Toggle Dropdown
Концессиялық жобаларды жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 157 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 қаңтарда № 10122 тіркелді
Редакция 01.01.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 155-2 және 230-баптарына және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9 және 20–баптарына БҰЙЫРАМЫН:
1) Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты (аукционды) өткізу қағидалары бекітілсін;
3) Осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес концессия шарттарына мониторинг жүргізу, концессиялық жобалардың мониторингін жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау қағидалары;
4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес мемлекет кепілгерліктерін беру немесе көлемін ұлғайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, оның ішінде концессиялық жобаларды іріктеу қағидалары бекітілсін;
5) Осы бұйрықтың 5-қосымшасына сәйкес концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптар;
6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес конкурстық (аукциондық) құжаттаманы, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты (аукционды) өткізу кезінде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерді сараптауға қойылатын талаптар;
7) Осы бұйрықтың 7-қосымшасына сәйкес ең жақсы концессиялық өтінімді айқындау үшін Жобаларға қойылатын кретерийлер;
8) Осы бұйрықтың 8-қосымшасына сәйкес концессиялық жобаларды ерекше маңызы бар санатқа жатқызу критерийлері;
9) Осы бұйрықтың 9-қосымшасына сәйкес концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалар санатына жатқызу критерийлері бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың 10-қосымшасына сәкес Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік жекешелік әріптестікті дамыту департаменті (Н.А. Аязбаев) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі мен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі М.Ә. Құсайыновқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
____________ Б. Сұлтанов
2014 жылғы 19 желтоқсан
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 157 бұйрығына
1-қосымша
Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу қағидалары
1. Осы концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 7-6) тармақшасына және «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Қағидалар концессиялық жобаларды ұсынуды, қарауды және іріктеуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алдын ала есеп айырысулар – жол берулерді көрсете отырып, концессиялық жобаның операциялық, инвестициялық және қаржылық қызметінің кіріс және шығыс бөлігі бойынша есеп айырысулар. Алдын-ала есептеулер ашылмалы формулалары бар Microsoft Office Excel форматында жасалады және қағаз және электронды түрде ұсынылады;
2) Жергілікті жоба – коммуналдық меншікке жататын объектілер (бұрыннан бар немесе салынуы болжанатын) бойынша іске асырылатын концессиялық жоба және/немесе бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың субъектілері концессиялық жобаны іске асырудан экономикалық пайда алушылар болып табылады және Заңның 13-бабына сәйкес;
3) республикалық жоба – республикалық меншікке жататын объектілер (бұрыннан бар немесе салынуы болжанатын) бойынша іске асырылатын концессиялық жоба және/немесе екі және одан да көп облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың субъектілері концессиялық жобаны іске асырудан экономикалық пайда алушылар болып табылады және Заңның 12-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) құжаттаманы, концессия шартының жобасын әзірлеу, тиісті конкурстық (аукциондық) өтінімде қамтылған ұсынылған концессиялық өтінімдерді тәуелсіз бағалау үшін, сондай-ақ Заңның 20-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуетті концессионерлермен келіссөздерге қатысу үшін концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу бойынша заңды тұлғаларды тартады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық не жергілікті уәкілетті орган концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
Бюджет комиссиялары мақұлдаған әрбір концессиялық жобаны консультациялық сүйемелдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру көлемі бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастырады, ол мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) Заңның 16-бабына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады.
6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар заңның 13-бабының 3-2) тармақшасында белгіленген жағдайларда, ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-күніне дейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органды осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша оң қорытындылар алған жергілікті концессиялық жобаларды жоспарлау туралы ақпарат туралы хабардар етеді.
2 тарау. Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу тәртібі
7. Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу процесі мынадай өзара байланысты кезеңдерден тұрады:
1) конкурстық (аукциондық) құжаттаманы әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысының не мемлекеттік органның конкурстық (аукциондық) құжаттаманы әзірлеуге жауапты құрылымдық бөлімшесінің оны алмастыратын адамның айқындауы мен бекітуі.
Мемлекеттік орган жобаны басқару сапасын қамтамасыз ету үшін ведомстволық бағынысты ұйымдарды, тәуелсіз сарапшыларды, жобалау, инжинирингтік, консалтингтік және басқа да компанияларды, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдарды, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын, кәсіпкерлік субъектілерін тарту арқылы Ведомствоаралық жобалау тобын құрады.
Ведомствоаралық жобалау тобы қызметінің мақсаты қандай да бір салада/аяда/өңірде концессиялық жобаны іске асыру қажеттілігі дәлелденген конкурстық (аукциондық) құжаттаманы әзірлеу болып табылады.
Ведомствоаралық жобалау тобы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
концессиялық жобаны іске асыру бойынша келіп түскен ұсыныстар мен бастамаларды зерделейді, олардың басымдылығын іріктейді, бағалайды, айқындайды, келісімшарт, конкурс түрін, жер учаскелерін бөлуге, инженерлік желілерге қосылуға байланысты мәселелерді және концессиялық жобаның өзге де түйінді параметрлерін айқындайды;
хаттамаға қол қою арқылы концессиялық жобаны іске асырудың орындылығы не орындылығының жоқтығы туралы ұсынымдар қабылдайды;
жоспарланып отырған концессиялық жоба бойынша маркетингтік және өзге де қажетті зерттеулер жүргізеді;
барлық қажетті есептерді, оның ішінде концессиялық жобаның алдын ала есептеулерін әзірлеуді жүргізеді;
жобаны іске асыру тетіктері бойынша ұсыныстар мен бастамаларды зерделейді;
конкурстық (аукциондық) құжаттамаға енгізу үшін ұсыныстар қалыптастырады;
концессиялық жобаны жоспарлау кезеңінен бастап концессия шартын жасасу кезеңіне дейін концессиялық жобаны дайындауға тартылған тұлғалардың есептерін тыңдайды;
Келісуші уәкілетті органдар мен ұйымдардан ескертулер алуына қарай концессиялық жобаның конкурстық (аукциондық) құжаттамасын келісу және сараптау процесі барысында пысықтауды жүзеге асырады. Бұл ретте сараптама немесе келісу қорытындылары бойынша қорытындыларда болған кезде ведомствоаралық жобалау тобы үшін жобаларды басқару жөніндегі ұсынымдар көрсетіледі;
концессиялық жобаның конкурстық (аукциондық) құжаттамасын қарау, келісу, сараптамадан өткізу және бекіту мерзімдері мен рәсімдерінің сақталуын қадағалайды.
2) әзірлеуші мемлекеттік орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға концессиялық жобалардың конкурстық (аукциондық) құжаттамасын әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу мәселесін одан әрі тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін концессиялық жобаны іске асырудың орындылығы туралы Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысына экономикалық қорытындыны қоса бере отырып, өтінім енгізеді;
3) республикалық жобалар бойынша конкурстық (аукциондық) құжаттаманы әзірлеуші мемлекеттік органның өтінімі негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессиялық жобалардың конкурстық (аукциондық) құжаттамаларын, оның ішінде техникалық – экономикалық негіздемелерді (бұдан әрі - ТЭН) әзірлеуге немесе түзетуге, сондай – ақ қажетті сараптамалар жүргізуге не жобалар бойынша қорытынды қалыптастырады әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы (бұдан әрі – ЖСҚ). Сондай-ақ техникалық жағынан күрделі емес болып табылатын, үлгілік жобалар, үлгілік жобалық шешімдер және қайта қолданылатын жобалар негізінде іске асырылатын, қолда бар ЖСҚ-ны концессия объектісінің нақты алаңына байланыстыра отырып, республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарады;