Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің атыс даярлығын ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 3 сәуірдегі № 32 Бұйрығы
Редакция 18.10.2016 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің қызметтік қаруды қолдану икем-дағдыларын жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 11-бабының 4) тармақшасын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:
1) Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің атыс даярлығын ұйымдастыру туралы Нұсқаулық (1-қосымша);
2) Макаров тапаншасынан оқ атуды үйрету әдістемесі (2-қосымша);
3) Макаров тапаншасы бойынша атыс даярлығының нормативтері (3-қосымша) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау Департаменті Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистикасы және арнайы есепке алу Комитетімен, Бас әскери және көлік прокуратураларымен, облыс, Астана, Алматы қалаларының прокуратураларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің атыс даярлығы бойынша іс-шараларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырсын.
3. «Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында қарулардың айналымын реттейтін нормативтік актілерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 58 бұйрығының 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.
4. Бұйрықпен Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелерінің барлық қызметкерлері таныстырылсын.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары И.Д. Меркельге жүктелсін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры А. Дауылбаев
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2014 жылғы 3 сәуірдегі
№ 33-бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің атыс даярлығын ұйымдастыру туралы нұсқаулық
1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің атыс даярлығын ұйымдастыру туралы осы Нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелері қызметкерлерінің (бұдан әрі - қызметкерлер) қызметтік қаруды шебер және тиімді қолдану мен пайдалануға үйрету тәртібін айқындайды.
2. Нұсқаулықтың негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде атыс даярлығын ұйымдастыру;
2) қызметкерлерде қызметтік қаруды (бұдан әрі - тапанша) ұстауда тұрақты дағдыларды қалыптастыру;
3) қызметтік және қызметтен тыс кездерде түрлі жағдайларда тапаншаны заңды қолдануға қызметкерлердің даяр болуын қамтамасыз ету болып табылады.
3. Теориялық сабақтар практикалық сабақтардың алдында болуы, сондай-ақ үйренушіні атыс жаттығуларын орындау кезінде саналы және епті әрекеттерге дайын болуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Практикалық сабақтар процесінде негізгі уақыт атыс жаттығуларын орындауға және тапаншадан ату бойынша нормативтерді өтеуге бөлінеді.
5. Атыс жаттығулары дайындық, оқу және бақылау деп бөлінеді.
Дайындық жаттығулары оқу қаруын пайдаланып, машықтану процесінде, соның ішінде қаруды ұстаудың тұрақты дағдыларына бейімделу және ату техникасын меңгеру (қажетті бұлшық ет топтарын нығайту, қарумен дүрыс әрекеттерді, дәл ату техникасын меңгеру) үшін мультимедиалық және интерактивті тирлерде орындалады.
Оқу жаттығулары атыс процесі кезінде практикалық дағдыларға бейімдеу, қолдау көрсету және жетілдіру үшін орындалады.
Бақылау жаттығулары қызметкерлердің оқу атуға даярлығының дәрежесін бағалауға және анықтауға арналады.
6. Оқу және бақылау жаттығуларын орындау сабақтары тиісті жағдайлардың (қару мен оқ-дәрілер, атыс тирлері, басқа да материалдық-техникалық және өзге де қажетті жағдайлар) болуына қарай өткізіледі.
2. Нұсқаулықта пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер
7. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) қару - конструкциялық жағынан алғанда тіні немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгі беруге арналған құрылғылар мен заттар;
2) атыс қаруы - оқ дәрі немесе өзге де заряд қуатының әсері нәтижесінде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты ұшырып шығаратын қару;
3) оқ-дәрі (патрондар) - конструкциялық жағынан қарудың тиісті түрінен ату үшін және нысананы зақымдауға арналған құрылғылар немесе заттар;
4) қызметтік қару - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қызметтік қаруды иемденуге (алуға) құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ ұйымдарды оларға заңнамамен жүктелген немесе өз жарғыларында (ережелерінде) көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы хат-хабарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару.
3. Атуды ұйымдастыру және өткізу
8. Оқу жаттығуларын орындау алдында жасау қажет әрекеттер:
1) қарудың материалдық бөлігін, оны ұстау кезіндегі қауіпсіздік шараларын мұқият зерделеу;
2) ату тәсілдері мен ережелерін, жаттығуларды орындау шарттары мен тәртібін зерделеу;
3) оқ ату даярлығы бойынша нормативтерді орындау;
4) оқу қаруын (соның ішінде мультимедиалық немесе интерактивтік тирлерді) пайдаланып, машықтануды өткізу;
5) қару мен оқ-дәрілерді ұстау кезінде қауіпсіздік шаралары, қарудың материалдық бөлігі мен ату негіздерін білу бойынша сынақтарды қабылдау.
9. Сынақтарды қабылдау үшін Қазақстан Республикасы прокуратура органы, ведомствосы мен мекемесі (бұдан әрі - прокуратура органы) басшысының бұйрығымен, әдетте, құрамы төрағадан, кемінде үш мүшеден және комиссия хатшысынан тұратын тұрақты жұмыс комиссиясы құрылады.
Сынақтарды тапсыру нәтижелері оқ ату даярлығы бойынша сынақтарды тапсыру ведомостарында ресімделеді (Нұсқаулыққа 1-қосымша).
Сынақ тапсырмаған қызметкерлер практикалық атуға жіберілмейді.
10. Қару-жараққа қарудың жаңа түрлері (типтері, модельдері) келіп түскен кезде атыс жетекшісі қызметкерлердің жаттығуларды орындаудан бұрын сынақ қабылдай отырып, осы қару түрін ұстау кезінде материалдық бөлігі мен қауіпсіздік шараларын зерделеуді қамтамасыз етеді.
11. Оқу атыстары арнайы жарақтандырылған тирлерде, атыс алаңдарында (полигондарда) өткізіледі, онда келесідейлер айқындалады:
1) жауынгерлік тамақтану пункті - жұмсалмаған оқ-дәрілерді есепке алу, беру және тапсыру орыны, бастапқы шептен 2-5 метр қашықтықтагы тылда орналастырылады;
2) бастапқы шеп - оқу және бақылау атыстарының жаттығуларын орындайтын қызметкерлердің сапқа тұруына және алдын ала даярлануына арналған орын (бұдан әрі - ауысым), атыс шебінен 2-5 метр қашықтықтағы тылда орналастырылады;
3) атыс шебі - ок атуға рұқсат етілетін орын;
4) нысананы қарау шебі - нысананы қарайтын және атыс нәтижелерін бағалайтын орын, нысана сызығының алдында 1,5-2 метр қашықтықта орналастырылады.
Бастапқы және атыс шебі, сондай-ақ жауынгерлік тамақтану пункті сызықтармен немесе сілтегіштермен белгіленеді.