Toggle Dropdown
Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 379 қаулысы
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына және «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2013 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидалары бекітілсін.
2. «Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 816 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 48, 671-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 18 сәуірдегі
№ 379 қаулысымен
бекітілген
Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидалары
1. Осы Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 151 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес әзірленді және АӨК субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қаржылық сауықтырудың негізгі мақсаттары АӨК субъектілерінің төлем қабілеттілігін жақсарту, кредиттік жүктемесін төмендету және олардың банкротқа ұшырау тәуекелін барынша азайту болып табылады.
2. Терминдер мен анықтамалар
3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) әкімші – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Салық салуды оңтайландыру мақсатында әкімші төлем көздерінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет жүктелген салық агенті болып танылады;
2) қарыз алушы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешен саласында қызметін жүзеге асыратын және кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелері бар АӨК субъектісі;
3) қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссия – осы Қағидаларға
1-қосымшаға сәйкес құрамдағы мүдделі мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің (келісім бойынша), қаржы институттары (келісім бойынша) мен үкіметтік емес ұйымдардың (келісім бойынша) өкілдерінен құралған алқалы орган;
4) кредиттік және лизингтік міндеттемелер – оларға қатысты осы Қағидалардың шеңберінде қаржылық сауықтыру шараларын қолдануға болатын, және салуға айналым құралдарын толықтыруға, негізгі құралдарды сатып алуға, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген мақсаттарға кредит/лизинг алуға байланысты, оның ішінде басқа қаржы институттары алдында туындайтын берешекті қайта қаржыландыруға кредит алуға, ауыл шаруашылығы техникасын, арнайы техниканы, технологиялық жабдықты лизингке алуға байланысты қаржы институттары алдында туындайтын қарыз алушының міндеттемелері;
5) кредиторлық міндеттемелер – айналым құралдарын толықтыруға, негізгі құралдарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техниканы және технологиялық жабдықты лизингке алуға, басқа кредиторлар алдындағы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға байланысты өзге шаруашылық субъектілері алдында пайда болған қарыз алушының міндеттемелері;
6) кредиторлар комитеті – әрбір жеке қарыз алушы үшін тиісті салалық қауымдастықтың өкілін қосу мүмкіндігімен қаржы институттарының – кредиторлардың өкілдерінен құрылатын комиссия;
7) оператор – АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру үшін қаржы институттарының кредиттері/лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша оператордың қызметтерін көрсету жөніндегі шарттың негізінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандандырылған ұйым ретінде тартылатын «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамы;
8) қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссияның шешімі – қарыз алушыға қатысты қаржылық сауықтыруды мақұлдау/мақұлдамау туралы шешім;
9) кредиттік және лизингтік міндеттемелерді қайта құрылымдау – қарыз алушыларда бар кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша қайтару мерзімдерін ұлғайту, төлемдерді өтеудің тәртібі мен кезектілігін өзгерту, сыйақы мөлшерлемесін өзгерту, сондай-ақ өтеу бойынша жеңілдікті кезең ұсыну;
10) кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерді қайта қаржыландыру – қарыз алушыларға ұзақ мерзімді қайтару мерзімдерімен, төмен пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен және бар берешектерін өтеуге жеңілдікті кезеңмен қосымша келісім жасау арқылы жаңа нысаналы кредиттер ұсыну не бұрын берілген кредиттерін алмастыру;
11) сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау – қарыз алушының кредиттік және/немесе лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы ретінде қаржы институтына төлейтін шығыстарын ішінара өтеу үшін пайдаланылатын АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау нысаны;
12) қорландыру қаражаты – қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелерін кейіннен қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру үшін қаржы институттары ұсынатын қаржы агентінің тартылған қарыз қаражаты;
13) технологиялық жабдық – тікелей және қосалқы мақсаттағы жабдықтардан тұратын, олардың қатысуынсыз толық технологиялық циклдің қамтамасыз етілуі мүмкін емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі жабдық;
14) қаржылық сауықтыру – айналым құралдарын толықтыруға, негізгі құралдарды сатып алуға және құрылысқа, сондай-ақ технологиялық жабдықты, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға, сондай-ақ жоғарыда аталған мақсаттарға кредит/лизинг алумен байланысты туындаған берешекті қайта қаржыландыруға пайдаланылған қарыз алушылардың кредиттік/кредиторлық міндеттемелерін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекет тарапынан қолдау арқылы қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру;
15) қаржы институттары – екінші деңгейдегі банктер; банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар; АӨК саласындағы кредиттік серіктестіктер; микроқаржылық/микрокредиттік ұйымдар; мемлекет жүз пайыз қатысатын АӨК саласында кредиттік-лизингтік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар; АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын лизингтік компаниялар;
16) қаржы агенті – «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы.
3. Қаржылық сауықтырудың жалпы шарттары
4. Қарыз алушының айналым құралдарын толықтыруға, негізгі құралдарды салуға және сатып алуға, сондай-ақ технологиялық жабдықты, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға арналған кредиттік/кредиторлық/лизингтік міндеттемелері қайта құрылымдауға және қайта қаржыландыруға жатады.
