Toggle Dropdown
Қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 243 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 ақпанда № 10340 тіркелді
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы және «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» 2006 жылғы 5 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 29 наурыздағы № 87 қаулысымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес қызметін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар осы қаулы қолданысқа енгізілгеннен кейін бір ай ішінде өз қызметін осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» 2013 жылғы 29 наурыздағы № 87 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8462 тіркелген, 2013 жылғы 13 маусымда «Заң газеті» газетінде № 86 (2287) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Ұлттық Банк Төрағасы Қ. Келімбетов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
2015 жылғы 29 қаңтар
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 243 қаулысымен
бекітілген
Қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары
1. Осы Қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы 1995 жылғы 30 наурыздағы, «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» 2006 жылғы 5 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздары Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының (бұдан әрі – қаржы орталығы) арнайы сауда алаңының тізіміне енгізіледі деп болжанатын немесе енгізілген эмитенттердің, сондай-ақ оригинаторлардың қаржылық есептілігіне аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді.
2. Оригинаторлар мен эмитенттердің, оның ішінде бағалы қағаздары қаржы орталығының арнайы сауда алаңының тізіміне енгізіледі деп болжанатын немесе енгізілген депозитарлық қолхаттардың базалық активі эмитенттерінің қаржылық есептілігіне және қаржылық есептілігімен байланысты ақпаратына аудит жүргізу үшін аудиторлық ұйым мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) Қазақстан Республикасының резиденттері - заңды тұлғалар үшін – жүргізілген сыртқы сапа бақылауының нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымның халықаралық аудит стандарттарын және Халықаралық бухгалтерлер федерациясының Әдеп кодексін сөзсіз сақтауын («өте жақсы» бағасымен) растайтын, аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік уәкілетті орган аккредиттеген кәсіби аудиторлық ұйым қорытындысының болуы;
2) Қазақстан Республикасының резиденті емес - заңды тұлғалар үшін – Халықаралық бухгалтерлер федерациясының мүшесі болып табылатын кәсіби аудиторлық ұйымның қорытындысының не аудиторлық ұйым резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының жүргізілген сыртқы сапа бақылауының нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымның халықаралық аудит стандарттарын және Халықаралық бухгалтерлер федерациясының Әдеп кодексін сақтауын («өте жақсы» бағасымен) растайтын қорытындысының болуы;
3) аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартының болуы;
4) кем дегенде үш жыл аудиторлық қызметпен айналысу;
5) Associate Chartered Accountant (ACA) не Chartered Institute of Management Accountants (CIMA), не Association of Chartered Certified Accountants (ACCA), не Certified Public Accountant (CPA) сертификатының нотариалды куәландырылған көшірмесімен расталатын бухгалтерлік есеп пен аудит саласындағы біліктілігі және/немесе лицензиялары, сондай-ақ сертификаттың және/немесе лицензияның шығу елінің заңнамасына не сертификатты және/немесе лицензияны берген ұйымның қағидаларына сәйкес шұғылданушы маманның мәртебесін растайтын құжаттары және осы аудитордың осы аудиторлық ұйымның қызметкері екенін растайтын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі бар кем дегенде үш аудитордың болуы;
6) аудиторлық ұйымның мөрімен расталған аудиторлық есептердің көшірмелерін ұсына отырып, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (IAS/IFRS) немесе Америка Құрама Штаттарында қолданыстағы қаржылық есептілік стандарттарына (GAAP) сәйкес жасалған ұйымдардың қаржылық есептілігі бойынша соңғы 3 жылға кем дегенде он бес аудиторлық есептің болуы.
3. Бағалы қағаздары қаржы орталығының арнайы сауда алаңының тізіміне «акциялар» секторының екінші санаты бойынша (депозитарлық қолхаттардың базалық активі және оның эмитенті «акциялар» секторының екінші санатының талаптарына сәйкес келеді), «борыштық бағалы қағаздар» секторының «өзге борыштық бағалы қағаздар» және «буферлік санат» санаттары бойынша, «инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары» секторы бойынша, «исламдық бағалы қағаздар» секторы бойынша енгізіледі деп болжанатын немесе енгізілген эмитенттердің (оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активі) қаржылық есептілігіне және қаржылық есептілігімен байланысты ақпаратына аудит жүргізу үшін аудиторлық ұйым мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) Қазақстан Республикасының резиденттері - заңды тұлғалар үшін – жүргізілген сыртқы сапа бақылауының нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымның халықаралық аудит стандарттарын және Халықаралық бухгалтерлер федерациясының Әдеп кодексін сөзсіз ("өте жақсы" бағасымен) немесе кейбір кемшіліктермен («жақсы» бағасымен) сақтауын растайтын, аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік уәкілетті орган аккредиттеген кәсіби аудиторлық ұйым қорытындысының болуы;
2) Қазақстан Республикасының резиденті емес - заңды тұлғалар үшін – Халықаралық бухгалтерлер федерациясының мүшесі болып табылатын кәсіби аудиторлық ұйымның қорытындысының не аудиторлық ұйым резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының жүргізілген сыртқы сапа бақылауының нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымның халықаралық аудит стандарттарын және Халықаралық бухгалтерлер федерациясының Әдеп кодексін сөзсіз ("өте жақсы" бағасымен) немесе кейбір кемшіліктермен («жақсы» бағасымен) сақтауын растайтын қорытындысының болуы;
3) аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартының болуы;
4) кем дегенде үш жыл аудиторлық қызметпен айналысу;
5) осы Біліктілік талаптарының 2-тармағының 5) тармақшасында атап көрсетілген кез келген сертификаттардың не Diplomain the International Financial Reporting (DipIFR ACCA), Сertified International Professional Accountant (CIPA) сертификаттарының нотариалды куәландырылған көшірмесімен расталатын бухгалтерлік есеп пен аудит саласындағы біліктілігі, сондай-ақ сертификаттың және/немесе лицензияның шығу елінің заңнамасына не сертификатты және/немесе лицензияны берген ұйымның қағидаларына сәйкес шұғылданушы маманның мәртебесін растайтын құжаттары және осы аудитордың осы аудиторлық ұйымның қызметкері екенін растайтын құжаттың (құжаттардың) көшірмесі бар кем дегенде екі аудитордың болуы;
6) аудиторлық ұйымның мөрімен расталған аудиторлық есептердің көшірмелерін ұсына отырып, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (IAS/IFRS) немесе Америка Құрама Штаттарында қолданыстағы қаржылық есептілік стандарттарына (GAAP) сәйкес жасалған ұйымдардың қаржылық есептілігі бойынша соңғы 3 жылға кем дегенде он аудиторлық есептің болуы.
4. Қазақстан Республикасының резиденті емес - эмитенттің бағалы қағаздарына қатысты Біліктілік талаптарының 2 және 3-тармақтарының талаптары аудиторлық есептерін Дүниежүзілік биржалар федерациясының толық мүшесі болып табылатын кем дегенде бір шетелдік қор биржасы не АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) қабылдайтын не осы аудиторлық ұйымды Ұлыбританияның Auditing Practices Board (Аудиторлық қызмет жөніндегі кеңес) аккредиттеген аудиторлық ұйым жасаған осы эмитенттің қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық есеп ұсынылған жағдайда қолданылмайды.