• Мое избранное

Отправить по почте

«Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасын бекiту туралы» бұйрық жобасына құжаттама

Қараңыз: Жолдаманы
Жоба
Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасын бекiту туралы
«Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 23-18)-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көліктік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің
интернет-ресурсында ресми жариялануын және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы «Әділет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға көшірмесін жіберуді;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеу және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жіберу туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министр Ә. Исекешев
Қазақстан Республикасы
 Инвестициялар және даму министрінің
 2014 жылғы
 № бұйрығымен
 бекітілді
Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасы (бұдан әрi - Қағида) «Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi Заңының 12-бабының 13) тармақшасына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi.
  2. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өту тәртiбi «Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы « » _______ № ___ бұйрығымен белгiленедi.
3. Қағида қолдану мерзiмi күнтiзбелiк бiр жылдан асатын тұрақты жолаушылар және багаж тасымалына берiлетiн шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану және шетелдiк рұқсаттарды беру тәртiбiн айқындайды.
Қағида меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде мынадай автокөлiк құралдарына иелiк ететiн жеке тұлғаларға, дара кәсiпкерлерге және заңды тұлғаларға қолданылады:
1) автобустар, шағын автобустар;
2) жүк автомобильдерi (олардың тiркеменi қосқанда рұқсат етiлетiн жалпы салмағы 6 тоннадан астам немесе тiркеменi қосқанда рұқсат етiлетiн пайдалы жүктемесi 3,5 тоннадан астам);
3) мамандандырылған автомобильдер (белгiлi бiр жүк түрiн тасымалдауға арналған);
4) арнайы автомобильдер (әртүрлi, көбiнесе көлiктiк емес жұмыстарды орындауға арналған).
4. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) автокөлiк құралдарына рұқсат беру карточкасы - автокөлiк құралын жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарында пайдалануға рұқсат беретiн құжат;
2) жолсапар - автокөлiк құралдарының жөнелту пунктiнен межелi пунктiне жүруi және жөнелту пунктiне керi оралуы;
3) жүктердiң халықаралық автомобильмен тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлiгi - Қазақстан Республикасының автомобиль тасымалдаушыларына жүктердiң халықаралық автомобильмен тасымалдарын жүзеге асыруға құқық беретiн құжат;
4) қосымша өтiнiм - жылдық өтiнiмге қатыспаған немесе жылдық өтiнiмде шетелдiк рұқсаттардың белгiлi бiр түрiн және қажеттi санын көрсетпеген отандық тасымалдаушы берген шетелдiк рұқсаттарды алуға өтiнiм;
5) отандық рұқсат - рұқсат беру құжаты, оның негiзiнде халықаралық қатынаста жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды, сондай-ақ үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) келуi (кетуi), Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитi жүзеге асырылады;
6) рейс - автокөлiк құралдарының жөнелту пунктiнен межелi пунктiне дейiн жүрiп өтуi;
7) рұқсат беру құжаты - Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүру құқығын растайтын құжат (отандық немесе шетелдiк рұқсат, үшiншi елдерге (елдерден) тасымалды орындауға арналған рұқсат, арнайы рұқсат);
8) рұқсат бланкiлерiмен алмасу квотасы (бұдан әрi - алмасу квотасы) - шет мемлекеттермен алмасу үшiн келiсiлген шетелдiк рұқсаттардың саны;
9) транзиттiк жүрiп өту (транзит) - жөнелту және межелi пункттерi осы мемлекеттiң аумағынан тыс орналасқан мемлекеттiң аумағы арқылы жүкпен немесе жүксiз автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi;
10) үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдау - автокөлiк құралының тiркелу мемлекетi болып табылмайтын екi мемлекет арасында жолаушыларды, багажды немесе жүктердi тасымалдау;
11) шетелдiк рұқсат - рұқсат беру құжаты, оның негiзiнде халықаралық қатынаста жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды, сондай-ақ үшiншi елдерге (ден) тасымалдауды жүзеге асыратын отандық автокөлiк құралдарының тиiстi шет мемлекеттiң аумағына (аумағынан) кiру (шығу), мемлекеттiң аумағы арқылы транзитi жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өтуiне рұқсат беру жүйесi Заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы халықаралық шарттарда (бұдан әрi - Келiсiм) және осы Қағидада айқындалады.
6. Жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын отандық автокөлiк құралдарының шет мемлекеттiң аумағына (аумағынан) кiруi (шығуы), шет мемлекеттiң аумағы арқылы транзитi мынадай түрлердегi шетелдiк рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады:
1) жүк тасымалына арналған шетелдiк рұқсаттар;
2) жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға арналған  шетелдiк рұқсаттар;
3) күнтiзбелiк бiр жылға қолдану мерзiмiмен жолаушыларды  және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар.
7. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмге сәйкес отандық тасымалдаушылар Қытай Халық Республикасының аумағына автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде мыналар қажет:
1) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды орындаған кезде, отандық тасымалдаушыға тасымалды жөнелту пунктiнен межелi пунктке дейiн күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен «А» түрiнiң рұқсаты;
2) тура және керi бiр рейстi орындауға құқығы бар жолаушылар мен багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалын орындау кезiнде «В» түрiнiң рұқсаты;
3) тура және керi бiр рейстi орындауға құқығы бар жүк автомобиль көлiгiмен тасымалдау кезiнде «С» түрiнiң рұқсаты.
«А», «В», «С» түрiндегi рұқсаттар ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейiн қолданылады.
2. Шетелдiк рұқсаттарды айырбастау квотасын анықтау және 
үлестiрiлу тәртiбi
8. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің көлiктiк бақылау аумақтық органдары (бұдан әрi - аумақтық органдар) жыл сайын 10 тамызға дейiнгi мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар арқылы шетелдiк рұқсаттарға жылдық өтiнiмдердi қабылдаудың басталуы туралы отандық тасымалдаушыларды хабарландырады.
Жылдық өтiнiмдердi отандық тасымалдаушылар халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе www.elicense.kz «Е-Лицензиялау» веб-порталы (бұдан әрi – портал) арқылы бередi.
9. Отандық тасымалдаушылардан жылдық өтінімдер жыл сайын 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде портал арқылы қабылданады.
Жылдық өтiнiмде:
1) отандық тасымалдаушының жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi және атауы;
2) тасымалдың түрi;
3) елдер және тоқсан бойынша, болжамды жол жүру уақыты мен жылжымалы құрам бойынша бөле отырып, тасымалдардың түрлерi бөлiнiсiнде шетелдiк рұқсаттарды ықтимал пайдаланудың саны қамтылады.
Жоғарыда көрсетiлген талаптарға сәйкес келмеген жылдық өтiнiм себептерiн көрсете отырып, өтiнiм берiлген күнiнен бастап екi күн iшiнде қайтарылуға жатады.
10. Жыл сайын 10-30 қыркүйек мерзiмiнде уәкiлеттi орган отандық тасымалдаушылардан күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттардың қажеттi саны туралы жылдық өтiнiмдердi қабылдайды.
11. Отандық тасымалдаушы қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарға жылдық өтiнiмдердi берген кезде маршрутта пайдалануға жататын жылжымалы құрамның түрi (класы) және мемлекеттiк тiркеу нөмiрлiк белгiлерi туралы мәлiметтердi жiбередi, сондай-ақ электрондық түрде мынадай құжаттар қоса берiледi:
1) шетелдiк тасымалдаушымен бiрлескен қызмет туралы шарттың көшiрмесi;
2) көрсетiлген көлiк құралдары жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаудың басқа маршруттарында iске тартылмауы туралы мәлiмделген автобустар мен шағын автобустардың тiркелген облыстың жергiлiктi атқарушы органдарының жазбаша растауы;
3) маршрут бойынша автобустардың, шағын автобустардың жөнелту, келу және тұру орындары мен уақыттарын, сондай-ақ уәкiлеттi органмен келiсiлген барлық аялдама пункттерi мен мемлекеттердiң шекаралары арқылы өткiзу пункттерi бойынша арақашықтықтар көрсетiлген қозғалыс кестелерi;
4) уәкiлеттi органмен келiсiлген автовокзалдарды, автостанцияларды мемлекеттiк шекара арқылы автомобиль өткiзу пункттерiн, автобустар және шағын автобустар қозғалысының қауiптi учаскелерi мен жылдамдық режимi көрсетiлген маршрут сызбалары;
5) автобустар және шағын автобустар жүргiзушiлерiнiң ауысым уақыты мен орнын көрсете отырып, бүкiл тұрақты маршрут ұзақтығындағы жүргiзушiлердiң еңбек және тынығу режимiнiң кестесi.
12. Жиынтық жылдық өтінім уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
13. Шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын белгілеу мәселесі бойынша тиісті мемлекеттердің құзыретті органдарымен келіссөздер жүргізуді қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган ағымдағы жылғы 10 қазанға дейінгі мерзімде отандық тасымалдаушылардың шетелдік рұқсаттарға деген қажеттілігінің саны туралы жалпы жиынтық жылдық өтінімді қалыптастырады.
