«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-21) тармақшасына, сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
| Продукты: |
|
Отправить по почте
«Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
Жоба
Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-21) тармақшасына, сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В.Петров) заңда белгiленген тәртiппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi;
2) осы бұйрық мемлекеттiк тiркелген соң күнтiзбелiк он күн iшiнде мерзiмдi басылымдарда және «Әдiлет» ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялау үшiн жiберудi;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К.Божкоға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр
полиция генерал-лейтенанты Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы « » .
№ бұйрығымен
бекітілген
Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-21) тармақшасына, сәйкес әзірленді және сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін белгілейді.
2. Қағидалар 60 метрге дейінгі тереңдікке қысқа мерзімге түсу әдісімен орындалатын сүңгуірлік жұмыстарға қолданылады.
3. Қағидалар сүңгуір-әскери қызметшілер орындайтын сүңгуірлік жұмыстарға, сондай-ақ терең суға арналған сүңгуірлік кешендерді пайдаланатын сүңгуірлік жұмыстарға қолданылмайды.
4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) сүңгуірлік жұмыстар – сүңгуірлердің еңбегін пайдалана отырып, су астында орындалатын жұмыстар. Сүңгуірлік жұмыстар өз сипаты бойынша авариялық-құтқару, кеме көтергіш, суасты-техникалық, кемедегі және құтқару жұмыстары болып бөлінеді;
2) сүңгуір – сүңгуірлік жарақта су астындағы жұмыстарды орындай алатын және сүңгуірлік жұмыстарды (түсуді) жүргізуге жіберілген маман. Сүңгуір кәсібі еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр кәсіптер қатарына жатады;
3) сүңгуірлер құрамы – сүңгуірлік қызмет, ұйым, кәсіпорын немесе олардың құрылымдық бөлімшелері мамандарының бір бөлігі болып табылатын, сүңгуір біліктілігі бар адамдар. Сүңгуірлер құрамы 3-ші, 2-ші және 1-ші сынып сүңгуірлеріне (қамтамасыз етуші, сақтандырушы, жұмыс істеуші), сүңгуірлік станциялардың старшиналарына (бригадирлерге), сүңгуір-нұсқаушыларға, сүңгуірлік жұмыстар шеберлеріне, сүңгуір мамандарға, аға сүңгуір мамандарға, бас сүңгуір мамандарға, сондай-ақ сүңгуір-матростарға және сүңгуірлерге бөлінеді;
4) сүңгуір біліктілігі – сүңгуірдің суға түсуге және су астында жұмыс істеуге даярлық дәрежесі;
5) сүңгуір маман – сүңгуірлік түсулердің барлық түрлеріне басшылық ету құқығын беретін жоғары сүңгуір біліктілігін алған, сүңгуір ісі бойынша арнайы дайындықтан өткен маман;
6) компрессия – сүңгуірдің сүңгуірлік жарақпен суға түсуі кезінде немесе газды ортада барокамерада қысымның жоғарылау процесі;
7) декомпрессия – ағзаны индифферентті газдардан тазарту үшін сүңгуір барокамераларындағы қысымды азайту немесе сүңгуірді тереңдіктен көтеру процесі. Декомпрессия әртүрлі тереңдіктерде қысымды азайту жылдамдығын (тереңдіктен көтеру жылдамдығын), тоқтау саны мен тереңдігін, тоқтау кезіндегі шыдау уақытын, газ қоспаларын (газдарды) пайдалану тәртібін және сүңгуірлердің онымен тыныс алу уақытын қамтитын режим бойынша жүргізіледі;
8) сүңгуірлік жұмыстар журналы – сүңгуірлер орындайтын сүңгуірлік түсулерді және жұмыстарды тіркеуге арналған құжат. Журналдағы жазбалар сүңгуірлерге сүңгуірлік жұмыстарды орындағаны үшін еңбекақы төлеу және сүңгуірдің жеке кітапшаларын толтыру үшін негіз болады. Сүңгуірлік жұмыстар журналын толтырудың үлгісі мен тәртібін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілейді;
9) сүңгуірдің жеке кітапшасы – сүңгуірдің практикалық қызметін, оның мамандығы бойынша даярлығы мен қайта даярлығын, біліктілігін, белгіленген суға түсу тереңдігін, орындалатын сүңгуірлік жұмыстардың сипатын, сағат санын және басқа да қосымша мәліметтерді көрсететін құжат. Сүңгуірдің жеке кітапшасын толтыру үлгісі мен тәртібін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілейді;
10) сүңгуірдің жеке медициналық кітапшасы – сүңгуір денсаулығының жай-күйін көрсететін құжат. Сүңгуірдің жеке медициналық кітапшасын толтыру үлгісі мен тәртібін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілейді;
11) сүңгуірлік станция – сақтандырушы жарақты, сондай-ақ сүңгуірдің суға түсуі, су астында болуы және су бетіне көтерілуі үшін қажетті сүңгуірлік түсулер мен жұмыстарды қамтамасыз ететін құралдарды қоса алғанда, сүңгуірлік жарақ жиынтығы;
12) сүңгуірлік түсуге қызмет көрсету – сүңгуірдің суға түсуін, тереңдікте болуын және жұмыс істеуін, оны тереңдіктен көтеруді және суда немесе үстіңгі бетте барокамерада декомпрессиялауын қамтамасыз етуге байланысты жұмыстар;
13) жұмыс істейтін сүңгуір – нақты сүңгуірлік түсу кезінде су астында жұмыстарды (тапсырманы) тікелей орындайтын сүңгуір;
14) қамтамасыз етуші сүңгуір – түсудің бүкіл кезеңдерінде жұмыс істейтін сүңгуірге тікелей қызмет көрсетуді жүзеге асыратын сүңгуір. Түсу кезеңінде жұмыс істейтін сүңгуірдің сигнал жібін (кәбіл-сигналын) және сүңгуірлік шлангысын босатады немесе жинайды, сүңгуірдің су астында орналасуын бақылайды;
15) сақтандырушы сүңгуір – жұмыс істейтін сүңгуірдің түскен жерінде түсуге және авариялық сүңгуірге көмек көрсетуге әзір күйде болатын сүңгуір. Түсу кезеңінде жұмыс істейтін сүңгуірмен сөйлесу байланысын қамтамасыз етеді және оған ауа жіберуді реттейді;
16) сүңгуірлік станцияның старшинасы (бригадирі) – сүңгуірлік техниканың және станцияның басқа да мүлкінің сақталуына және техникалық жай-күйіне, сондай-ақ сүңгуірлік жұмыстарды орындау сапасын қамтамасыз етуге жауапты 1-ші, 2-ші сыныпты сүңгуір немесе сүңгуірлік станция персоналының басшысы-сүңгуір;
17) сүңгуірлік жұмыстардың басшысы – сүңгуірлік біліктілік комиссиясы білімін тексерген және ұйым әкімшілігінің бұйрығымен сүңгуірлік жұмыстарға басшылық етуге жіберілген адам. Сүңгуірлік жұмыстардың басшысы сүңгуірлік жұмыстарға тікелей басшылықты және сүңгуірлер мен сүңгуірлік жұмыстарға қызмет көрсетуге қатысатын көмекші персоналдың іс-әрекетін бақылауды жүзеге асырады;
18) сүңгуірдің жарағы – сүңгуір киетін және оған қоршаған су мен газ ортасындағы қысымда тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін бекітілген құрылғылар мен бұйымдар жиынтығы. Сүңгуірдің жарағы сүңгуір техникасының құрамдас бөлігі болып табылады;
19) желдететін жарақ – су астындағы сүңгуірдің тыныс алуы жарақтың газдалған көлеміне (шлем астындағы кеңістік) шлангымен жоғарғы жақтан сығылған ауаны үздіксіз жіберуді қамтамасыз ететін сүңгуір жарағы, онда ауа сүңгуірдің тыныс алу өнімдерімен араласады және әлсін-әлсін желдетіліп отырады (суға шығарылады);
20) шланг жарағы – радиусы ауа шлангысының ұзындығына тең жартылай сферамен шектелген шекте жүру тәсілімен су астында қозғалуды қамтамасыз ететін сүңгуір жарағының жиынтығы. Сүңгуір тыныс алу үшін ауамен қамтамасыз ететін кеме жүйесінен, көлік баллондарынан, сондай-ақ сүңгуір помпаларынан шлангымен жоғарғы жақтан тыныс алу аппараты арқылы беріледі.
5. Су астында сүңгуірлік жұмыстарды орындау кезінде сүңгуірлік түсулер мен жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру қамтамасыз етіледі.
6. Адамдарды құтқару кезіндегі айрықша жағдайларда сүңгуірлік жұмыстардың басшысы осы Қағидалардың талаптарынан ауытқиды, бұл ретте сүңгуірлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау жөніндегі шаралар қабылданады.
