Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
-
Продукты:
Журналы










Журналы
Отправить по почте

Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2014 - 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 22 мамырдағы № 531 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 14.04.2015 жылғы № 234 Қаулысына сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2014 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітілсін.
2. Орталық, жергілікті және өзге де мемлекеттік органдар, ұйымдар (келісім бойынша) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жылына екі рет, тиісінше 8 ақпанға және 8 тамызға қарай Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жылына екі рет, тиісінше 15 ақпанға және 15 тамызға қарай Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жылына екі рет, тиісінше 28 ақпанға және 28 тамызға қарай Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
5. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы № 190 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы № 190 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 қарашадағы № 1177 қаулысы.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнің Кеңсесіне жүктелсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 22 мамырдағы № 531 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2014 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары Кіріспе
Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2014 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Жоспар) Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазандағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмалар ескеріле отырып әзірленді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2013 жылы жүргізілген жұмысты ескере отырып, Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізді.
2013 жылы Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – 2013 – 2015 жылдарға арналған жоспар) іс-шараларының басым бөлігін іске асыру мерзімдерінің аяқталуына байланысты «Мемлекеттік қаржы», «Фискалдық жүйе», «Бизнесті жүргізу шарттары» бағыттары оңтайландырылды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша көлеңкелі экономиканың дамуын туындататын себеп-салдарлық байланыстардың жүйелік тәсілі мен неғұрлым тереңдетілген талдауы жоспарда көрініс тапқан.
Жоспардың іс-шаралары көлеңкелі экономика салдарын жоюға емес, экономикалық агенттердің өз өндірістік қызметін көлеңкеге алып кетуге итермелейтін себептердің алдын алуға және жолын кесуге де бағытталған.
Көлеңкелі экономиканың ағымдағы жағдайын талдау
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес 2012 жылдың қорытындылары бойынша ЖІӨ көлеміндегі көлеңкелі экономиканың үлесі 2005 жылғы 20,1 %-дан төмендеп, 19,2 %-ды құрады (1-сурет).
1-сурет – Көлеңкелі экономиканың 2005 – 2012 жылдардағы ЖІӨ көлеміндегі үлесі, %-бен
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі (жасырын және формалды емес экономика бойынша деректер ғана ескеріледі)
Көлеңкелі экономиканың негізгі үлесі (64,6 %) 4 салаға тиесілі: «Сауда» – 22,9 %, «Ауыл шаруашылығы» – 15,6 %, «Көлік» – 14,1 %, «Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар» – 12 % (2-сурет).
2-сурет – Көлеңкелі экономиканың 2012 жылғы салалық құрылымы
Шетелдік сарапшылардың зерттеулеріне сәйкес 2012 жылдың қорытындылары бойынша көлеңкелі экономиканың ең үлкен көлемі Шығыс Еуропа және Балтық елдерінде байқалады, атап айтқанда Болгарияда – 31,9 %, Румынияда – 29,1 %, Литвада – 28,5 % және Эстонияда – 28,2 %. Батыс Еуропаның Германия, Франция және Ұлыбритания сияқты елдерінде көлеңкелі экономика төмен, алайда олардың көрсеткіштері АҚШ-тан 7 %-ға және Жапониядан 8,8 %-ға төмен.
3-сурет – Әлем елдеріндегі 2012 жылғы көлеңкелі экономика, ЖІӨ-ге қатысты, %-бен
Дереккөз: Шетелдік сарапшылардың зерттеулері бойынша есептеулер
Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың себептері
Көлеңкелі экономиканың пайда болу себептері елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне тікелей байланысты. Оларды үш негізгі топқа бөлуге болады: экономикалық, институционалдық және әлеуметтік-мәдени.
Көлеңкелі экономиканың экономикалық себептері
Түрлі секторлардың біркелкі дамымауы, инфляция, айырбас бағамдарының күрт ауытқуы және т.б. нарықтық экономикаға тән екені мәлім. Мұның бәрі көлеңкеге кетуге қолайлы негіз болып табылады. Мемлекет осы құбылыстарды реттей алмаған және кәсіпкерліктің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасалмаған жағдайда, көлеңкеліктің құрамдас бөлігі күшейеді. Дағдарыстар кезеңдерінде нарық шаруашылығының тепе-теңдігі бұзылған жағдайда, көлеңкелі экономика өзінің дамуы үшін қосымша серпін алады.
Әртараптандырылмаған экономикадан туындаған құрылымдық теңгерімсіздік. Қазақстан экономикасының өндіруші салалары ұлттық экономиканың басты құрамдауыштары болып табылады. Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы шикізат секторының үлесі 21,8 %-ды құрайды. Қазақстандық экспорттың 77 %-дан астамы минералдық шикізат экспортына тиесілі.
Аталған тәуелділік нәтижесінде шикізат тауарларынан (мұнай, газ және басқалары) түсетін үлкен экспорттық табыстар ұлттық валюта бағамын нығайтады, бұл түптеп келгенде өнеркәсіптің басқа салаларын дамытуға кері әсер етеді және экономикадағы құрылымдық теңгерімсіздікті дамытуға ықпал етеді. Мұнайды сатудан түсетін жинақтарды қалыптастыру арқылы елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, экономиканың мұнай секторынан тәуелдiлiгiн және қолайсыз сыртқы факторлардың әсерін төмендету мақсатында 2000 жылы құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры тұтастай алғанда экономиканың қызып кетуiн болдырмауға көмектеседi.
Сонымен қатар, ағымдағы теңгерімсіздік мынадай себептер бойынша көлеңкелі секторды дамытудың алғышарттарын құрайды:
1) шамадан тыс тәуелділік еңбек ресурстары мен капиталдың өндіруші өнеркәсіпте көп шоғырлануы сияқты теріс салдарларға алып келеді, алайда, еңбек ресурстарына деген сұраныс шектеулі, бұл жұмыссыздықтың өсуіне алып келеді;
2) Қазақстан негізінен төмен немесе орташа қосымша құн (қосылған құн тізбектеріндегі төменгі шегі) тауашасын қамтиды;
3) Қазақстанның өндірістік секторындағы жергілікті қамтудың салыстырмалы деңгейі аз. Мысалы, болат өндірісінің қомақты көлеміне қарамастан, ел Ресейден болаттың үлкен көлемін импорттайды (арнайы болат, аспаптық болат және басқалары). Ұлттық компаниялар мен тау-кен өндіруші компаниялар сатып алатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің де көпшілігі импортталады, сол арқылы әртараптандыру мүмкіндігі тарылады;
4) Қазақстан дәстүрлі түрде аграрлық ел болып табылады, өйткені халықтың 45,1 %-ы ауылдық жерлерде тұрады. Оның ұлан байтақ аумағы ауыл шаруашылығы секторын дамыту үшін орасан зор әлеует береді, алайда ол толығымен іске қосылмаған.
Теңгерімделмеген өңірлік даму. Бейресми қызмет деңгейіне халықтың тұрмыс деңгейі мен оның табысы бойынша саралануы едәуір әсер етеді. 2006 жылы Қазақстандағы Джини (Gini) теңсіздік коэффициенті 0,312-ге, 2012 жылы 0,284-ке тең болды. «Үлгілі» деп аталатын Еуропа және әсіресе, Солтүстік Еуропа елдерінде ол 0,2-ден 0,3-ке дейінгі аралықта. Джини коэффициентінің мәні мейлінше жақсы болғанына қарамастан, Қазақстан халқын табыстар бойынша саралау әлі де күрделі проблема болып отыр.
2013 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім 23259,2 млрд. теңгені құрады. Қазақстан өңірлері бөлінісінде ЖӨӨ-нің 18,3 %-ы Алматы қаласына тиесілі, онда номиналдық ақшалай табыс 903 мың теңгені құрайды. ЖӨӨ-дегі 2,2 %-ге тең ең аз үлес Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі (номиналдық ақшалай табыс 421 мың теңге).
Бұл процеске салалық және өңірлік дамудағы теңгерімсіздік сияқты факторлар белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Қазақстан Республикасының өңірлік дамуы экономикалық мамандандыруға көп тәуелді. Сонымен бірге, негізгі капиталға барлық инвестициялардың шамамен 60 %-ы батыс облыстарына, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Осы облыстарға барлық жалпы өнімнің жартысынан астамы өндіріледі және ең жоғары жалақы төленеді. Мысалы, 2012 жылы Атырау облысындағы номиналдық орташа айлық жалақының деңгейі (180,4 мың теңге) Жамбыл облысындағы ұқсас көрсеткіштен (72,3 мың теңге) 2,5 есе артық.
Өңірлік және салалық дамудағы сәйкессіздіктер халықтық көші-қонының негізгі бағыттарына да ықпал етеді, өйткені сыртқы және ең алдымен, ішкі көші-қон бағыты елдің барынша дамыған өңірлеріне бағытталған. Бұл жұмыс күшінің жергілікті нарығындағы ұсыныстың сұраныстан едәуір артуына алып келеді. Мәселен, 2012 жылы жұмыссыздықтың барынша жоғары деңгейі Маңғыстау облысында және Астана қаласында (5,7 %-дан), Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында (5,6 %) қалыптасты.
Түптеп келгенде, пайда болатын жұмыссыздық әлеуметтік теңсіздік проблемасын одан әрі ушықтырады.
Табыстың салыстырмалы төмен деңгейі халықтың бір бөлігін қосымша табыс көзін формальды емес сектордан іздеуге мәжбүрлейді (тұрғын үйді жалға беру, жеке тасымал, базарларда сауда жасау, тұрғын үйді және тұрмыстық техниканы жөндеу, үйде қызмет көрсету және т.с.с).
Жұмыссыздық және теңгерімделмеген көші-қон саясаты. Белгілі бір дәрежеде қазақстандық еңбек нарығындағы жағдайдың шиеленісуіне шетелден келетін жұмыс күшінің көші-қон ағындары ықпал етеді. Мемлекетаралық көші-қон байланыстарының ішінде ең тығызы Қазақстанның Ресеймен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен және Қырғызстанмен байланыстары болып отыр. 2013 жылы 988,7 мың (2012 жылы 1 млн. 087,9 мың, - 9,1 %) шетелдік тіркелді, оның ішінде ТМД елдерінен 821,3 мың адам.
Статистикалық көрсеткіштердің төмендеуі, азаматтары кірген күнінен бастап 30 күн ішінде тіркелуден босатылған (басым көпшілігі бұл мерзім аяқталғанға дейін қайтып кетеді) Ресеймен және Беларуссиямен келісімдер және тағы да 90 тәулікке ұзарта отырып, 90 тәулікке дейінгі мерзімге тіркелу туралы (бұдан бұрын 30+30 күн болатын) Қырғызстанмен келісім жасасумен түсіндіріледі.

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |