• Мое избранное
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 2

Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 860 қаулысы

Редакция 14.08.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.05.2023 жылғы № 430 Қаулысына сәйкес (06.05.2022 ж. редакцияны қараңыз)
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2014 жылғы 31 шілдедегі
№ 860 қаулысымен
бекітілген
  • 2
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидалары
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Үкіметінің 09.04.2015 жылғы № 205 Қаулысымен (31.07.2014 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Үкіметінің 15.11.2016 жылғы № 704 Қаулысымен (09.04.2015 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Үкіметінің 19.12.2019 жылғы № 938 Қаулысымен (15.11.2016 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 30.12.2020 жылғы № 935 Қаулысына сәйкес (19.12.2019 ж. редакцияны қараңыз)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы», «Азаматтық қорғау туралы» (бұдан әрі – «Азаматтық қорғау туралы» Заң) және «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңдарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу, сақтау және шығару тәртібін айқындайды.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.05.2023 жылғы № 430 Қаулысына сәйкес (06.05.2022 ж. редакцияны қараңыз)
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін және азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) броньнан шығару – номенклатура өзгерген кезде, сондай-ақ кәдеге жарату немесе жою, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қабылдау, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттiк материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
3) бірыңғай дистрибьютор – қызметін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 247-бабына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) жұмылдыру резервi – мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдануға, бейбіт уақытта гуманитарлық көмек көрсету үшiн қажеттi шектеулi номенклатура бойынша материалдық құндылықтар запасы, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
6) жұмылдыру резервінің операция жүргізу жоспары – жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын, жеткізуді, сақтауды және шығаруды, сондай-ақ кәдеге жаратылған тауарларды өткізуді регламенттейтін құжат;
7) жұмылдыру тапсырмасын орындаушы мемлекеттік орган – жұмылдыру тапсырмасын орындаушы немесе жұмылдыру тапсырмасы алынған орталық атқарушы орган;
8) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс – қорғаныс мұқтаждары, мемлекеттегі қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін, мемлекеттік материалдық резервті, жұмылдыруды, ғарыш қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен міндеттемелерді орындауы үшін сатып алынатын әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімнің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесін (номенклатурасын) бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актісі;
9) мемлекеттiк материалдық резерв – жұмылдыру мұқтаждарына, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдануға, нарыққа реттеушiлік ықпал етуге, босқындарға көмек көрсетуге және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған материалдық құндылықтар запасы;
10) мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) – мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын қалыптастыру мен сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
11) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
12) мемлекеттiк материалдық резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру – номенклатурасы мен сақтау көлемдеріне сәйкес мемлекеттік материалдық резервке кейіннен қайтара отырып, белгілі бір шарттармен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
13) мемлекеттiк материалдық резервтi жаңарту – номенклатурасы мен сақтау көлемдеріне сәйкес материалдық құндылықтарды бiр мезгiлде немесе уақыт үзілісімен салған кезде оларды сақтаудың белгiленген мерзiмдерi өткенге дейiн мемлекеттiк материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
14) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi (бұдан әрі – сақтау пункттері) – мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетудi шарт негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
15) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы және сақтау көлемдері (бұдан әрі – номенклатура) – уәкілетті органның алдына қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының тізбесі мен көлемдері;
16) мемлекеттік резервтің операция жүргізу жоспары – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шығаруды, жеткізуді, сақтауды сондай-ақ кәдеге жаратылған тауарларды өткізуді регламенттейтін құжат;
17) операция жүргізу – мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын қою, сақтау және шығару;
18) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия – азаматтық қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің республикалық және аумақтық деңгейлерінде құрылған консультациялық-кеңесші орган;
19) уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – өз құзыреті шегінде, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі.
3. Жұмылдыру резервін сақтауды жүзеге асыратын сақтау пункттері мен ұйымдар жыл сайын осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес 3 (үш) данада жұмылдыру резервінің жинақталатын және жаңартылатын материалдық құндылықтары жөніндегі мәліметтерді (бұдан әрі – мәліметтер) жасайды, олардың бір данасы сақтау пунктінде қалады, екінші данасы жұмылдыру тапсырмасын орындаушы мемлекеттік органға, үшінші данасы 10 қаңтардан кешіктірмей ведомствоға ұсынылады.
3-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.05.2023 жылғы № 430 Қаулысына сәйкес (06.05.2022 ж. редакцияны қараңыз)
Ұсынылған мәліметтер негізінде ведомство жыл сайын 15 ақпаннан кешіктірмей осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу жоспарын бекітеді.
Ведомстволық бағынысты ұйым мен сақтау пункттері ай сайын уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының бар-жоғы және қозғалысы туралы есептерді дайындау және ұсыну тәртібіне сәйкес мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар-жоғы және қозғалысы туралы есеп беріп тұрады.
Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар-жоғы және қозғалысы туралы ұсынылған есептер негізінде ведомство жыл сайын 30 қаңтардан кешіктірмей осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу жоспарын бекітеді.
4. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу, сақтау және шығару жағдайларында осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген операция жоспарларына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіледі.
2-тарау. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу
1-параграф. Жұмылдыру резервінің дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарын қоспағанда, мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу
5. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс құрамына кіретін мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кірмеген мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды жеткізуге тапсырыстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен бюджет қаражатының есебінен өнім берушілер арасында орналастырылады.
6. Уәкілетті орган мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды жеткізуге тапсырыс беруші ретінде әрекет етеді.
7. Мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды жеткізу мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Жұмылдыру тапсырыстары бар сақтау пункттері жыл сайын 10 қаңтарға дейінгі мерзімде ведомствоға:
1) тауарлар жеткізілетін жер туралы мәліметтерді (қажет болса, байланыстыратын станцияны);
2) сатып алынатын тауарларға Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарын, ол болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттарды көрсете отырып, техникалық ерекшелікті келісуге жолдайды. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаса, қажет болған жағдайда нормативтік-техникалық құжаттама көрсетіліп, сатып алынатын тауардың, сондай-ақ тауарларды жеткізу кезінде қажетті ілеспе қызметтердің (монтаж, жапсыру, оқыту, олар өткізілетін жерді тексеру және тауарларды сынақтан өткізу) функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамасы, тауардың шығарылған жылы, кепілдік мерзімі көрсетіледі.
9. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын тиеп-жөнелту және жеткізу шарттары ИНКОТЕРМС талаптары ескеріле отырып, жеткізу шарттарында айтылады.
10. Мемлекеттік материалдық резервке (резервтен) материалдық құндылықтарды әрбір жеткізу (тиеп-жөнелту) уәкілетті тұлғалар қол қойған және ведомстволық бағынысты ұйымның немесе сақтау пунктінің мөрі басылған (бар болса) шартпен және қабылдау актісімен расталады.
11. Мемлекеттік материалдық резервке жеткізілетін материалдық құндылықтар тіркеу (мемлекеттік тіркеу), сынақтар, сәйкестікті растау, сараптама нысандарында тауардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестікті бағалау туралы құжаттармен қоса беріліп, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес болуға, сондай-ақ ұзақ сақтауға дайын болуға тиіс.
12. Уәкілетті орган мемлекеттік материалдық резервке жеткізілетін және сақтаудағы материалдық құндылықтарға зерттеу (сынау) жүргізуді ұйымдастырады.
13. Мемлекеттік материалдық резервке жеткізілетін немесе сақтаудағы тамақ өнімдерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан зерттеуді (сынауды) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар жүргізеді.