Заң жобасының атауы
-
Продукты:
Консультации










Консультации
Отправить по почте
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама жобасы
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
Жоба
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына ТҰЖЫРЫМДАМА
Заң жобасының атауы
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі - Заң жобасы).
Заң жобасын әзiрлеу қажеттiлiгiнiң негiзi
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы № 438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын (бұдан әрі - Тұжырымдама) одан әрі іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен 2014 жылғы 6 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы хаттамасының 8.2.2 тармағын орындау мақсатында әзірленген.
Тұжырымдамаға сәйкес, оны іске асыру мерзімі екі кезеңге бөлінген:
бірінші кезең (2013–2014 жылдар) – басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту;
екінші кезең (2015–2020 жылдар) – жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту.
Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінің шеңберінде жергiлiктi өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін және олардың жауапкершілігін анықтауды, жиындар мен жиналыстарды қалыптастыру, өткізу және өкілеттіктерін және олардың шешімдерін рәсімдеу, жергілікті маңызы бар іс-шараларды қаржыландыру мәселелерін жиындар мен жиналыстарда міндетті түрде талқылау тәртібін реттеуді көздейтін нормалар заңнамалық бекітілді.
Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде басқарудың төменгі деңгейінің қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейту мақсатында, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдеріне (бұдан әрі - Әкімдер) жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыру құқы берілген. Кіріс көздері Әкімдердің басқаруындағы мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беруден түсетін, жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдардан, тұрақты орналастыру объектілерінде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақыдан, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салатын айыппұлдардың жекелеген түрлерінен түсетін түсімдерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қалыптастырылады.
Тұжырымдамада көзделген аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде әкімдердің сайлауын енгізу жөніндегі ережелерді іске асыру үшін аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары тарапынан Әкімдердің сайлауы өткізілді. Сайлаудың нәтижесі бойынша 2457 Әкімдер сайланды.
Басқарудың төменгі деңгейлерінде қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейтуді көздейтін Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту үшін базалық алғышарт болатын басқару және қаржыландыру тетіктері іс жүзінде пысықталуда.
Сонымен қатар, Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңінде іске асыруға көзделген міндеттерге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту үшін жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде басқарудың төменгі деңгейіндегі әкімдердің өкілеттіктерін кеңейтуге және дербестігін арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар жүйелі шараларды қабылдау қажет.
Мәселен, бүгінгі күні Әкімдердің өзекті жергілікті мәселелерді шешудегі мүмкіндіктері ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетінің құрамындағы бюджеттік бағдарламалардың шеңберінде олардың бұрынырақ өтінім берген қаржыландыру көлемімен шектелген. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына түсетін жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінің қаражаттары кірістер құрылымында өте аз үлесті құрайды және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуді қамтамасыз ете алмайды.
Осыған байланысты, жергілікті деңгейге салықтардың, алымдардың және басқа да міндетті төлемдердің бір бөлігін беру жолымен жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының кіріс базасын ұлғайту қажеттілігі туындайды.
Тұжырымдамаға сәйкес, оны іске асырудың екінші кезеңінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүлкін қалыптастыру мәселесін пысықтау көзделген. Бүгінгі күні республикадағы билік органдарына республикалық немесе коммуналдық мүлік беріледі. Коммуналдық мүлік облыстық және аудандық коммуналдық мүлік түрінде болады, оларды тиісті әкімдіктер басқарады.
Конституциялық деңгейде тікелей бекітілмеген жағдайда, Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының меншігін қалыптастыру мәселесін шешу Конституцияның әлеуетін дамыту мүмкіндігінде көрінеді.
Атап айтқанда, Конституцияның 6 бабының 2-тармағына сәйкес, «Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді».
Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының меншігін қалыптастыру үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүлкі түсінігін, оны қалыптастыру, иелену, пайдалану және басқару тәртібін заңнамалық түрде бекіту және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Тұжырымдамаға сәйкес, ірі қалаларда жергілікті өзін-өзі басқарудың тетіктерін енгізу мақсатында әкімнің халықпен өзара іс-қимыл жасауы үшін заңмен белгіленген тәртіпте азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қорғау, елді мекендерде тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тиісінше жұмыс істеуін, санитарлық жағдай және т. б. мәселелер бойынша қалалардың мәслихаттарына қоғамдық құрылымдар құру құқығын заңнамалық бекіту қажет.
Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігін кеңейту үшін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктерінің ара-жігін одан әрі ажырату мәселелерін қарастыру қажет.
