2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің 2014 - 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1592 қаулысы
Редакция 08.07.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің 2014 – 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1592 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің 2014 – 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
1-бөлім. Миссиясы мен пайымы
Миссиясы: экономикалық, әлеуметтік және табиғатты қорғау аспектілерін біріктіру арқылы қоршаған ортаға жүктемені азайту және табиғи ресурстардың тозуы кезінде халықтың өмір сүру жағдайын, сапасын арттыру үшін климаттың өзгеруі, биологиялық әртүрлілікті сақтау, экономика салаларын және қоршаған ортаны сумен қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының төменкөміртекті дамуға және «жасыл» экономикаға көшуін қамтамасыз ету үрдістерін ескере отырып, қоршаған орта сапасын сақтау, қалпына келтіру және жақсарту бойынша жағдай жасау.
Пайымы: қолайлы қоршаған орта, қазіргі және келешек ұрпақ мүддесі үшін табиғи ресурстарды ұқыпты және ұтымды пайдалану, адам өмірі мен денсаулығы, экономика үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды және қызметтің тиісті салаларының даму үрдісін талдау
1. 1-стратегиялық бағыт. Қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру және жақсарту
1. Дамудың негізгі параметрлері
1-тармақ өзгертілді ҚР Үкіметінің 08.07.2014 жылғы № 779 Қаулысымен (31.12.2013 ж. редакцияны қараңыз)
Қоршаған ортаға эмиссиялар
Атмосфералық ауаның ластануы халықтың денсаулығына теріс әсер ететін қоршаған ортаға әсер етудің жетекші факторларының бірі болып қалуда. Атмосфераны ластауға негізгі үлес қосатындар республиканың жылу-энергетикалық секторы, тау-кен өндіру және тау-кенді қайта өңдеу салалары және металлургиялық кешендері. Қазіргі кезде республиканың батыс аумағындағы мұнай-газ секторы шығарындыларының жылдам өсу қарқыны өзекті болып отыр.
2012 жылы ластаушы заттардың атмосфераға шығарындыларының көлемі 3,35 млн. тоннаны құрады. 2009 жылға қатысты төмендеу 1,5%-ды құрады.
2012 жылы ластаушы заттар төгінділері 2,8 млн. тоннаны құрады. Айталық, 2009 жылы аталған көлем 2,85 млн. тоннаны құрады және азаю 1,7 % болды.
Тазартылған шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды төгу үшін жинақтауыш тоғандарын құру өзінің тиімсіздігін көрсетті. Осыған мысал уытты заттар құрамының тұрақты өсуінен, оның тасып кету және апаттық бұзылу мүмкіндігінен өңірдің экологиясы мен халқының қауіпсіздігі үшін күрделі қауіп тудыратын Сорбұлақ (Алматы) және Талдыкөл (Астана) сарқынды сулар жинақтауыштары болып табылады.
Мемлекет басшысының 2010 жылғы 9 ақпандағы № 01-25.27 жеке тапсырмасын орындау үшін 2010-2012 жылдар кезеңінде ғылыми зерттеулер жүргізілді, ал 2013 жылы «Қосалқы құрылыстарды қоса алғанда «Сорбұлақ» сарқынды сулар жинақтауышы көлін реконструкциялау» жобасын іске асыру үшін құжаттама дайындау бойынша жұмыстар басталды.
Мемлекеттік экологиялық бақылау Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын орындау бойынша инспекциялық тексеріс жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің инспекциялық тексерістер жоспары жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді және ашық болу мақсатында жыл сайын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сайтында орналастырылады.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғат пайдаланушылардың тәуекел дәрежесін бағалау құқық бұзушылық үшін жазалаудан бұрын алдын алудың басымдылығы қағидатына сәйкес іске асырылады.
