• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 13.01.2016 г

Отправить по почте

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2014 жылғы 14 қазандағы№ 13 бұйрығына 12-қосымша

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті туралы 
ЕРЕЖЕ
Ереже күшін жойды 2016 жылғы 13 қаңтардан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрінің 06.01.2016 жылғы № 2 Бұйрығына сәйкес
1. Жалпы ережелер
1.  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) мемлекеттік қызмет саласында басшылықты, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау мен бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу мен тергеу бойынша салааралық үйлестіруді әрі өзге де арнайы атқарушы және рұқсат беруші функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
2.  Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 
3.  Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4.  Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5.  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, Департамент мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар. 
6.  Департамент өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Департамент басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7.  Департаменттің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8.  Департаменттің заңды мекенжайы: 37140011, Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Қамзин көшесі, 37.
9.  Департаменттің толық атауы – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі.
10.  Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.
11.  Департаменттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12.  Департаментің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында Департаменттің кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Департаментке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
13. . Міндеттері:
1)  мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларында мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жетілдіруге қатысу;
2)  мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды және қылмыстарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайту, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелерінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, ұйымдардың қызметін үйлестіру;
3)  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың пайда болу себептері мен жағдайларын азайту;
4)  сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу.
14.  Функциялары: 
1)  мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2)  мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау;
3)  мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою мен азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу;
4)  мемлекеттік органдардың, ұйымдардың заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды орындауларын мониторингтеу мен бағалауды жүзеге асыру;
5)  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, халықтың сыбайлас жемқорлықтың қатерлері туралы хабардар болуын арттыру;
6)  қоғамның сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін азайтуға бағытталған, азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
7)  сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық істер бойынша тәркіленген және қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынған мүлікті өткізу мониторингін жүзеге асыру, әдеттегідей, кейіннен оны мемлекет кірісіне өткізу туралы ақпаратты жариялау;
8)  мемлекеттік қызметтегі кадр құрамы және мемлекеттік лауазымдардың жай-күйі туралы мониторинг жүргізу;
9)  мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервін қалыптастыру;
10)  мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде шетелдерде даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;
11)  мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестіру;
12)  мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған адамдардың мемлекеттік қызмет өткеруіне мониторингті жүзеге асыру;
13)  мемлекеттік қызметшілердің еңбекақыларын төлеу, әлеуметтік-құқықтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысу;
14)  мемлекеттік қызметшілерді және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға үміткерлерді тестілеуді ұйымдастыру;
15)  мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, оларға консультация беру;
16)  мемлекеттік органдар әзірлейтін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу; 
17)  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қойылатын біліктілік талаптарына үміткердің сәйкес келуі бөлігінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындауды келісу;
18)  электрондық түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қоспағанда, мемлекеттік органдарда персоналды басқарудың тиімділігін және мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалауды жүзеге асыру;
19)  мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қызметті алушылардың қанағаттанушылығына мониторингті жүзеге асыру;
20)  жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі қоғамдық кеңестер құру;
21)  мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
22)  жеке тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу бойынша ақпараттық, кеңестік, әдістемелік қолдау көрсету;
23)  мемлекеттік қызметшілерге және азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша кеңес беру;
24)  мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданылу мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың іс-әрекеті мен шешіміне жасалған өтініштерін қарау;
25)  мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауына, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бақылауды жүзеге асыру;
26)  мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарау;
27)  мемлекеттік әкімшілік қызметшілерден сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін берілген тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға келісім беру;
28)  сынақ мерзімінен өтпеген мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді жұмыстан шығаруды келісу;
29)  мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік істерін қарау жөніндегі мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын үйлестіру;
30)  сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;
31)  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар бойынша жедел-іздестіру, әкімшілік, тергеу және анықтау қызметінің тәжірибесіне талдау жүргізу;
32)  сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіру, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын белгілеу, қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
33)  Агенттіктің келісімі бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрес мәселелері бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
34)  мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
35)  Департаментке Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің және Агенттіктің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
15.  Департаменттің құқықтары мен міндеттері:
1)  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
2)  мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша тексерулер жүргізу, тексерулер жүргізуге мемлекеттік органдардың келісімімен олардың қызметкерлерін тарту;
3)  құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға заңдылықты бұзушылықты жою туралы орындалуы міндетті нұсқамаларды енгізу;
4)  мемлекеттік органдарға, ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсыныстарды енгізу;
5)  Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының бұзылуы анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте шаралар қабылдау;
6)  Департаменттің және оның аймақаралық бөлімшелерінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
7)  жедел-іздестіру қызметін, анықтауды және алдын ала тергеуді жүзеге асыру;
8)  іс жүргізуде жатқан қылмыстық істер бойынша шақыру бойынша келуден жалтарып жүрген адамдарды күштеп әкелу;
9)  Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып кою немесе алуды жүргізу;
10)  Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалану;
11)  әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау және хаттама жасау, әкімшілік ұстауды жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген басқа да шараларды қолдану;
12)  Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда уәкілетті органдардан және лауазымды адамдардан ревизиялар, салықтық және басқа тексерістер, аудит және бағалау жүргізуді талап ету;
13)  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Департаментке және оның құрылымдық бөлімшелеріне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпарат жүйелерін құру және пайдалану, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша алдын ала тергеу, анықтау, іс жүргізу барысында зерттеулер ұйымдастыру;
14)  азаматтық қоғам институттарымен, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен Департамент қызметінің негізгі бағыты бойынша өзара іс-қимыл жасау;
15)  Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру
16.  Департаментке басшылықты Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуына және функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын Басшы жүзеге асырады. 
17.  Департаменттің басшысын Агенттіктің Төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
18.  Департамент басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары, Тәртіптік кеңес Хатшылығының меңгерушісі болады.
19.  Департамент басшысының өкілеттігі:
1)  Департаменттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, соның ішінде алдын ала тергеу, анықтау және жедел-іздестіру қызметінің мәселелері бойынша, Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне бақылауды жүзеге асырады;
2)  Департамент жұмыскерлерінің (қызметкерлерінің) және оның құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;
3)  өз өкілеттіктері шегінде Департаменттің, Департаменттің құрылымдық бөлімшелері жұмыскерлерінің (қызметкерлерінің) орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
4)  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Департаменттің жұмыскерлерін (қызметкерлерін) қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, көтермелеу, материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
5)  Агенттіктің қарауына Департаменттің, оның құрылымдық бөлімшелерінің жұмыскерлерін (қызметкерлерін) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау және құрметті атақтарын беру туралы ұсыныстар енгізеді;
6)  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынастарда Департамент атынан өкілдік етеді;
7)  өз құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Департамент басшысы орнында болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін оны алмастыратын адам қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.
20.  Департамент басшысы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзінің орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді.
21.  Департамент басшысының консультативтік-кеңесші органдар құруға құқығы бар.
4. Департаменттің мүлкі
22.  Департаменттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Департаменттің мүлкі мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда), Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23.  Департаментке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
24.  Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Департаменттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруына немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуіне құқығы жоқ. 
5. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату  
25.  Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.