Осыған байланысты, Тұжырымдамаға сәйкес, Заң жобасында:
жергілікті өзін-өзі басқару деңгейге салықтардың, алымдардың және басқа да міндетті төлемдердің бір бөлігін беру жолымен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық дербестігін кеңейту;
жергілікті өзін-өзі басқару органдарының меншігін қалыптастыру жолымен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық дербестігін кеңейту;
әкімнің халықпен өзара іс-қимыл жасауы үшін мәслихаттарға қоғамдық құрылымдарды (комитеттерді, кеңестерді және басқаларды) құру құқығын бекіту;
облыстық және аудандық деңгейдегі атқарушы органдардың іске асыру функцияларын оңтайландыру есебінен басқарудың төменгі деңгейіндегі әкімдердің өкілеттіктерін кезең-кезеңмен ұлғайту мәселелерін реттеуді көздейтін нормаларды көрсету ұйғарылады.
Заң жобасын қабылдау мақсаттары
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңінінің шеңберінде көзделген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша негізгі ұстанымдарды одан әрі іске асыру болып табылады.
Заң жобасын реттеу мәнi
Заң жобасының реттеу мәнi жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру кезінде орын алатын қоғамдық қатынастар, оның ішінде:
жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қолма-қол ақшаны бақылау шотының кіріс базасын ұлғайту;
жергілікті өзін-өзі басқарудың меншігін қалыптастыру;
қалалардың тұрғындарын жергілікті мәселелерді шешуге тарту;
Заң жобасының құрылымы
Заң жобасы екі баптан тұрады:
Бірінші бап бойынша Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:
1) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі;
2) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) ;
3) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексі ;
4) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;
5) «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;
Заң жобасының екінші бабы Заңның нормаларын қолданысқа енгізу тәртібін белгілейді.
Заң жобасын қабылдаған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдар
Заң жобасын қабылдау билікті демократиялау саласындағы реформаларды жалғастыруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылай және материалдық қорларды беруге, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлін арттыруға, төрешілдік пен сыбайлас жемқорлықтың көріністерін азайтуға мүмкіндік береді.
Бюджеттік және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізу жергілікті өзін-өзі басқару органдарының салық базасын өсіруге мүдделігін арттыруға, қосымша кіріс көздерін анықтауға мүмкіндік береді.
Ұсынылатын шаралардың нәтижесі ретінде ең соңында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту саясатын іске асыру болады, ол өз кезегінде халықтың, жергілікті өзін-өзі басқарудың және мемлекеттік биліктің өзара әрекеттесу жүйесін құруға әкеледі, оның тиімді қызмет етуі:
өңірлерде және тұтастай мемлекетте саяси тұрақтылықты арттыруды;
жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың белсенділігі мен жауапкершілігін арттыруды;
әрбір елді мекенде халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Басқа заңнамалық кесiмдердi әзiрленетiн Заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтiру қажеттiлiгi
Жоқ.
Заң жобасы мәнiнiң өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттелуі
Осы Заң жобасында қарастырылатын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерімен, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Бюджет, Салық және жер кодекстерімен, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңдарымен жартылай регламенттелген.
Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы
Жергілікті өзін-өзі басқаруды конституциялық-құқықтық реттеу үшін теориялық негіз муниципалдық демократия және муниципалдық басқарудың жалпыға танылған құндылықтары болып табылады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың Европалық Хартиясының 9 бабына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдары ұлттық экономикалық саясат аясындағы өз қызметтерін атқару кезінде еркін басқара алатын жеке қаржы көздеріне ие болу артықшылығы бар екендігін көрсетеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды бюджеттеу мәселесі бойынша ҚР заңнамасына өзгертулер енгізілген жоқ еді, бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жергілікті бюджетті дербес басқару мүмкіндігінен айырады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаражаттары конституция мен заң берген өкілеттіктерге сай болуы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары қаржысының кем дегенде бір бөлігі заңда белгіленген көлемде жергілікті өзін-өзі басқару органдары анықтай алатын жергілікті алымдар мен салықтар есебінен түсуі керек. Қайта бөлінетін қаражаттарды ұсыу тәртібі жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен міндетті түрде келісілуі керек. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсынылатын субсидиялар, мүмкіндігіне қарай, белгілі бір жобаларды қаржыландыруға ғана арналмауы керек. Субсидияларды беру өздерінің өкілеттіктерінің саласында жергілікті өзін-өзі басқару саясатын таңдаудың негізгі тәуелсіздігіне кері әсер етпеуі керек.
«Ресей Федерациясында жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың жалпы қағидаттары туралы» Федералдық заңының 52 бабында әрбір муниципалдық құрылым дербес бюджетке ие болатындығы көрсетілген. Муниципалдық ауданның бюджеті және муниципалдық ауданның құрамына кіретін қоныстардың бюджеттерінің жиынтығы муниципалдық ауданның біріккен бюджетін құрайды.
