Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
Отправить по почте
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт (Астана қ., 2014 жылғы 29 мамырда)
ҚР 14.10.2014 жылғы № 240-V 3аңымен ратификацияланды
Редакция 10.10.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияны негізге ала отырып,
мемлекеттердің егемен теңдігі қағидаттарын, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі қағидатын сөзсіз сақтау қажеттігін басшылыққа ала отырып,
өз халықтарының арасында олардың тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеу арқылы ниеттестікті нығайтуға және ынтымақтастықты тереңдетуге тілек білдіре отырып,
Еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту Тараптардың ұлттық мүдделеріне сай келетіндігіне сенім білдіре отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын нығайтуға және олардың үйлесімді дамуы мен жақындасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің орнықты өсуіне, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікке кепілдік беруге деген ұмтылысымен ілгерілей отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің алдында тұрған, жаһандық экономика шеңберінде орнықты экономикалық даму, жан-жақты жаңғырту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілікті күшейту жөніндегі ортақ міндеттерді шешуге бағытталған бірлескен іс-қимылдар жолымен экономикалық өрлеуді қамтамасыз ете отырып,
басқа елдермен, сондай-ақ халықаралық интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысты растай отырып,
Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларын, қағидалары мен қағидаттарын назарға ала отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, сондай-ақ басқа да халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына өздерінің шынайы берілгендігін растай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
БІРІНШІ БӨЛІК ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ ҚҰРУ І бөлім ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап Еуразиялық экономикалық одақты құру. Құқық субъектілігі
1. Тараптар осы Шартпен Еуразиялық экономикалық одақты (бұдан әрі - Одақ, ЕАЭО) құрады, оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы, осы Шартпен және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен айқындалған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.
2. Одақ халықаралық құқық субъектілігіне ие, өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады.
2-бап Анықтамалар
Осы Шарттың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«заңнамаларды үйлестіру» - мүше мемлекеттердің жекелеген салаларда ұқсас (салыстырмалы) нормативтік құқықтық реттеуді белгілеуге бағытталған заңнамаларын жақындастыру;
«мүше мемлекеттер» - Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері және осы Шарттың Тараптары болып табылатын мемлекеттер;
«лауазымды тұлғалар» - мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық комиссия департаменттерінің директорлары және Комиссия департаменттері директорларының орынбасарлары, сондай-ақ Одақ Соты Хатшылығының басшысы, Одақ Соты Хатшылығының басшысының орынбасары және Одақ Соты судьяларының кеңесшілері лауазымдарына тағайындалған азаматтары;
«бірыңғай экономикалық кеңістік» - мүше мемлекеттердің аумақтарынан тұратын кеңістік, онда экономиканы реттеудің нарықтық қағидаттары мен үйлестірілген немесе біріздендірілген құқықтық нормаларды қолдануға негізделген ұқсас (салыстырмалы) және біртектес тетіктер жұмыс істейді, бірыңғай инфрақұрылым болады;
«бірыңғай саясат» - Одақ органдары өздері айқындаған салаларда жүзеге асыратын, осы Шартта көзделген, мүше мемлекеттердің біріздендірілген құқықтық реттеуді, оның ішінде Одақ органдарының өз өкілеттіктері шеңберіндегі шешімдері негізінде қолдануын көздейтін саясаты;
«Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар» - мүше мемлекеттер арасында Одақтың жұмыс істеуі мен дамуына байланысты мәселелер бойынша жасасылатын халықаралық шарттар;
«Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттары» - мүше мемлекеттердің үшінші мемлекеттермен, олардың интеграциялық бірлестіктерімен және халықаралық ұйымдармен халықаралық шарттары;
«ортақ (бірыңғай) нарық» - Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің орнын ауыстыру еркіндігі қамтамасыз етілетін экономикалық қатынастар жиынтығы;
«өкім» - Одақ органдары қабылдайтын, ұйымдық-өкімдік сипаты бар акт;
«шешім» - Одақ органдары қабылдайтын, нормативтік-құқықтық сипаттағы ережелерді қамтитын акт;
«үйлестірілген саясат» - қатысушы мемлекеттердің Одақ органдары шеңберінде мақұлдаған, Одақтың осы Шартта көзделген мақсаттарына қол жеткізуі үшін қажет ортақ көзқарастар негізінде жүзеге асыруды көздейтін саясаты;
«келісілген саясат» - мүше мемлекеттер әртүрлі салаларда жүзеге асыратын, Одақтың осы Шартта көзделген мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған дәрежеде құқықтық реттеуді, оның ішінде Одақ органдарының шешімдері негізінде реттеуді үйлестіруді көздейтін саясат;
«қызметкерлер» - өздерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттар) негізінде Одақ органдарында жұмыс істейтін және лауазымды тұлғалар болып табылмайтын Одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары;
«кеден одағы» - өзінің шегіндегі өзара саудада кедендік баждар (өзге баждар, салықтар мен баламалы қолданысы болатын алымдар), тарифтік емес реттеу шаралары, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары қолданылмайтын, бірыңғай кедендік тариф және үшінші елдермен тауарлардың сыртқы саудасын реттеудің бірыңғай шаралары қолданыста болатын бірыңғай кеден аумағын көздейтін, Тараптардың сауда экономикалық интеграциясы нысаны;
«үшінші тарап» - Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе халықаралық интеграциялық бірлестік;
«заңнаманы біріздендіру» - осы Шартта айқындалған жекелеген салаларды құқықтық реттеудің бірдей тетіктерін белгілеуге бағытталған мүше мемлекеттердің заңнамасын жақындастыру.
Осы Шартта пайдаланылатын өзге ұғымдар осы Шартқа тиісті қосымшаларда келтірілген мағыналарында түсініледі.
ІІ бөлім ОДАҚТЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ, МАҚСАТТАРЫ, ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҒЫ
3-бап Одақтың жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары
Одақ өзінің қызметін осы Шартқа сәйкес оған мүше мемлекеттер берген құзыреті шегінде:
мүше мемлекеттердің егемендік теңдігі мен олардың аумақтық тұтастығы қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын құрметтеу;
мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу;
Тараптардың өзара пайдалы ынтымақтастығын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету;
нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;
өтпелі кезеңдер аяқталғаннан кейін кеден одағының алып қоюсыз және шектеулерсіз жұмыс істеуі қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
Мүше мемлекеттер Одақтың өз функцияларын орындауы үшін қолайлы жағдай жасайды және Одақ мақсаттарына қол жеткізуге қауіп төндіретін шаралардан қалыс қалады.
4-бап Одақтың негізгі мақсаттары
Одақтың негізгі мақсаттары:
мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесіне орай олардың экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау;
Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруға ұмтылу;
жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |