Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 10 наурыздағы
№ 115 қаулысымен
бекітілген
Бөгеттің қауіпсіздігі декларациясын әзiрлеу қағидалары
1. Осы Бөгеттің қауіпсіздігі декларациясын әзiрлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексі 36-бабының 19-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және бөгеттерді пайдаланатын барлық меншік нысанындағы ұйымдарға (бұдан әрі – ұйымдар) қолданылады, әрі бөгеттердің қауіпсіздігі декларациясын (бұдан әрі – декларация) әзірлеуге бағытталған.
2. Декларация су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бөгеттер қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттаған ұйымда өтінім беруші ұйымның қаражаты есебінен сараптамадан өтуі тиіс.
Бөгеттердің қауіпсіздігі саласында жұмыстар жүргізу құқығына аттестатталған ұйымдардың тізбесі (бұдан әрі – аттестатталған ұйым) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
3. Тіркеу шифрін беру үшін декларация уәкілетті органда тіркелуі тиіс.
Уәкілетті органның декларацияны тіркеу мерзімі құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайды.
4. Бөгеттің қауіпсіздігі декларациясын әзірлеуді бөгетті пайдаланатын ұйым дербес не оның қаражаты есебінен аттестатталған бөгде ұйым жүзеге асырады.
5. Декларацияны аттестатталған ұйым әзірлеген жағдайда, сараптамалық қорытындыны басқа аттестатталған ұйым береді.
6. Декларация мыналарды қамтиды:
2) бөгет және ол орналасқан ауданның табиғи жағдайлары, жобада, пайдалану қағидаларында және уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқамаларында көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы деректерді (мысалы, бөгетте орнатылған жүк көтергіш механизмдерді, өрт сигнализациясын пайдалану мәселелері бойынша) қамтитын жалпы ақпарат, пайдаланушы ұйым туралы негізгі мәліметтер;
3) декларацияға қосымша ретінде – жалпы сызбалар жиынтығы бар бөгет паспорты: су қоймасының жоспары, гидротораптың бас жоспары, тегеурін шебінің құрылыстары, қоршау және қорғау дамбалары бойынша жоспарлар мен бөліністер, су басу аймақтары, қоршаған ортаға зиянды әсер ету аймақтарының шекаралары есеп-қисаптарының нәтижелері бар ахуалдық жоспар;
4) құрылыс және пайдалану кезеңдерінде бөгет арқылы белгіленген көлемдегі тасқын суларды жіберу жөніндегі техникалық шешімдердің негіздемесі;
5) қауіптің ықтимал көздерін айқындауды және мақсатына, күрделілік класына, конструкция ерекшеліктеріне, пайдалану шарттарына және қауіпсіздікке қойылатын арнайы талаптарға байланысты бөгеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекшеліктерін ескере отырып, төтенше жағдайларға жол бермеуге және (немесе) салдарын азайтуға дайындығын қоса алғанда, бөгеттің қауіпсіздігін талдау және бағалау;
6) беріктікке, тұрақтылыққа, су өткізбеушілікке және ұзақ мерзімділікке арналған есеп-қисап негізінде бөгет қауіпсіздігі көрсеткіштерінің белгіленген жол берілетін мәндері;
7) бөгетті тегеурінге қою кезеңіндегі заттай байқау деректері;
8) жекелеген конструкциялық элементтер мен тұтастай алғанда, құрылыс қауіпсіздігіне арналған қауіпсіздік критерийлерін айқындай отырып, құрылыстардың техникалық жай-күйін заттай байқау нәтижелері, сондай-ақ қауіпсіздіктің шекті жол берілетін көрсеткіштерін нақтылау бойынша ұсыныстар;
9) бөгетте болған авариялар және оларды жою жөніндегі шаралар туралы деректер;
10) объектілерді күзету жүйесі және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы деректер;
11) пайдаланушы ұйымның бөгеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі жөніндегі іс-шаралар жоспары;
12) бөгеттегі ықтимал және туындаған авариялық жағдайлар туралы халықты, уәкілетті органды, азаматтық қорғау саласындағы органдарды, жергілікті атқарушы органдарды хабардар ету;
13) декларанттың жекелеген тораптар мен тұтастай алғанда, бөгеттің қауіпсіздігі деңгейін, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті іс-шаралар тізбесінің жеткіліктілігін бағалауы;
14) қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылысы аяқталған немесе реконструкцияланған, күрделі жөндеуден өткен, қалпына келтірілген бөгетті пайдалануға қабылдау актісі.
7. Бөгетті пайдаланатын ұйымның басшысы (жобаға тапсырыс беруші) әзірленген декларацияның аттестатталған ұйымда бөгеттің қауіпсіздігі сараптамасының жүргізілуін қамтамасыз етеді.
8. Оң сараптамалық қорытынды алынған жағдайда, декларация бөгетті пайдаланатын ұйымның басшысына (жобаға тапсырыс берушіге) бекітуге енгізіледі.
9. Теріс сараптамалық қорытынды алынған жағдайда, ескертулерді жою үшін ұйымға қайтарылады және қайталама сараптамаға ұсынылады.
10. Бөгетті реконструкциялау, күрделі жөндеу, қалпына келтіру және (немесе) консервациялау жағдайларын қоса алғанда, бөгеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін шарттар (бөгет ішінде және одан тыс жерде) өзгертілген жағдайда, декларация өзгертілуі тиіс.
Декларацияға өзгерістер енгізілген жағдайда, ол өзгерістер енгізілгеннен кейін үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде қайта сарапталып, тіркелуі тиіс.
11. Декларация кемінде бес жылда бір рет әзірленеді, сондай-ақ мерзіміне қарамастан мынадай жағдайларда:
1) құрылыстың беріктігі деңгейінің төмендеу қаупі туындаған, төтенше жағдайлардың алдын алу шарттары нашарлаған кезде;
2) бөгеттерді реконструкциялаудан, күрделі жөндеуден, қалпына келтіруден және (немесе) консервациялаудан кейін – тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстарын қабылдағанға дейін;
3) объектіні пайдалануға беру алдында;
4) пайдаланудың алғашқы екі жылынан кейін;
5) гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, қағидалар мен нормалар өзгерген кезде;
6) авариялы жағдайлардан кейін;
7) пайдаланудан шығарылған кезде;
8) бөгеттің класын айқындайтын шарттар өзгерген кезде түзетілуі тиіс.
12. Салынып жатқан бөгеттерге арналған қауіпсіздік декларациясы құрылысты уақытша және (немесе) тұрақты пайдалануға берудің белгіленген мерзіміне дейін әзірленеді.
13. Декларация мемлекеттік тілде және орыс тілдерінде екі данада қағаз және электрондық тасығыштарда әзірленіп, ресiмделедi және оны ұйымның бірінші басшысы бекітеді.
14. Уәкілетті органда тіркеу үшін декларация жоба құрамында және (немесе) жеке құжатпен ұсынылады.
15. Бөгеттердің және декларацияны тіркеген ұйымдардың тізбесі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.