Toggle Dropdown
Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 21 қаңтарда № 10111 тіркелді
Редакция 12.11.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 75-бабының 3 және 6-тармақтарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) мемлекеттік органның интернет-ресурсында, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енізіледі.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов
2015 жылғы 16 қаңтар
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрінің
2015 жылғы 16 қаңтардағы
№ 17 бұйрығына
1-қосымша
Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидалары
1. Осы Қағидалар «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 75-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру, оның ішінде тендер өткізу, сенімгерлік басқарушылармен шарттар жасасу тәртібін айқындайды.
Осы Қағидалардың ережелері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери мүлкін және пайдаланылмайтын әскери мүлкін, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын, тарих және мәдениет ескерткіштері мен су шаруашылығы құрылысжайларын сенімгерлік басқаруға беруге байланысты құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор – «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам;
2) баланс ұстаушы – объект жедел басқару немесе шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген мемлекеттік заңды тұлға;
3) басқару органы – акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын және/немесе мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
4) құрылтайшының сенімгерлік басқарудан түсетін таза кірісі – Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген сенімгерлік басқарушының өз қызметі туралы есебі негізінде айқындалатын салықтық кезеңдегі сенімгерлік басқарудың кірістері мен шығындары арасындағы оң айырма;
5) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – «Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай операторды айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 шілдедегі № 802 қаулысы бойынша айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру және есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру жөніндегі міндеттер, сондай-ақ Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің активтерін басқару мен пайдалану жөніндегі функциялар жүктелген жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлға;
6) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы (бұдан әрі – құрылтайшы) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
7) объект – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери мүлкін және пайдаланылмайтын әскери мүлкін, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын, тарих және мәдениет ескерткіштері мен су шаруашылығы құрылысжайларын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешені, бағалы қағаздар, жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік, мемлекетке тиесілі ақша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда өзге де мемлекеттік мүлік;
8) сенімгерлік басқарушы – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, құрылтайшымен, баланс ұстаушы немесе басқару органымен сенімгерлік басқару шартын жасасқан жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
9) сыйақы – объект сенімгерлік басқаруға берілген кезде құрылтайшының сенімгерлік басқаруынан түсетін таза кіріс есебінен жүзеге асырылатын сенімгерлік басқарушыға берілетін төлемдер;
10) тендер – бұл тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып, электрондық форматта өткізілетін, объектіні сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі сауда-саттықтар нысаны, мұнда құрылтайшы өзі ұсынған бастапқы талаптардың негізінде өзі үшін шарттың жақсы талаптарын ұсынатын тендерге қатысушылармен шарт жасасуға міндеттенеді;
11) тендер жеңімпазы – объектіні сенімгерлік басқаруға беру кезінде ең төмен сыйақы мөлшерін ұсынған қатысушы;
12) тендерге қатысушы – тендерге қатысу үшін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
13) тендерлік комиссия – объектіні беру жөніндегі тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін құрылтайшы құрған комиссия;
14) тендерлік ұсыныс – сыйақы мөлшерін қамтитын (құрылтайшының сенімгерлікпен басқаруынан түскен таза кіріске пайыздық арақатынаста) қатысушының ұсынысы;
15) тізілімнің веб-порталы – Интернет желісінде: www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналастырылған, сенімгерлік басқару шарттары бойынша электрондық дерекқорға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
16) шарт – осы Бұйрыққа 2-қосымшаға сай үлгілік шартқа сәйкес құрылтайшы, баланс ұстаушы немесе басқару органы мен сенімгерлік басқарушының арасында жасалған объектіні сенімгерлік басқару шарты;
17) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
18) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық символдар жинағы;
19) электрондық ақшаның электрондық әмияны – екінші деңгейдегі банктегі бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына әлеуетті қатысушы құйған ақша қаражатын есепке алу үшін бірыңғай оператор пайдаланатын тізілімдегі әлеуетті қатысушының жеке шоты.
2-тарау. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру тәртібі
3. Объектіні сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді құрылтайшы қабылдайды, ол туралы мәліметтерді құрылтайшы шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде сенімгерлік басқару шарттары бойынша электрондық дерекқорға енгізеді.
Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту сенімгерлік басқарушы шарттың талаптарын тиісінше орындаған кезде жүзеге асырылады.
Сенімгерлік басқарушы шарт аяқталғанға дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей құрылтайшыға шарттың бүкіл кезеңі үшін мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет туралы есептің қосымшасымен шарттың қолданылу мерзімін ұзарту ниеті туралы өтінішті жазбаша жібереді.
Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту негізгі шартқа қосымша келісім жасасу жолымен жүзеге асырылады. Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі қосымша келісім негізгі шарттың мерзімінен аспайтын жаңа мерзімге жасалады.
Шарттың қосымша келісімі тізілімнің веб-порталында электрондық форматта жасалады және құрылтайшы, баланс ұстаушы немесе басқару органы және сенімгерлік басқарушы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ЭЦҚ пайдалана отырып қол қояды.
4. Акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің немесе өзге де заңды тұлғалардың) мемлекетке тиесілі акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқаруға беру кезінде сенімгерлік басқарушыға мынадай:
1) акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің және өзге де заңды тұлғаның жарғысын өзгерту туралы;
2) акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің және өзге де заңды тұлғаның жарғылық капитал мөлшерін өзгерту (ұлғайту немесе азайту) туралы;
3) акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе өзге де заңды тұлғаны тарату, оларды қайта ұйымдастыру туралы, сондай-ақ олардың атауын өзгерту туралы мәселелерді шешуге байланысты мемлекеттің құқықтары берілмейді.
Акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің немесе өзге де заңды тұлғалардың) акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) мемлекеттің дивидендтерге құқығынан бас тартумен сенімгерлік басқаруға беруге жол берілмейді.
Сенімгерлік басқарушы акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе өзге де заңды тұлғаның) таза кірісінің бір бөлігін Қазақстан Республикасының Бюджет кодесімен белгіленген мөлшерде дивидендтер (кірістер) төлеуге жіберуді қамтамасыз етеді.