• Мое избранное

Отправить по почте

Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауы, Астана қ., 2010 жылғы 29 қаңтар

Қадірлі қазақстандықтар!
Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.
Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Өйткені біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік.
Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды.
Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік.
Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті.
Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды.
Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің басҒтаҒмалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды.
Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды.
Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.
Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық.
Мен біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады деп сенемін.
Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. «Қазақстан-2030» Стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау.
1. 2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі
1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдап, біз елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда қисынды түрде дамытылды.
Сөйтіп біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік және мынадай нәтижелерге қол жеткіздік.
2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы-ақ, жоспарланғанынан екі жыл бұрын, біз республика ІЖӨ-сінің көлемін екі еселедік және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін тиімді орындадық.
Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті.
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге (50%-дан 12%-ға дейін) азайды.
Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды. Күтілетін өмір ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейін ұлғайды. Ана өлімі екі есеге азайды, бала туу бір жарым есеге өсті.
Он жылда 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды.
Бүгінде бізде әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтар – Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейрохирургия институты бар.
Биылғы жылы Кардиохирургия орталығын іске қосамыз. Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда.
Осының арқасында біз өз азаматтарымыздың мыңдаған өмірін сақтап қаламыз!
Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы Баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл – біздің өскен әл-ауқатымыздың даусыз дәлелі! Он жылда 350 мың отбасы – бұл шамамен 1,2 миллион адам тұрғын үйге ие болды. 32 мың шақырым жолдар салынды және жөнделді, бұл Қазақстанның барлық жолдарының үштен бірі.
2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының қарпі мен рухын негізге ала отырып, біз ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік.
2. Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы экономиканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ. Жинақталған экономикалық әлеует соңғы үш жылдың аса қиын дағдарыстық шайқасында бізге тұрлаулылықты қамтамасыз етті.
Біз еліміздің қаржы жүйесін қорғап, жүйе құраушы банктерді сақтап қалдық.
Біз шағын және орта бизнесті қиыншылықта қалдырмадық.
Ұлттық және трансұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларындағы «қазақстандық үлестің» болмаған өсіміне қол жеткіздік.
Агроөнеркәсіптік кешенге бұрын-соңды болмаған көмек көрсеттік.
Мемлекет үлестік құрылысты аяқтау жөніндегі барлық шығындарды өз мойнына алды.
«Жол картасы-2009» бағдарламасын табысты іске асырудың арқасында ел өңірлерінде ТКШ-ны реконструкциялау жөнінде 862 жоба іске асырылып, 737 шақырым электр желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау желілері, 284 шақырым жылу трассасы, автожолдар, жүздеген мектептер мен ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандары жөнделді.
Әр ауылға дейін жеткен мұндай аса маңызды жұмысты біз тұңғыш рет жүргіздік. Халық бізге риза – біз жақсы жұмыс атқардық.
Барлығы да менің бақылауыммен, жедел, жария атқарылды.
Біз рецессияға жол бермедік, өйткені, не істеу керектігін білдік және мұны жедел істедік.
Ұлы Неру бір кездері былай деген екен: «Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі». Ал біз батыл қимылдадық.
2009 жылы экономиканың артуы 1,1%-ды, өнеркәсіпте 1,7%-ды құрады. Біз оң өсу қарқыны бар елдердің «серіппелі тобына» жаттық.
Ұлттық қордың жалпы халықаралық резервтері мен активтері бүгіннің өзінде 50 миллиард доллардан асып түсіп, соңғы он жылда 25 еседен астамға өсті.
Өткен жылы біз Қор қаржысының бір бөлігін жұмсадық, ал бүгінде Қордың көлемі өткен жылдың желтоқсанындағыдан көп екенін атап өту маңызды.
Қордың арқасында біз дағдарысқа қарсы шараларды жүргізіп қана қойған жоқпыз, сонымен бірге мемлекетке, бізге қиын болған кезде, сатуға мәжбүр болған маңызды активтерді қайтардық. Бұл – Екібастұз 1-ші ГРЭС-і, «Богатырь» разрезі, Қашағандағы біздің үлесіміз, Маңғыстаумұнайгаз және барлық үш мұнай өңдеу зауыты.
Жұмыссыздық деңгейі 6,3%-ды құрады, ал бұл дағдарысқа дейінгі уақыттағыдан төмен.
Тиімді іске асырылған Жұмыспен қамту стратегиясының арқасында елде 400 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.
Біз төтеп бердік. Енді біз 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға кірісеміз.
3. 2020 Стратегиялық жоспары –көшбасшылыққа қазақстандық жол
Бізге мыналарды атқару керек:
1. Экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу;
2. Жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу;