«Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» қаулы жобасына құжаттама
Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 шілдедегі № 750 қаулысының 90-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Бағдарламаны орындалуына жауапты мүдделі ұйымдар жыл сайын 1 ақпаннан кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын 20 ақпаннан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
«Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасына
түсіндірме жазба
| р/ с№ | Түсіндірме жазбада көрсетілуге тиіс мәліметтердің тізбесі | Әзірлеуші мемлекеттік органның ақпараты |
| 1. | Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган | Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі |
| 2. | Жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі | «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 шілдедегі № 750 қаулысының 90-тармағы. |
| 3. | Жоба қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдар
| Бағдарламаны қабылдау мынаны: 1) күзету, қорғау іс-шараларын және ормандарды басқару әлеуетін күшейту арқылы қазіргі бар орман экожүйелерінің орнықтылығын арттыруды; 2) ормандарды молайту және олардың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс көлемдерін кеңейтуді; 3) орман өсіруді және жекеше орман қорын дамытуды; 4) ағаш өңдеу саласының ағымдағы және болашақ қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін орман-шикізат базасын дамытуды және ұтымды пайдалануды; 5) орман ресурстарын энергетикалық мақсаттар үшін пайдалануды дамытуды ; 6) орман пайдаланудың ағаш емес түрлерін және орман қызметтерін дамытуды; 7) орман саясатын, заңнаманы және орман секторын қолдаудың экономикалық тетіктерін жетілдіруді; 8) орман секторын институциялық жағынан дамытуды жетілдіруді; 9) орман секторының кадрлық және ғылыми әлеуетін жетілдіру, саладағы кәсіптердің қоғамдық маңыздылығын арттыруды; 10) жас ұрпақты қоса алғанда, азаматтық қоғамды ормандар жасауға және елді мекендерді көгалдандыруға тартуды қамтамасыз етеді. |
| 4. | Жобаны іске асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар | Бағдарламаны іске асыруға жалпы сомасы 105 310,2 млн. теңге қаражат бөлу көзделеді, оның ішінде: республикалық бюджеттен 61 618,9 млн. теңге; жергілікті бюджеттерден 43 691,3 млн. теңге. |
| 5. | Жобаны қабылдаудың нақты мақсаттары, күтілетін нәтижелердің мерзімі мен болжанатын тиімділігі | 2015-2020 жылдар аралығында Бағдарламаны іске асыру кезеңінде: 1) 2020 жылға қарай республиканың орманды аумағы 0,1%-ға немесе 273 мың га-ға ұлғаяды; 2) елдің ЖҮӨ-дағы орман және ағаш өңдеу саласының үлесі 10%-ға дейін ұлғаяды; 3) орман шаруашылығы ұйымдарының орман саласындағы мамандармен қамтамасыз етілуі штаттық санынан кемінде 65%-ды құрайды; 4) жалпы ұлттық «Жасыл ел» бастамасына жастардың кемінде 400 мыңы қатысады. |
| 6. | Жобада қаралатын мәселелер бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған актілері және олардың іске асырылу нәтижелері туралы мәліметтер | Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 қыркүйекте № 924 қаулысымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы. |
| 7. | Заңнаманы кейін жобаға сәйкес келтіру қажеттігі
| Қажет емес |
| 8. | Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша басқа ұйымдарда қосымша (құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, лингвистикалық, экономикалық, экологиялық, қаржы және басқа да) сараптама жүргізілген жағдайда оның нәтижелері. |
|
| 9. | Өзге де мәліметтер | Жоқ |
| 10. | Материалдарды (үзінді көшірмелерді) Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына «Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі» ақпараттық жүйесі арқылы беруге рұқсат етіледі | Рұқсат етіледі. |
|
11. | Жобаның интернет-ресурста орналастырылғаны туралы ақпарат | Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында орналастырылған. |
| 12. | Мемлекеттік органның интернет-ресурсында (веб-сайтында) әлеуметтік мәні бар қаулы жобасына баспасөз релизін орналастыру туралы ақпарат (баспасөз релизінің атауы, күні) | Қажет емес |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының министрі А. Мамытбеков