5. 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін пайда болған кредиттік/кредиторлық/лизингтік міндеттемелер қайта құрылымдауға және қайта қаржыландыруға жатады.
6. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарыз алушының валюталық кредиттік/кредиторлық/лизингтік міндеттемелері бойынша, сондай-ақ шетел валютасына байланысты міндеттемелері бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте субсидиялар сомасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі субсидиялар сомасын аудару күніне белгілеген бағам бойынша теңгемен төленеді. Оң бағамдық айырмашылық пайда болған жағдайда, ол келешек субсидиялар шотына есептеледі, ал теріс бағамдық айырмашылық пайда болған жағдайда, оны қарыз алушы төлейді.
7. Қаржы институттары қарыз алушылар бастамашылық ететін кредит беру/лизинг беру шарттарын өзгертуге байланысты комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, қарыз алушылардан қаржылық сауықтыруға қатысуға байланысты комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды.
8. Басқа мемлекеттік және/немесе бюджеттік бағдарламалар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау көрсетілетін қарыз алушылардың кредиттік/лизингтік міндеттемелері бойынша, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражаты есебінен қаржыландырылған қарыз алушылардың кредиттік/лизингтік міндеттемелері бойынша шарттар сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға жатпайды.
9. Қаржылық сауықтыру кредиттік және/немесе лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін олардың қолданылуының бүкіл мерзімінде, бірақ 9 (тоғыз) жылдан артық емес мерзімде субсидиялауды көздейді.
10. Қарыз алушылардың қаржылық берешегін қайта құрылымдау жағдайларын, сондай-ақ жеделдетілген сауықтыру рәсіміндегі немесе сауықтыру рәсіміндегі қарыз алушыларды қоспағанда, қызметі ұйымдастыру-құқықтық нысанын өзгерту, тарату немесе банкротқа ұшырау сатысында тұрған, сондай-ақ қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған қарыз алушылар қаржылық сауықтыру рәсімдеріне жіберілмейді.
Кредиттік және/немесе лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қаражаттарын аудару қарыз алушы мен қаржы институты қол қоятын қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру міндеттемелері туралы шарт жасалған күннен басталады, субсидиялау қаражаттарын төлеу 225 «АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық ставканы субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебінен және оның шегінде субсидиялау шартын жасаған сәттен бастап қаржылық жыл ішінде жүзеге асырылады. Бұл ретте субсидиялауға арналған қаражаттарды бөлу бұрын жасалған субсидиялау шарттарын есепке ала отырып жүзеге асырылады.
2013 жылы жасалған субсидиялау шарттары бойынша қарыз алушылардың қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік/кредиторлық/лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау оны жылдық 7 %-ға (жеті) төмендету жолымен 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап теңгемен жүзеге асырылатын болады.
11. Қаржылық сауықтыру мерзімі өтіп кеткен сыйақыны негізгі борышқа капиталдандыруға қарыз алушының келісімі болған жағдайларды қоспағанда, қаржы институттарының есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды, мерзімі асып есептелген сыйақыны есептен шығаруы шартымен сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,1 %-дан аспайтын жеке кестемен (негізгі борышқа капиталдандырусыз) төлемді бөліп төлеу арқылы жүргізіледі.
12. Қайта құрылымдалған/қайта қаржыландырылған кредиттік және/немесе лизингтік шарттар бойынша шарттарды (сыйақы мөлшерлемесі, төлеу мерзімі, негізгі борышты және/немесе сыйақыны төлеу бойынша мерзімді ұзартуды ұсыну) жылына бір рет қана өзгертуге болады, бұл ретте сыйақыны негізгі борышқа капиталдандыруға жол берілмейді.
13. Қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау оны теңгеде жылдық
7 (жеті) %-ға және шетелдік валютада 5 (бес) %-ға төмендету арқылы жүзеге асырылады.
Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау осы тармақтың 1) және 3) немесе 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген:
1) қаржы институттарының қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелерін қайтару мерзімін 9 (тоғыз) жылдан аспайтын мерзімге ұлғайтуы;
2) АӨК субъектілерінің өзге шаруашылық субъектілері алдындағы кредиторлық берешегін қайтару мерзімі 9 (тоғыз) жылдан аспайтын қаржы институттарының кредитіне ауыстыра отырып, қайта қаржыландыру не қосымша келісімдер жасау жолымен бұрын берілген кредиттерді алмастыру;
3) қарыз алушылардың кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерін қайта қаржыландыру/қайта құрылымдау кезінде осы Қағидалардың 3-тарауында көрсетілген сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну өлшемдерін сақтауы, сондай-ақ осы Қағидалардың
11-тарауында көрсетілген қаржылық сауықтыруда тең қатысуды сақтауы шарттарын сақтау кезінде жүзеге асырылады.