Жергілікті бюджеттің дербес кірістеріне мыналар жатады:
1) азаматтардың өздері жинайтын қаражаттар;
2) жергілікті салықтар мен алымдардан кірістер;
3) өңірлік салықтар мен алымдардан жекелеген кірістер;
4) федералдық салықтар мен алымдардан жекелеген кірістер;
5) Ресей Федерациясының бюджеттік жүйесіндегі, муниципалдық құрылымдардың бюджеттік қамтылуын теңдестіруге арналған дотацияларды қосатын, басқа да бюджеттерінен қайтарымсыз түсімдер, субсидиялар және бюджетаралық трансферттер;
7) салықтар мен алымдарды төлегеннен кейін және муниципалдық құрылымдардың өкілді органдарының нормативтік құқықтық актілеріңнде белгіленген мөлшерде басқа да төлемдерді жасағаннан қалатын муниципалдық кәсіпорындардың табысының бір бөлігі, және салықтар мен алымдарды төлегеннен кейін қалатын жергілікті өзін-өзі басқару органдары және қазыналық муниципалдық мекемелер көрсететін ақылы қызмет түрлерінен түсетін табыстың бір бөлігі;
8) федералдық заңға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыретімен белгіленуі тиіс айыппұлдар;
9) ерікті алымдар;
10) федералдық заңдарға, Ресей федерациясының субъектілерінің заңдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімдеріне сәйкес басқа да түсімдер.
Қазіргі уақытта Польша Республикасында муниципалитеттердің кірістерін үш топқа – дербес кірістер, жалпы субвенция және нысаналы дотацияларға бөлуге болады.
Гминдердің кірістерін мыналар құрайды:
Белгіленген ара қатынасқа сәйкес жеке және заңды тұлғалардың табыс салығынан түсетін, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке, аграрлық, орман, көлік құралдарына, иттерге, жеке тұлғалардың кредиттік карталарынан төлетентін төлемдерге табыс салығынан, мұрагерлікке және сыйлыққа, азаматтық-құқықтық шарттар байынша табысқа салынатын түсімдерден тұратын дербес табыстары және жергілікті алымдар;
Оқу-ағарту, өтемақылық және эквиваленттік бөліктерден тұратын жалпы субвенция;
Үкіметтік әкімшілік тапсырған міндеттерді, өзіндік міндеттерді іске асыруға, қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке тиетін тікелей қауіптерді жоюға, халықаралық шарттардан шығатын міндеттерді орындауға арналған мемлекеттік бюджеттен бөлінетін нысаналы дотациялар.
2004 жылға дейін дотациялар мен субвенциялар гминаның табысының жартысына жуығын құрады. Ең маңызды дербес табыс көздері: жылжымайтын мүлікке салық, жеке тұлғалардың табыс салығы, сондай-ақ мүлік салығы болды. Бұл ретте, Польшада қаржыландыру жағынан гминалар жергілікті өзін-өзі басқарудың ең мықты бірліктері болып табылады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың Европалық Хартиясының 6 бабының 1 тармағында, «биліктің жергілікті органдары жалпы заңнамалық ережелерді бұзбай отырып, жергілікті қажеттеліктерге жауап беруі және тиімді басқаруды қамтамасыз етуі үшін өздерінің ішкі әкімшілік құрылымдарын анықтау мүмкіндігіне ие болуы керек» деп белгіленген. Басқаша айтқанда, заңнамалық деңгейде бір мезгілде өңірлік дамудың ерекшеліктері мен өзгешеліктерін ексере отырып, биліктің жергілікті органдарына жергілікті өзін-өзі басқару органдарының үлгілерін анықтау мүмкіндігін бере отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына арналған жалпы қағидаттар мен талаптарды анықтауға болады.
Мәселен, АҚШ қолданыстағы жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі нысандары жоғарыда аталған түпкілікті қағидаттарды біріктіреді. Қолданыстағы нысандар жергілікті деңгейде демократияға қол жеткізудегі елдің тәжірибесін көрсетеді және пәрменді жергілікті өзін-өзі басқаруды қамтамасыз ету қажеттілігін ескереді.
Ең ескі нысан – бұл түбінде Британ заңнамасына кететін және АҚШ-ның солтүстік-шығысындағы 6 штатында қолданыстағы «Қалалық жиналыс». Басқарудың осындай жүйесінің ерекше сипаты өкілетті демократияға басымдық беруінде болады. Заңнамалық деңгейде ол өзін жергілікті заңдар мен қаражаттар үшін дауыс беруге жиналатын қаланың барлық ересек халқы қатысқан кезде 1 күн бойы өтетін жиналысты ретінде көрсетеді.
