Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2005 жылғы 18 ақпан
Құрметті қазақстандықтар!
Бiздiң өмiрiмiздi түбегейлi өзгертiп, Қазақстан тәуелсiздiкке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезiмнің шиеленiсi мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл бiздің мемлекетімiздің алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешiмдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бiр ғана бұрыс шешiм елiмiздiң жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулi өзгерiске ұшыратуы әбден ықтимал еді. Осы уақыттың iшiнде халық менің елiмiзге басшылық етуiме өзiнiң шынайы сенiмiн білдiрдi. Мен болсам, Сiздердің сенiмдерiңiздi ақтауға тырысып, бiздің стратегиялық бағытымыздың негiзгi бағдарларын әр жыл сайын өздерiңiзбен бiрге саралап келемiн.
Мiне, бүгiн, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сiздердi бiздiң бiрлесе атқарған жұмысымыздың қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Бiздiң мақтан тұтарлық iстерiміз жеткiлiктi.
Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi?
Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде еді . Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгілi бiр әскери әлеует қана еншiлеген ел саналдық.
Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қоғамдастықты бiздiң ядролық қару-жарағымыз ғана алаңдатты.
Ендi 20-25 жылдан кейiн мемлекеттiк басқарушылардың жаңа ұрпағы "Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясының" қорытындысын шығарып, бiздiң әуел бастағы әлеуетiмiздi және өзгерiстердің нәтижесiн елеп-екшер болса: "Шынымен, солай болды ма екен", - деп таң-тамаша қалары анық.
Сонда олардың бiзге қызыға қарарына көзім әбден жетедi. Бiздiң батылдығымызға, жiгерiмiзге, қабiлетiмiзге, сайып келгенде, еркiндiгiмiзге қайран қалары анық. Өйткенi, бүгiнгi күнi бiз жасаған дүниені рухы күштi жандар ғана жасай алатын едi.
Бiз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық: бiз жақсы өмiр сүргiмiз келдi, бiз еркiндiкке ұмтылдық, бiз бәрiнен де бұрын балаларымыз бен немерелерiмiздің лайықты өмiр сүруiн қаладық . Бұған сiздер мен бiздер өз ғұмырымыздың бiраз жылдарын арнадық. Еңбегiмiз еш кеткен жоқ, бiз бүгiнгiдей биiкке көтерiлдiк .
Өзiмiздiң төл теңгемiз айналысқа енген, экономикалық тәуелсiздiгiмiз аныққа шыққан 10 жыл кезеңдi алайықшы. Бұл 10 жыл - елiмiздi тұрақты еткен, экономикамызды өркендеткен төл Конституциямыздың да мүшелдi мерекесi.
2. Бiз жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы да бiр Қазақстан орнататындай межеге жақындадық
2.1. Бiз ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан нарық экономикасын құрдық
Экономиканы түпкiлiктi реформалауға бағыт ұстап, бiз қысқа мерзiмнiң iшiнде нарықтық реформаларды жүргiзе бiлдiк, тиiстi заңнамамызды жасауға қол жеткiздiк . Бүгiнгi таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс iстеп тұрған нарықтық экономика бар.
Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз жетi жүз доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол екi мың жетi жүз долларға жеттi, ендеше биылғы жылы бiздiң жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз ендi үш мың доллардай болады деген болжамымыз бар.
Мен 2010 жылы жан басына шаққанда жалпы iшкi өнiмдi 5800 АҚШ долларынан асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердiң бүгiнгi деңгейiне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөлшерiне жеткiзуге күшiмiз жетедi деп санаймын. Жалпы, сатып алу қабiлетiнiң шамасы жағынан бұл цифрларға бiз қазiрдiң өзiнде жақынбыз.
Бiз елiмiздің жалпы iшкi өнiмiн 2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылы екi есе ұлғайтуды жоспарласақ та, бұл көрсеткiшке 2008 жылы-ақ жететiнiмiзге сенiмiмiз мол.
Бүгiн экономикалық өсудің негiзгi көзi елдің шикiзат әлеуетiн пайдалану болып отыр. Көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемiн 1985 жылмен салыстырғанда бiз 225 пайыз ұлғайтуға қол жеткiздiк, ал былайғы дүниеде ол небәрi 1,3 есе шамасында ғана өстi.
Экономикаға 30 миллиард АҚШ долларындай тiкелей шетел инвестициясы тартылды . Бұл өте жоғары көрсеткiш. Бүгiнгi Қазақстанның тұрақты, тиiмдi әрі сенiмдi әрiптес екені барша инвесторларға әлдеқашан аян, ақиқат.
Қазақстанның қаржы жүйесi де топжарғандар қатарында танылды , ал мұны жетекшi халықаралық сарапшылардың өздерi мойындап отыр.
Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып, тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуды қамтамасыз ету , сыртқы қолайсыз факторларға тәуелдi болмау үшін Ұлттық қор құрды.
Бүгiнгi күнi Ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталып отыр. Ұлттық қорды қоса есептегенде, елiмiздiң алтын-валюта резервтерi, тұтас алғанда, 14 млрд. АҚШ долларынан асып түстi. Осыдан 10 жыл бұрын бұл жайында армандаудың өзi қиын едi.
Біз ашық сыртқы сауда саясатын дәйектi жүргізiп келеміз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемiнiң оң сальдосы 7 миллиард доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өстi деген сөз.
Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында негізiнен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының ауқымымен шектелген бiздің сыртқы саудамыздың географиясы да біршама тарамдала түстi.
Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты.
Осылайша бiз өзiмiздiң әлемдiк экономиканың бөлінбес бөлiгiне айналып, жаhандық бәсекелестiк арнасына еркiн енгенiмiзге анық көз жеткiздiк.
2.2. Бiздiң өмiрiмiз жақсара бастады.
Бүкiл дүниежүзiлiк банктiң жiктемесi бойынша қазiргi уақытта Қазақстан кiрiсi орта деңгейдегi елдердiң тобына кiредi.
Егер өмiр сапасының негiзгi көрсеткiштерiн салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кiрiсi 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгi табыс мөлшерi 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшерi 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кiсiнiң жасайтын салымының көлемi тиiсiнше 35 және 37 есе өскенін көремiз. Биылғы жылы кепiлдi тегiн медициналық көмек көлемiне жұмсалатын мемлекеттiң шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өстi.
Экономикамыздың қарқынды өсуi мемлекеттiк шығыстардың әлеуметтiк бағдарлануын едәуiр кеңейтуге мүмкiндiк бердi, мұның өзi экономикамыздың айтарлықтай бекемдiк деңгейiне жеткенiн айғақтайды.
Бiз айрықша қысқа мерзiмнің iшiнде елiмiздің дәл орталығында жаңа астанамызды тұрғыздық . Көрген жанның бәрi Астана көркiне тәнтi болып жүр. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.
2.3. Бiз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерiнiң тәжірибесiн және өзiмiздiң көпұлтты әpі көп дінді қоғамымыздың ерекшелiгiн ескерiп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсiз мемлекетiмізді орнаттық
Бiз демократия жол басы емес, алдағы мақсатымыз екенін ешқашан естен шығарғамыз жоқ. Бiз демократияны декретпен енгiзуге болмайтынын, оны өз өзегiңнен өткiзу керек екенiн бiлдiк.
Қазақстан мемлекеттілігi бiржолата орнықты. Бiздiң елiмiз өз саяси дамуының үлгiсi жағынан Батыс демократиясына және әлеуметтiк iлгерiшiлдiгi мен саяси саналуандығы бүкiл әлемге танылған "жаңа" азиялық демократия дегенге де жақын.
Бiз саяси өмiрiмiздi ырықтандыру жөнiнде де айтарлықтай табыстарға жеттiк. Бұл тұста мыналарды айтсақ та жеткiлiктi:
- Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйектi жүргiзiлiп келедi; еркiн демократиялық сайлаулар үнемi өткiзiледi; тежемелiк әрi тепе-теңдiк негiзiнде билiк тармақтарының ара-жiгiн ажырату қағидаты жүзеге асырылып жатыр;
- Қазақстанда саяси саналуандық және көппартиялылық орныққан; кез келген қазақстандық кез келген қоғамдық және саяси бiрлестікке еркiн кiре алады;
- 5 мыңнан аса үкiметтiк емес ұйымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғам институттары мен құрылымдары жасақталып, жұмыс iстеуде;
- Қазақстанда тәуелсiз сот жүйесiнiң негiздерi қаланып, заңның үстемдiгi дәйектi қамтамасыз етiлiп келедi. Бiздiң қоғамда сот жүйесiне деген сенiм барған сайын арта түсiп отыр;
- Қазақстанда сөз бостандығы қамтамасыз етiлген, цензура жоқ; мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдары құрылып, жұмыс iстеуде. Осы орайда бұрынғы шақырылған Парламентте БАҚ еркiндiгiн шектеу әрекетi байқалғанын, сонда мен дүдәмал заң жобасына тоқтау салғанымды естерiңiзге сала кеткiм келедi, сөйтiп мемлекет өзiнiң баспасөз бостандығы жолындағы бағытының мызғымайтынын тағы да қуаттап бердi;
- Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды қадамдар жасалып, елеулi нәтижелерге қол жеттi; Адам құқықтары жөнiндегi Уәкiл институты құрылды; Қазақстан адам құқықтары жөнiндегi халықаралық конвенцияларға қосылды. Құрамы жөнiнен көрнектi әрi беделдi Демократия мен азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi Ұлттық комиссия жұмыс iстейдi;
- Қазақстанның кез келген азаматы елден шыға да және қайтып орала да алады;
- бүгiн кез келген қазақстандықтың өзiнiң қалауына қарай қызметпен шұғылдануға құқығы бар;
- әркiмнің өз балаларын тиiмдi деп тапқан жерлерде оқытуға құқығы бар;
- әрбiр қазақстандықтың сайлауға және сайлануға құқығы бар;
- Қазақстан дiни сенiм-наным бостандығын қамтамасыз етiп, конфессиялар аралық келiсiм мен дiни теңқұқылық саясатын дәйектi жүргiзiп келедi. Бiзде түрлi конфессиялардың бейбiт қатар өмiр сүруі қамтамасыз етiлген әрi дiни экстремизмге қарсы дәйектi күрес жүргiзiледi. Астанада өткiзiлген Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiнiң съезi елiмiздiң бiтiмгершiлiк әлеуетiнің өсiп келе жатқанының айқын айғағына айналды;
- Қазақстанда өлiм жазасына мораторий енгiзілген;
- бiз Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстың буындау тамырын құрттық;