• Мое избранное
Неке және отбасы туралы
Внимание! Недействующая редакция документа. Посмотреть действующую редакцию

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
Осы редакция 27.06.2011 жылы енгізілген өзгерістерге  дейін қолданылды.
Неке және отбасы туралы
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы N 321-I Заңы
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы неке-отбасы қатынастарын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың кепілдіктерін белгілеп, реттейді, отбасының дамуын Қазақстан Республикасы мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты деп анықтай отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Неке-отбасы заңдары
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) неке - ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ;
2) жалған неке - отбасын құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке;
3) отбасы - некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы;
4) неке жасы - адамның некеге тұру құқығына жеткендегі жасы;
5) балалық шақ - кәмелетке толмаған адамдардың құқықтық жай-күйі;
6) мүліктің шарттық режимі - ерлі-зайыптылардың және олардың осы некеден туған балаларының неке шартымен белгіленген меншігінің режимі;
7) суррогат ана шарты - балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бітірудің жасанды әдісін немесе эмбрион имплантациясын қолдануға келісімін берген әйелдің арасындағы келісім;
8) патронат - уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адамның (патронат тәрбиешінің) жасасқан шарты бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берілетін тәрбие нысаны;
9) алименттер - алуға құқығы бар екінші адамға бір адам беруге міндетті болатын асырау қаражаты;
10) отбасылық жағдай - некеде тұрғандағы немесе айырылысқандағы жағдай, балалардың немесе отбасының басқа да мүшелерінің болуы немесе болмауы;
11) материалдық жағдай - жалақының, зейнетақының, басқа да табыстардың болуы немесе болмауы; олардың мөлшері; мүліктің болуы; еңбек қабілетін жоғалту дәрежесі; отбасының басқа мүшелерінен материалдық көмек алуы немесе алмауы;
12) азаматтық хал актілері - адамның құқықтары мен міндеттерінің пайда болуына және тоқтатылуына байланысты оны дараландыратын заңдық ресімделген мән-жайлар;
13) жақын туыстары - ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;
14) қорғаншы (қамқоршы) - қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін заңда белгіленген тәртіппен тағайындалған адам;
15) қорғаншылық (қамқоршылық) - кәмелетке толмағандардың және сот әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеттілігі шектеулі) деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
16) репродукциялық денсаулық - адамның толымды ұрпақ туғызуға қабілетін көрсететін денсаулығы;
17) суррогат ана - суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша бойға бала бітіру, оны көтеру және туу;
18) қорғаншы және қамқоршы орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы.
2-бап. Неке-отбасы заңдарының негіздері
1. Неке және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
2. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңдары:
1) еркек пен әйелдің некелі одағының еріктілігі;
2) ерлі-зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;
3) отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;
4) отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;
5) балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық жасау;
6) отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабылетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғ ауға басымдық беру;
7) отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері;
8) отбасының барлық мүшелерін салауатты тұрмыс салтына ынталандыру принциптеріне негізделеді.
3. Мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылған неке ғана танылады.
4. Некеге тұруы кезінде және отбасылық қатынастарда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық тіл және діни белгілері бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады.
Азаматтардың неке-отбасы қатынастарындағы құқықтары тек заң негізінде және отбасы мүшелері мен өзге де азаматтардың денсаулығын, адамгершілігін, құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сондай шамада ғана шектелуі мүмкін.
3-бап. Неке-отбасы заңдарымен реттелетін қатынастар
Неке-отбасы заңдары:
1) некеге тұрудың, некені тоқтатудың және оны жарамсыз деп танудың шарты мен тәртібін белгілейді;
2) отбасы мүшелерінің: ерлі-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың (асырап алушылар мен асырап алынғандардың) арасындағы, ал неке-отбасы заңдарында көзделген жағдайларда және шектерде басқа туыстар мен өзге де адамдардың арасындағы азаматтық құқықтар мен міндеттерді, мүліктік емес және мүліктік жеке қатынастарды реттейді;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың нысандары мен тәртібін айқындайды;
4) азаматтық хал актілерін тіркеу және заңдарда белгіленген тәртіппен ақылы қызмет көрсету тәртібін реттейді.
4-бап. Неке-отбасы заңдары және отбасы құқығының нормаларын қамтитын өзге де актілер Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, отбасылық құқық нормалары қамтылатын Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
5-бап. Неке-отбасы қатынастарына азаматтық заңдарды қолдану
1. Осы Заңның 3-бабында аталған, неке-отбасы заңдарымен реттелмеген (осы Заңның 4-бабы) отбасы мүшелерінің арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарға азаматтық заңдар қолданылады, өйткені ол неке-отбасы қатынастарының мәніне қайшы келмейді.
2. Осы заңның 3-бабында көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келісімімен реттелмеген және оларға қолданылатын әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, бұл олардың мәніне қайшы келмейтіндіктен, мұндай қатынастарға ұқсас қатынастарды реттейтін неке-отбасы және (немесе) азаматтық заңдардың нормалары (заң ұқсастығы) қолданылады. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаса, неке-отбасы қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттері неке-отбасы немесе азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәні және адалдық, парасаттылық пен әділеттілік талаптары (құқық ұқсастығы) негізге алынып айқындалады.
2-тарау. Неке-отбасы құқықтарын жүзеге асыру және қорғау