«Әлсіз Мэр және Кеңес» жүйесінің кезінде қалалық істерге негізгі бақылау жасау 9-25 адамнан тұратын сайланатын кеңестердің қолында болады. Мэр басшы, алайда өкілеттігі шектеулі атқарушы биліктің тұлғасы болып табылады. Кеңес дербес қызмет етеді және көптеген комитеттер арқылы жергілікті басқару департаменттерінің үстінен бақылау жасайды.
Басқарудың келесі нысаны – «Комиссия», онда қалалық басқарманы басқару өздерінің кәсіби тәжірибесінің және іскер қабылеттерінің арқасында сайланған, заң шығарушы да, әкімші де болып табылатын бірнеше сайланған мүшелердің мойнында болады.
«Мықты Мэр және Кеңес» нысаны күшті атқарушы органдары бар көптеген мемлекеттік басқару жүйелеріне ұқсас. Негізінде, ашық сайлау барысында халық сайлайтын мэр сайланатын кеңестің шешіміне вето қоюға құқы бар, алайда кеңес те өздерінің 2/3 дауысымен ветоның күшін жоя алады. Мэр бюджетті дайындауға тікелей жауапкершілікте болады, алайда ол бюджет бойынша кеңестің мақұлдауын алуы керек.
Польша Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың төменгі деңгейінің өкілді органдары жалпы сайлаудың кезінде сайланатын гминалардың Кеңесі болып табылады. Гминалардың Кеңесінің өкілеттік мерзімі 4 жылға созылады.
Кеңес жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органы болып табылады, ол басқарманың қызметінің негізгі бағыттарын анықтайды және оның қызметі жөніндегі есепті қабылдайды. Кеңестердің мүшелері сессияларда (кемінде тоқсанына бір рет), сондай-ақ салалық комиссиялардың отырыстарында жиналады. Комиссиялар Кеңестің қосалқы органдары болып табылады. Ревизиялық комиссия ерекше рөлді атқарады, ол басқарманың бюджетті іске асыруын бағалайды және Кеңеске басқарманың жұмысын мақұлдау немесе мақұлдамау жөнінде ұсыныс енгізеді. Комиссиялардың жанында партиялық бөлінісіне қарай біріктіретін кеңес мүшелерінің клубтары жұмыс істейді.
Гминалардың атқарушы органдары войттар болып табылады, олар сайлау кезінде анықталады, сондықтан оларды лауазымынан референдум арқылы ғана кері шақыруға болады (Кеңесте атқарушы органды кері шақыруға байланысты құзыреті жоқ. Ол войтты лауазымынан түсіруге қатысты референдум өткізу жөніндегі қаулы ғана қабылдай алады).
Көптеген елдерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі тиісті экономикалық шарттардың, нақты құқықтық негіздің болуын көздейді, олар мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың жүргізу мәнінің ара-жігін ашып беруі тиіс.
«Ресей Федерациясында жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың жалпы қағидаттары туралы» Федералдық заңында жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық негізін муниципалдық меншіктегі мүлік, жергілікті бюджеттердің қаражаттары, сондай-ақ муниципалдық құрылымдардың мүліктік құқы құрайтыны белгіленген.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдары Ресей Федерациясының Конституциясына, федералдық заңдарына және оларға байланысты қабылданатын жергілікті өзін-өзі басқарудың норомативтік құқықтық актілеріне сәйкес муниципалдық құрылымның атынан муниципалдық меншіктегі мүлікті дербес иеленеді, пайдаланады және басқарады.
Муниципалдық құрылымдар муниципалдық кәсіпорындарды және мекемелерді құра алады, шаруашылық қоғамдастықтарын құруға, оның ішінде жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу бойынша өкілеттіктерді жүзеге асыруға қажетті муниципаларалық қоғамдастықтарды құруға қатыса алады. Муниципалдық кәсіпорындар мен мекемелерге қатысты құрылтайшының функциялары мен өкілеттіктерін жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілетті органдары жүзеге асырады.
Құрылтайшының функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыратын жергілікті өзін-өзі басқару органдары муниципалдық кәсіпорындар мен мекемелердің мақсаттарын, шарттары мен қызметінің тәртібін анықтайды, олардың жарғысын бекітеді, осы кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларын лауазымына тағайындайды және босатады, муниципалдық құрылымның жарғысында көзделген тәртіппен олардың қызметі туралы есепті тыңдайды.
Халықаралық тәжірибені зерттеу және жинақтау көптеген елдердегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаражаттары мен мүлкі негізделетін қаржылық және экономикалық жүйелер жергілікті өзін-өзі басқару оргындарының өкілеттерін жүзеге асыру кезінде, мүмкіндігінше шығындардың өзгерістерінің соңына еру үшін жеткілікті әртүрлі және икемді болуы қажет деген қорытынды жасауға болады.
Заң жобасын iске асыруға байланысты болжанып отырған қаржы шығындары
Заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылай шығындарды қажет етпейді.

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |