- 1
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабы 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Отправить по почте
Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015 - 2030 жылдарға арналған бас схемасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1171 қаулысы
Осы Қаулының орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді ҚР Үкіметінің 28.09.2015 жылғы № 794 Қаулысына сәйкес Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 29.11.2023 жылғы № 1055 Қаулысына сәйкес
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабы 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берілген Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015 - 2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1171 қаулысымен бекітілген
Кіріспе
Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы (бұдан әрі - Бас схема) Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығының стратегиялық бағыттарын көздейтін кешенді құжат болып табылады.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес газдандырудың стратегиялық басымдықтары мынадай негізгі міндеттерді:
1) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін сенімді газбен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін перспективалы газдандыруды дамытудың стратегиялық бағыттарын қалыптастыруды;
2) газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін жасау үшін негіз болып табылатын газдандыру жүйелерінің жұмыс істеп тұрған және салу жоспарланатын объектілерін орналастыру схемасын айқындауды;
3) Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық балансы құрылымында газ (тауарлық және сұйытылған мұнай) тұтынудың үлесін арттыру үшін жағдай жасауды шешуге бағытталған.
Жоғарыда аталған міндеттерді шешу ұзақ мерзімді кезеңде газдандыруды дамытудың қолданылуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасы экономикасының инновациялық даму жолына көшу қарқынына қарай тиімді басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Табиғи газ әлемдік энергетика құрылымы мен халықаралық отын балансында ерекше орынға ие. Әлемдегі газ өнеркәсібінің қарқынды дамуына соңғы 20 жылда айқындалған сұйытылған табиғи газ нарығының тездетіп қалыптасуы ықпал етеді. Әлемдік энергия балансындағы көмірсутекті газ тәрізді отын үлесінің шамамен отыз пайызға жету мүмкін екендігі болжанады. Осының салдарынан, әлемдік сарапшылар алдағы кезеңді энергетиканың дамуындағы «метан» дәуірі деп сипаттайды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы үшін табиғи газ перспективалы энергия жеткізгіш болып отыр, оның барланған және бағаланған қоры Каспий қайраңындағы жаңа ашылған кен орындарын есепке алғанда, шамамен 3,9 триллион м3 (бұдан әрі — трлн. м3 ) құрайды, ал әлеуетті ресурстары 6-8 трлн. м3 дейін жетеді.
Бұл ретте Қазақстан Республикадағы барланған газ қорының ерекшелігі барлық кен орындарында газ алу мұнайды және конденсатты алумен қатар жүргізілетіндігі болып табылады. Сондықтан осы кен орындарын белсенді игеру және соңғы жылдары мұнай өндіру көлемінің күрт өсуі өндірілетін ілеспе газдың ұлғайып келе жатқан көлемін кәдеге жарату қажеттігін көрсетіп отыр.
Газ саласын дамыту бойынша соңғы жылдары қабылданған іс-шаралар газ тасымалдау компанияларының салыстырмалы қаржылық тұрақтылығына, жұмыс көлемінің артуына, магистральдық және жергілікті газ құбыры жүйелерін (бұдан әрі - МГ) техникалық қайта құруға қол жеткізуге мүмкіндік туғызды, бұл газды ішкі тұтынуда көрініс тапты.
Қазіргі кезде шығарылатын газды өңдеу толық көлемде жүзеге асырылмайды, табиғи газды шығарылған орнынан оны тұтынатын өңірлерге қайта бөлу мүмкіндігі жоқ.
Жоғарыда аталғанның барлығы өндірілетін ілеспе газды кәдеге жаратудың жаңа жолдарын іздестіруге, газды өңдеу және тасымалдау бойынша жаңа қуаттарды енгізуге, сондай-ақ ішкі өткізу нарықтарының кеңеюіне байланысты бірқатар міндеттердің шешімін табу қажеттігіне әкеп соғады.
Бас схеманы қабылдау мұнай-газ кешеніндегі газ құрамдасының жекелеген буындарының бытыраңқы жиынтығын технологиялық жағынан және аумақтық жағынан салалық жүйеге біріктіруге бағытталған.
Бас схеманы әзірлеу Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін тек жаңа газ құбырларының кең ауқымды құрылысы ғана емес, сол сияқты Қазақстан Республикасының өңірлерін газдандырудың балама және ұтымды қайнар көздерін іздеу арқылы қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
1. Қазақстан Республикасын газдандырудың қазіргі жағдайы
1-бөлім өзгертілді ҚР Үкіметінің 30.11.2021 жылғы № 853 Қаулысымен (28.09.2015 ж. редакцияны қараңыз)
Қазақстан Республикасы газының бастапқы жиынтық ресурстары 2010 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 3,9 трлн. м3 бағаланады, оның ішінде ерітілген газ - 2,6 трлн. м3 , еркін газ - 1,3 трлн. м3 . Ең елеулі газ ресурстары Каспий маңындағы мұнай-газы бар аймағының қойнауында жинақталған - 3,72 трлн. м3 . Қазақстан Республикасының мұнай-газы бар аудандарының көлемі Қазақстан аумағының шамамен алпыс екі пайызын құрайды. Газ қорының шамамен тоқсан сегіз пайызы географиялық тұрғыдан Қазақстан Республикасының батыс өңірі облыстарының, атап айтқанда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумағында орналасқан.
2010 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің (бұдан әрі - ҚР ИДМ) деректері бойынша геологиялық құрылысы, платформалы чехолдың стратегиялық графикалық диапазоны және мұнай-газ бойынша ажыратылатын, еркін және ерітілген газдың 202 кен орны мемлекеттік теңгерімге есепке алынған.
1-сурет - Қазақстан Республикасының газ қорлары*
*Дереккөз: ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің деректері бойынша, 2010 ж.
Қазақстанның газ ресурстарының ерекшелігі қомақты бөлігінің ілеспе газ болып табылатынында және тиісінше, газ өндіру көмірсутектердің сұйық фракцияларын өндіруге байланысты. Өндірілген шикі газдың едәуір көлемі қабаттағы қысымды ұстап тұру және бірінші кезекте сұйық көмірсутектер өндіру үшін қайтадан қабатқа айдалады.
Газ саласының перспективалы дамуы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарын игерумен тікелей байланысты болады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – ҚР Энергетикамині) бағалауы бойынша Қашаған бойынша газ өндірудің күтілетін көлемі жылына шамамен 9 миллиард м3(бұдан әрі – млрд м3) газды құрайтын болады. Аталған көлемнен Қазақстан Республикасының ұлттық операторы «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Ұлттық оператор) мен Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісім бойынша мердігер компаниялар арасындағы шартқа сәйкес Ұлттық оператор Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің (бұдан әрі – СК ӨБК) қолданылу мерзімі аяқталғанша, яғни 2042 жылға дейін жылына Қашаған газының шамамен 2,5-3 млрд м3сатып алатын болады.
1. Газ өндіруді дамыту үрдісі мен болжамы
1-тармақ өзгертілді ҚР Үкіметінің 31.12.2021 жылғы № 982 Қаулысымен (30.11.2021 ж. редакцияны қараңыз)
Қазақстанның газ саласын дамытудың қазіргі заманғы үрдісі ұзақ мерзімді перспективада сақталып қалатын газ өндіру көлемінің динамикалық өсімі болып табылады. Газ саласы дамуының оң факторларына көбінесе жаңа ірі кен орындарын тәжірибелік-өндірістік игеруден өндірістік игеруге пайдалануға беруді көздейтін жер пайдаланушылардың инвестициялық бағдарламалары шеңберінде белгіленген іс-шараларды жоспарлы түрде іске асыру ықпал етеді. Соның нәтижесінде, 2002 - 2012 жылдарға арналған кезеңде газ өндіру 2,5 еседен астам өсті.
1-график - Газ өндіру динамикасы (жалпы шығару)*
*Дереккөз: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің деректері бойынша
Өндіру өсімінің үрдісі Қазақстан Республикасының барлық мұнай-газ өндіретін өңірлері бойынша байқалады. Газ өндірудің жалпы көлемінде Батыс Қазақстан облысының кен орындарының үлес салмағы қомақты болып табылады, олардың үлесі шамамен қырық жеті пайызды құрайды, бұл ең ауқымды мұнай-газ конденсатты кен орындарының бірі болып табылатын Қарашығанақты игеруге байланысты. Республикада газ өндірудің үлесі шамамен отыз екі пайызды құрайтын Атырау облысында газ өндірудің ең жоғары көлемі Теңіз және Королевское, Маңғыстау облысында (газ өндірудің жалпы республикалық көлемінің бес бүтін оннан алты пайызы) - Солтүстік Бозашы, Қызылорда облысында - (газ өндірудің жалпы республикалық көлемінің үш бүтін оннан сегіз пайызы) - Оңтүстік Құмкөл және Ақшабұлақ кен орындарына тиесілі.
Газ саласының перспективалы дамуы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарын игерумен тікелей байланысты болады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – ҚР Энергетикамині) бағалауы бойынша Қашаған бойынша газ өндірудің күтілетін көлемі жылына шамамен 9 миллиард м3 (бұдан әрі – млрд м3 ) газды құрайтын болады. Аталған көлемнен Қазақстан Республикасының ұлттық операторы «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Ұлттық оператор) мен Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісім бойынша мердігер компаниялар арасындағы шартқа сәйкес Ұлттық оператор Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің (бұдан әрі – СК ӨБК) қолданылу мерзімі аяқталғанша, яғни 2042 жылға дейін жылына Қашаған газының шамамен 2,5 – 3 млрд м3 сатып алатын болады.
Қашаған газын жеткізудің жоспарланатын жыл сайынғы көлемі ішкі нарық үшін және экспортқа газдың едәуір көлемінің шоғырлануына ықпал ететін болады.
ҚР Энергетикаминінің болжамдарына сәйкес 2020 жылға қарай газ өндірудің көлемі жылына 62 млрд. м3 дейін артып, ол 2030 жылға қарай 59,7 млрд. м3 дейін біртіндеп төмендейді, бұл газды кері айдау қажеттігіне байланысты. Сұйық көмірсутектерді өндіру ерекшелігі газды кері айдау технологияларын қолдануды көздейтіндіктен, өндірілетін газдың едәуір көлемі осы мақсаттар үшін пайдаланылатын болады. Осының салдарынан, перспективада тауарлық газ өндірудің төмендеуі күтілуде.
1-кесте - Қазақстан Республикасы газының болжамды балансы, млн. м3 *
№ |
Көрсеткіштер |
2015 ж. |
2020 ж. |
2025 ж. |
2030 ж. |
1. |
Газ өндіру |
44 194 |
61 995 |
61 022 |
59 784 |
2. |
Газ айдау |
12 475 |
22 838 |
24 768 |
25 108 |
3. |
Технологиялар және меншікті мұқтаждықтар, оның ішінде газ жағу |
5 631 |
5 927 |
5 532 |
5 291 |
4. |
Құрғақ газды өндіру, барлығы |
26 087 |
33 230 |
30 722 |
29 385 |
5. |
Өз мұқтажына, оның ішінде ГТҚ отын газы |
3 868 |
8 643 |
8 479 |
8 369 |
6. |
Таратылатын тауарлық газ |
22 219 |
24 587 |
22 243 |
21 016 |
*Дереккөз: ҚР Энергетикаминінің деректері бойынша «ҚР-ның 2030 дейінгі газ балансы», 2014 жылғы 21 сәуір.
Бұл салдар ішкі нарықты өз ресурстарымен қамтамасыз ету үшін газ тапшылығының қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, газ өндіру және тауарлық газды өндіру әлеуеті әлі таусылған жоқ және көлемнің болжанатын төмендеуі тән емес үрдіс болып табылады, жаңа кен орындары пайдалануға берумен газ өндіру көлемі өсуі мүмкін.
2. Тауарлық газды тұтыну динамикасы мен құрылымы
Қазақстан өңірлерін газдандырудың қазіргі жағдайы мынадай базалық көрсеткіштермен сипатталады. Қазақстан Республикасының тоғыз облысы және оңтүстік өңірдің ең ірі мегаполисі - Алматы қаласы газбен жабдықталған. Газбен жабдықтаудың ең жоғары деңгейі батыс өңірдің облыстарында байқалады: Маңғыстау облысы - 96,4 %; Атырау облысы - 92,9 %; Батыс Қазақстан облысы — 86,7%; Ақтөбе облысы - 79,9 %.
Газдандыру объектілерін салу бойынша жоспарлы іс-шаралардың іске асырылуымен тауарлық газды пайдаланудың көлемі динамикалы түрде өсіп келеді.
2-график 2009 - 2013 жж. тауарлық газды тұтыну
Дереккөз: ҚР Энергетикаминінің деректері бойынша
Газды пайдаланудың құрылымында ең қомақты үлес салмақ өнеркәсіп кәсіпорындарына және жанармай-энергетикалық кешенге тиесілі (тиісінше 26 % және 45 %).
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |