Toggle Dropdown
Адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының екінші кезеңдік ұлттық баяндамасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 1038 қаулысы
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің 5/1 қарарына қосымшаның 15 а) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.Қоса беріліп отырған Адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының екінші кезеңдік ұлттық баяндамасы бекітілсін.
2.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі белгіленген тәртіппен Адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының екінші кезеңдік ұлттық баяндамасын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жіберсін.
3.Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 1038 қаулысымен
бекітілген
Адам құқықтары бойынша Әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының екінші кезеңдік Ұлттық баяндамасы
1.Осы Адам құқықтары бойынша әмбебап кезеңдік шолу (бұдан әрі - шолу) 2010 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
2.Шолуда Адам құқықтары бойынша 2010 жылға арналған Әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық баяндамасының қорытындысы бойынша көрсетілген ұсынымдарының іске асырылу нәтижелері баяндалған.
3.Талдау барысында мемлекеттік органдар қабылдаған ресми құжаттар, ресми көздерден, соның ішінде мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі - ҮЕҰ) сайттарынан алынған статистикалық мәліметтер, мақалалар, баяндамалар және өзге де материалдар пайдаланылды.
4.Шолуды дайындау процесінде мемлекеттік органдардың және Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі - БҰҰ) Даму бағдарламасының, ҮЕҰ лауазымды адамдарының, шетелдік сарапшылардың қатысумен тренинг, консультациялық семинарлар сериясы өткізілді.
5.Осы баяндама Қазақстан Республикасының мынадай: 97.1., 97.2., 97.3., 97.4., 97.10. 97.12-ұсынымдарын іске асырудан қалыс қалуын есепке ала отырып дайындалғанын ескеру қажет.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына институционалдық тетіктердің жалпы шолуы, Париж қағидаттарын имплементациялау
95.5, 95.6, 95.15 - 95.20, 95.23 - 95.25, 95.33-ұсынымдар
6.2012 жылы Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің халықаралық үйлестіру комитетінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл «В» (толық емес сәйкестік) мәртебесін алды. Тұтастай алғанда, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Париж қағидаттарының бірқатарына толықтай сәйкес келеді. Атап айтқанда:
1)Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Парламент палаталарымен келісу бойынша Президент бекітеді. Басшылыққа алатын құжатта Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қызметінен босату негіздерінің толық тізбесі тізбеленіп көрсетілген;
2)оған лауазымды адамдардан адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты кез келген ақпаратты сұрату, мониторинг жүргізу мақсатында мекемелерге, оның ішінде жабық мекемелерге бару, қоғамдық зор мәні бар жағдайларда Президентке, Парламентке және Үкіметке өтініш жасау құзыреті берілген;
3)ол барлық аумақтық бірліктерден өтініштерді алады, оның ішінде өзінің интернет-ресурсы арқылы да алады және оларды қарайды. Қазіргі уақытта Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдіктерін құру мәселесі пысықталып әзірленуде;
4)мемлекеттік органдарға ұсынымдар жібереді. Бұдан басқа Президентке жолданатын оның қызметі жөніндегі жыл сайынғы есепте Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жіберілген барлық өтініштер және ұсынымдар өз көрінісін табады, мұның өзі бұларды іске асыруды бақылауға кепілдік береді;
5)ең көп ауқымды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның институттарымен де, халықаралық ұйымдармен де белсенді түрде ынтымақтастық жасайды;
6)оның қызметі көпшілікке жариялы және бұқаралық ақпарат құралдарында (бұдан әрі - БАҚ) және ресми сайтта (www.ombudsman.kz) кеңінен жазылып көрсетіледі;
7)адам құқықтары саласындағы нормативтік құқықтық актілер жобаларының әзірлену және Парламенттің қабылдауы деңгейінде оларды дайындауға және талқылауға қатысады;
8)адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі жеке шағымдарды қарайды;
9)адам құқықтарының бұзылу жағдайларын қарауға бастамашылық жасайды;
10)өз қызметінде тәуелсіз және заң шығару, сот және атқарушы биліктің ешқайсысының бағынысында болмайды, олардың құрамына кірмейді және олардың құрылымдарына жатпайды;
11)оның жыл сайынғы есебі баспа жүзінде жарияланады және еркін қолжетімді сайтқа енгізіледі.
7.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ҮЕҰ өзара іс-қимылға зор көңіл бөледі. Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы, Азаптауларға қарсы Қазақстан ҮЕҰ коалициясы, Қоғамдық бақылау комиссиялар үйлестіру кеңесі сияқты ұйымдармен тұрақты ынтымақтастық жолға қойылған.
8.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Сыртқы істер және Әділет министрліктерімен, Бас прокуратурамен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 қазандағы № 1165 қаулысымен бекітілген 2011 - 2014 жылдарға арналған Адам құқықтары жөніндегі әмбебап мерзімдік шолуының шеңберінде БҰҰ мүше мемлекеттерінің ұсынымдарын іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-шаралар жоспарының 11-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне Қазақстан омбудсменінің мәртебесін Париж қағидаттарына сәйкестікке келтіру туралы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің ұсынымдарын іске асыру бойынша ұсыныстар дайындады.
9.2013 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттігін кеңейту үрдісі байқалды. Айталық, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінде және өзге де заңнамалық актілерде ұлттық алдын алу тетігінің жүйесінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге пенитенциарлық және өзге де қатаң тәртіпте үстау мекемелеріндегі адамдардың құқықтарын қорғауды және азаптаулардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған үйлестірушінің өкілеттігі бекітілді.
10.2014 жылғы 12 мамырдағы жай-күй бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық жоспардың ұсынымдары іс жүзінде 80 пайызға іске асырылды. Қалған ұсынымдар орындалу үстінде.
11.Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан ҮЕҰ-мен өзара ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. ҮЕҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі кеңестер әлеуметтік мәселелер саласындағы министрліктердің, барлық деңгейдегі әкімдердің жанында жұмыс істейді. Консультациялық-кеңесші органдардың жалпы саны 300-дей.
3. Халықаралық ынтымақтастық
95.97, 95.98, 95.99, 97.6-ұсынымдар
12.Қазақстан Республикасы тұрақты негізде Словенияның, Норвегияның, Украинаның, Қатардың, Финляндияның, Швейцарияның, Германияның, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның, Америка Құрама Штаттарының Ұлттық құқық қорғау қоғамдастықтарымен және ұйымдарымен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
13.Бұдан басқа, БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы мемекелерімен және өзге де халықаралық ұйымдармен, атап айтқанда, БҰҰ Жоғарғы Комиссары Басқармасымен және оның Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігімен, БҰҰ-ның Астанадағы Кеңсесімен, ЮНИСЕФ-тің және БҰҰ-ның өзге де мекемелерімен, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығымен, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюромен және ЕҚЫҰ-ның өзге құрылымдық бөлімшелерімен, ұлттық құқық қорғау мекемелерінің Азия-Тынық мұхит форумымен, Ислам ынтымақтастық ұйымымен, Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House, Норвегиялық Хельсинки комитетімен, Осло бейбітшілік және адам құқықтары орталығымен, Словения, Норвегия, Украина, Қатар, Финляндия, Швейцария, Германия, Қырғызстан, Ресей, Тэжікстан, Америка Құрама Штаттары құқық қорғау мекемелерімен және көптеген басқалармен белсенді түрде ынтымақтастық жасауда.
14.Бүгінгі таңда Қазақстанға БҰҰ-ның 8 арнайы баяндамашысы келіп кетті, олар мыналар: судьялар және адвокаттардың тәуелсіздігі мәселесі бойынша Л. Деспуи (2004 ж.), адам құқықтары және терроризм мәселесі бойынша М. Шеинин (2006 ж.), азаптау жөніндегі мәселелер бойынша М. Новак (2009 ж.), аз халықтар мәселелері бойынша Г. МакДугалл (2009 ж.), жеткілікті баспана жөніндегі мәселелер бойынша Р. Рольник (2010 ж.), білім алу құқығы мәселелері бойынша К. Сингх (2011 ж.), себебі мен зардаптарын қоса алғанда құлдықтың қазіргі заманғы түрлері туралы мәселелер бойынша Г. Шахинян (екі рет 2012 және 2014 жж.), дін немесе наным-сенімдер бостандығы бойынша X. Билефельдт (2014 ж.).
15.2014 жылы 2 мандат иеленушінің сапары жоспарланып отыр: бейбіт жиналыстар және қауымдастықтар бостандығына құқық жөніндегі мәселелер бойынша М. Киаи, зиянды заттар мен қалдықтарды экологиялық дәйекті реттеу мен жоюдың адам құқықтары үшін нәтижелері жөніндегі мәселелер бойынша М. Пальмаэртса.
4. Адам құқықтарын қорғаудың және көтермелеудің нормативтік және институционалдық аспектілері
95.41, 97.15, 97.16, 97.17, 97.18-ұсынымдар
16.Қазақстанда қазіргі күнге дейін өлім жазасына мораторий қолданылуда.
17.Қазақстан Республикасы өлім жазасын жоятын Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасына әзірше қосылған жоқ. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында өлім жазасын қолдану аясын бірте-бірте тарылту бағытын жалғастыру белгіленген.
95.42 - 95.45, 95.48, 95.64, 95.66, 95.67, 95.68, 95.102-ұсынымдар
18.Азаптаумен байланысты қылмыстардың жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде. 2010-2013 жылдары соттарда 67 тұлғаға қатысты азаптау туралы 38 қылмыстық іс қаралды.
19.Қылмыстық-құқықтық салада азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға қарсы әрекеттердің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Бас прокуратура «Полициядағы кезекші прокурор - азаматтар құқықтарының кепілгері» жобасын іске асыруда.
20.Прокуратура органдарында арнайы прокурорлар бар екенін де атап өту қажет. Арнайы прокурорлардың өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Бас прокурорының әртүрлі бұйрықтарымен регламенттеледі (Азаптау және басқа да заңсыз әдістер қолданумен байланысты қылмыстық іс жүргізуге тартылған және арнайы мекемелерде ұсталатын адамдарға қатысты аса қатыгездік жасалғандығы жөніндегі арыз-шағымдарды тексеру және олардың алдын алу туралы» нұсқауды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2010 жылғы 1 ақпанындағы № 7 бұйрығы). Бас прокурордың 2013 жылғы 8 ақпандағы нұсқауына сәйкес азаптау фактілері бойынша қылмыстық істерді тек арнайы прокурорлар тергейді.
21.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 сәуірдегі № 430 қаулысына сәйкес ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері дене жарақаттарын анықтағанда, сондай-ақ сотталған және тергеуде қамауға алынғандардың өтініші бойынша сот-медициналық сараптама орталығының аумақтық мамандары тәуелсіз медициналық куәландырудың жүргізілуін ұйымдастырады.