• Мое избранное
«Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

«Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасы

Қараңыз: Жолдаманы
Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ  
Бағалы металдар мен асыл тастар туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдар мен асыл тастар өндірісі және олардың айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.  
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
бағалы металдар – Еуразиялық экономикалық одақтың шарттық құқықтық базасына сәйкес айқындалған кез келген күйдегі және түрдегі, оның ішінде саф және тазартылған түрдегі сондай-ақ шикізат, қорытпа, жартылай фабрикаттар, өнеркәсіптік өнімдер, химиялық қоспалар, зергерлік және өзге бұйымдар, монеталар, сынық және өндіріс пен тұтыну қалдықтары түріндегі алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар (палладий, иридий, родий, рутений, осмий) түрдегі алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар (палладий, иридий, родий, рутений, осмий);
бағалы металдардың аффинаждауға жатпайтын саф түрі - аталған нақты кен орнындағы бағалы металдардың басым бөлшектерінен өз мөлшері бойынша күрт ерекшеленетін және 0,3 грамнан асатын массаға ие, бағалы металдардың минералды шикізатынан бөлінген, ішкі және сыртқы нарықтардағы айналысқа, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени мақсаттарға пайдалануға арналған және бірегей санатқа жатпайтын бағалы металдардың саф түрлері;
асыл тастар – табиғи алмас, зүбәржат, лағыл, жақұт және александрит, сондай-ақ шикі (табиғи) және өңделген түрдегі табиғи інжу. Асыл тастарға бірегей кәріптас түзілімдері теңестіріледі;
табиғи алмас – Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған, гауһар дайындау үшін пайдалануға болатын, өңделмеген де, ішінара өңделген де табиғи алмас; өнеркәсіптік немесе ғылыми мақсаттарда пайдалануға жарамды, өңделмеген де, ішінара не толығымен өңделген де табиғи алмас, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған бір кристалды және көп кристалды алмасты құралдан рекуперацияланған алмас, түйіршік және ұнтақтар;
өңделмеген табиғи алмастар – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған, өңделмеген немесе жай араланған, сындырылған немесе рундист жағылған алмастар;
гауһар - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған, әртүрлі нысанда бедерленген, жылтыратылған қырлары бар, кейіннен пайдалануға арналған өңделген табиғи алмас;
бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар - әртүрлі көркемдік өңдеу түрлерін пайдалана отырып, асыл тастардан және табиғи немесе жасанды жолмен жасалған басқа материалдардан жасалған көздері бар немесе оларсыз, тұрмыста және (немесе) діни және сәндік мақсаттар үшін түрлі әшекейлер, практикалық заттар ретінде қолданылатын, бағалы металдардан және олардың қорытпаларынан жасалған бұйымдар;
бағалы металдары бар сынықтар және қалдықтар – бағалы металдарды алу мақсатында кейіннен қайта өңдеу үшін пайдалануға болатын түзетілмейтін бракты қоса алғанда, өндіріс және техникалық және тұрмыстық сипаттағы өнімді пайдалану кезінде түзілген, құрамында бағалы металдар, сондай-ақ бағалы металды материалдардың қалдықтары, металлургиялық өндірістің аралық өнімдерінің қалдықтары бар, жарамсыз пайдаланылу құндылығын жоғалтқан немесе жоюға жататын бұйымдар және (немесе) олардың құрамдас бөліктері;  
өлшеуіш құйма – массасы 1000 граммнан аспайтын және алтын мен күміс үшін кемінде 99,99 пайыз, платина мен палладий үшін 99, 95 пайыз бағалы металдың массалық үлесі бар, өндіруші мемлекеттің белгіленген талаптарына сәйкес келетін құйма;
стандартты құйма – алтынның, платинаның, күмістің өндіруші мемлекеттің стандарттарына сәйкес келетін құймасы;
сынама – бағалы металл қорытпасының мыңдаған массалық бөліктеріндегі таза бағалы металдың массалық бөліктерінің саны;
сынамалық таңба – бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға басылатын, осындай бұйымдағы бағалы металл сынамасын куәландыратын белгіленген үлгідегі таңба;
сынамалау – бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың сынамасын белгіленген әдістермен айқындау немесе растау;
таңбалау – бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сынамалық таңбалау бедерін салу;
атауы – уәкілетті ұйымда тіркелген және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымды дайындаушыны куәландыратын, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымға басылатын арнайы таңба;
асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сараптау (идентификациялау) – бағалы металдардың, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастың, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың сапалық-түстік, асыл тастар үшін, сандық және құндық сипаттамаларын айқындау;  
мемлекеттік бақылау - мемлекеттік органның тексерілетін субъектілерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға олардың қызметінің нысанасына сәйкестігін оны жүзеге асыру барысында және нәтижелері бойынша жедел ден қоюсыз құқықтық шектеу сипатындағы шаралар қолданылуы мүмкін тексеру және қадағалау жөніндегі қызметі;
бағалы металдар өндірісі – өндірілген кешенді кендерден, концентраттардан және құрамында бағалы металдар бар басқа да жартылай өнімдерден, бағалы металдар бар сынықтан және қалдықтардан бағалы металдарды алу, сондай-ақ бағалы металдардың, бағалы металдар бар сынықтың және қалдықтардың аффинажы;
бағалы металдар мен асыл тастардың айналымы – өндірістік, инвестициялық және басқа да мұқтаждар үшін бағалы металдар мен асыл тастарды әкелу, әкету, сатып алу-сату, олармен өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасау және қолдану;
бағалы металдардың аффинажы (бұдан әрі - аффинаж) – бағалы металдарды қоспалардан және қосалқы құрамбөліктерден тазалау процесі, бағалы металдарды ұлттық және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапаға дейін жеткізу;
аффинаждалған алтын – бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік және өзге бұйымдарды қоспағанда, аффинаж нәтижесінде өлшеуіш және стандартты құймалар, тілімдер, ұнтақтар, түйіршіктер түрінде алынған алтын;  
инвестициялық алтын - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, сәйкестікті растау жөніндегі орган немесе сынақ зертханасы берген, мұндай алтынның ұлттық немесе халықаралық сапа стандартына сәйкестігін растау жөніндегі сертификаты немесе өзге де құжаты бар, мынадай талаптарға сәйкес келетін:
алтын монеталар үшін:
нумизматикалық құндылығы жоқ алтын монеталар;
алтын монеталар тазалығы жалпы массасының 1000 үлесіне 900 мыңдық үлеске тең немесе одан асатын (бұл 900-сынамаға, 900-промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес) алтын.
Ұлттық валюта монеталары инвестициялық алтын деп танылмайды.
Бұл ретте, алтын монета мынадай талаптардың біріне сәйкес болған кезде:
1800 жылға дейін соғылған;
«пруф» (proof) сапасымен бетінің айнадай болып шығуын қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған;
шығарылымының таралымы 1000 данадан аспаған;
оның нарықтық бағасы монетадағы алтын құнының 80 пайызынан асып кеткен жағдайда оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады.
Алтын монетаның нарықтық бағасы алтын монетаны өткізу күніне Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі фиксингін (бағаның бағамдалуы) көрсетілген күнінде белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамына көбейту жолымен айқындалады;
қалған алтын үшін:
құйма және (немесе) пластина нысанында жасалған алтын;
тазалығы лигатуралық массаның 1000 үлесіне 995 мыңдық үлеске тең немесе одан асатын (бұл 995-сынамаға, 995-промиллеге, 99,5 пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес) алтын;
бағалы металдарды және асыл тастарды өндіру және олардың айналымы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – бағалы металдар мен асыл тастар өндірісі және олардың айналымы саласында мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
 уәкілетті ұйым – бағалы металдарға, оның ішінде   өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалауға уәкілетті органда аккредиттетелген заңды тұлғалар;
Өңделмеген табиғи алмастарды халықаралық сертификаттау схемасы (бұдан әрі - Кимберлий үдерісі) – өңделмеген табиғи алмасты қақтығыс аймақтарынан заңды сауда айналымына әкетуді тоқтатуға және жолын кесуге шақыратын үкіметаралық бастама;
Кимберлий үдерісінің сертификаты - өңделмеген табиғи алмас партиясын Кимберлий үдерісіне сәйкес келетін ретінде сәйкестендіретін белгіленген  нысандағы құжат;  
27) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары – өңделмеген бағалы металдар (оның ішінде құйма түріндегі Доре қорытпасы, катодты металл және мырыш тұнбасы) және құрамында бағалы металдар бар қалдықтар, бағалы металдардың кендері мен концентраттары, түсті металдардың концентраттары және күлі, құрамында бағалы металдар бар түсті металдар өндірісінің жартылай өнімі;
гауһар тас өндірісі субъектілері – гауһар тастарды дайындау мақсатында табиғи алмастарды қырлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;
бағалы металдар өндірісі субъектілері – Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдар өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісінің субъектілері – бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды дайындауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер.  
2-бап. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл  
тастар саласындағы заңнамасы  
1. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастар саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.  
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше нормалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.  
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заңның күші бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі мен олардың айналымы саласындағы қоғамдық қатынастарға қолданылады.
2. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдармен азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.  
3. Бағалы металдар мен асыл тастарды барлау және шығару саласындағы қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасымен реттеледі.  
2-тарау. Бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісін және олардың айналымын мемлекеттік реттеу
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бағалы металдар мен  
асыл тастардың өндірісі және олардың айналымы  
саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
ұйымның асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынауға және таңбалауға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге аккредиттеу қағидасын бекітеді;  
асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізу қағидасын бекітеді;
Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де функцияларды орындайды.  
5-бап. Уәкілетті органның бағалы металдар мен асыл тастардың  
өндірісі және олардың айналымы саласындағы құзыреті
Бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі және олардың айналымы саласындағы уәкілетті орган:
1) бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) бағалы металдармен, асыл тастармен, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдармен, өңделмеген табиғи алмастармен, сондай-ақ құрамында бағалы металдар бар сынықтармен және қалдықтармен операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің тізілімін жүргізеді;
3) ұйымның асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынауға және таңбалауға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге аккредиттеу қағидасын әзірлейді;
4) асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізу қағидасын әзірлейді;  
5) өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде Кимберлий үдерісінің сертификатын ресімдейді және береді;
6) Қазақстан Республикасының сынамалау таңбасы бедерінің үлгісін бекітеді;  
7) бағалы металдар мен асыл тастардың айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;  
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы металдар мен асыл тастар саласындағы құзыреті  
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:  
1) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттік басым құқығын іске асырады;  
2) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібін айқындайды;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Бағалы металдар мен асыл тастардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау  
1. Бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өткізу кезінде мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады
  2. Уәкілетті ұйымның бағалы металдарға, оның ішінде   өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалауға қызметін мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;
3. Бағалы металдарды, бағалы металдары бар бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын, асыл тастарды, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарды, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылау рәсімі жүзеге асырылады.
4. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Бағалы металдар мен асыл тастар өндірісі және олардың айналымы
8-бап. Бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, асыл тастарды және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету ерекшеліктері  
1. Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, оның ішінде қайта өңдеуге Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.  
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында қайта өңдеу үшін бағалы металдар мен құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкелуді қоспағанда, бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде кедендік декларациялауды жүргізгенге дейін мамандандырылған кеден бекеттері арқылы мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.
3. Бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге әкету кезінде кедендік декларациялауға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандандырылған кеден бекеттері арқылы мемлекеттік бақылау рәсімі жүргізіледі.
4. Асыл тастарды, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу және осы елдерге әкету Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Асыл тастарды, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу кезінде кедендік декларациялаумен және кедендік тазартумен байланысты кедендік операцияларды жүргізгенге дейін қайта өңдеу бойынша операцияларды жасау үшін әкелуді қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандандырылған кедендік бекеттер арқылы мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады және уәкілетті ұйымдарда сараптама (идентификациялау) жүргізіледі.
6. Асыл тастарды, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге әкету кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандандырылған кедендік бекеттер арқылы мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады және уәкілетті ұйымдарда сараптама (идентификациялау) жүргізіледі.
9-бап. Аффинаждауға жатпайтын табиғи таза бағалы металдарды қоспағанда, бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар қажетті өңдеуден өткен шикізат тауарларын аффинаждауға мемлекеттің басым құқығы
1. Қазақстан Республикасы аффинаждауға жатпайтын табиғи таза бағалы металдарды қоспағанда, бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар қажетті өңдеуден өткен шикізат тауарларын (бұдан әрі - Шикізат тауарлары) аффинаждауға басқа тұлғалар алдында басым құқыққа ие.  
