Toggle Dropdown
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру қағидаларын және шарттарын, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптарды, Сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және сақтандыру брокерінің қызметін лицензиялау қағидаларын, сондай-ақ лицензия алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және Қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 30 сәірдегі N 122 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 12 маусымдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4731 болып енгізілді.
Редакция 28.04.2020 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Сақтандыру қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру қағидалары және шарттары, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптар;
2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және сақтандыру брокерінің қызметін лицензиялау қағидалары, сондай-ақ лицензия алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Мынадай қаулылардың күші жойылды деп танылсын:
1) Агенттік Басқармасының "Сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия беру ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 9 қаңтардағы N 11 қаулы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4076 тіркелген, "Юридическая газета" газетінде 2006 жылғы 17 ақпанда N 28-29 (1008-1009) жарияланған);
2) Агенттік Басқармасының "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 9 қаңтардағы N 12 қаулы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4077 тіркелген).
3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
4. Лицензиялау басқармасы (Ә.Ж. Нәжімеденова):
1) Заң департаментімен (М.Б. Байсынов) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.
5. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Ғ.Н. Өзбековке жүктелсін.
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының 2007 жылғы
30 сәуірдегі № 122 қаулысына
1-қосымша
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру қағидалары және шарттары, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптар
1. Осы Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру қағидалары және шарттары, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) «Сақтандыру қызметі туралы» 2000 жылғы 18 желтоқсандағы (бұдан әрі – Заң), «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы және «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган, көрсетілетін қызметті беруші) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру қағидаларын және шарттарын, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.
Қағидалар исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына да қолданылады.
2-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру тәртібі және шарттары
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат алу үшін жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – өтініш беруші, көрсетілетін қызметті алушы) уәкілетті органға Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру туралы өтінішті (бұдан әрі – өтініш) электрондық түрде береді.
Өтініш беруші өтінішті портал арқылы жіберген кезде «жеке кабинетте» нәтижені алу күні мен уақыты көрсетіле отырып мемлекеттік қызмет көрсетуге сұратудың қабылданғаны туралы мәртебе автоматты түрде көрсетіледі.
3. Мемлекеттік қызметті көрсету бойынша рәсімнің (іс-қимылдың) басталуына негіз уәкілетті органның Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес «Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында (бұдан әрі – Стандарт) көзделген құжаттарды портал арқылы алуы болып табылады.
4. Уәкілетті органның хат-хабарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті қызметкері өтінішхат түскен күні оны қабылдауды, тіркеуді және уәкілетті органның мемлекеттік қызметті көрсету үшін жауапты бөлімшесіне (бұдан әрі – жауапты бөлімше) орындау үшін жіберуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының өтініші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері түскен кезде 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құжаттарды қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Жауапты бөлімшенің қызметкері өтініш тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, жауапты бөлімше көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» көрсетілетін қызметті алушыға жібереді.
Уәкілетті орган тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электрондық үкіметтің» шлюзі арқылы құжаттарда көрсетілген мынадай мәліметтерді алады:
Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғасының жеке басын куәландыратын;
Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғасында алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болмауын растайтын;
Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасын мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы.
5. Ұсынылған құжаттардың толық болу фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган 40 (қырық) жұмыс күні ішінде олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қарайды, уәкілетті орган Басқармасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру (рұқсат беруден бас тарту) туралы қаулысын қабылдайды.
Жауапты бөлімшенің қызметкері уәкілетті органның Басқармасы қаулыны қабылдағаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсаттың электрондық көшірмесін қоса бере отырып көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беру туралы хабарламаны не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты жібереді.
6. Мемлекеттік қызмет көрсету кезеңі туралы ақпарат мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесінде автоматты режимде жаңартылады.
7. Ұсынылған құжаттар Заңның және қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат беруден бас тарту үшін Заңның 28-бабында көзделген негіздерді қоспағанда, уәкілетті орган олардың қараудың Заңның 27-бабының 6-тармағында көрсетілетін мерзімі ішінде көрсетілетін қызметті алушыға осы ескертулерді және оларды жою мерзімін көрсете отырып портал арқылы хат жібереді.
Көрсетілетін қызметті алушы ескертулерді жояды және пысықталған (түзетілген) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттарды уәкілетті орган белгіленген мерзімде портал арқылы жібереді.
8. Уәкілетті орган Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат береді және ол берген рұқсаттардың есебін жүргізеді.
9. Уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану уәкілетті органның басшысына, мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға немесе сотқа жіберіледі.
10. Уәкілетті органның басшысына жіберілген шағымда:
1) тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты (ол болған кезде), пошталық мекенжайы (жеке тұлғалар үшін);
2) атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі және күні (заңды тұлғалар үшін) көрсетіледі.
Уәкілетті органның кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, берілген шағымға жауап алудың мерзімі мен орнын көрсете отырып тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) уәкілетті орган басшысының шағымның қабылдағанын растау болып табылады.
Портал арқылы өтініш жасаған кезде шағым жасау тәртібі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының мынадай телефоны бойынша алуға болады: 8-800-080-7777 немесе 1414.
Шағым портал арқылы жіберілген жағдайда көрсетілетін қызметті алушыға «жеке кабинеттен» шағым туралы ақпарат қолжетімді болады, ол уәкілетті орган шағымды өңдеу (жеткізу, тіркеу, орындалуы туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңартылып отырады.
3-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптар
11. Мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті құжаттардың тізбесі Стандартта көзделген.
12. Жеке тұлға құрылтайшылар жөніндегі мәліметтер Қағидаларға 3-қосымшада көзделген.
13. Заңды тұлға құрылтайшылар жөніндегі мәліметтер Қағидаларға 4-қосымшада көзделген.
14. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бизнес-жоспарына қойылатын негізгі талаптар Қағидаларға 5-қосымшада көзделген.