Toggle Dropdown
Борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларын бекіту және оны ұйымдастырушыны айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 8 шілдедегі № 777 қаулысы
«Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 99-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидалары бекітілсін.
2. «Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғамы борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды ұйымдастырушы болып айқындалсын.
3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 8 шілдедегі
№ 777 қаулысымен
бекітілген
Борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидалары
1. Осы Борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) электрондық аукцион нысанында сату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (бұдан әрі – тізілімнің веб-порталы) – Интернет желісінде www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша орналастырылған, борышкерлердің мүлкін сату бойынша электрондық деректер қорына бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс (бұдан әрі – деректер қоры);
2) кепілді жарна – электрондық аукционға қатысу үшін жеке немесе заңды тұлға енгізетін ақша сомасы;
3) лот – электрондық аукционда бір мезгілде сатылатын зат немесе бірнеше зат;
4) ең төмен баға – лот одан төмен сатылуы мүмкін емес баға;
5) сатушы – уақытша, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы;
6) ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен айқындалған және сатушымен борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды өткізу бойынша электрондық қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан заңды тұлға;
7) жеңімпаз – аукцион лоты үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған және электрондық аукционның қорытындысы туралы хаттамаға қол қойған электрондық аукционға қатысушы;
8) сатып алушы – сатып алу-сату шартына қол қойған электрондық аукционның жеңімпазы;
9) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) – жеке және заңды тұлғалардың төлемдерін жүзеге асыру кезінде екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және «электрондық үкіметтің» ақпараттық жүйелері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
10) бастапқы баға – бағалау құнын айқындау не объектінің теңгерімдік құны бойынша белгіленетін әр объекті бойынша лоттың бағасы;
11) ағымдағы баға – электрондық аукцион барысында қалыптасатын лоттың бағасы;
12) қатысушы – электрондық аукционға немесе жабық электрондық аукционға қатысу үшін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
13) уәкілетті орган – оңалту және банкроттық саласында (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын оңалту және банкроттық саласындағы мемлекеттік орган;
14) сату бағасы – электрондық аукцион нәтижесінде белгіленген лоттың түпкілікті бағасы;
15) электрондық аукцион – электрондық форматта тізілімнің веб-порталын қолдана отырып өткізілетін электрондық аукцион, оның ішінде жабық электрондық аукцион сауда-саттығының нысаны;
16) жабық электрондық аукцион – айналымы шектелген мүлікті сату бойынша электрондық аукцион;
17) электрондық аукцион залы (бұдан әрі – аукцион залы) – электрондық аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін тізілім веб-порталының бөлімі;
18) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
2. Электрондық аукционды өткізу тәртібі
3. Борышкердің (банкроттың) мүлкін сатуды банкроттықты басқарушы осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату жоспарына (бұдан әрі – Сату жоспары) сәйкес электрондық аукционды өткізу арқылы жүзеге асырады.
4. Акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) стратегиялық объектілерге жатқызылған банкроттың мүліктік массасын сату осы Қағидалардың талаптарына сәйкес электрондық аукцион өткізу жолымен «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің оны иеліктен айыруға рұқсат беру туралы шешімін алғаннан кейін жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мүліктік массаны өткiзудiң ерекше шарттары мен тәртiбiн, сондай-ақ сатып алушыларға қосымша талаптар белгiлеген жағдайда, стратегиялық объектілерге жатқызылған банкроттың мүліктік массасын өткізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін ескере отырып жүзеге асырылады.
5. Банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейінгі мерзім ішінде құны айтарлықтай төмендейтін мүлікті (тез бұзылатын тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) сатуды уақытша басқарушы уәкілетті органмен келісілген осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Сату жоспарының негізінде жүзеге асырады және олар электрондық аукционға теңгерімдік құны бойынша шығарылады.
Уақытша басқарушының Сату жоспарын келісуі Заңның 99-бабының 7-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Сот шешімімен оңалту рәсімі қолданылған борышкер мүлкін сатуды оңалтуды басқарушы оңалту жоспарының негізінде осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен электрондық аукцион өткізу арқылы жүзеге асырады.
7. Банкроттықты басқарушы борышкердің (банкроттың) мүлкін сату жоспарын осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүліктік массаны түгендеу және бағалау деректері, сондай-ақ мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде жасайды.
8. Банкроттың (борышкердің) мүлкін Сату жоспарын осы Қағидалардың 5-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, борышкердің кредиторлар жиналысы бекітеді.
9. Банкроттың (борышкердің) мүлкін Сату жоспары мүліктік массаны аукционға бірыңғай лотпен бастапқы қою бойынша міндетті шартты қамтуы тиіс.
Егер бірыңғай лот бойынша электрондық аукцион өтпеген жағдайда не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты сатып алмаса, мүлікті өткізу бөлек лоттармен жүзеге асырылады.
10. Сату жоспарын жасау кезінде сату объектілерінің бастапқы бағаларын сатушы осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бағалау құны не теңгерімдік құны деңгейінде белгілейді.
Дебиторлық берешек электрондық аукционға оның номиналды мәні мөлшерінде бастапқы бағамен шығарылады.
11. Сату жоспары осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, лоттың одан төмен сатылуы мүмкін емес бағасын көздеуі мүмкін.
12. Объектінің бастапқы бағасы бағалау құнының деңгейінде белгіленген жағдайда, бағалаушыны тарту осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның интернет-ресурсында борышкердің мүлкін (активтерін) бағалау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурстың өткізілетіні туралы ақпараттық хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде жариялай отырып, баға ұсыныстарын сұрату әдісімен конкурстық негізде жүргізіледі.
Уәкілетті орган борышкердің мүлкін (активтерін) бағалау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөнінде конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламаны сатушы ұсынған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
Баға ұсыныстары бар конверттерді кредиторлар жиналысы немесе комитеті белгілеген мерзімде ашу конкурстық комиссияның отырысында жүзеге асырылады. Ең төмен бағаны ұсынған бағалаушы жеңімпаз болып танылады.
13. Сату жоспары бекітілгеннен кейін сатушы екі жұмыс күнінен кешіктірмей, тізілімнің веб-порталындағы деректер қорына әрбір лот бойынша мынадай ақпаратты енгізуді қамтамасыз етеді:
1) сатушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
2) сатушының телефоны мен мекенжайы;