Азаматтық қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңы
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың қирауы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауiптi заттардың шығарындысы;
2) авариялық-құтқару жұмыстары – адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды іздеу және құтқару, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдай аймағында және әскери іс-қимылдар жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау, оларға тән қауіпті факторлардың әсерін оқшаулау және басу немесе ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
3) авариялық-құтқару құралымы – авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған дербес немесе аттестатталған авариялық-құтқару қызметінің құрамына кіретін азаматтық қорғау күштерінің ұйымдық-құрылымдық бірлігі;
4) авариялық-құтқару қызметі – бірыңғай жүйеге функционалдық біріктірілген, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған, азаматтық қорғаудың ұйымдық-біріктірілген басқару органдарының, авариялық-құтқару құралымдары мен құралдарының жиынтығы;
5) адамдар жаппай болатын объект – бір мезгілде жүз және одан көп адамның болуына есептелген сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық, мәдени-ағарту және ойын-сауық ұйымдарының, көңіл көтеру орындарының, барлық көлік түрлері вокзалдарының, ғибадат үйлерінің (құрылыстарының) ғимараты, құрылысы, үй-жайы, сондай-ақ бір мезгілде жиырма бес және одан көп адамның болуына есептелген денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, қонақ үйлердің ғимараты, құрылысы;
6) азаматтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқы мен аумағын қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөнінде бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі;
7) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері – бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын орындайтын, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның әскери бөлімдері;
8) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары қоры – азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдардың жұмыскерлері мен халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылыстар жиынтығы;
9) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысы – халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылыс;
10) азаматтық қорғау – өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қамтитын, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға және жүргізуге, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған, бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешені;
11) азаматтық қорғаудың арнайы іс-шаралары – азаматтық қорғау қызметтерінің Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден қорғауға бағытталған, жұмыстарды инженерлік, радиациялық, химиялық, медициналық, өртке қарсы, көліктік, материалдық-техникалық, гидрометеорологиялық және өзге де қамтамасыз ету бойынша күні бұрын немесе жедел іс-қимыл жасауы;
12) азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі – халыққа және мемлекеттік органдарға адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер туралы, қалыптасқан жағдайда әрекет ету тәртібі туралы хабар беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;
13) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі – Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден қорғау жөніндегі жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған, азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының жиынтығы;
14) азаматтық қорғау күштері – азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелері, азаматтық қорғау құралымдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы, жағдайды байқау, бақылау және болжау қызметтері;
15) азаматтық қорғау құралдары – халықты қорғау және азаматтық қорғау күштерін жарақтандыру үшін қолданылатын материалдық-техникалық мүлік;
16) азаматтық қорғау қызметі – азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауға арналған азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің республикалық, облыстық, қалалық, аудандық жүйелері;
17) азаматтық қорғау органдары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган, оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері және оның ведомствосына ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер;
18) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған, азаматтық қорғау саласындағы және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың қызметі;
19) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
19-1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы органның ведомствосы;
19-2) аккредиттеу – сараптама ұйымының өрт қауіпсіздігі саласында аудит жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау құқықтылығын ведомствоның ресми тануы;
19-3) аккредиттеу аттестаты – ведомство беретін, сараптама ұйымының өрт қауіпсіздігі саласында аудит жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау құқығын куәландыратын құжат;
20) «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы – төтенше жағдайлар туындау қатері төнген немесе туындаған кезде халықтың назарын аудару үшін дабылдамалар немесе басқа да сигнал беру құралдары арқылы берілетін құлақтандырудың бірыңғай сигналы;
21) басқару пункттері – азаматтық қорғаудың басқару органдарын орналастыруға және олардың жұмысын қамтамасыз етуге арналған, техникалық құралдармен, тіршілікті қамтамасыз ету элементтерімен арнайы жабдықталған және жарақталған, мемлекеттік органдардың құрылыстары немесе көлік құралдары;
22) броньнан шығару – номенклатура өзгерген кезде, сондай-ақ кәдеге жарату немесе жою, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдану, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттiк материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
22-1) бұрқаққа қарсы жұмыстар – мұнай және газ өндіру объектілерінде арнайы техника, аппаратура мен жабдық қолданыла отырып жүргізілетін, аварияларды жоюға, адамдарды, материалдық құндылықтарды құтқаруға және бекітпе жабдығының болмауы, қирауы немесе герметикаланбауы немесе грифон түзілу салдарынан ұңғыманың (газ және мұнай бұрқақтарының) сағасы арқылы қабаттық флюидтердің басқаруға келмейтін шығуының қауіпті факторларының әсерін азайтуға бағытталған іс-қимылдар;
23) бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі – төтенше жағдайдың туындау алғышарттары немесе туындауы, өрт, адамдардың өміріне төнген қатер мен денсаулығына зиян келтіру қатері туралы және өз құзыреті шегінде шұғыл қызметтердің ден қою жөніндегі іс-қимылдарын кейіннен үйлестіре отырып шұғыл көмек шараларын қолдануды қажет ететін өзге де жағдайлар туралы жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін хабарламаларды қабылдау және өңдеу қызметі;
23-1) газдан құтқару жұмыстары – қоршаған ортада шекті жол берілетін шоғырланудан асатын қауіпті заттар болған жағдайда арнайы техника, аппаратура мен жабдық, оқшаулағыш жеке қорғану құралдары қолданыла отырып орындау қажеттілігімен сипатталатын және газ жайылған ортада адамдарды іздестірумен, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетумен және оларды тасымалдаумен, аварияның орны мен себептерін, оның таралу шекараларын нақтылау мақсатында авария ошағына барлау жүргізумен байланысты қауіпті өндірістік объектілердегі аварияларды жою жөніндегі іс-қимылдар және қауіпті өндірістік факторларды жою үшін қажетті өзге де іс-қимылдар;
24) ерікті өрт сөндіруші – ерікті өрт сөндірушілер тізілімінде тіркелген, өрттердің алдын алу және (немесе) оларды сөндіру жөніндегі қызметке ерікті негізде тікелей қатысатын азамат;
25) жұмылдыру резервi – мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдану, бейбіт уақытта гуманитарлық көмек көрсету үшiн қажеттi шектеулi номенклатура бойынша материалдық құндылықтар запасы, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
26) зардап шегуші – табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зиян (нұқсан) келтірілген жеке тұлға;
27) зиян (нұқсан) келтіруші – әрекетінің (әрекетсіздігінің) салдарынан техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жеке немесе заңды тұлға;
28) кәсіби авариялық-құтқару қызметі – құтқарушылары штат негізінде жұмыс істейтін және біліктілік талаптарына сай келетін құралымнан немесе құралымдардан тұратын авариялық-құтқару қызметі;
29) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
30) қазіргі заманғы зақымдаушы құралдар – зақымдаушы (қирату) факторлары адамдарды, жануарлар мен өсімдіктерді зақымдауға, объектілерді бүлдіруге немесе қиратуға, қайталама зақымдау факторларының пайда болуына есептелген, жаппай жою қаруын және қарапайым зақымдаушы құралдарды, оның ішінде зымырандық, авиациялық және атыс қаруын қамтитын құрылғылар мен құралдар;
31) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы – қауіпті өндірістік объект қауіптілігінің сипаты мен ауқымы, қауіпті өндірістік объектіні пайдалануға беру, оның жұмыс істеуі және оны пайдаланудан шығару кезеңдерінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар көрсетілген құжат;
32) қауіпті өндірістік фактор – қауіпті өндірістік объектілердегі және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі авариялар, оқыс оқиғалар кезінде туындайтын, жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға зиян (нұқсан) келтіретін физикалық құбылыс;
32-1) қауіпті техникалық құрылғылар:
қауіпті өндірістік объектілерде пайдаланылатын, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын, 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін техникалық құрылғылар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектігі бар адамдарға) арналған көтергіштер, сондай-ақ бұрғылау тереңдігі екі жүз метрден асатын ұңғымаларды бұрғылауға және жөндеуге арналған қондырғылар, шахталық көтергіш қондырғылар мен көтергіш машиналар, жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдардың жылжымалы қоймалары, араластыру-зарядтау және жеткізу-зарядтау машиналары, жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды дайындауға арналған мобильді және стационарлық қондырғылар;
мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын, 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен және (немесе) 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары (жылумен жабдықтау ұйымдары), 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен жұмыс істейтін түтіктер, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектігі бар адамдарға) арналған көтергіштер;
33) құтқарушы – авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арнайы даярлықтан өткен және аттестатталған (қайта аттестатталған) жеке тұлға;
34) материалдық құндылықтар – мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органның алдына қойылған мiндеттердi қамтамасыз ету үшін қажетті, белгілі бір номенклатура мен сақтау көлеміндегі тауарлар;
35) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке қою – материалдық құндылықтарды сатып алу және (немесе) оларды мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiне тиеп жөнелту (жеткiзу);