Toggle Dropdown
Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 23 қыркүйекте № 9744 тіркелді.
Редакция 05.03.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 180-бабы 3-бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Күші жойылды деп танылсын:
1) «Қылмыстар, оқиғалар туралы өтініштерді, хабарламаларды, шағымдарды және өзге ақпаратты қабылдау, тіркеу, есепке алу, соның ішінде электронды форматта және қарау жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2011 жылғы 12 қыркүйектегі № 83 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7293 тіркелген, «Заң газетінің» 2011 жылғы 22 қарашадағы № 171 (1987), 2011 жылғы 23 қарашадағы № 172 (1988) жарияланған);
2) «Қылмыстар, оқиғалар, қылмыстық істер және оларды тергеу нәтижелері туралы, соның ішінде электрондық форматта өтініштерді, хабарламаларды, шағымдарды және өзге де ақпаратты бірыңғай карточкалық есепке алуды жүргізу жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 7 тамыздағы № 80 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9730 тіркелген, «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылдың 19 қыркүйегінде жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі - Комитет):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты орындау үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу мүдделі субъектілеріне, сондай-ақ Комитеттің аумақтық органдарына жолдасын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет Төрағасына жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры А. Дауылбаев
Қазақстан Республикасы
Бас прокурорының
2014 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 89 бұйрығымен
бекітілген
Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары
1. Осы Қағидалар қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпаратты есепке алу кітабы (бұдан әрі – АЕК) – сотқа дейінгі тергеп-тексерудібастауға Қазақстан Республикасы Қылмыстық – процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ҚПК) 180-бабының бірінші бөлігінде аталған себептерді қоса алғанда қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпарат енетін автоматтандырылған дерекқор;
2) ақпараттың қорғалған жеткізгіші – бұл Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғайтізіліміне қол жеткізу үшін негізгі ақпараттарды және биометриялық деректерді қауіпсіз сақтауға арналған құрылғы;
3) биометриялық оқитын құралы – саусақ іздерінің биометриялық параметрлері бойынша жүйе пайдаланушысын аутентификациялау үшін мамандандырылған перифериялық құрылғы;
4) жасырылған қылмыстық құқық бұзушылық – бұл ҚР ҚПК-нің 180-бабымен көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себептердің болуына қарамастан, СДТБТ-да оны тіркеуге шаралар қабылданбаған қылмыстық теріс қылық немесе қылмыс;
5) иесі бүркемеленген өтініш – ол бойынша авторын анықтау мүмкін емес, арыз иесінің қолтаңбасы, оның ішінде электронды цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы жоқ хабар;
6) қайталама арыз және хабар – сол бір қылмыстық құқық бұзушылық бойынша бір реттен аса арыз және хабар;
7) қолтаңба планшеті – қолтаңба иесінің қолжазба қолтаңбасының цифрлық аналогын құруға мүмкіндік беретін графикалық планшеттен және жазу қаламынан (стилус) тұратын мамандандырылған перифериалық құрылғы;
8) құқық берілген адам – қылмыстық қудалау органы кезекші бөлімінің қызметкері, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты қабылдауға және есепке алуға жауапты лауазымды адам;
9) қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпарат – анықталмаған адамның хабарын, сондай-ақ ҚР ҚПК-нің 180-бабының бірінші бөлігінде аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себептерін, ҚР ҚПК-нің 181-бабының 5-бөлігінде көрсетілген арыздар мен хабарларды қоса алғанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау мүмкіндігі туралы шешімді қабылдау қажеттілігі бар ақпарат;
10) қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты есепке алу –АЕК-ке осы тармақтың 15)тармақшасында көрсетілген себептерді осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес «АЕК-тегі есепке алу» К-1 нысаны бойынша (бұдан әрі – К-1 нысаны), сондай-ақ осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес «АЕК бойынша шешім» К-2 нысаны бойынша, осы Қағидалардың 12 және 14-тармақтарына сәйкес оның шешілу нәтижелері туралы мәліметтерді (бұдан әрі – К-2 нысаны) қоса, қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты бекіту;
11) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарды және ақпаратты қабылдау – қылмыстық қудалау органдары лауазымды адамдарының ҚР ҚПК-нің 180-бабының бірінші бөлігінде аталған себептерді, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы өзге де ақпаратты міндетті түрде қабылдауы;
12) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарды немесе баянатты тіркеу – осы тармақтың 15) тармақшасында көрсетілген себептерді СДТБТ- да тіркеу;
13) Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердіңбірыңғай тізілімін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – нақты функцияларды орындау үшін өз құзыреті шеңберінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін пайдаланатын лауазымды адам;
14) Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – СДТБТ) – ҚР ҚПК-нің 180-бабының бірінші бөлігінде аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себептері, олар бойынша қабылданған процестік шешімдер, жүргізілген әрекеттер, қылмыстық іс жүргізудің қозғалысы, арыз иелері мен қылмыстық процестің қатысушылары туралы мәліметтер енетін ақпараттық жүйе, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізуді жүзеге асырады;
15) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себептері – арыз, кінәсін мойындап келу, хабар, ҚР ҚПК-нің 181 – 184-баптарының талаптарына сәйкес рәсімделген ҚР ҚПК-нің 180-бабының бірінші бөлігінде аталған қылмыстық құқық бұзушылық туралы баянат;
16) туыстарымен байланысын жоғалтқан адам – әртүрлі себептерге байланысты туыстарымен қандай да бір қарым-қатынас жасамайтын және өзінің орналасқан жері туралы мәліметтерді хабарламайтын, оған қатысты іздестіру туралы арыз келіп түскен адам;
17) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, оның аумақтық және оларға теңестірілген органдары;
18) хабарсыз кеткен адам (хабарсыз жоғалған адам) – кенеттен, қандай да бір себепсіз жоғалып кеткен, орналасқан жері белгісіз және оған қатысты оны іздеу туралы арыз, хабар немесе баянат келіп түскен адам;
19) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың шынайылығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгертілмегендігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы;
20) электрондық ақпараттық есепке алу құжаты (нысан) – оның негізінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу деректері қалыптасатын құқықтық статистикалық ақпараттың жеткізгіші;
21) SМS-хабарлама – мобильді байланыс және (немесе) электрондық пошта арқылы қылмыстық процеске қатысушыларға оларды хабар ету не қылмыстық процесті жүргізуші адамның келуі үшін мәтіндік хабарлар жіберуге мүмкіндік беретін СДТБТ-ның функционалы;
22) жария сектор – азаматтарға қылмыстық құқық бұзушылық бойынша арыздар беруге және хабарларды жіберуге, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушыға Интернет арқылы ақпараттық қауіпсіздік және құпиялылық талаптарын сақтай отырып, қабылданған процестік шешімдер туралы СДТБТ-да бар және және өзге де мәліметтерге, өзіне немесе ол қорғайтын адамға қатысты қылмыстық істің материалдарына қашықтықтан қол жеткізуге, шағымдар және өтінішхаттар беруге мүмкіндік беретін СДТБТ-ның функционалы;
23) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп – ол сотқа дейінгі тергеп -тексеруді жүзеге асыратын адамның жиналған нақты деректеріне негізделген сотқа дейінгі тергеп -тексеруді аяқтау туралы, айыптау актісін жасау және істі сотқа жіберу үшін істі прокурорға жіберу туралы қысқа тұжырымдары.
3. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4. Қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлері мен бөлімшелері арасында өкілеттіктерді жіктеу және олардың қызметін қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар мен хабарларды қабылдау және тіркеу бойынша ұйымдастыру, сонымен қатар СДТБТ-да жүргізу құқық қорғау және арнайы органдар басшыларының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
2-тарау. Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу тәртібі
5. Қылмыстық қудалау органдарының лауазымды адамдары кез келген қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты қабылдайды. Кезекші бөлімдер қабылдауды тәулік бойы жүзеге асырады.
СДТБТ-на қолжетімділігі бар лауазымды адамдар қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты қабылдағаннан кейін оны АЕК-на бекітуді жүргізеді.
Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпарат СДТБТ-мен интеграцияланған электрондық ақпараттық ресурстардан және интернет-ресурстардан келіп түскен жағдайда оларды техникалық мүмкіндік болған кезде АЕК-ке тіркеу автоматты түрде немесе уәкілетті тұлға жүргізеді.
СДТБТ-на қолжетімділік болмаған жағдайда, қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты қабылдаған лауазымды адам байланыс құралдарын пайдалана отырып уәкілетті тұлға хабарлайды, ал ол алынған хабарлама негізінде АЕК-де бекітуді жүзеге асырады және осы Қағидалардың 3-1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша баянат жасайды.
Жедел-іздестіру қызметінің барысында «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексерілгеннен кейін, соның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтау кезінде арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары қолданыла отырып алынған мәліметтер ҚПК-нің 184-бабының бірінші бөлігі 2) тармағының талаптарына сәйкес лауазымды адамның баянаты бойынша тіркелуі тиіс.
Байланыс арналары арқылы келіп түскен бүркемеленген өтініштер, соның ішінде белгісіз адамдардың хабарлары АЕК-де бекітіледі және ондағы қылмыстық құқық бұзушылық туралы мәліметтер ҚПК-нің 184-бабының бірінші бөлігі 2) тармағының талаптарына сәйкес, тек лауазымды адамның баянаты бойынша расталған жағдайда ғана СДТБТ-да тіркелуі мүмкін.