• Мое избранное
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының құжаттамасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 4 тамыздағы № 8185 сараптамалық қорытындысы

Қазақстан Республифкасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
2014 жылғы 12 шілдедегі
№ 07-3-24/2280-И хатқа
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарап, келесіні хабарлаймыз.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы бойынша
Жобада 4-баптың 1-тармағын мынадай мазмұндағы 68) тармақпен толықтыру ұсынылады:  
«68) мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтерді, техникалық көмекшi (қалпына келтіруші) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын сатып алу.»
«Еуразиялық экономикалық одақ туралы» 2014 жылғы 29 мамырдағы Шарттың 22-бөлімі 88-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы реттеу принциптерінің бірі - бәсекелестікті дамыту.
Сонымен бірге, ұсынылған норма «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі принциптеріне қайшы келеді.
Осыған байланысты, осы норманы өзгеріс пен толықтыру ретінде қабылдауға болмайды деп санаймыз.
Бұдан басқа, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 44-1-бабын түзетулер бөлігінде қолданыстағы редакцияда қалдыруды ұсынамыз, себебі ұсынылған нормалар мүгедектерді іс жүзінде жұмысқа орналастыруға көмектеспейді, сондай-ақ қазіргі бар жұмыс орындарының жабылуына әкелуі мүмкін.
Сонымен бірге, осы нормалар мүгедектерді жұмысқа орналастырушы өнеркәсіптерді сауда-делдалдық қызметпен айналысуға мәжбүр етеді, сондай-ақ өнім өндірісі «екінші кезекке» өткізіледі, бұл мүгедектер арасында жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңы бойынша
Жобада 68-бапты мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтыру ұсынылады:
«2-1) денсаулық жағдайы мен жеке қажеттіліктеріне байланысты 3-топтағы мүгедектер;».
Мүгедектіктің 3-тобы бойынша алатын әлеуметтік жәрдемақы ең аз екендігін және 3-топтағы мүгедектер жалақысы төмен жұмыстарда істей алатынын ескере отырып, төлем қабілетсіздігіне байланысты ипотека бойынша тұрғын үй алу мүмкін емес.
Осыған байланысты, «денсаулық жағдайы мен жеке қажеттіліктеріне байланысты» деген сөздерді алып тастауды ұсынамыз.
«Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңы бойынша
«Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңының 31-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес  екіден төртке дейінгі процент мөлшерiнде  мүгедектер үшiн жұмыс орындарының квотасын белгiлеуді көздейді.
Жоғарыда келтірілген нормадағы талап субъект ірі бизнес өкілі болып табылатынына немесе кәсіпкерлік қызметі бөлшек саудада сатумен (дүкен), қызмет көрсетумен (шаштараз немесе ТҚКС) және т.б. айналысатын шағын бизнеске жататынына қарамастан кәсіпкерлік субъектілерінің барлығына міндетті шарт болып табылады. Осыған байланысты, бұл талапты шағын бизнес үшін алып тастауды орынды деп санаймыз.
Сонымен, жұмыс орындарының жалпы санының екіден төртке дейінгі процентi мөлшерiнде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын кәсіпкерлік субъектілеріне бөлмей жалпы қолдану әкімшілік кедергі болып табылады.
Бұл ретте, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға квотаны белгілейтін норма жеке кәсіпкерлік субъектілері жүмысының ерекшеліктерін ескермейтінін атап өту қажет. Мысалы, мүгедектер еңбегін құрылыс, құрылыс-монтаждау, өндіру және еңбек жағдайлары ауыр және зиянды өзге де салаларда пайдалануға мүлдем болмайды.
Осыған байланысты, жұмыс орындарының жалпы санының екіден төртке дейінгі процентi мөлшерiнде квотаны орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда баламасын қарастыруды ұсынамыз.
Квотаны орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда жұмыс берушілерге баламасын беретін нормамен толықтыруды ұсынамыз. Мысалы, жұмыс беруші:
- мүгедектердің мамандандырылған ұйымдарына ақшалай қолдау көрсетеді, немесе;
- мүгедектер ұйымдарынан немесе мүгедек жеке кәсіпкерден көрсетілетін қызметтер мен тауарларды сатып алады, немесе;
- тапсырыстарды мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған кәсіпорындарда немесе мүгедек жеке кәсіпкерде орналастырады.
Сонымен, өзінің жағдайына байланысты кәсіпкерге мүгедектерге қолдау көрсетудің сол немесе өзге түрін таңдауға мүмкіндік беріледі.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексі бойынша
Салық кодексінде «инватакси» деген ұғым жоқ. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 1 қарашадағы № 859 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес инватакси – мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мүгедектерді тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған автомобиль. Қағидаларға сәйкес инватакси қызметтерін көрсету үшін мамандандырылған автокөлікпен қатар, есту және сөйлеу, көру бойынша, жалпы аурудан мүгедектерді тасымалдау үшін арнайы құралдармен жабдықталмаған қарапайым автокөлік құралы да пайдаланады.
Осыған байланысты, 356-баптың 3-тармағын мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтыруды ұсынамыз:
«5-1) мекеме балансында автокөлігі бар мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері немесе мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен құрылған ұйымдар».
Осы редакция мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының проблемаларын анағұрлым толық көрсетеді деп санаймыз.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетуде бизнес қатысуын ынталандыратын мынадай мәселелерді пысықтау қажет деп санаймыз:
- мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орнын жасауға (немесе қолда бар бос жұмыс орнын қосымша жабдықтауға, арнайы жабдықты сатып алуға) жұмсалатын шығындардың орнын толтыру.
- мүгедектердің еңбек өнімділігіндегі айырмашылықты жабатын еңбекақыға субсидия беру.  
- оқуды аяқтағаннан кейін де жұмыс орындарын қайта жабдықтауға қосымша дотацияларды беру;
- жұмыс берушілерді мүгедектердің жұмыс орындарын сақтап қалдыруға ынталандыратын дотацияларды беру;
- мүгедек қызметшілер үшін әлеуметтік сақтандыру қорына жарналардан босату.
Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына және «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес негізделген жауап беруді сұраймыз.
Басқарма мүшесі   Г. Құрбанбаева