14. Уәкілетті орган шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын және олардың қолданылу мерзімін келіседі.
15. Көлiк комитетi шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарына отандық рұқсат бланкiлерiн, оның iшiнде үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға рұқсаттар берудi, отандық тасымалдаушылар үшiн шетелдiк рұқсаттарды шетелдiк құзыреттi органдармен жүргiзiлген келiссөз хаттамаларында ескерiлген мөлшерде алуды жүзеге асырады.
16. Отандық тасымалдаушылардың қажеттiлiгiн қанағаттандыратын шетелдiк рұқсаттар, алмасу квотасы Көлiк комитетiнiң резервiне белгiленген шетелдiк рұқсаттар мен күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, жалпы жиынтық жылдық өтiнiм деректерiне сәйкес отандық тасымалдаушыларға беру үшiн аумақтық органдарға толық бөлуге жатады.
17. Отандық тасымалдаушылардың қажеттiлiгiн қанағаттандырмаған шетелдiк рұқсаттар, алмасу квотасы отандық тасымалдаушылардың арасында, шетелдiк рұқсаттың бланкiлерiн алуға өтiнiштер түсуiне орай олардың қолданысындағы жылжымалы құрамын ескере отырып автоматтандырылған тәртiпте бөлуге жатады.
18. Егер халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат ету жүйесi қолданылатын елдерге қатысты рұқсаттарға сұраныс отандық тасымалдаушыларға берiлетiн шетелдiк рұқсаттар санынан асса, онда шетелдiк рұқсаттар бiрiншi кезекте:
1) гуманитарлық жүктердi автомобильмен тасымалдауға;
2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн жүктердi автомобильмен экспорттық тасымалдауға;
3) көлiктiң басқа түрлерiнiң тасымалдаушыларымен бiрлесiп орындалатын автомобиль тасымалдарына;
4) тез бүлiнетiн өнiмдердi автомобильмен тасымалдауға;
5) бiр бағытта орындалатын автомобиль тасымалдарына берiледi.
19. Осы Қағиданың 18-тармағында көрсетiлген жүктердi автомобильмен тасымалдауды отандық тасымалдаушылар тасымал шартымен растайды.
20. Уәкiлеттi орган шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарымен келiсiлген, белгiленген маршруттар мен осы маршруттар бойынша жүру кестесiн ескере отырып, күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдуға арналған шетелдiк рұқсаттарды үлестiредi.
21. Аумақтық органдар бөлiнiсiнде үлестiрiлген шетелдiк рұқсаттардың саны туралы мәлiметтер уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылады.
22. Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар бланкiлерiн алуға қосымша өтiнiмдердi берген отандық тасымалдаушыларды Көлiк комитетi резерв және бiр тоқсан аралығында талап етiлмеген бланкiлер есебiнен қамтамасыз етедi.
23. Отандық тасымалдаушылар жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүк тасымалына және жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттардың бланкiлерiн алуға қосымша өтiнiмдердi берген және талап етiлмеген шетелдiк рұқсат бланкiлерi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган шет мемлекеттiң уәкiлеттi органдарымен хат алмасу арқылы ағымдағы жылға тиiстi шетелдiк рұқсат бланкiлерiмен алмасу квотасын келiседi.
3. Отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсаттарды беру тәртiбi
24. Отандық тасымалдаушыларға күнтiзбелiк бiр жыл қолданылу мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, шетелдiк рұқсаттарды ресiмдеудi және берудi аумақтық органдар жүзеге асырады.
25. Бiр күнтiзбелiк жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды ресiмдеудi және берудi Көлiк комитетi жүзеге асырады.
Күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін беру рұқсат бланкілерінің алмасу квотасы және жылдық өтінім шектерінде өтінім негізінде жүзеге асырылады.
Отандық тасымалдаушы күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін алуға өтінім берген кезде жылдық өтінімде көрсетілген жалпы санынан асырмай автокөлік құралдарын алмастыруға рұқсат етіледі.
26. Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды алуға арналған өтiнiштердi аумақтық органдар немесе Көлiк комитетi өтiнiштердi алған күннен бастап өтiнiш берушiге хабарлай отырып, екi жұмыс күнi iшiнде қарайды.
27. Аумақтық органдар отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсаттарды:
1) жүктердің тасымалын жүзеге асыру кезінде жүктерді халықаралық автомобильдік тасымалдауын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігі және ұсынылған автокөлік құралдарына рұқсат беру карточкасы;
2) жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде халықаралық қатынаста жолаушыларды автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөнiндегi қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде бередi.
28. Көлiк комитетi отандық тасымалдаушыларға күнтiзбелiк бiр жылға қолдану мерзiмiмен жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды халықаралық қатынаста жолаушыларды автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөнiндегi қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде бередi.
29. Күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзіммен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, шетелдік рұқсаттарды алуға өтініш жеке тұлғаның, дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның тіркелген орны бойынша аумақтық органда қаралады. 
30. Отандық тасымалдаушылар шетелдiк рұқсаттарды алу үшiн өтiнiштi және қосымша өтiнiмдердi портал арқылы беруi мүмкiн.
Өтiнiштер мен қосымша өтiнiмдердi қарау, сондай-ақ берiлетiн шетелдiк рұқсаттардың санын есептеу көлiктiк деректер қорының ақпараттық талдау жүйесiн (бұдан әрi – КДҚ АТЖ) және тасымалдау қауiпсiздiгi серпiнiнiң мониторингiн пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
31. Отандық тасымалдаушыларға жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды беру аумақтық органға немесе уәкiлеттi органға «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) белгiленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алым сомасын төлегенi туралы төлем құжаты түскен күнiнен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.
32. Отандық тасымалдаушы алған шетелдiк рұқсаттарды осы отандық тасымалдаушының рұқсат карточкасында көрсетiлген автокөлiк құралына, сондай-ақ қайта алынған және Қазақстан Республикасының аумағына айдап әкелiнген автокөлiк құралына қолданады.
33. Күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарды қоспағанда, отандық тасымалдаушы пайдаланған шетелдiк рұқсаттар жол жүру аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде, ал пайдаланылмағаны - олардың қолданылу мерзiмдерi аяқталған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрмей олар берiлген жер бойынша аумақтық органға қайтаруға жатады.
Күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттар олардың қолдану мерзiмдерi аяқталған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрмей Көлiк комитетiне қайтаруға жатады.
Отандық тасымалдаушылар шетелдiк рұқсаттарды осы рұқсаттарды қоса бере отырып, мiндеттi түрде қайтару күнi, шетелдiк рұқсаттардың нөмiрi көрсетiлген, еркiн нысанда жасалған iлеспелi хатпен қайтарады.
Шетелдiк рұқсаттар жоғалған жағдайда отандық тасымалдаушылар жазбаша нысанда көрсетiлген рұқсаттардың жоғалғаны және жарамсыздығы туралы iшкi iстер органдарында тiркелген өтiнiштердiң немесе бұқаралық ақпарат құралдарында хабарламаның орналастырылғанын растайтын құжаттардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, жоғалғаны туралы Көлiк комитетiне немесе аумақтық органдарға хабарлайды.
Көлiк комитетiне немесе аумақтық органға жоғалғаны туралы хабарламаны ұсыну мерзiмi өтiнiш iшкi iстер органдарында тiркелген немесе хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылған күннен бастап он жұмыс күнiнен аспауы тиiс.
Елдер және түрлер бөлінісінде отандық тасымалдаушыдан шетелдік рұқсаттарды алуға өтінімдерді қарау кезінде, мәлімделген шетелдік рұқсаттар саны осы Қағидада белгіленген мерзімде жоғалған және (немесе) қайтарылмаған шетелдік рұқсаттарының санына мөлшерлес азайтылады.
34. Қайтарылған шетелдiк рұқсаттар Көлiк комитетiнде және оның аумақтық органдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бес жыл бойы сақталады.
35. Көлiк комитетi және аумақтық органдар қайтарылған шетелдiк рұқсаттардың есебiн елдер бөлiнiсiнде жүргiзедi.
Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүктi тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттардың және қолданылу мерзiмi күнтiзбелiк бiр жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған берiлген және қайтарылған шетелдiк рұқсаттардың есебi КДҚ АТЖ-да жүзеге асырылады және мынадай мәлiметтердi қамтиды:
1) жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi;
2) отандық тасымалдаушының атауы;
3) рұқсат түрi;
4) рұқсаттың қолданылу мерзiмi;
5) рұқсаттың берiлген күнi және нөмiрi (сериясы);
6) рұқсатты алу күнi (рұқсат берiлген кезде);
7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымды төлегенiн растайтын құжаттың нөмiрi (бар болса) және күнi, алым сомасы (рұқсат берiлген кезде).
36. Аумақтық органдар отандық тасымалдаушылардан өтiнiштер мен қосымша өтiнiмдердiң түсуiне қарай КДБ АТЖ пайдалана отырып, белгiленген мерзiмде қызмет көрсетудi, сондай-ақ қайтарылған шетелдiк рұқсаттар туралы мәлiметтердi уақтылы енгiзудi қамтамасыз етедi.
37. Мынадай жағдайларда отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсаттарды беруден бас тартылады:
1) жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға  отандық тасымалдаушының рұқсат беру куәлiгiнiң, ұсынылған автокөлiк құралдарына рұқсат карточкаларының болмауы;
2) жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау бойынша қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың болмауы;
3) бiр автокөлiк құралына екi және/немесе одан да көп қолданыстағы рұқсат карточкаларының анықталуы;
4) жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүкті тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды немесе қолданылу мерзімі күнтізбелік бір жыл жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды отандық тасымалдаушыға беру туралы хабарламаны жіберген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым сомасы төлемінің болмауы;
5) шетелдiк рұқсаттардың аумақтық органда және Көлiк комитетiнiң резервiнде болмауы;
6) осы Қағиданың 11-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбауы;
7) осы Қағиданың 33-тармағында белгiленген талаптарды жыл iшiнде орындамауы.
38. Отандық тасымалдаушыға шетелдiк рұқсат берiлген кезде бланкiнiң тиiстi бағандарына мiндеттi түрде тасымалдаушының атауы, заңды мекенжайы жазылады және мөр (мөртабан) басылып, рұқсат берген тұлғаның қолы қойылады.
Күнтiзбелiк бiр жыл қолдану мерзiмiмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсат берiлген кезде бланктiң тиiстi бағандарына мiндеттi түрде тасымалдаушының атауы, заңды мекенжайы, автокөлiк құралының маркасы мен мемлекеттiк нөмiрi, жүру маршруты жазылады және мөр (штамп) басылып, рұқсат берген адамның қолы қойылады.
Шетелдiк рұқсаттарда түзетулерге жол берiлмейдi.
4. Шетелдiк тасымалдаушыларға отандық рұқсаттарды беру тәртiбi
39. Отандық рұқсаттарды және үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған отандық рұқсаттарды шетелдiк тасымалдаушыларға тиiстi жылға айырбасталған рұқсаттар есебiнен олардың мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бередi.
Егер халықаралық шарттарда өзгеше ескерілмеген болса, осы Қағиданың 15-тармағына сәйкес отандық рұқсаттардың қолданылу мерзімін уәкілетті орган анықтайды. 
40. Отандық рұқсат және үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған отандық рұқсат, оның iшiнде бiрiншi рейстiң тасымалы жүзеге асырылған мемлекеттiң аумағына Қазақстан Республикасының аумағынан керi бағытта жолшыбай жүк арту жағдайларында бiр жолсапар үшiн жарамды болады.
«А» түрiндегi отандық рұқсат жөнелту пунктiнен межелi пунктке дейiн жарамды, «В» мен «С» түрiндегi отандық рұқсат Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасында 75 км шегiнде орналасқан шекара маңы терминалдарына дейiн жарамды.
41. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк рейстен керi бағытта бара жатқан шетелдiк жүк автокөлiк құралына Қазақстан Республикасының аумағында iлеспе жүк тиеуге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өтуi үшiн қосымша рұқсаты болған кезде ғана рұқсат етiледi.
Егер автокөлік құралы тіркелген елге тасымалдау жоспарланған болса, Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға арналған қосымша отандық рұқсаттың болуы қажет.
Егер үшiншi елге (елден) тасымалдау жоспарланған болса, қосымша үшiншi елге (елден) рұқсаттың болуы қажет.
42. Қазақстан Республикасының аумағынан автокөлік құралының тіркелу мемлекеті болып табылмайтын үшінші мемлекеттің аумағына кері бағытта бара жатқан шетелдік автокөлік құралына жолшыбай жүк артылған жағдайда, Қағиданың 40-тармағында көзделген тасымалдауды қоспағанда, үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған қосымша отандық рұқсат болуы қажет.
43. Үшiншi елдерге (елдерден) жүк тасымалдауы жүктiң жөнелту немесе межелi пунктi болып табылмайтын елдiң аумағына жүктi асқын жүктеумен (тиеу/түсiру) үшiншi елдерге (елдерден) тасымалды орындауға арналған рұқсат болған жағдайда жүзеге асырылады.
44. Автокөлік құралы тіркелген елдегі жүктерді қайта тиеу (тиеу/түсіру) арқылы Қазақстан Республикасының аумағына үшiншi елдерден жүктерді тасымалдауды басқа (әуе, теміржол, теңіз) көлік түрімен жүзеге асыру кезінде көрсетілген тасымалдар ілеспе құжаттармен (халықаралық көліктік жүкқұжат (CMR), шот-фактура (инвойс), коносамент, ХЖТ кітапшасы, фитосанитариялық сертификат және халықаралық автомобиль тасымалдарын іске асыру кезінде пайдаланылатын және автокөлік құралын тиеу орнын растайтын және осындай тасымалдауда оларға еріп жүретін басқа да құжаттар) расталған жағдайда, үшінші елдерге/елдерден отандық рұқсат қағаз талап етілмейді. Бұл ретте осы тасымалдау Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кіруге (шығуға) арналған отандық рұқсаттардың негізінде асырылады. 
45. Тартқышты немесе жүк автомобилін тасымалдаушының тіркеу мемлекетінде тіркелген басқа тартқышқа немесе жүк автомобиліне ауыстырып тіркеуге рұқсат етіледі.
46. Шетел тасымалдаушысында тасымалдаушының тіркеу мемлекетінің құзыретті органы растаған рұқсат бланкісі болмаған жағдайда, жүкті отандық көлік құралына қайта тиеуге әкiмшiлiк жаза туралы қаулы орындалғаннан кейін рұқсат етіледі.
47. Өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiсiнсiз Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жол жүретiн шетелдiк автокөлiк құралының жүрiп өтуi, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерiлмесе, «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) белгiленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау бекеттерiнде немесе кеден органдары Кеден одағының кедендiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде беретiн транзиттiк жол жүруге арналған рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы аумағынан/аумағына жүктi немесе жолаушыларды үшiншi елдерге/елдерден көрсетiлген автокөлiк құралдарымен тасымалдауды жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға арналған, оның iшiнде жүгi бар автокөлiк құралдарын айдап өту кезiнде iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүрiп өтуiне арнайы рұқсаттарды қоспағанда, рұқсат беру құжаттары талап етiлмейдi.
48. Мемлекеттерiмен рұқсат беру құжаттарының бланкiлерiн тепе-тең айырбастау жүргiзiлмеген шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жол жүруi, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерiлмесе, «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) белгiленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағымен автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау бекеттерiнде немесе кеден органдары Кеден одағының кедендiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде беретiн транзиттiк жол жүруге арналған рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
Егер келiсiмдерде Қазақстан Республикасының аумағына шетелдiк автокөлiк құралдарының кiруi (шығуы) үшiн рұқсат бланкiлерiн сату көзделетiн болса, шетелдiк тасымалдаушылар көлiктiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын құзыреттi органдардан тиiстi рұқсатқа сұрау салады.
Көрсетiлген рұқсат оған Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде, теңiздегi өткiзу пункттерiнде немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау бекеттерiнде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген ставкалар бойынша автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өтуi үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн берiледi.
49. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту құқығын растайтын отандық рұқсат беру құжаттарында Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде кедендік бақылаудың аумақтық органдары немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау посттарында аумақтық органдар:
Қазақстан Республикасының аумағынан автокөлік құралының күнтізбелік 30 күннен аспайтын шығу мерзімін;
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту маршрутын көрсетеді.
Шетелдік автокөлік құралдарының транзиттік жүріп өтуі кезінде Қазақстан Республикасының аумағына келу және аумағынан кету мерзімдері тура да, кері де бағытта жүріп өту кезіндегі Қазақстан Республикасының аумағында нақты болу уақытымен айқындалады.
50. Шетелдік тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту құқығын растайтын отандық рұқсаттарда жол жүрер алдында мыналарды толтырады:
тасымалдаушының атауы мен оның толық мекенжайы;
автокөлік құралының нөмірі;
жүкті тиеу елі;
жүкті түсіру елі;
тасымалданатын жүктің атауы;
тасымалданатын жүктің салмағы.
Отандық рұқсаттарда түзетулерге жол берілмейді.
51. Бос шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп өтуi жолаушылар мен жүктiң халықаралық тасымалдары үшiн Келiсiмдерде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
52. Көліктік бақылау органдарының хабарламаны орындағанын тексеру мақсатында шетелдік тасымалдаушылар Кеден одағының сыртқы шекарасында берілген көлік құралдарының бақыланатын параметрлерінің сәйкессіздігі, құжаттардың жоқ болуы немесе сәйкессіздігі туралы хабарламалар береді.
53. Егер Келiсiмдерде өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүрiп өту құқығын растайтын рұқсат беру құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екi пункт арасында шетелдiк автокөлiк құралдарының жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асыруына құқық бермейдi.
Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кiрудi (шығуды), халықаралық қатынастағы жолаушылар, багаж және жүк тасымалын жүзеге асыратын шетел автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитiн, сондай-ақ үшiншi елдерге (елдерден) тасымалды, отандық рұқсат беру құжаттарын берудi тiркеу Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кiрудi (шығуды), шетел автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитiн, отандық рұқсат беру құжаттарын берудi тiркеу журналында электронды түрде жүзеге асырылады.
Журналда мынадай мәлiметтер көрсетiледi:
1) шетел тасымалдаушысының атауы;
2) тасымалдаушының елi;
3) тасымалдаушының орналасқан (тұрғылықты) орны;
4) жөнелту елi;
5) бару елi;
6) қатынау маршруты;
7) автокөлiк құралының үлгiсi, маркасы;
8) автокөлiк құралының және тiркемесiнiң нөмiрi;
9) рұқсат түрi;
10) рұқсатты қолдану мерзiмi;
11) рұқсаттың берiлген күнi және нөмiрi (сериясы);
12) рұқсатты алған күнi (рұқсат берiлген кезде);
13) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымды төлегенiн растайтын құжаттың нөмiрi (бар болса) және күнi, алым сомасы (рұқсатты берiлген кезде);
14) рұқсат құжатын алу туралы тасымалдаушының қолы (қағаз түрiнде рұқсат берiлген кезде).
5. Рұқсат беру құжаттарын дайындау және есепке алу
54. Отандық рұқсаттар, үшiншi елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған рұқсаттар бланкiлерiнiң нысандарын Көлiк комитетi әзiрлейдi және бекiтедi, олар баспаханалық тәсiлмен дайындалады, реттiк нөмiрi және кемiнде үш қорғану дәрежесi болады.
55. Жалпы қабылданған халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес отандық рұқсат бланкiсiнде мынадай деректемелер болады:
1) тасымалдауды жүзеге асыру құқығын рұқсат беру құжаты растайтын тасымалдау түрi;
2) сериясы мен нөмiрi;
3) қолданылу мерзiмi;
4) тасымалдаушының деректемелерi;
5) берiлген орны және күнi;
6) құзыреттi органның қолы мен мөрi;
7) қозғалыс маршруты;
8) автокөлiк құралының маркасы мен мемлекеттiк нөмiрi;
9) жүктiң атауы;
10) автокөлiк құралының жүксiз жабдықталған салмағы;
11) жүру жолындағы бақылаушы органдардың бланкiнiң жыртпа бөлiгiнде орналасқан белгiлерi мен мөрiне арналған орындар;
12) бланкiнi пайдалану бойынша негiзгi нұсқаулар;
13) бланкінің негізгі және үзбелі бөліктерінде штрих-коды.
56. Автокөлiк құралдарының жүрiп өтуi кезiнде бақылаушы органның белгiсi бар отандық рұқсат бланкiсiнiң жыртпа бөлiгi бақылаушы органда қалады және аумақтық органдарға жiберiледi.
57. Отандық тасымалдаушыларға шетелдiк рұқсат бланкiлерiн беру сенiмхат болған жағдайда жүкқұжаттар бойынша (деректi сериясының және шетелдiк рұқсат нөмiрiн көрсете отырып) жүзеге асырылады.
58. Есептi кезеңнен кейiн ай сайын бесiншi күнге дейiн аумақтық органдар Көлiктiк бақылау комитетiне түрлерi және елдерi бойынша берiлген рұқсаттардың саны туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымның республикалық бюджетке аударылған сомасы туралы салыстыру актiсiнiң көшiрмесiн ұсынады.
Аумақтық салық органдарымен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымның республикалық бюджетке аударылған сомасы туралы салыстыру актiсi аумақтық органның жазбаша өтiнiшi негiзiнде жүргiзiледi.
59. Жыл сайын 5 қаңтарға дейiнгi мерзiмде кедендiк бақылаудың аумақтық органдары пайдаланылмаған отандық рұқсаттарды алынған орын бойынша аумақтық органға қайтаруды жүзеге асырады.
60. Кедендiк бақылаудың аумақтық органдары ай сайын үшiншi күннен кешiктiрмей аумақтық органдарға Қазақстан Республикасының аумағы арқылы шетел автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi бойынша есептi және шетел автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алымды төлегенi туралы түбiртектерi бар жүкқұжаттардың көшiрмелерiн ұсынады.
61. Аумақтық органдар ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың 20 күнiнен кешiктiрмей өздерiнiң орналасқан орны бойынша салық органдарына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi белгiлеген нысан бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алым төлеушiлер және салық салынған объектiлер туралы ақпаратты ұсынады.
«Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы « » № бұйрық жобасына анықтама-негіздеме
 

Р/с №

Көрсетілуі тиіс мәліметтердің тізбесі

Мемл екеттік органның ақпараты

1.

Нормативтік құқықтық актіні ұсынатын мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі

2

Нормативтік құқықтық актінің тиісті нормасына сілтеме жасалған нормативтік құқықтық актіні қабылдау негіздемесі (мемлекеттік органның құзыреті)

«Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 23-11)-тармақшасына сәйкес

3

Нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажеттігінің негіздемесі (нақты мақсаттары, дәлелдері және акт неге байланысты қабылданды)

Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін халықаралық қатынаста қолдану және шетелдік рұқсаттарды беру тәртібін белгiлеу мақсатында

4

Осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілер және оларды өзгерту және толықтыру туралы ұсыныс әзірлеу немесе нормативтік құқықтық актіні қабылдауға байланысты күші жойылды деп танылғаны туралы мәліметтер

Жоқ

5

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысымен бекітілген Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу қағидаларының 17- тармағының талаптарын ескере отырып, олардың жойылғаны туралы актілердің деректемелерін көрсете отырып, осы мәселе бойынша бұрын қабылданған, мемлекеттік тіркеуден бас тартылған нормативтік құқықтық актілер туралы мәліметтер

Жоқ

6

Осы нормативтік құқықтық акті республикалық немесе жергілікті бюджет шығыстарының көбеюін немесе түсімдердің қысқаруын көздей ме

Көздемейді

7

Нормативтік құқықтық актіні мүдделі мемлекеттік органдармен келісу туралы мәлімет

Жоқ

8

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды қоса алғанда, жариялау туралы мәліметтер

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің www.mtc.gov.kz интернет ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастырылды

9

Сараптамалық қорытындыларды ұсынбаған кәсіпкерлердің аккредиттелген бірлестіктерінің тізімін қамтуы тиіс (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын актілер үшін).

Жоқ

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Заң департаментінің директоры М. Елеусіз
  2014  жылғы «____» __________