2. Шикізат тауарларына ие тұлғаның оларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге, оның ішінде аффинаждауға ниеті болған жағдайда, мемлекет ұлттық компания айқындаған аффинаждауды жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі - аффинаждауды жүзеге асыратын ұйым) атынан ұлттық компания арқылы Шикізат тауарларын аффинаждауға басым құқыққа ие.  
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Аффинаждауды жүзеге асыратын ұйымның Шикізат тауарларын аффинаждауы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.  
3. Қазақстан Республикасының аумағынан Шикізат тауарларын әкетуге ниет білдірген тұлға уәкілетті органға Шикізат тауарларын аффинаждау туралы өтініш жібереді.  
Шикізат тауарларын аффинаждау туралы өтініш қазақ және орыс тілдерінде жасалуға және мынадай мәліметтерді:
1) Шикізат тауарларына ие заңды тұлғаның толық атауын не жеке тұлғаның тегі мен атын;
2) Шикізат тауарларының нақты көлемін және зиянды қоспалар мен бағалы металдардың құрамын нақты көрсету, өтінішті беру сәтіне объективті деректермен расталуы мүмкін халықаралық нарықта қалыптасқан бағалар диапазоны шегінде аффинаждауды жүзеге асырудың ұсынылатын бағасын;
3) Шикізат тауарларының шығу заңдылығын растайтын құжаттарды;
4) өтініште және оған қоса берілетін құжаттарда көрсетілген барлық мәліметтер дәйекті болып табылатынын жазбаша растауды;
5) өтінішке қол қойған адамның тегі мен атын, сол адамның уәкілеттігін көрсету, оның жекебасын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.  
Өтінішке тиісінше куәландырылған, онда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттар (не олардың нотариалды куәландырылған көшірмелері) қоса беріледі.  
Өтінішке қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуы тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, мұндай құжаттардың дұрыстығы нотариуспен куәландырылған, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі құжаттың аудармасы міндетті түрде қоса берілетін өзге тілде жасалуы мүмкін.  
4. Өтінішті алғаннан кейін уәкілетті орган тиісті материалдарды аффинаждауды жүзеге асыратын ұйымға Шикізат тауарларын аффинаждаудың техникалық мүмкіндігін (мүмкін еместігін), экономикалық жағынан орындылығын (орынсыздығын) айқындау үшін жібереді.  
5. Аффинаждауды жүзеге асыратын ұйым он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Шикізат тауарларын аффинаждаудың техникалық мүмкіндігі (мүмкін еместігі), экономикалық жағынан орындылығы (орынсыздығы) туралы жауап жібереді.  
6. Уәкілетті орган аффинаждауды жүзеге асыратын ұйымнан Шикізат тауарларын аффинаждаудың техникалық мүмкіндігі (мүмкін еместігі), экономикалық жағынан орындылығы (орынсыздығы) туралы жауапты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтінішті және өзге материалдарды қарайды және Шикізат тауарларын (олардың бөліктерін) аффинаждау (аффинаждаудан бас тарту) туралы шешім шығарады.  
7. Шикізат тауарларын аффинаждауды жүзеге асыратын ұйым Шикізат тауарларын аффинаждаудан бас тартқан немесе Шикізат тауарларын аффинаждауға ресми түрде алған келісімшартқа қол қоюға бас тартқан жағдайда, көрсетілген келісімшартты алған немесе уәкілетті орган Шикізат тауарларын (олардың бөліктерін) аффинаждау (аффинаждаудан бас тарту) туралы шешімді ұсынбаған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде Шикізат тауарларына ие тұлғалар осы баптың 5 және 6-тармақтарында белгіленген мерзімде Шикізат тауарларын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тыс әкетуге құқылы.  
8. Шикізат тауарларын аффинаждау үшін Қазақстан Республикасының аумағынан тыс әкету кезінде аффинаж олардың меншік құқығының ауысуына әкеп соқпайды.  
9. Бағалы металдар өндірісінің субъектілеріне аффинаждауға жіберілетін және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс әкетілетін Шикізат тауарлары Қазақстан Республикасында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес болуы тиіс.  
10-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан әкеткен кезде бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинаждалған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығы  
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағалы металдар өндірісінің субъектілерінен және аффинаждалған алтынның өзге де меншік иелерінен бағалы металдардағы активтерін толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыратын орган болып табылады.  
