Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) қолдану тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 қазандағы № 1147 Қаулысы
«Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) қолдану тізбесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру кезінде дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (қондырғы) орнатуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті жекелеген қызмет түрлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1743 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., №6, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2014 жылғы 29 қазандағы
№ 1147 қаулысымен бекітілген
Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) қолдану тізбесі
Көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (қондырғы) орнату мен қолдануды қамтамасыз ету, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдау өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің, өзі өндірген акваөсіру (балық аулау) өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы саласында қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге және (немесе) заңды тұлғаларға, жылжымалы сөрелер, автодүкендер, шатырлар, дүңгіршектер, контейнерлер арқылы және сауда базарларының аумағында жүзеге асырылатын қызметке қолданылмайды.