Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 29 қаңтардағы
№ 56 бұйрығына
6-қосымша
Редакция 07.04.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қаржы мониторингі органдары экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің дербес деректері бар жеке істерді жүргізу қағидалары
1. Осы Қағидалар «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 42-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және қаржы мониторингі органдары экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің (бұдан әрі - қызметкер) дербес деректері бар жеке істерді жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Мемлекеттік кірістер органдарында жеке іс қызмет өткеру жері бойынша бір данада жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – Комитет) қызметкерлерінің, сондай-ақ аумақтық органдар басшыларының құқық қорғау қызметіне жетекшілік ететін орынбасарларының жеке істерінің түпнұсқаларын Комитеттің адам ресурстары бөлімшесінің (бұдан әрі – кадр қызметі) жұмыскерлері жүргізеді.
3. Жеке іс қызметкердің қызметтік және қоғамдық қызметін сипаттайтын материалдар жинақталатын негізгі құжат болып табылады. Жеке істе: қызметкердің мемлекеттік органдардағы, азаматтық ұйымдардағы еңбек қызметі, Қарулы күштерде, басқа әскери құрылымдарда, құқық қорғау органдарында қызмет өткеруі, сондай-ақ өмірбаяндық және өзге де деректері көрсетіледі.
4. Жеке істің материалдары қызметкерді қызметте пайдалану туралы мәселелерді шешу, біліктілік сыныптарын белгілеуге ұсынымдарды, наградтау, сондай-ақ зейнеткерлікке шығу құқығын беретін еңбек сіңірген жылдарын есептеу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен қызмет өтілін есептеу, еңбек еткен жылдары үшін қосымша демалыс беру, қызметкер жұмыстан босатылған кезде бір жолғы өтемақы төлеу, сондай-ақ, қаржы мониторингі органдарының ведомстволық ерекшелеу белгілерімен наградтау үшін арналады.
5. Құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жатқан) азаматты (қызметкерді) қабылдау (ауысу) кезінде азаматтың (қызметкердің) құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жүрген) мемлекеттік органдардан немесе ұйымдардан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының сұратуы бойынша құқық қорғау органының мекенжайына қызметкердің сіңірген еңбегінің есебі, қызметтік тізімінің көшірмесі, соңғы аттестаттау бойынша қорытындысы және қызметтік әрекетін сипаттайтын басқа да материалдар жіберіледі.
6. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жазбаша нысанда білдірген келісімінсіз оның дербес деректерін үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
7. Қызметкердің жеке ісінде және есепке алу құжаттарында қамтылған мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жатады. Жеке істерге «құпия» деген гриф қойылады. Басқа қызметкердің дербес деректерін алуды, сақтауды, өңдеуді, пайдалануды және беруді реттейтін нормалардың бұзылуына, сондай-ақ осындай деректердің жоғалуына немесе жария болуына кінәлі қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауаптылыққа болады.
8. Қаржы мониторингі органдарында қызметкердің дербес деректерін алу, сақтау, өңдеу, пайдалану және беру кезінде мынадай талаптар сақталады:
1) қызметкердің дербес деректерін өңдеу қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеруіне, оқуына және лауазымдық өсуіне ықпал ету, қызметкердің жеке басының және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ оған тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, лауазымдық міндеттерін атқару нәтижелерін есепке алу мақсатында жүзеге асырылады;
2) заңнамалық актілерге сәйкес қызметкерден алынған дербес деректердің анықтығын тексеру мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырылады;
3) қызметкердің дербес деректерін заңсыз пайдаланудан немесе жоғалтудан қорғау Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен көзделген тәртіппен қаржы мониторингі органының қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
9. Әрбір қызметкерге Қағидаларға 1-қосымшада бекітілген нысан бойынша жеке іс қалыптастырылады. Қызметкердің жеке ісін қалыптастыру кандидаттың қаржы мониторингі органдарына қызметке қабылдау туралы өтінішіне оң бұрыштама қойылғаннан кейін басталады.
10. Жеке іс осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бес бөліктен тұрады:
бірінші бөлімде: осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес нысандағы қызметтік тізім, қызмет өтілін анықтау жөніндегі комиссияның қорытындысы, қызметінің жеке кезеңдерін растау туралы қорытындысы сақталады;
екінші бөлімде хронологиялық реттілігімен мынадай құжаттар салынады:
1) лауазымға тағайындауға, ауыстыруға, атқарып отырған лауазымынан босатуға, мемлекеттік кірістер органдарынан жұмыстан босатуға ұсынымдар;
2) қызметтік мінездемелер;
3) аттестаттау парақтары;
4) біліктілік сыныптарын белгілеу туралы ұсынымдар;
5) мемлекеттік және басқа да наградалармен марапаттау парақтары;
6) қызметкерлердің өз қолымен жазылған ауыстыруға, ротациялауға, тағайындауға және атқарып отырған лауазымынан босатуға арналған баянаттары;
7) лауазымын жоғарылатуға кадр резервінде тұрған кандидатпен жұмыс туралы анықтамалар;
үшінші бөлімде хронологиялық реттілігімен мынадай құжаттар салынады:
1) қызметкердің мемлекеттік кірістер органдарына қызметке қабылдау туралы өтініші;
2) өмірбаян (өз қолымен жазылған);
3) кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ;
4) әскери-дәрігерлік комиссия қорытындысы;
5) қызметкер қол қойған ант мәтіні;
6) осы Қағидаға 3-1-қосымшаға сәйкес нысандағы міндеттеме;
7) осы Қағидаға 3-2-қосымшаға сәйкес насандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер;
8) осы Қағидаға 3-3-қосымшаға сәйкес нысандағы мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау туралы кепілхат;
9) осы Қағидаға 3-4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидалары) сақтауы жөніндегі міндеттеме;
10) мүлікті сенімді басқаруға арналған шарттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі (бар болған кезде);
төртінші бөлімде: мұрағаттық материалдар: ескірген қызметтік тізімдер, өмірбаяндар, сауалнамалар, ішкі қауіпсіздік бөлімшелері жүргізген тексеру материалдары бойынша қорытындылар, қызметкерге тәртіптік жаза қолдану және оны алып тастау туралы ұсынымдар мен шешімдердің көшірмелері, мұрағат анықтамалары және басқа да қызметінің жеке кезеңдерін растау туралы құжаттар, денсаулық жағдайы туралы куәлік, жарақаттары туралы анықтамалар, кірісі туралы декларация, бастапқы даярлық туралы куәлік, біліктілігін арттыру туралы құжат сақталады;
бесінші бөлімде: (арнайы папкада) қызметкерді және оның жақын туысқандарын арнайы тексеру материалдары, арнайы тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе оның аумақтық органдары хатының түпнұсқасы немесе көшірмесі, құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат беру туралы қорытынды сақталады.
11. Қызметтік тізімі қызметкердің қызмет өткеруін көрсететін құжат болып табылады. Ол тексерілген сауалнаманың, өмірбаянның, әскери билеттің, еңбек кітапшасының, бұйрықтардың және басқа да тиісті құжаттардың негізінде толтырылады. Жазулар сиямен (шарикті қаламсаптың), түсінікті, ұқыпты, өз қолымен (қысқартуларсыз және түзетулерсіз) жүргізіледі. Қызметтік тізімге оның нысанында көзделмеген деректерді енгізуге тыйым салынады.
Қызметкер толтырылған қызметтік тізіммен таныстырылады және ол туралы жазылған мәліметтердің дұрыстығын растау үшін қызметтік тізімге өзінің қолын қояды. Содан кейін қаржы мониторингі органы кадр қызметінің басшысы қол қояды және кадр қызметінің мөрімен бекітіледі.
Бұдан әрі қызметкер қызметтік тізімдегі жазбалармен кемінде бес жылда бір рет, сондай-ақ жаңа қызмет орнына кетер алдында, жұмыстан босатуға ұсынардың алдында және кадр қызметі басшысының рұқсатымен басқа жағдайларда танысады.
12. Қызметтік тізімді жасау және оны кейіннен жүргізу кезінде мыналарды басшылыққа алу керек:
1) 8-бөлімде Қарулы Күштердегі, басқа әскери құрылымдардағы және құқық қорғау органдарындағы қызметтерді қоспағанда, тиісті құжаттардың (еңбек кітапшасы, анықтамалар және т.б.) негізінде еңбек қызметінің басынан бастап атқарылған жұмыстар туралы деректер енгізіледі. Аталған бөлімде Қарулы Күштерде, әскерлер мен құқық қорғау органдарындағы жұмыскер және қызметші ретіндегі жұмысы көрсетіледі.
Үзілістер болған кезде сол кезеңде немен айналысқаны көрсетіледі: мысалы, «Құқық қорғау органдарында қызмет атқарды», «Жұмыс істеген жоқ», «Зейнеткерлікте болды»;
2) 9-бөлімде хронологиялық тәртіппен Қарулы күштерде, басқа әскери құрылымдарда және құқық қорғау органдарында қатардағы, сержанттық, аға құрам, прапорщик, мичман және басшылық тұлғалар мен офицерлік құрам орналасуға жататын лауазымдарда қызмет өткерулері туралы мәліметтер жазылады. Сондай-ақ, басшылық құрамдағы тұлғаларды басқа министрліктерге және ведомстволарға немесе оларға бағынысты мекемелерге, кәсіпорындарға және ұйымдарға іссапарларға жіберу туралы мәліметтер жазылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, шекара және ішкі әскерлерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, прокуратура бөлімшелерінде жеке құрам бойынша тағайындаулар туралы бұйрықтар 9-бөлімге жазуларды енгізу үшін негіз болып табылады.
Қарулы Күштердегі мерзімді әскери қызметті өткергені туралы жазбалар әскери билеттердің негізінде жүргізіледі.
Мұрағат материалдары болмаған және қызметкерлерді тағайындау, ауыстыру немесе жұмыстан босату туралы бұйрықтардың нөмірлері мен күндерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда, олардың қызметтерінің жекелеген кезеңдері басқа да құжаттармен: аттестатау материалдарымен, қызметтік мінездемелермен, марапаттауға және арнайы әскери атақтарды беруге ұсынымдармен, нұсқамалармен, әскери бөлімдердің, мекемелер мен мұрағаттардың анықтамаларымен, әскери билеттермен, куәліктермен, ақшалай және заттай аттестаттармен, ескірген қызметтік тізімдерімен, сондай-ақ бұрынғы қызметтестерінің куәландыратын көрсеткіштерімен расталуы мүмкін. Бұрынғы қызметтестерінің жазбаша растауларын қолдану кезінде алдын ала олар көрсеткен кезеңде шынымен қызметкермен бірге қызмет өткергеніне көз жеткізіледі (олардың жеке істерін қарау, жеке әңгімелесу жолымен).
Барлық жиналған құжаттарды (оның ішінде қызметтестердің көрсеткіштерін) жан-жақты талдау мен салыстыру жүргізгеннен кейін мемлекеттік кірістер органдарының кадр қызметтері құжаттардың атауларын және олардағы қызметкердің сол немесе өзге кезеңде қызметте болуы туралы куәландыратын нақты деректерді көрсете отырып қызметті растау туралы дәлелді қорытынды жасайды.
Қызметті растау туралы қорытындыны мемлекеттік кірістер органының басшысы бекіткеннен кейін жеке құрам бойынша бұйрық ресімделеді.