Toggle Dropdown
«Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламентін бекіту туралы» бұйрық жобасына құжаттама
«Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламентін бекіту туралы
«Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» 1998 жылғы 23 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламенті бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті (Есімханов С.Қ.) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден өтуін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде оның мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты ресми жариялауға бұқаралық ақпарат құралдарына жіберуді және «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйеге жолдануын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
| «КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрi Е. Досаев ______________ 2014 жылғы «____» _________
| «КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрi Ә . Исекешев ______________ 2014 жылғы «____» _________
|
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрінің
20___ жылғы «__»_________
№___ бұйрығымен бекітілген
«Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламенті
1. Осы «Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) ядролық, радиациялық және электрлік-физикалық қондырғыларды (бұдан әрі - ЯРЭҚ) қанағаттандыруға тиіс ядролық және радиациалық қауіпсіздікке қойылатын талаптарды белгілейді.
2. ЯРЭҚ қалыпты пайдалану жағдайларында, авариялар кезінде және авариялардың зардаптарын жою кезінде персонал, халық және қоршаған орта үшін радиациялық қауіпті факторлар сыртқы, рентгендік, гамма, бета, нейтрондық сәулелену, ағзаға радиоактивті газдар мен аэрозольдардың ингаляциялық түсуі, үй-жайлардың, өндірістік жабдықтар мен құралдардың, орамалардың, арнайы киім-кешек пен қосымша жеке қорғаныш құралдарының радиоактивті заттармен ластанған үстіңгі қабаттары, сондай-ақ ЯРЭҚ-ті пайдалану кезінде пайда болатын газ түріндегі, сұйық және қатты радиоактивті қалдықтар болып табылады.
3. Ықтимал радиациалық қауіптілік дәрежесі бойынша ЯРЭҚ жіктемесінің мынадай төрт санаты қолданылады:
1) I санатқа авария кезінде ЯРЭҚ-тың санитарлық-қорғалған аймағынан тыс жерлердегі халыққа радиациялық әсер етуі мүмкін және халықты қорғау жөнінде шаралар қажет болатын қондырғылар жатады;
2) II санатқа авария кезінде радиациялық әсері ЯРЭҚ-тың санитарлық-қорғалған аумақпен шектелетін қондырғылар жатады;
3) III санатқа радиациялық әсері ЯРЭҚ-тың орналасу алаңымен шектелетін қондырғылар жатады;
4) IV санатқа радиациялық әсері ЯРЭҚ-тың жұмыс үй-жайларымен немесе жұмыс орындарымен шектелетін қондырғылар жатады.
4. Ықтимал радиациялық қауіптілік санаты мен қондырғы қауіпсіздігі ЯРЭҚ жобасында негізделеді.
5. Егер алаң шегінде бірнеше ЯРЭҚ орналасқан жағдайда ықтимал радиациялық қауіп санаты ең жоғарғы санат бойынша белгіленеді.
6. ЯРЭҚ жүйелері мен элементтеріне қойылатын талаптарды сапасы мен сенімділігі бойынша саралау мақсатында ЯРЭҚ элементтері қауіпсіздігінің төрт сыныбы белгіленеді:
1) 1-қауіпсіздік сыныбы. 1-қауіпсіздік сыныбына істен шығуы персоналдың және (немесе) халықтың сәуле алуына, радиоактивті заттардың жобалық авариялар үшін белгіленген шектен астам қоршаған ортаға шығуына (төгілуіне) әкелетін жобадан тыс авариялардың бастапқы оқиғаларына себепші болуы мүмкін элементтер жатады;
2) 2-қауіпсіздік сыныбы. 2-қауіпсіздік сыныбына істен шығуы жобалық аварияларға әкеп соғатын бастапқы оқиғаларға себепші болуы мүмкін элементтер жатады;
3) 3-қауіпсіздік сыныбы. 3-қауіпсіздік сыныбына 1 және 2-сыныптарға жатқызылмаған элементтер; істен шыққан кезде құрамындағы радиоактивті және (немесе) улы заттар үй-жайларға және (немесе) қоршаған ортаға түсуі нормативтік құжаттарға сәйкес белгіленген деңгейден асып түсуі мүмкін элементтер; персоналды және халықты радиациялық қорғауды қамтамасыз етуді бақылау функцияларын орындайтын элементтер жатады;
4) 4-қауіпсіздік сыныбы. 4-қауіпсіздік сыныбына қауіпсіздікке әсер етпейтін және 1, 2 немесе 3-қауіпсіздік сыныптарына жатқызылмаған ЯРЭҚ-ты қалыпты пайдалану элементтері жатады.
Аварияларды басқару үшін пайдаланылатын, 1, 2 немесе 3-қауіпсіздік сыныптарына енбеген элементтер де 4-қауіпсіздік сыныбына жатады.
7. Егер қандай да бір элемент бір мезгілде әртүрлі сынып белгілерін қамтитын болса, онда ол барынша жоғары қауіпсіздік сыныбына жатқызылуға тиіс. Әр түрлі қауіпсіздік сыныптарының элементтерін бөліп тұратын дәнекерлеу қосылыстары, бекіту органдары мен сақтандырғыш құрылғылар неғұрлым жоғары сыныпқа жатқызылуға тиіс.
8. Элементтердің 1, 2 және 3-қауіпсіздік сыныптарына тиесілілігі және оларға қойылатын талаптар ЯРЭҚ жүйелері мен элементтерін әзірлеуге, дайындауға және жеткізуге арналған құжаттарда көрсетілуге тиіс.
9. Жіктемелік белгілеу элементтің 1, 2, 3-қауіпсіздік сыныптарына тиесілі екендігін көрсетеді.
10. Жіктемелік белгілеу элементтің қолданылуын білдіретін мынадай символмен толықтырылуға тиіс:
Н - қалыпты пайдалану элементі;
Б - қауіпсіздік жүйесінің бастаушы элементі.
Егер элементтің қолданылуы бірнешеу болса, онда олардың барлығы да оның таңбалануына кіреді. Мысалы - 2Н - қалыпты пайдалану элементі, 2-қауіпсіздік сыныбы.
2. Терминдер, анықтамалар, белгілеулер және қысқартулар
11. Осы Техникалық регламентте Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және атом энергиясын қолдану саласындағы заңнамасына сәйкес терминдер, сондай-ақ мынадай терминдер қолданылады:
1) авария - радиоактивті өнімдердің және (немесе) иондаушы сәулелердің қауіпсіз пайдаланудың белгіленген шегінен астам мөлшерде қалыпты пайдалану үшін жобада көзделген шектен шығуы болған ЯРЭҚ-ты пайдаланудың бұзылуы;
2) аварияны басқару - ЯРЭҚ-ты бақыланатын қауіпсіз жағдайға көшіруге, жобалық авариялардың жобадан тыс аварияларға ұласуын болдырмауға және жобадан тыс авариялардың салдарларын әлсіретуге бағытталған іс-қимылдар;
3) авариялық жағдай - ЯРЭҚ-тың қауіпсіз пайдалану шектерінің және (немесе) жағдайларының аварияға ұласпаған бұзылуымен сипатталатын жағдайы;
4) аварияның өту жолы - аварияның өршу процесінде ЯРЭҚ жүйелері мен элементтері жай-күйінің жалғаспалылығы;
5) қалыпты пайдалану жүйелері, элементтері - қалыпты пайдалануды жүзеге асыруға арналған жүйелер, элементтер;