Қазақстан Республикасы бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және аффинаждалған алтынның өзге де меншік иелерімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтерін толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алу бойынша мәміле жасауға басым құқыққа ие.  
3. Бағалы металдар өндірісі субъектілері және аффинаждалған алтынды сатуды жүзеге асыратын тазартылған алтынның өзге де меншік иелері басым тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өндірілген тазартылған алтынды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сатып алу үшін ұсынады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аффинаждалған алтынды алдағы кезеңге айқындалған көлемде сатып алады.
5. Мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде аффинаждалған алтынды сатып алу көлік шығыстарын, өткізуге Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы қабылдаған және «Лондондық сапалы жеткізілім» («London good delivery») стандарты ретінде осы қауымдастықтың құжаттарында белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келмейтін тазартылған алтынды сатып алған жағдайда қолданылатын сапа үшін жеңілдіктерге шығындарды шегергенде, дүниежүзілік нарықта қалыптасқан бағаны пайдалана отырып есептелген баға бойынша жүзеге асырылады. Бағалы металдар өндірісі субъектілері және аффинаждалған алтынды сатуды жүзеге асыратын тазартылған алтынның өзге де меншік иелері үшін ортақ көлік шығыстары, өткізуге шығыстар және сапасы үшін жеңілдік тиісті кезеңге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен айқындалады.  
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинаждалған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан, сатып алу лимитіне қол жеткізілген жағдайларда және (немесе) алдағы кезеңде басым құқығын іске асырудан бас тарту туралы қабылданған шешім болған кезде ғана бас тартуға құқылы.  
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі аффинаждалған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда бағалы металдар өндірісі субъектілерінен немесе тазартылған алтынның өзге де меншік иелерінен тазартылған алтынды сатып алудан бас тартқан жағдайда осы тазартылған алтын үшінші тұлғаларға өткізілуі мүмкін.  
11-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдардың сынығын аффинаждау
Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қабылдаған бағалы металдардың сынығы оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтеріне жатқыза отырып, тазартылған алтын құймаларына қайта өңдеуге жатады.  
Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдардың сынығын аффинаждалған алтын құймасына аффинаждау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі  айқындайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тазартылған алтын құймаларының құны бағалы металдардың сынығы мен қалдықтарын қайта өңдеуге байланысты барлық шығасыларды шегере отырып, республикалық бюджетке аударылады.  
12-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өткізу
Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өткізген кезде олардың өткізу құны лоттарды өткізу күнінің алдындағы күнде белгіленген Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығының фиксингі және теңгеге қатысты доллар бағамы бойынша айқындалған химиялық таза бағалы металдар құнынан төмен болмауы тиіс. Өткізуден алынған кірістер республикалық бюджет кірісіне аударылады. Өткізуден алынған табыстар республикалық бюджеттің кірісіне аударылады.
13-бап. Инвестициялық алтын айналымының ерекшеліктері
1. Инвестициялық алтын айналымы мақсатында жеке және заңды тұлғалар екінші деңгейдегі банктерде ашылатын металл шоттарды пайдалана алады.  
2. Инвестициялық алтынмен мәмілелерді жүзеге асырған кезде төлем мәміле жүргізу кезінде халықаралық нарықта қалыптасқан бағаны пайдалана отырып есептелген бағалар бойынша жүргізіледі.
3. Инвестициялық алтынмен жасалған операцияларға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
14-бап. Уәкілетті ұйымдарды аккредиттеу
1. Асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмас, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялауды), бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау үшін уәкілетті ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмас, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялауды), бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалауды жүргізуге ұйымды аккредиттеу қағидаларына (бұдан әрі – Аккредиттеу қағидалары) сәйкес уәкілетті органда аккредиттеуден өтеді.
2. Уәкілетті ұйымдарды аккредиттеу уәкілетті орган беретін аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
3. Заңды тұлға аккредиттеу туралы куәлікті алу үшін уәкілетті органға Аккредиттеу қағидаларына сәйкес қажетті құжаттарды ұсынады.
4. Уәкілетті орган аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды уәкілетті органға келіп түскен кезден бастап есептелетін күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады.
5. Уәкілетті орган оң шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті органның тізіліміне тиісті жазу енгізіледі және өтініш берушіге осындай шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
6. Ұсынылған құжаттар толық болмаған және Аккредиттеу қағидаларының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган құжаттар келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тартуды береді.
7. Уәкілетті ұйымдар асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмас, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялауды), бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау жүргізуді өтеусіз негізде жүзеге асырады.  
8. Уәкілетті ұйымдар асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмас, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялауды) жүргізу қағидаларының және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау қағидаларының талаптары сақталмауына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
15-бап. Асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасы (идентификациялау) жүргізу, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау тәртібі
1. Асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялау) жүргізуді уәкілетті ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмас, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялауды) жүргізу қағидаларымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасы (идентификациялау) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде сараптама (идентификациялау) барысында оларды уәкілетті ұйымдарда сынамалау және таңбалау жүргізіледі.
Асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасы (идентификациялау) қорытындылары бойынша уәкілетті ұйым сараптамалық қорытынды жасайды.
3. Жеке немесе заңды тұлғалар асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялау) жүргізу үшін уәкілетті ұйымға жүгінуге құқылы.
4. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалауды уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды таңбалау қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар уәкілетті ұйымдарда міндетті сынамалауға және таңбалауға жатады.  
6. Сынамалауға және таңбалау рәсімінен өтпеген бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге тыйым салынады.
7. Бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау Қазақстан Республикасында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.  
16-бап. 16-бап. Бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды дайындаушының атауы
1. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі субъектілерінің бағалы металдардан және асыл тастардан өздері жасаған барлық зергерлік бұйымдарында дайындаушы қоятын атауының, бедерінің болуы міндетті.
2. Атау уәкілетті ұйымда міндетті тіркелуге жатады. Уәкілетті ұйым тіркелген атаулар туралы мәліметтерді уәкілетті органға тоқсан сайын береді.
3. Тіркелмеген атауды пайдалануға тыйым салынады..
4-тарау. Халықаралық ынтымақтастық
17-бап. Кимберлий үдерісіне сәйкес өңделмеген табиғи алмастардың айналымын бақылау
1. Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету Кимберлий үдерісінің сертификаттау схемасын ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу кезінде кедендік декларациялаумен және кедендік тазартумен байланысты кедендік операцияларды жүргізгенге дейін қайта өңдеу бойынша операцияларды жасау үшін өңделмеген табиғи алмастарды әкелуді қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдерімен және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен мамандандырылған кедендік бекеттер арқылы мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.
Кедендік операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті өзге мәліметтер арасында тасымалдаушы кеден органдарына Кимберлий үдерісі сертификатының нөмірі, оны беру күні мен қолданылу мерзімі бар Өңделмеген табиғи алмастардың Кимберлий үдерісінің сертификаты туралы мәліметтерді ұсынады.
3. Көрсетілген мәліметтерді беру мүмкін болмаған немесе Кимберлий үдерісінің сертификатының қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда, өңделмеген табиғи алмастарды Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелуге жол берілмейді, ал өңделмеген табиғи алмастардың партиясы шығарылған елге қайтарылуға жатады.
4. Кимберлий үдерісінің сертификаты өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде кедендік декларациялау мақсаттары үшін міндетті құжат болып табылады және оған қол қойылған күннен бастап алпыс күн ішінде қолданылады.
5. Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде уәкілетті ұйымдарда мамандандырылған кеден бекеттері арқылы мемлекетік бақылау рәсімі және өңделмеген табиғи алмастар сараптамасы жүргізіледі.  
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік бақылаушы бір уақытта мемлекеттік бақылау актісімен бірге Кимберлий үдерісінің сертификатын ресімдейді және береді.  
5-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер  
18-бап. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастар саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық  
Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.  
19-бап. Өтпелі ережелер  
1. Қазақстан Республикасының аумағында коммерциялық қызметті жүзеге асыратын субъектілер өткізетін, сынамалау және таңбалау рәсімін өтпеген бағалы металдар мен бағалы тастардан жасалған зергерлік бұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 18 ай ішінде уәкілетті ұйымдарда міндетті сынамалауға және таңбалауға жатады.  
2. 7-баптың 1 және 2-тармақтары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі  
Осы Заң алғашқы ресми жаряланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.