сақтау тасымалдау және сату кезiндегi сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар мемлекеттiк (мемлекетаралық) стандарттар мен малдәрiгерлiк ережелерде және нормаларда белгiленедi.
Өсiмдiктен алынатын азық-түлiк шикiзатының сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар санитарлық ережелер мен нормаларда және фитосанитарлық ережелер мен нормаларда белгiленедi.
Жоғарыда көрсетiлген талаптар ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiне, халықтың тамақтану ерекшелiктерi мен денсаулық жағдайына, тамақ өнiмдерi мен азық-түлiк шикiзатының ықтимал қауiптi қасиеттерiне, оларды тамаққа пайдаланудан адамдардың денсаулығына зиян келуi қаупiне, сондай-ақ олардың әлеуметтiк және экономикалық зардаптарына негiзделедi.
4. Мемлекеттiк стандарттарды, санитарлық, малдәрiгерлiк-санитарлық және фитосанитарлық ережелер мен нормаларды стандарттау және сертификаттау саласындағы қадағалау санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау малдәрiгерлiк қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар және өсiмдiктердiң карантинi жөнiндегi фитосанитарлық қызмет, олардың құзыреттерiне сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтедi.
4. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Заңды және жеке тұлғалар тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн:
нормативтiк және техникалық құжаттардың талаптарын, ал олар болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген, ұқсас өнiмдердiң сапасы мен қауiпсiздiгiне талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарды сақтау;
азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң дайындау, сақтау тасымалдау және сату кезiндегi сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi ұйымдастырушылық санитарлық-гигиеналық, алдын алу және эпидемияға қарсы, малдәрiгерлiк-санитарлық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, агрохимиялық және фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзу;
сапаны басқару жүйесiн енгiзу арқылы тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне, оны дайындау, сақтау, тасымалдау және сату шарттарының сақталуына өндiрiстiк бақылауды жүргiзу;
нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiкке мiндеттi түрде сертификаттауға жататын тамақ өнiмдерiне сертификаттауды және өнiмдi санэпидсараптаманы жүргiзу арқылы қамтамасыз етедi.