• Мое избранное
Қазақстан Республикасының Орман кодексі
Внимание! Недействующая редакция документа. Посмотреть действующую редакцию

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
Осы редакция 17.07.2009 жылы енгізілген өзгерістерге  дейін қолданылды.
Қазақстан Республикасының Орман кодексі
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі N 477 Кодексі
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Негізгі ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының орман заңдары
1. Қазақстан Республикасының орман заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады. 
2. Өсiмдiктер (ормандардан басқа) мен жануарлар дүниесiн, су объектiлерiн, жер қойнауын, жердi, атмосфералық ауаны,  ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану мен қорғау саласындағы құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен реттеледi. 
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс орман қорын иелену, пайдалану, оған билiк ету жөнiндегi қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ орман қорын күзетудiң, қорғаудың, молықтырудың, оның экологиялық және ресурстық әлеуетiн көтерудiң, оны ұтымды пайдаланудың құқықтық негiздерiн белгiлейдi. 
2. Орман құқығы қатынастарын реттеу орман биосфераның ғаламдық экологиялық, әлеуметтiк және экономикалық мәнi бар аса маңызды компоненттерiнiң бiрi болып табылатыны негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы орман заңдарының принциптерi Қазақстан Республикасының орман заңдары:
1) ормандардың климатты реттейтiн, орта түзетiн, егiс-топырақ қорғау, су сақтау және санитарлық-гигиеналық функцияларды орындайтын жалпымемлекеттiк мәнiн мойындау; 
2) ормандарды тұрақты дамыту (Қазақстан Республикасының орманды аумақтарын тұрақты ұлғайту); 
3) ормандардың, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң, мәдени және табиғи мұраның биологиялық әралуандығын сақтау; 
4) ормандарды көп мақсатқа пайдалану; 
5) орман ресурстарын ұтымды, үздiксiз, сарқылмайтындай етiп пайдалану; 
6) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы мемлекеттiк реттеу мен бақылау; 
7) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мен алынған сүректi қайта өңдеудi жүзеге асыру функцияларынан орман пайдалануды реттеу функцияларының ара жiгiн ажырату; 
8) Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзудан келтiрiлген залалдың орнын толтыру; 
9) орман ресурстарын ақылы пайдалану; 
10) орман қорының жай-күйi туралы ақпараттың қол жетiмдiлiгi; 
11) халықтың және қоғамдық бiрлестiктердiң орман қорын күзетуге және қорғауға қатысу принциптерiне негiзделедi.
4-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
1) агроорман-мелиорациялық екпе - ауыл шаруашылығы үшiн қолайсыз табиғи факторлардың әсерiн азайтуға мүмкiндiк беретiн қорғаныштық орман екпесi; 
2) артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаты - артықшылығы бар ағаштардың гендiк қорын сақтау және олардың тұқым қуалау қасиеттерiн зерттеу мақсатында артықшылығы бар ағаштардың өсiмтал тұқымдарын пайдалану арқылы өсiрiлген екпелер; 
3) биологиялық әралуандық - белгiлi бiр аумаққа тән өсiмдiктер мен жануарлар организмдерiнiң жиынтығы; 
4) биоқауымдастық - белгiлi бiр, салыстырмалы түрде бiртектi жер учаскесiн немесе су айдыны учаскесiн мекендейтiн және өзара қарым-қатынастағы өсiмдiктердiң, жануарлар мен микроорганизмдердiң жиынтығы; 
5) орман аурулары - қоршаған ортаның қолайсыз факторларынан немесе ауру өсiмдiктерден сау өсiмдiктерге берiлетiн организмдерден туындайтын және өсiмдiктер құрылысының өзгеруiне немесе олардың құрып кетуiне әкеп соқтыратын патологиялық процестер; 