7. Импорттық сүңгуір жабдығын және жарағын мемлекеттік немесе орыс тілдерінде пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар болған кезде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
8. Сүңгуірлерді сүңгуірлік жұмыстарға жіберу олардың сүңгуір мектебін (курстарын) бітіргендігі туралы ресімделген куәлігі, сүңгуірдің жеке кітапшасы, белгіленген түсу тереңдігі көрсетілген сүңгуірлік жұмыстарға жарамдылығы туралы сүңгуірлік медициналық комиссияның оң қорытындысы бар сүңгуірдің жеке медициналық кітапшасы болған кезде, сондай-ақ олар біліктіліктерін сүңгуірлік біліктілік комиссиясында жыл сайын растағаннан кейін жүзеге асырылады.
9. Сүңгуірлік жұмыстарды кемеден жүргізуді бастар алдында жұмыстарды жүргізетін жерде тік сызық бойында неғұрлым көрінетін жерде орналасқан ескерту белгілері көтеріледі, ал олар аяқталғаннан кейін төмен түсіріледі. Осы белгілердің жоғарғысы мен төменгісі – шарлар, ал ортаңғысы – ромб.
10. Басқа кеменің өтуіне кедергі болған кезде сүңгуірлік жұмыстар жүргізумен айналысып жатқан кеме қосымша мыналарды орнатады:
1) екінші кеме өте алатын жағын көрсету үшін – тік сызық бойында орналасқан екі жасыл айналмалы от немесе екі ромб;
2) кедергі бар жақты көрсету үшін – тік сызық бойынша орналасқан екі қызыл айналмалы от немесе екі шар.
11. Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезінде ішкі кеме жүзетін жолдар (өзендер, көлдер, арналар, су қоймалары) шегінде:
1) күндіз – мөлшері 100х100 сантиметрлік жасыл төртбұрышты екі жалау;
2) түнде – бірінің үстіне бірі орналасқан екі жасыл от көтеріледі.
12. Кемелер мен жүзу құралдарын сүңгуірлерді түсіру жүргізіліп жатқан кемелерге арқандап байлауға рұқсат берілмейді.
13. Сүңгуірлер наряд – тапсырмада айтылған жұмыстарды ғана орындайды. Қандай да болмасын басқа жұмыстарды орындаған жағдайда сүңгуірлік жұмыстар басшысының рұқсатымен ғана кіріседі.
14. Сүңгуірлік станциядағы барлық жұмыс орындары бөгде заттардан босатылады. Сүңгуірлік түсулерді қамтамасыз ету жарағы мен құралдары сүңгуірлік бекетте жұмысқа жарамды күйде орналастырылады.
15. Ағын жылдамдығы секундына 1 метрден астам болғанда және 12 метрден жоғары тереңдікте сүңгуірлік жұмыстарды орындаған кезде сүңгуірлік костюмде босату-сақтандыру клапандары орнатылады. Бұл ретте 45 метрге дейінгі тереңдікке түскен кезде бір – клапан, 45 метрден астам тереңдікте – екі клапан (алдынан және артынан) орнатылады.
16. Сүңгуірлерді электр тогының соғу қаупі бар жерлерде сүңгуірлік жұмыстар жұмыс істеп тұрған электр қондырғыларынан кернеуді толық алған кезде ғана жүргізіледі.
17. Жұқпалы және тері ауруларының алдын алу үшін ластанған суға сүңгуірлер сыртқы ортадан толық оқшаулайтын жарақтарда түсіріледі.
18. Болат арқандармен жұмыс істеген кезде сүңгуір қосымша арнайы қолғап немесе биялай киеді.
2. Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезінде
қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі
Сүңгуірлік жұмыстарға дайындық кезінде
19. Сүңгуірлік жұмыстар сүңгуірлік жұмыстар басшысының, қамтамасыз етуші, сақтандырушы және жұмыс істейтін сүңгуірлердің тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.
20. Сүңгуірлік жұмыстарға дайындық:
1) сүңгуірлердің, сүңгуірлік жұмыстарды қамтамасыз етуші адамдардың арасында міндеттерді бөлуді және оларға нұсқау жүргізуді;
2) сүңгуір жарағын және сүңгуірлік жұмыстарды қамтамасыз ету құралдарын дайындауды;
3) сүңгуірлердің түсу орнын дайындауды;
4) сүңгуірге жарақты кигізуді қамтиды.
21. Сүңгуірлік жұмыстарды бастар алдында сүңгуірлік жұмыстардың басшысы сүңгуірлердің міндеттерін бөледі, жұмыс істейтін, сақтандырушы және қамтамасыз етуші сүңгуірлерді белгілейді және осы Қағидалардың талаптарын сақтау бойынша нұсқау жүргізеді.
22. Сүңгуір жарақтарын және сүңгуірлік жұмыстарды қамтамасыз ететін құралдарды дайындау кезінде мыналар сақталады:
1) түсу басталар алдында сүңгуір өз жарағын жұмыс бабымен тексеруді жүргізеді;
2) жұмыс бабындағы тексеру кезінде сүңгуір жарағында ақаулықтар анықталған кезде ақаулықтар сүңгуірлік жұмыстар басталғанға дейін жойылады. Сүңгуір жарағында анықталған ақаулықтар мен оларды жою жөніндегі шаралар туралы сүңгуірлік жұмыстар журналында жазба жүзеге асырылады;
3) сүңгуір жарағын тексеру кезеңінде түсуді қамтамасыз ететін құралдарды дайындау және баллондарда сығылған ауаның бар-жоғын тексеру жүзеге асырылады;
4) декомпрессиялық камераларды тексеру тәулігіне бір рет, бірінші сүңгуірді түсіру алдында жүргізіледі. Бұл ретте баллондағы сығылған ауа қорының бар-жоғы, магистральдардың, магистральдардағы және камерадағы клапандардың герметикалылығы, кіру люктері мен шлюздерінің қақпақшаларындағы резеңке нығыздағыштарының жай-күйі тексеріледі. Камера бөлімдеріндегі манометрлердің дұрыстығы (тілдің орналасуы, жарамдылық мерзімі, пломбаның бар-жоғы), телефон құрылғысының әрекеті, өрт қауіпсіздігінің талаптарына жауап беретін жарықтандыру және жылыту, камера бөлімдерінің керек-жарақтармен және құрылғылармен жасақталуы тексеріледі. Тексеру нәтижелері сүңгуірлік жұмыстар журналына енгізіледі.
23. Сүңгуірлердің түсу орындарын дайындау:
1) сүңгуірлік жұмыстардың басшысы сүңгуірлерді түсіруге және көтеруге арналған құрылғыларды түсулер басталар алдында қарайды және тексереді. Тексеру нәтижелері сүңгуірлік жұмыстар журналына жазылады;
2) арнайы кемелердің бортынан сүңгуірлік түсу кеменің техникалық паспортында көрсетілген толқынның толқу дәрежесінен аспайтын кезде жүргізіледі. Басқа кемелердің бортынан және жүзу құралдарынан, жағалау объектілерінен түсу жұмыс орнындағы толқынның толқу дәрежесі екі балдан аспаған кезде жүргізіледі;
3) сүңгуірлік жұмыстарды 60 метрге дейінгі тереңдікте және сүңгуірлердің түсу орны судың бетінен 2 метрден аспайтын биіктікте орналасқан жерде жүргізген кезде сүңгуірлік саты орнатылады және жұмыс жіптері (түсіргіш және жүретін) түсіріледі.
24. Сүңгуірге жарақты кигізу:
1) сүңгуір сүңгуірлік жараққа жұмыс бабындағы тексеру, дезинфекция жүргізілгеннен кейін және бұл туралы сүңгуірлік жұмыстар журналында жазба жазылғаннан кейін сүңгуір жарағын киеді;
2) сүңгуірді киіндіру тікелей түсетін орында осы мақсатқа арнайы дайындалған алаңда сүңгуірлік жұмыстардың басшысы кейіннен сүңгуірдің сүңгуірлік жұмыстарға даярлығын тексергеннен кейін қамтамасыз етуші сүңгуірдің басшылығымен жүргізіледі;
3) сүңгуірді киіндіру тәртібі пайдаланылатын жарақтың түріне байланысты, барлық жағдайларда гидрокостюмді немесе гидрокомбинезонды киген соң, жарақтың басқа бөліктерін кигенге дейін сүңгуірдің беліне сүңгуірлік белбеу тағылады және оған карабиннің көмегімен сигнал жібі немесе кәбіл-сигнал бекітіледі. Сүңгуірлер гидрокомбинезонсыз немесе гидрокостюмсіз түскен кезде сигнал жібі сүңгуірге тыныс алу аппаратын кигізу алдында тағылатын сүңгуірлік белбеуге бекітіледі;
4) желдетілетін сүңгуір жарағы сүңгуірге мына тәртіппен кигізіледі: сүңгуір ішкиімі немесе гидрокостюм, манишка, жүктер, сүңгуір пышағы бекітіледі және сүңгуір шлемі кигізіледі.
25. Желдетілетін сүңгуір жарағында түсіру үшін сүңгуірді киіндіру кезінде мынадай талаптар сақталады:
1) төменгі брасты тарту киінетін сүңгуірдің нұсқауы бойынша реттеледі;
2) сүңгуірлік шлемді киер алдында шлем зарарсыздандырылады;
3) алдыңғы жүктің шығыршығына сүңгуірлік шланг пен сигнал жібі бекітіледі.
Сүңгуірдің суға түсуі кезінде
26. Сүңгуірлік түсу алдында сүңгуір сатыда толық суға түскен кезде сүңгуір жарағының жұмыс істеуі тексеріледі.
27. Сүңгуірді:
1) осы Қағидалардың талаптарын сақтау бойынша нұсқаудан өткен соң және қауіпсіздік техникасы журналында нұсқаудан өткені туралы қол қойғаннан кейін;
2) сигналдарды қолданысқа енгізгеннен кейін, кеме жүргізушілер үшін басқа ақпараттық және нұсқаушы таңбаларды орнатқан соң;
3) сүңгуірдің жарағына ауа жібергеннен немесе шлемнің иллюминаторын жапқаннан кейін, ал дербес жарақты пайдаланған кезде жарақ аппаратында демалуға көшкен соң суға түсіруге рұқсат етіледі.
28. Үйренуші және тәжірибесі аз сүңгуірлердің суға түсу жылдамдығы минутына 5 метрден аспайды. Қалған сүңгуірлердің суға түсу жылдамдығын сүңгуірлік жұмыстардың басшысы сүңгуірдің жеке ерекшеліктері мен көңіл-күйіне, оның физикалық жай-күйіне және практикалық дағдыларына, сондай-ақ қолданылатын жарақтың техникалық сипаттамаларына байланысты айқындайды.
29. Сүңгуірді сүңгуір жарағының кез келген түрімен судың бетіне дейін шлангыға, сигнал немесе басқа жіпке ілінген күйде түсіруге рұқсат етілмейді.
30. Сүңгуірге сүңгуір жарағының кез келген түрімен суға секіруге рұқсат етілмейді.
31. Кемелердің және жүзу құралдарының борттарынан, сондай-ақ жағалаудағы объектілерден суға түсу түсетін жерде су толқыны 2 балдан аспаған жағдайда жүргізіледі.
Сүңгуірдің су астында болуы кезінде
32. Сүңгуір сүңгуірлік жұмыстарды орындаған кезде жарақтардың жай-күйін, оның бөліктерінің басылмауын тыныс алуының қиындауын болдырмайтындай қарап отырады.
33. Сүңгуір жарақта ақаулықтар пайда болғанда немесе өзін нашар сезінгенде жұмысты тоқтатады, бұл туралы сүңгуірлік жұмыстардың басшысына баяндайды және бұдан әрі оның нұсқауларына сәйкес әрекет етеді.
34. Желдетілетін жарақтағы сүңгуір тыныс алуы және жүрек соғысы жиілегенде, тершеңдік байқалғанда немесе тыныс алуының қиындағанын сезінсе, ол жұмысты дереу тоқтатады және бұл туралы сүңгуірлік жұмыстардың басшысына хабарлап, судың бетіне шығады.
35. Дәл осы белгілер шланг түріндегі сүңгуір жарағымен түсу кезінде байқаған кезде сүңгуір дереу су бетіне шығады.
36. Компрессор (компрессорлар) істен шыққанда жұмыс тоқтатылады және сүңгуір (сүңгуірлер) декомпрессия режимін сақтай отырып, судың бетіне шығарылады.
37. Сүңгуір тапсырманы орындау кезінде сүңгуірлік жұмыстардың басшысы немесе қамтамасыз етуші сүңгуір оқтын-оқтын (кемінде 2 минут сайын) сүңгуірдің хал-жағдайын сұрап отырады.
Сүңгуірді көтеру және шешіндіру кезінде
38. Жұмыс істейтін сүңгуірдің талабы бойынша көтеру жағдайларынан басқа, оны көтерудің басталуы туралы жұмыс істейтін сүңгуірге көтергенге дейін кемінде 2 минут бұрын ескертіледі.
39. Сүңгуірді су бетіне шығару секундына 8 метрден аспайтын жылдамдықпен жүргізіледі.
40. 12 метрді қоса алғандағы тереңдіктен сүңгуірді су бетіне көтеру кідіріссіз жүргізіледі, ал 12 метрден астам тереңдіктен декомпрессияның таңдалған режиміне және қолданылатын сүңгуір жарағын пайдалану жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес кідіріспен жүргізіледі.
41. Толқынның толқуы болмағанда және атмосфералық ауамен еркін тыныс алуға көшкен соң, сүңгуірді сатыда шешіндіруге рұқсат етіледі.
42. Сүңгуірден сигнал жібі немесе кәбіл-сигналды соңғы кезекте гидрокомбинезонды немесе гидрокостюмді шешердің алдында алуға рұқсат етіледі.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде
43. Сүңгуірлер үшін авариялық кемелерде сүңгуірлік жұмыстарды орындауға жүктің түрі мен мөлшерін, оның сүңгуірлер үшін қауіптілігі дәрежесін айқындап, қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдағанға дейін рұқсат етілмейді.
44. Авариялық кеменің бортында жұмыс істеген кезде және оның суға бату немесе аударылу қаупі болғанда сүңгуірлік жұмыстар жүргізілетін кеме зәкірге қойылады.
45. Сүңгуір кеменің корпусы астында жұмыс істеген кезде жер мен кеменің түбі арасындағы ең аз арақашықтық кемінде 2 метр болуы керек. Бұл ретте авариялық кеменің желмен немесе ағыспен бұрылуына жол бермеу үшін барлық шаралар қабылданады.
46. Сүңгуірдің кеме килінің астымен бір борттан екіншісіне өтуіне рұқсат етілмейді.
47. Қайраңдағы кемені тексеру үшін желдетілетін сүңгуір жарағымен суға түскен кезде сүңгуірге түсіру жібінен 20 метрден астам алшақтауға рұқсат етілмейді.
48. Суға батқан кеменің бөліктерінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу алдында сүңгуірлер үй-жайлардың ішін және ондағы жабдықтардың орналасуын зерттейді.
49. Адамдарды құтқару кезінде авариялық-құтқару жұмыстары толқын 3 балдан жоғары толқыған кезде сүңгуірлерді толқын соққысының кеменің сатысына және корпусына соғуын болдырмау шараларын міндетті түрде қабылдай отырып, түсу орнын толқындардың әсерінен қорғау шараларын жүзеге асыра отырып орындалады.
50. Сүңгуір авариялық кемеге кіретін жерден адамдар тұрған бөлікке дейінгі жерге жүру жібін бекітеді.
Кеме көтеру жұмыстарын жүргізу кезінде
51. Батқан кемені зерттеу алдында сүңгуірлерге жұмыстарды жүргізу тәртібі туралы нұсқама беру, схемалар немесе оның құрылыс үстінің, ішкі үй-жайларының, басты тетіктері мен кеме жүйелерінің орналасуымен, алып шығатын жүктің сипатымен және массасымен, оны ықтимал ілу тәсілдерімен және осы жұмыстарды орындау кезіндегі қауіпсіздік шараларымен таныстыру жүргізіледі.
52. Сүңгуірлерді суға батқан кеменің ішіне түсіру суасты шамдарын пайдаланумен жүргізіледі.
53. Суға батқан кеменің ішкі үй-жайларында (бөліктерінде, трюмдарында) сүңгуірлік жұмыстарды орындау үшін бір мезгілде 2 сүңгуір түсіріледі (бір сүңгуір жұмысты орындайды, екінші сақтандырушы оның іс-әрекетін бақылайды және қажет болған жағдайда көмек көрсетеді).
54. Су астында жұмыс істейтін және сақтандырушы сүңгуірлер арасында телефонмен сөйлесу байланысы тұрақты қамтамасыз етіледі.
55. Сүңгуірдің суға батқан кеменің ішкі үй-жайына кіруі қажет болған кезде өту орындары үйінділер құлауынан қорғалады.
56. Сүңгуірді суға батқан кеменің палубасынан борт сыртына немесе трюмге түсірер алдында ол түсіру жібін жібереді және телефон арқылы жоғары жаққа борт сыртына немесе трюмге түскені туралы хабарлайды.
57. Жүкті алып шығу жұмыстарын жүргізу ақаусыз жүк көтергіш қондырғылармен және тетіктермен, сондай-ақ берік арқандармен, ілмектермен және ұстау құралдарымен ғана жүзеге асырылады.
58. Сүңгуірге жүк түсіретін арқанмен түсуге және көтерілуге рұқсат етілмейді.
59. Судың бетіне шығарылған кемені жетекке алуды (өткізуді) сүңгуірлік қамтамасыз ету кезінде оны қарап тексеру немесе басқа мақсаттар үшін сүңгуірді түсіруге, егер судың бетіне шығарылған кеме орнықты болған жағдайда, судың бетінде қалқымалылығы жеткілікті болса, сондай-ақ сүңгуірдің қауіпсіз жұмыс істеуіне бөгет жасайтын басқа факторлар болмаған жағдайда рұқсат етіледі. Сүңгуірді түсіру туралы шешімді сүңгуірлік жұмыстардың басшысы қабылдайды.
Су астында техникалық жұмыстар жүргізу кезінде
60. Сүңгуірлер гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарын бастар алдында жұмыс сызбалары немесе жобасы бойынша құрылымымен, жұмыс жүргізу жағдайларымен және қауіпсіздік шараларымен танысады және наряд-тапсырма алады.
61. Шұңқырлар, орлар қазу, топырақты шаю және топырақтың жоғарғы қабатының бұзылуымен байланысты басқа жұмыстарды жұмыс орындарында электр күштік, телефон кәбілдерінің немесе құбырлардың жоқтығы туралы мәліметтер алған соң, сүңгуірлік жұмыстар басшысының нұсқауы бойынша жүргізуге рұқсат етіледі.
62. Кернеудегі электр таратқыш суасты кәбіл желілерінің күзетілетін аймағында суасты жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілмейді.
63. Сүңгуір қарапайым қондырмасы бар гидравликалық оқпанды қолданған кезде оқпанның ұшы зәкірге немесе балластқа бекітіледі.
64. Топырақты жоғары қысымды сорғыдан (гидромонитордан) гидромонитордың қысымды шлангысына шаю жұмысын жүргізу кезінде жүк гидравликалық оқпаннан 3 метрден аспайтын арақашықтықта бекітіледі.
65. Топырақты жинау құралдары қарамағында топырақ жинау құралдары орналасқан ауданда ұйым басшысының атынан жазбаша рұқсат алғаннан кейін сүңгуірлік жұмыстарды жүзеге асыруға рұқсат етіледі.
66. Құбырды топыраққа салғаннан кейін сүңгуірді түсіруге және салынған құбырды тексеруге рұқсат етіледі.
67. Кәбілдерді салу кезінде сүңгуірге салынатын кәбілдің алдында болуға рұқсат етілмейді.
68. Сүңгуірлік жұмыстардың басшысы кез келген диаметрдегі суасты құбырларын қарау үшін немесе оларды гидравликалық немесе пневматикалық сынау кезінде сыналатын құбырдан қысымды алғаннан кейін сүңгуірлік түсулерге рұқсат береді.
69. Суасты құбырын бөлшектеу кезінде сүңгуірге құбырды кесетін арқанның жанында болуға рұқсат етілмейді.
70. Сүңгуірге қолғапсыз гидротехникалық құрылыстарды, тіреулерді немесе эстакадалы типтегі құрылыстарды қарап тексеруге рұқсат етілмейді.
71. Гидротехникалық құрылысқа темірбетон конструкцияларды орнату жұмысы су ағысының жылдамдығы секундына 1 метрден аспайтын кезде жүргізіледі.
72. Сүңгуірді гидротехникалық құрылысқа темірбетон конструкцияны орнату немесе оны қарап тексеру үшін су астына түсіруге конструкцияның төменгі бөлігін топыраққа орнатқаннан кейін рұқсат етіледі.
73. Гидротехникалық құрылысты тексеру немесе жөндеу кезінде сүңгуір түскен ауданда қада қағуға, жүктерді көтеруге немесе түсіруге, жүзу құралдарының жүруіне және сүңгуір жұмыс істеп жатқан жерден кемінде 50 метр радиуста басқа жұмыстар жүргізуге рұқсат етілмейді.
74. Су өткізетін құрылыстарда және жұмыс істеп тұрған гидротораптардың құрылғыларында сүңгуірлік жұмыстар жүргізу кезінде сүңгуірлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданады:
1) сүңгуірдің жұмыс орнынан кемінде 50 метр радиуста агрегаттар немесе ысырмалар тоқтатылады немесе жабылады;
2) бағыттауыш аппараттар мен турбиналарды реттейтін түсіру құрылғылары жабылады;
3) агрегаттарды қосу, ысырмаларды көтеру және қақпаларды ашу тетіктері ажыратылады, ажырататын құрылғыларда «Қоспаңыз, адамдар жұмыс істеп жатыр» деген тақтайша ілінеді.
75. Құрылыс немесе гидроторап әкімшілігі беретін тиісті жазбаша рұқсат қағазын (рұқсаттама) алмай, шлюздердің, гидроэлектростанциялардың, сорғы станцияларының, бөгендердің және басқа құрылыстардың аймағында су астында сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге рұқсат етілмейді.
Кемедегі сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезінде
76. Кемедегі сүңгуірлік жұмыстар пайдаланылатын және жөндеудегі кемелерде экипаждың күшімен (сүңгуір біліктілігі бар экипаж мүшелері) және кеме құралдарымен, сондай-ақ басқа сүңгуірлік станциялар жүргізеді.
77. Кемедегі сүңгуірлік жұмыстарды бастар алдында қызмет көрсетілетін кеменің капитаны немесе сүңгуірлік жұмыстардың басшысы кемеде сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде экипаж мүшелеріне немесе сүңгуірлерге нұсқама береді.
78. Сүңгуір су астында болған кезде сүңгуір жұмыс істеп жатқан борттан жүк операцияларын жүргізуге, кеме кренін немесе дифферентін өзгертуге, гидроакустикалық аспаптарды, кеме корпусының протекторлық немесе катодтық қорғанысын қосуға рұқсат етілмейді.
79. Ашық теңізде жүзіп келе жатқан кемеден сүңгуірдің түсуі кеме толық тоқтаған кезде жүзеге асырылады.
80. Кеме корпусының астында жұмыс істеу немесе қарап тексеру кезінде сүңгуірге кеме килінің астымен бір борттан екіншісіне өтуге рұқсат етілмейді.
81. Қолмен механикаландырылған құрал-сайманмен және арнайы механикаландырылған құрылғылармен кемелер корпустарын су астында тазалау жұмыстары тиісті арнайы даярлықтан өткен және кемедегі жұмыстардың осы түрлеріне басшылық етуге рұқсат берілген сүңгуірлік жұмыстар басшысының басшылығымен жүзеге асырылады.
82. Кеме корпусын су астында тазалау жұмыстары толқынның толқуы 2 балдан аспағанда, су ағысы секундына 0,5 метрден аспағанда, су астында көру 1,0 метрден кем болмағанда, сүңгуірлердің кеме корпусының астында жұмыс істеуіне бөгет жасайтын заттар болмағанда жүргізіледі.
83. Кеме корпустарын су астында тазалау жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізілетін жерде жұмыс шлюпкасы болады.
Құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде
84. Адамдарды құтқару бойынша сүңгуірлік жұмыстарға зардап шеккен адамның қармауынан босану тәсілдеріне, зардап шеккендерді сүйреу әдістеріне және оларға дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге үйретілген, сүңгуірлік жұмыстардың барлық мамандандыру топтарының сүңгуірлеріне рұқсат беріледі.
85. Зерттелмеген су айдындарындағы құтқару жұмыстары мен зардап шеккен адамдарды іздеу сақтық шараларын сақтай отырып және суда құтқару қызметі басшылығының рұқсатымен жүргізіледі.
86. Сүңгуірлік құтқару жұмыстары құтқару жұмысының сипаты мен гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу жағдайларына сәйкес сүңгуір жарағында орындалады.
87. Сүңгуірлік құтқару жұмыстарын орындау кезінде құтқарушы сүңгуірді суға түсіру орнында жүзу құралы болады.
88. Соқпа толқын болған кезде құтқарушы сүңгуірдің зардап шеккен адамды жағаға сүйреуіне рұқсат етілмейді. Зардап шеккен адамды көтеру жүзу құралдарымен жүзеге асырылады.
89. Авариялар, дүлей зілзалалар кезеңінде, мұз жылжығанда, жылдам ағын болған немесе судың беті қалқыған заттармен ластанған кезде құтқару жұмыстарын ең тәжірибелі құтқарушы сүңгуірлер сақтық шараларын сақтай отырып орындайды.
___________________________________
«Сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу
кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын
бекіту туралы» Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы «___»_________№ ____ бұйрығына
КЕЛІСУ ПАРАҒЫ
В.К. Божко __________________
Н.Е.Абильмажинов __________________
С.В. Пономарев __________________
В.В. Петров __________________