Toggle Dropdown
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң жобасына құжаттама
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы
Қазақстан Республикасының заңы
Осы Заңды қабылдау мақсаты мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі ұғымдарын, қағидаттарын, түрлерін бекіту, сондай-ақ Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамыту үшін қажетті құқықтық негіз жасау болып табылады.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – мемлекеттік және өзге де қоғамдық маңызды міндеттерді шешу мақсатында ресурстарды (ақша қаражатын және (немесе) өзге мүлікті, өзге де білімді, тәжірибені, дағдыларды, машықтарды) біріктіруге және тәуекелдерді (оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік объектілеріне немесе тиісті жария қызметтерге және соларға байланысты тәуекелдерге қатысты қаржыландыру, құрылыс, қолжетімділікті немесе сұранысты қамтамасыз ету тәуекелдерін) бөлісуге негізделген, конкурстық рәсімдер нәтижелері бойынша жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімнің негізінде жүзеге асырылатын, күрделі салымдарды және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмыстарын және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік объектілерін құруға, реконструкциялауға және (немесе) пайдалануға бағытталған мемлекет пен жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы әріптестік нысаны;
2) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тараптары – мемлекеттік әріптес пен жекеменшік әріптес мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тараптары болып табылады;
3) мемлекеттік әріптес – Қазақстан Республикасы, оның атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган, сондай-ақ олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісім жасасуға уәкілеттік берген мемлекеттік органдар немесе мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер;
4) жекеменшік әріптес – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе) мемлекеттік мекемелерді; мемлекеттік кәсіпорындарды; коммерциялық емес ұйымдарды; мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді; өз атынан (консорциумнан (бірлескен қызмет туралы шарттан, жай серіктестіктен) тыс) өкілдік ететін, мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоспағанда, оның ішінде қызметін бірлескен қызмет туралы шарт негізінде (жай серіктестік, консорциум) жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік объектілері – қамтамасыз етілуі заңнамалық тұрғыдан мемлекеттік органдарға жүктелген қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін пайдаланылатын объектілер, объектілер кешендері;
6) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган – бюджетті атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) концессия – концессия объектілерін құруға (реконструкциялауға) және пайдалануға бағытталған, концессионердiң қаражаты есебiнен немесе концеденттiң қоса қаржыландыруы шарттарымен жүзеге асырылатын қызмет;
9) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісім – конкурстық рәсімдер нәтижелері бойынша мемлекеттік және жәкешелік әріптестер арасында жасалатын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асырудың өзге де талаптарын айқындайтын жазбаша шарт;
10) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – жарғылық капиталындағы акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың бақылау үлесі мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың бақылау үлесі тиісінше акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысу үлесінің елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі екенін білдіреді;
11) мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – осы баптың 10) тармақшасында көрсетілген белгілері жоқ акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер.
12) инновация – экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескере отырып, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, техникалық, өндірістік, әкімшілік, коммерциялық сипаттағы ұйымдастырушылық шешімдер, сондай-ақ өзге де қоғамдық пайдасы бар нәтиже түрінде іс жүзінде асырылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қызметінің нәтижесі;
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекеменшік
әріптестік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жекелеген түрлерін жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
4. Осы Заңның ережелері жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастарға қолданылмайды. Жер қойнауын пайдалану саласындағы концессияға байланысты қатынастар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттелеліп, жүзеге асырылады.
5. Осы Заңның ережелері жекеменшік әріптес тарапынан мемлекеттік мүлікті реконструкциялауды жүзеге асыруды көздемейтін мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау шарттарын, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарттарын жасасу, орындау және тоқтату процесінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды. Осы тармақта көрсетілген қатынастар «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.
6. Осы Заңның ережелері «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттелетін қатынастарға қолданылмайды. Жекеменшік әріптесті конкурстық іріктеу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімді жасасу, орындау және тоқтату, сондай-ақ егер концессионер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) негізгі тұтынушы мемлекет болып табылса, мемлекеттің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгілі бір көлемін тұтыну рәсімдері «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын қолданбай осы Заңға және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жекелеген түрлерін регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі
міндеттері мен қағидаттары
1) Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және жекеменшік әріптестердің өзара тиімді іс-қимылы үшін жағдай жасау;
2) мемлекеттік меншіктегі мүлікті пайдаланудың тиімділігін арттыру;
3) әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін жекеменшік әріптестердің қаражатын (бюджеттен тыс қаражатты) тарту;
4) бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
5) халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру;
6) инновациялық қызметті, ғылымды қажет ететін өндірістерді дамыту;
7) әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін дамыту мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі міндеттері болып табылады.
2. Мыналар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қағидаттары болып табылады:
1) дәйектілік қағидаты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысушылар арасында шарттық негізде орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастар орнату;
2) конкурстық қағидат – жекеменшік әріптесті конкурстық негізде айқындау;
3) теңгерімділік қағидаты – тәуекелдерді, пайданы, кепілдіктер мен міндеттерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысушылар арасында өзара тиімді бөлісу;
4) нәтижелілік қағидаты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін критерийлер мен көрсеткіштерді белгілеу;
5) экологиялылық қағидаты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қоршаған ортаны қорғау талаптарын ескере отырып жүзеге асыру;
6) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тараптарының теңдік қағидаты.
4-бап. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің белгілері
1) қатынастардың ұзақ мерзімділігі (5 жылдан 30 жылға дейін);
2) қатынастардың тараптар арасында жасалған келісімнің негізінде құрылуы;
3) жекеменшік әріптеске тәуекелдердің бір бөлігін беру;
4) жекеменшік әріптестің заңнамада тыйым салынбаған көздерден әріптестік объектілеріне инвестиция жұмсауы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің белгілеріне жатады.