6) кеспеағаш аймағынан тыс қоқыс - ағаштың (дiндердiң және бұтақтардың) кеспеағаш аймағынан тыс жерде жатқан және өнеркәсiптiк мақсаттарда дайындалмайтын табиғи құлап, үзiлiп түсуi; 
7) орманды қайта жаңғырту - сүрекдiңдер арасында, сондай-ақ ағашы кесiлген, өрт шалған және бұрын орман болған басқа да алаңдарда орманның жаңа түптерiнiң пайда болуының табиғи процесi; 
8) кесу жасы - сүрекдiңдердiң толыса бастаған санатынан толысқан санатына өтуден басталатын және басты пайдалану мақсатында кесуге болатын жасы; 
9) орманды молықтыру - орман ағаштарын отырғызуға немесе орманды күтiп-баптау және оны сауықтыру жөнiндегi шараларды қоса алғанда, бұрынғы орманды алқаптарды табиғи түрде қайта жаңғыртуға ықпал ететiн шаралар жүргiзу; 
10) орман зиянкестерi - орман екпелерiн зақымдайтын организмдер; 
11) қосалқы сүрек ресурстары (материалдары) (бұдан әрi - қосалқы сүрек ресурстары) - ағаштар мен бұталардың қабықтары, бұтақтары, томарлары, тамырлары, жапырақтары, бүршiктерi; 
12) ағашы кесiлген жер - екпе ағашы кесiп алынған, ал орманның жаңа түптерi әлi көтерiле қоймаған орман алқабы; 
13) өртең - екпе ағашын өрт жойып жiберген, ал жаңа түптерi әлi көтерiле қоймаған орман алқабы; 
14) гендiк қор - дарақтардың бiр тобы гендерiнiң (популяциялардың, популяциялар тобының немесе түрлердiң) олардың белгiлi бiр кездесу жиiлiгiмен сипатталатын шектегi жиынтығы; 
15) географиялық дақылдар - жаңа жағдайда сынақтан өткiзу мақсатымен бiрнеше экотиптердiң (климатиптердiң) неғұрлым сипатты популяцияларының тұқымдық ұрығынан арнаулы әдiстер бойынша өсiрiлетiн тәжiрибелiк дақылдар; 
16) қала ормандары және орманды саябақтар - қалалық елдi мекен шекарасы шегiнде орналасқан және мемлекеттiк орман қорының құрамына кiретiн сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы ормандар; 
17) мемлекеттiк орман орналастыру ұйымы - қызметi орман ресурстарын есепке алуды, орман қорын аумақтық орналастыруды, мемлекеттiк орман мониторингiн, орман шаруашылығын жүргiзу iсiн жоспарлауды және орман пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталатын орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның қарауында болатын ұйым; 
18) орман шаруашылығы мемлекеттiк мекемесi - мемлекеттiк орман қорын күзету мен қорғау, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман пайдалануды реттеу жөнiндегi шараларды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрылған мекеме; 
19) сүрекдiңдер - орман екпелерiнiң негiзгi бөлiгi болып табылатын ағаштар жиынтығы; 
20) шайыр - қылқан жапырақты ағаштар зақымданған кезде бөлiнетiн қоймалжың зат; 
21) орманды қорғау - орманды зиянкестерден, аурулардан, антропогендiк және табиғи сипаттағы қолайсыз факторлар әсерiнен қорғау жөнiндегi, жер үстiнде және авиациялық әдiстермен жүзеге асырылатын iс-шаралар жиынтығы; 
22) орман қорын түгендеу - орман қорының жекелеген учаскелерiнiң сандық және сапалық көрсеткiштерiн сипаттау, картаға түсiру және анықтау жөнiндегi жұмыстар кешенi; 
23) мемлекеттiк орман қорының санаты - мемлекеттiк орман қорының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнген, ерекше қорғалатын, су сақтау, санитарлық-гигиеналық, рекреациялық, ғылыми немесе өзге де арнайы мақсаттағы, аумағында орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдаланудың ерекше режимi белгiленген бiр бөлiгi; 
24) орман - ағаш пен бұта өсiмдiктерiнiң және жанды табиғаттың басқа да компоненттерiнiң жиынтығы негiзiнде белгiлi бiр аумақта қалыптасқан, қоршаған ортамен өзара байланыстағы және маңызды экологиялық, экономикалық және әлеуметтiк мәнi бар табиғи кешен; 
25) орманды өңiр - қайсыбiр аумақта орман өсуiнiң жердiң жалпы алаңына орман өскен жердiң қатысы арқылы анықталып, процентпен белгiленетiн дәрежесi;