Сонымен қатар, жыл сайын экологиялық инспекциясы бақылау объектілері санының қамтылуын кеңейтеді, тексерулердің жалпы саны азаюда. Сондай-ақ, орта статистикалық мәліметтер бойынша тексеру бірлігіне шаққанда құқық бұзушылықтар санының жылдан жылға азаюы байқалады (2008 жыл - 0,98; 2009 жыл - 0,95; 2010 жыл - 0,81; 2011 жыл - 0,76).
Құқық бұзушылықтар санының азаюы мемлекеттің жоспарлы саясатының, оның ішінде заңнамалық және табиғат пайдаланушылардың экологиялық заңнаманы сақтауы бойынша инспекциялық қызметтері тарапынан талаптардың күшейтілуінің нәтижесі болып табылады.
Қалдықтар.
2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпорындар аумағында 26 млрд. тонна өнеркәсіптік қалдық жинақталған. Өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату пайызы республика бойынша 2012 жылы түзілгендерден 24 %-ды құрады. 2009 жылы осы көрсеткіш 20 %-ды құраған.
9 сот шешімінің негізінде иесіз деп танылған 4,7 млн. тонна қауіпті қалдықтар республикалық меншікке берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 мамырдағы № 715 қаулысымен бекітілген Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару ережесіне сәйкес мұндай объектілерді басқару рәсімі оларды одан әрі қауіпсіз басқару жөніндегі шешім қабылдау үшін олардың физикалық-химиялық және өзге де қасиеттерін кешенді зерделеуді, сондай-ақ жан-жақты зерттеулерді талап етеді.
Жыл сайын республикада шамамен 4-5 млн. тонна қатты тұрмыстық қалдық (бұдан әрі – ҚТҚ) түзіледі, түзілетін ҚТҚ көлемінен бар болғаны 5%-ға дейін кәдеге жаратылады және қайта өңделеді, ал қалған барлық көлемі полигондарда орналастырылады.
2012 жылдың соңындағы жағдай бойынша республика аумағында 4459 ҚТҚ полигоны бар, оның ішінде 781 полигон (18 %) ресми заңдастырылған.
2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 93,435 млн. тонна ҚТҚ жинақталған. Төмендегі кестеде облыстар бөлігінде мәліметтер көрсетілген.
Р/с № | Өңір атауы (облыс, қала) | Жалпы млн. тонна |
1 | 2 | 3 |
1 | Ақмола | 0,646 |
2 | Ақтөбе | 10,492 |
3 | Атырау | 2,759 |
4 | Алматы | 10,922 |
5 | Шығыс Қазақстан | 7,883 |
6 | Жамбыл | 2,315 |
7 | Батыс Қазақстан | 5,486 |
8 | Қарағанды | 7,601 |
9 | Қостанай | 3,648 |
10 | Қызылорда | 1,078 |
11 | Маңғыстау | 1,001 |
12 | Павлодар | 8,896 |
13 | Солтүстік Қазақстан | 3,102 |
14 | Оңтүстік Қазақстан | 3,395 |
15 | Астана қ. | 24,031 |
16 | Алматы қ. | 0,280 |
Жиыны | 93,435 |
Гидрометеорологиялық мониторинг.
Қоршаған ортаның сапасын жақсарту мен тұрақтандырудың басым мақсаттарының бірі – Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің бақылау желісін дамыту болып табылады.
Қазіргі таңда болжамдық, режимдік-анықтамалық гидрологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, аэрологиялық ақпараттарды дайындау үшін гидрометеорологиялық мониторинг 287 метеорологиялық станцияда, 13 метеорологиялық бекетте, 298 гидрологиялық бекетте, 202 агрометеорологиялық бақылау пункттерінде, 9 аэрологиялық станцияда, 2 қар көшкіні станциясында және 24 қар өлшеу бағыттарында жүргізіледі.
Экологиялық мониторинг.
Атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 104 стационарлық бекетте 17 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Жер үсті суларының сапасын және жай-күйін 105 су объектісіне бөлінген, оның ішінде 78 өзенде, 16 көлде, 1 теңізде, 14 су қоймасында және 3 каналда (40 астам гидрохимиялық көрсеткіш бойынша) 240 гидрохимиялық тұстамада, 5 көрсеткіш бойынша 39 елді мекенде топырақ ластануының жай-күйін бақылау жүргізіледі.
Азаматтық авиацияны метеорологиялық қамтамасыз ету.
Азаматтық авиация әуе кемелерінің ұшуларын қауіпсіз, тұрақты және тиімді жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында нақты метеорологиялық ақпаратпен жедел қамтамасыз ету және ауа райының қауіпті құбылыстарының туындауын алдын ала ескерту қажет.
2012 жылы 18 әуежайдағы метеорологиялық жабдықты техникалық қайта жабдықтау және толық жаңғырту аяқталды.
Еліміздің барлық аумағында қос полярлы доплерлік локаторлар жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Желі қауіпті құбылыстарды 12 сағатқа дейін мерзімде болжауға мүмкіндік береді, ол ұшулардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға және әуе көлігінде авиациялық оқиғалар мен инциденттердің санын азайтуға әсер етеді.
Қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау.
Қазақстан Ақпаратқа қолжетімділік, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әдiлдiгiне қол жеткізу туралы конвенциясын ратификациялады (Орхус конвенциясы, 2000 жылғы 23 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы).
Конвенция мемлекеттік органдарға негізге алынатын үш негіз қалаушы қағидат: ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әдiлдiгiне қол жеткізу шеңберінде қоғам құқықтарын қамтамасыз етуді жүзеге асыру және қолдау бойынша міндеттерді жүктейді.
Экологиялық проблемаларды шешуде қоғамның қатысуын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тетіктерін қолданады.
Әлеуметтік жобалардың іске асырылуы экологиялық достық қағидаттарында өсіп келе жатқан ұрпақтардың тәрбиесіне, Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі негізгі қағидаттардың жариялануына маңызды үлес қосады, экологиялық білім беру және ағарту, су ресурстары, қалдықтар, биологиялық әртүрлілік салаларындағы жаһандық басымдықтарға қолдау көрсетеді.
Бүгінде Министрлік Қоғамдық экологиялық кеңес және жыл сайын өткізілетін Қоршаған орта және су ресурстары министрінің Экологиялық үкіметтік емес ұйымдармен (бұдан әрі - ҮЕҰ) кездесу атты екі диалогтық алаңы шеңберінде ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Әлеуметтік жобалардың іске асырылуы қосымша диалогтық алаңдарды құруға мүмкіндік беріп, осы арқылы қоғамдық ұйымдардың еліміздің экологиялық проблемаларын шешуге қатысу пайызын арттыруға жол береді.
Қазіргі уақытта Министрліктің құзыретіне су, балық, орман және аңшылық шаруашылығы функцияларының берілгенін есепке ала отырып, Министрлік жалпы саны 41 мемлекеттік қызмет түрін көрсетуді жоспарлауда.
«Оңтайландыруға және автоматтандыруға жататын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізбесін және оларды электрондық нысанға ауыстыру мерзімдерін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбір шешiмдерiнің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 23 қыркүйектегі № 991 қаулысына сәйкес 2013 – 2015 жылдар кезеңінде 27 мемлекеттік көрсетілетін қызмет автоматтандырылуға жатады.
Сол қызметтерден Министрлік бойынша қазіргі кезде 8 мемлекеттік көрсетілетін қызмет электронды форматқа көшірілген, оның ішінде 4-уі халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы көрсетілуде. 2013 жылы 10 мемлекеттік көрсетілетін қызметті автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жұмыстар автоматтандыру жоспарына сәйкес «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп жүргізілуде.
Сондай-ақ 2012 жылы автоматтандырылған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер 2015 жылы қайта автоматтандырылуға жататынын атап өту қажет.