2014 жылғы «____»___________
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2014 жылғы __ _________
№ __ қаулысымен бекітілді
Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы
| Атауы | Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы. |
| Әзірлеу үшін негіз | «Қазақстан Республикасыны ң «жасыл экономикаға» к ө шуі ж ө ніндегі тұжырымдаманы іске асыру ж ө ніндегі 2013 - 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметіні ң 2013 жылғы 31 шілдедегі № 750 қаулысының 90-тармағы. |
| Жауапты орындаушылар | Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы (АШМ), инвестициялар және даму (ИДМ), білім және ғылым (БҒМ), энергетика (ЭМ) министрліктері, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері. |
| Мақсат | Орман экожүйелерінің және биологиялық әралуандылықтың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік функцияларды орындауы үшін оларды басқару тиімділігін, олардың орнықтылығы мен әлеуетін арттыру. |
| Міндеттер | 1. Елдің ормандарын сақтау және орманды аумақтарын ұлғайту: 1) күзету, қорғау іс-шараларын және ормандарды басқару әлеуетін күшейту арқылы қазіргі бар орман экожүйелерінің орнықтылығын арттыру; 2) ормандарды молайту және олардың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс көлемдерін кеңейту; 3) орман өсіруді және жекеше орман қорын дамыту. 2. Орман ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру: 1) жаңадан ағашты қайта өңдеу қуаттарын құру және бәсекеге қабілетті өнім түрлерін жасау және олардың жұмыс істе п тұрғандарын дамыту; 2) ағаш өңдеу саласының ағымдағы және болашақ қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін орман-шикізат базасын дамыту және ұтымды пайдалану; 3) орман ресурстарын энергетикалық мақсаттар үшін пайдалануды дамыту; 4) орман пайдаланудың ағаш емес түрлерін және орман қызметтерін дамыту, биоәралуандылық ресурстарын орнықты пайдалануды дамыту. 3. Орман секторын институциялық жағынан дамыту, саясат пен заңнаманы жетілдіру: 1) орман саясатын, заңнаманы және орман секторын қолдау мен биологиялық әралуандылықты сақтаудың экономикалық тетіктерін жетілдіру; 2) орман секторын институциялық жағынан дамытуды жетілдіру; 3) орман секторының кадрлық және ғылыми әлеуетін жетілдіру, саладағы кәсіптердің қоғамдық маңыздылығын арттыру; 4) азаматтық қоғамды ормандар жасауға және елді мекендерді көгалдандыруға тарту. 4. Жалпы ұлттық «Жасыл Ел» бастамасын дамыту : 1) елді көгалдандыру жөніндегі іс-шараларына студенттерді кеңінен қатыстыру; 2) мектеп және студенттік орманшылықтарды дамыту. |
| Іске асыру мерзімдері | 2015-2020 жылдар . |
| Нысаналы индикаторлар | 1) 2020 жылға қарай республиканың орманды аумағы 0,1 %-ға немесе 273 мың га-ға ұлғаяды; 2) 2020 жылға қарай есептік кеспеағашты игеру 50 %-ға дейін жеткізіледі; 3) орман шаруашылығы ұйымдарының инженер-техник жұмыскерлермен қамтамасыз етілуі кемінде 65 %-ды құрайды. |
| Қаржыландыру көздері мен көлемі | Бағдарламаны іске асыруға жалпы сомасы 105 310,2 млн. теңге қаражат бөлу көзделеді, олардан: республикалық бюджеттен 61 618,9 млн. теңге, оның ішінде жылдар бойынша: 2015 жылы - 10 380,8 млн. теңге; 2016 жылы - 10 903,7 млн. теңге; 2017 жылы - 9 847,7 млн. теңге; 2018 жылы - 10 262,6 млн. теңге; 2019 жылы - 10 121,2 млн. теңге; 2020 жылы - 10 102,8 млн. теңге; жергілікті бюджеттерден 43 691,3 млн. теңге, оның ішінде жылдар бойынша: 2015 жылы - 6 589,3 млн. теңге; 2016 жылы - 8 401,2 млн. теңге; 2017 жылы - 6 794,0 млн. теңге; 2018 жылы - 7 148,2 млн. теңге; 2019 жылы - 7 219,6 млн. теңге; 2020 жылы - 7 539,0 млн. теңге құрайды Ескерту: * - қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады; ** - қаржыландыру көлемі тиісті жылдың жергілікті бюджетін жасау кезінде нақтыланатын болады. |
Қазіргі және болашақ ұрпақ үшін орман ресурстарын сақтап қалу және молайту проблемасы әлемдік қоғамдастықтың қазіргі даму сатысында неғұрлым көбірек маңызға ие бола түсуде. Ресурстарды тұтыну көлемінің күрт өсуі салдарынан өсімдіктер әралуандылығының және ең алдымен, табиғи ормандардың жойылып кету қатері де күрт өсіп отыр.
Ағаш екпелердің қоршаған орта сапасын сақтап тұрудағы рөлі жақсы белгілі, ормандардың өнімділігін арттыру, бағалы тауарлық ағаш сүрегін өсіру мерзімдерін қысқарту, әртүрлі ағаш емес өнім алу үшін жаңа мүмкіндіктер іздестіріліп жатыр. Осыған байланысты, ормандарды және басқа да биологиялық ресурстарды орнықты басқару «жасыл экономикаға» көшудің маңызды жолдарының бірі ретінде қарастырылуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамада (бұдан әрі – Тұжырымдама) негізгі бағыттардың бірі ретінде экожүйелерді сақтау және тиімді басқару белгіленген. Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі осы бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленді, ол:
табиғи биологиялық ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға, «жасыл» инфрақұрылым құруға бағытталған;
салааралық сипатқа ие және орман секторының көптеген проблемаларын, оның ішінде, бір жағынан, орман шаруашылығының мәселелерін – орманды сақтау мен қорғауды, ормандарды молайту мен орман өсіруді және екінші жағынан, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібінің мәселелерін біртұтас орман кешені ретінде кешенді түрде шешуге ықпал ететін болады.
3. Қазақстанның орман секторындағы ағымдағы жағдайды талдау
3.1. Қазақстанның орман секторындағы ағымдағы жағдайды, сондай-ақ олардың елді әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамытуға әсерін бағалау
Орман шаруашылығының жай-күйін бағалау
Қазақстан Республикасындағы ормандар қорғаушы ормандар болып табылады, олар климатты реттеуші, су қорғаушы, егінді және топырақты қорғаушы, санитариялық-гигиеналық, сауықтырушы және өзге де пайдалы функцияларды орындайды, өңірлердің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық орнықтылығын және ел халқының жекелеген топтарын қолдауда маңызды рөл атқарады.
2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республиканың мемлекеттік орман қоры 29,29 млн. га-ны құрайды, оның ішінде орман өскен жер – 12,59 млн. га немесе 43,0 %. Елдің орманды аумағы 4,6 %-ды құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан орманның жалпы алаңы бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері ішінде Ресей мен Түркияға ғана жол беріп, үшінші орында тұрғанына қарамастан, орманы аз мемлекеттерге жатады. Діңі биік ормандарды ғана ескеретін еуропалық стандарттар бойынша (3,08 млн. га), Қазақстанның орманды аумағы 1,1 %-дан аспайды.
Негізгі орман құраушы түрлердің арасында сексеуіл басым – 6,11 млн. га немесе орманның 48,6 %-ы. Қылқан жапырақты екпелер – 1,69 млн. га-ны (13,6 %), жапырақты екпелер – 1,81 млн. га-ны (14,3 %) және бұталар –2,95 млн. га-ны (23,5 %) алып жатыр.
Республика бойынша негізгі орман құраушы түрлердің жалпы сүрек қоры 412,25 млн. текше метрді құрайды. Сүрек қоры жөнінен басымы қылқан жапырақты сүрекдіңдер болып табылады – 61,9 % (255,23 млн. текше метр, оның ішінде жас қарағайлар 108,03 млн. текше метр), жұмсақ жапырақтылар 33,7 %-ды (138,76 млн. текше метр, оның ішінде жас қайыңдар – 88,33 млн. текше метр) алып жатыр. Сексеуіл тоғайларының үлесі 3,6 %-дан аспайды (сүрек қоры орташа алғанда 1 га-ға 2,4 текше метр). Республика аумағында ормандардың аса бірқалыпты таралмауы салдарынан сүректің негізгі қоры – 83,1 % (342,6 млн. текше метр) елдің оңтүстік-шығысында, шығысында және солтүстігінде таулы және орманды-далалы аймақтың ормандарында шоғырланған.
Ормандардың жас құрылымын талдау орта жастағы ормандар (шыршаларды қоспағанда) өзінің алаңы жөнінен қалған топтардан біршама көбірек екенін көрсетті. Жас талдар (қарағайды қоспағанда) үлесінің аса жетіспеушілігі орман алқаптарының табиғи жаңару барысының әлсіз екенін және орман егу-отырғызу көлемінің аз екенін білдіреді.
Ормандарды молайту және орман өсіру. Бүгінгі күні қолдан егілген екпелер орман өскен жердің 929,1 мың гектарын немесе 7,4 %-ға жуығын құрайды. Республика бойынша орман дақылдары қорының алаңы – 6189,6 мың га, оның ішінде: ағашы кесілген жер – 154,4 мың га, өртең және басқа да жойылған екпелер – 417,5 мың га, алаңқай жерлер – 2041,3 мың га, селдір ормандар – 3576,4 мың га.
Дегенмен орманды молайту жөніндегі жұмыс көлемі төмен деңгейде қалып отыр. Ағашы кесілген және өртең жерлерде ормандарды қалпына келтіру жөніндегі бірінші кезекті іс-шаралар уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Мысалы, сексеуіл ормандарында бар болғаны 10,1 мың га орман дақылдары алаңы орман өскен алаңға ауыстырылған.
Соңғы онжылдық кезеңде 472,4 мың га алаңда ғана орман молайту жөнінде жұмыс жүргізілген (1-кесте).
1-кесте. 2004-2013 жылдар аралығында орман қорының аумағында
орманды молайту көлемдері
| Іс-шаралар | Жыл дар | 10 жыл ішінде жиыны |
| 2004 | 2005 | 2006 | 2007 | 2008 | 2009 | 2010 | 2011 | 2012 | 2013 |
| Отырғызу және егу | 19,5 | 24,9 | 30,4 | 32,0 | 32,4 | 38,7 | 41,6 | 46,5 | 60,6 | 58,9 | 385,5 |
| Орманның табиғи жолмен жаңаруына жәрдемдесу | 4,5 | 6,1 | 6,5 | 9,1 | 9,1 | 9,4 | 9,8 | 10,5 | 13,3 | 8,6 | 86,9 |
| Жиыны орманды молайту | 24,0 | 31,0 | 36,9 | 41,1 | 41,5 | 48,1 | 51,4 | 57,0 | 73,9 | 67,5 | 472,4 |
| Орманды молайту жөнінде іс-шаралар жүргізілген жалпы алаңда орман егу және отырғызу үлесі, % | 81,2 | 80,3 | 84,4 | 77,6 | 78,1 | 80,5 | 80,9 | 81,6 | 82,0 | 87,3 | 81,6 |
Қазақстанда орман өсірудің маңызды бағыты ауыл шаруашылығы жерлерінде, сондай-ақ эрозияға ұшыраған және қолайсыз жерлерде әртүрлі нысаналы мақсаттағы қорғаныш ормандарын жасау болып табылады. Өткен ғасырдың екінші жартысында 350 мың га-ға жуық алаңда осындай екпелер жасалды.
Сонымен бірге, облыстардың аумақтарында орман орналастыруды және басқа да зерттеп-қарауды жүргізу кезінде орман қорына енгізілмей қалған табиғи орман екпелері өскен ауқымды алаңдар бары анықталып жатады. Алдын ала бағалау бойынша олардың жалпы алаңы бірнеше ондаған мың гектарды құрайды.
Осыған байланысты оларға жер және орман заңнамасының талаптарына сәйкес түгендеу және мемлекеттік есепке қою жұмыстарын жүргізу қажет.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік банк қаржыландыратын «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасын іске асыру шеңберінде 2008 жылдан бастап Арал теңізінің құрғап қалған табанында жалпы алаңы 56,5 мың га жерге сексеуіл отырғызу мен егу, оның ішінде 47,1 мың га жерге сексеуіл отырғызу жұмысы жүргізілді. Осы жұмыс ауқымын оған республиканың басқа да бүлінген және эрозияға ұшыраған жерлерін тарта отырып, кеңейту қажет.
Республика елордасының, Астана қаласының жасыл белдеуін жасау жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр, ол 1997 жылдан бері 70 мың га-ға жетті. Басқа облыстарда елді мекендер мен қала құраушы өнеркәсіп орталықтары маңайында жасыл аймақтар құру жөніндегі жұмыс жеткілікті түрде белсенді жүргізілмей отыр.
Орман дақылдары іс-шараларын көшет материалымен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік орман қорының жерлерінде жалпы алаңы 4364 га болатын 155 тұрақты орман көшетханалары құрылды, оларда жыл сайын әрқилы түрдегі 200 млн. данадан астам екпе көшет өсіруге болады. Алайда республика бойынша көшет материалын өндірудің жыл сайынғы нақты көлемі орташа алғанда 162 млн-ға жуық дананы құрайды, олардың ішінде стандарттысы – бар болғаны 75,0 млн. дана.
Орман тұқымы базасы селекциялық негізде қалыптастырылып отыр, ол 570 га плюстік екпелерден, 8 га орман тұқымы плантацияларынан, 880 га тұрақты орман тұқымы учаскелерінен, 1450 га уақытша орман тұқымы учаскелерінен тұрады.
Қазақ орман тұқымы мекемесінің деректері бойынша тұрақты орман тұқымы базасының объектілерінен алынатын орман тұқымының көлемі оған деген сұраныстың 30-40 %-ын ғана жабады. Аршаның, еменнің, шағанның, шегіршіннің, жиденің, үйеңкінің, сондай-ақ басқа да кейбір ағаш және бұта түрлерінің жақсартылған тұқымын алу үшін селекциялық-тұқым өсіру объектілері бөліп шығарылмаған.
Жалпы алаңы 172,3 мың га болатын селекциялық-генетикалық объектілер желісі құрылды, олардың ішінде орман генетикалық резерваттары 78 мың га-ны құрайды. Осы объектілерде кәдімгі қарағай мен сібір қарағайының, салпаң қайыңның, сібір шыршасының және Шренканың, қара сексеуілдің, еменнің, сібір самырсынының, Сібір балқарағайының, грек жаңғағының, Сиверс алмасының және кәдімгі өріктің табиғи тектік қоры сақталады. Қазақстанның оңтүстік таулы өңірлерінде жабайы жеміс екпелердің үлкен маңызы бар – 18,5 мың га, олар бағалы алма, өрік, жаңғақ, пісте ағаштарының және әлемдік коллекцияның басқа да жеміс екпелерінің тектік қорын құрайды. Осы екпелер өздерін жақсы күзетуді және орман шаруашылығы бақылауына алуды қажет етеді.
Селекциялық-тұқым шаруашылығын және селекциялық-генетикалық базаны сақтау және кеңейту үшін орман шаруашылығы жүйесінде екі орман селекциялық орталығы құрылып, жұмыс істеуде, бірақ бүгінгі күні саланы мұрагерлік қасиеттері жақсартылған тұқым материалын пайдалануға толық көшіруді қамтамасыз ету үшін бұл екі орталық жеткіліксіз.
Ормандардың өртке қарсы және санитариялық жай-күйі.