• Мое избранное
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобының айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», ашу және тергеу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобының айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», ашу және тергеу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 15 мамырдағы № 44 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 240 бірлескен бұйрығы

Айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», ашу және тергеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, ішкі істер және прокуратура органдарының осы санаттағы қылмыстық істер бойынша өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында, сондай-ақ «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4-тармағына және «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», ашу және тергеу жөніндегі жедел-тергеу тобы (бұдан әрі - ЖТТ) туралы ереже бекітілсін.
2. Тергеу комитетінің, Криминалдық полиция комитетінің төрағалары және Жедел-криминалистикалық департаменттің бастығы:
- ұйымдастырушылық - штаттық өзгерістерді және қойылатын талаптарды ескере отырып, ЖТТ құрамына сеніп тапсырылған қызметтердің қасақана кісі өлтірулерді тергеу және ашу бойынша жұмыс өтілі бар анағұрылым тәжірибелі қызметкерлерін қоссын;
- ЖТТ-нің тергеушілерін және жедел қызметкерлерін көрсетілген санаттағы қылмыстарды ашумен және тергеумен байланысты емес жұмыстардан босатсын;
- ЖТТ жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету ІІМ Тергеу комитетінің, Криминалдық полиция комитетінің төрағаларына және Жедел-криминалистикалық департаменттің бастығына жүктелсін.
3. Тыл және Техникалық қызмет департаменттерінің бастықтары ІІМ ЖТТ-нің тиімді жұмысы үшін қажетті материалдық-техникалық және басқа да жағдайлар жасасын.
4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы салалық департаменттерінің уәкілетті қызметкерлері:
- Қылмыстық-процессуалдық заңнаманың нормаларын Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 132-бабында көзделген тәртіппен күдіктілерді ұстау және тергеу әрекеттерін жүргізу бөлігінде қолданылуын ұдайы қадағалауды жүзеге асырсын. Тергеушінің сот алдындағы кісі өлтіруге айыпталушыны, күдіктіні қамауға алуды санкциялау туралы өтінішті қолдаухатты қозғау туралы қаулысын қарау кезінде қылмыстық Іс материалымен мұқият таныссын, ЖТТ-нің жедел-іздестіру және арнайы шараларын жүргізу заңдылығын тексерсін;
- жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу, сондай-ақ осы санаттағы істер өндірісін негізсіз тоқтату және қысқарту фактілеріне жол бермесін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау тергеу және жедел-іздестіру қызметтері мәселелеріне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасарларына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасарларына жүктелсін.
6. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры 1 дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі А. Дауылбаев
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
 Бас Прокурорының
 2014 жылғы 15 мамырдағы № 44
 және
 Қазақстан Республикасы
 Ішкі істер министрінің
 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 240
 бірлескен бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобының айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», ашу және тергеу жөніндегі жұмысы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже жедел-тергеу тобының (бұдан әрі - ЖТТ) айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», ашу және тергеу жөніндегі қызметтерін ұйымдастыру негіздерін анықтайды.
2. ЖТТ ІІМ-нің тұрақты әрекет ететін бөлінісі болып табылады, оның негізгі міндеті айыпталушы ретінде тартылуы тиіс адам анықталмаған қасақана кісі өлтірулерді, оның ішінде «өткен жылдардағы», тергеуді ұйымдастыру, сондай-ақ өңірлік ІІД-нің көрсетілген санаттағы қылмыстарды ашу жөніндегі қызметін бақылау болып табылады.
2. Жедел-тергеу топтарының құрамы
3. ЖТТ жеке адамға қарсы аса ауыр қылмыстарды ашу және тергеу бойынша маманданған жедел-тергеу қызметінде жеткілікті жұмыс өтілі бар, Тергеу комитетінің, Криминалдық полиция комитетінің және Жедел-криминалистикалық департаменттің (бұдан әрі - ТК, КПК, ЖКД) қызметкерлері арасынан Ішкі істер министрлігі бұйрығымен құрылады. ЖТТ құрамына міндетті түрде екі тергеуші, кемінде үш жедел қызметкер және екі криминалист кіреді.
ЖТТ жұмысы кең қоғамдық алаңдаушылық туғызған, ашылмаған қасақана кісі өлтірулер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі басшыларының тапсырмалары бойынша жүзеге асырылады.
ЖТТ ішкі істер органдарының басқа қызметтерімен (әкімшілік, көші-қон полициясы, әскери-тергеу бөліністері және басқалар) өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында өткізетін жедел-іздестіру және тергеу шараларының көлемін және ерекшелігін ескере отырып, көрсетілген қызметтердің қызметкерлері қосымша бұйрықпен бекітілуі мүмкін.
4. ЖТТ қызметкерлері ІІМ-нің ғимаратында арнайы бөлінген кабинетке орналасады, байланыс құралдарымен, компьютерлік және көбейту техникасымен, сондай-ақ заттай дәлелдемелерді сақтауға арналған үй-жайлармен, байланыс құралдарымен жарақталған қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етіледі.
3. Жедел-тергеу тобының функциялары, құқықтық негізі және олардың қызметін ұйымдастыру
5. ЖТТ-ның тікелей басшысы ЖТТ жұмысын ұйымдастыру үшін дербес жауапты болатын Тергеу комитетінің анағұрлым тәжірибелі тергеушілері арасынан Ішкі істер министрінің бұйрығымен тағайындайды.
ЖТТ басшысы:
- Қазақстан Республикасы ҚІЖҚ-нің 50-бабы 1-бөлігінің 1-тармағында көзделген тәртіппен тоқтатылған ашылмаған кісі өлтірулер, оның ішінде «өткен жылдардағы», туралы қылмыстық істерді зерделеуді қамтамасыз етеді, олар бойынша жедел-тергеу топтарына практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді, жазбаша нұсқау береді және олардың орындалуын бақылайды;
- қажет болған жағдайда, қылмыс жасаған адамды анықтағанға дейін істі өз өндірісіне қабылдайды, жедел-тергеу шараларын өткізуді және дәлелдемелерді процессуалдық бекітуді ұйымдастырады;
- жедел-тергеу шараларының жоспарларын құрайды, бекітеді және орындалуын ұйымдастырады;
- ЖТТ мүшелерінің қызметін үйлестіреді және олардың арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс адамды анықтау үшін, ақырғы процессуалдық шешім қабылданғанға дейін өзара ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеді.
- айып тағады және қадағалаушы прокурорға хабарлай отырып, жазбаша нұсқауы және заттай дәлелдемелері бар қылмыстық істі аумақтылығы бойынша ІІД-нің бастықтарына жолдау туралы шешім қабылдайды. Қылмыстық істі одан әрі тергеуді жедел-тергеу тобының құрамына кіретін ІІД-нің жауапты тергеушісіне тапсырады;
- ІІД мен ІІМ басшылығының алдында қолданыстағы жедел-тергеу топтарының құрамын өзгерту, сондай-ақ оған жекелеген қызметкерлерді қосу немесе шығару туралы ұсыныс беруге құқылы;
- келісім бойынша ЖТТ-ның жұмыс кестесін жасайды және оның нәтижелерін кемінде тоқсанына екі рет Бас прокуратурада тыңдауды ұйымдастырады.
Тергелетін қылмыстық іс шеңберінде ЖТТ басшылығының жазбаша нұсқаулары мен жекелеген тапсырмалары аумақтық бөліністердің тергеу және анықтау органдары және олардың басшылары үшін орындалуы міндетті болып табылады.
6. ЖТТ-ның жедел қызметкері ІІМ ЖТТ-ның іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жүргізеді. Өңірлік ЖТТ-ның кең қоғамдық пікір туғызған қасақана кісі өлтірулерді ашу жөніндегі жұмысын ұйымдастырады. Тоқтатылған қылмыстық-іздестіру істерін зерделейді, олар бойынша жазбаша нұсқаулар береді, қажет болған жағдайда қасақана кісі өлтірулерді ашуға практикалық көмек көрсету үшін қызметтік іс-сапарларға барады.
7. ЖТТ-ның тергеушілері мен жедел қызметкерлері бақылау үшін тапсырылған ашылмаған қасақана кісі өлтірулер бойынша тиісінше бақылау-қадағалау істерін жүргізеді, оларда қажетті құжаттардан баска ЖТТ нұсқауларының көшірмелері, тыңдау кестесі және жедел кеңестерінің хаттамалары болуы тиіс.
8. ЖТТ-ның қызметі қылмыстық іс бойынша ақырғы процессуалдық шешім қабылдау нәтижелері (сотқа жолдау немесе қысқарту) бойынша бағаланады.
9. Жедел жұмысты ұйымдастыру, Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөліністерімен, оның ішінде техникалық қызметтерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету Тергеу және Криминалдық полиция комитеттерінің басшыларына жүктеледі.
10. ЖТТ-ның беймәлім жағдайда жасалған қасақана кісі өлтірулерді ашу және тергеу жөніндегі жұмысының ұйымдастырылуын жалпы бақылау Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына жүктеледі.
11. Жедел-тергеу топтары қызметінің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қылмыстық процестердің сотқа дейінгі кезеңдерінің заңдылығын бақылау және Жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын бақылау департаменттері жүзеге асырады.