Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 3 ақпандағы № 71 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 наурызда № 10401 тіркелді
Редакция 03.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 23-2) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 3 ақпандағы
№ 71 бұйрығымен
бекітілген
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсету қағидалары
1. Осы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және құрылысқа дайындықты және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн қызметтер кешенiн көрсету тәртiбiн регламенттейдi.
2. Осы Қағидаларда Заңда айқындалған ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғым қолданылады:
қазынашылық сүйемелдеу – қазынашылық органындағы шоттар арқылы жүргізілген төлемдердің барлық кезеңдерінде құрылыс объектілерімен байланысты бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдалануын, жобаның барлық қатысушыларымен – мердігерлермен, қосалқы мердігерлермен салықтарды толығымен төлеуді қамтамасыз етуін бақылау.
2-тарау. Инжинирингтік қызметтерді ұйымдастыру
3. Тапсырыс беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құқығына арналған тиісті аттестаты бар сарапшыны (бұдан әрі – сарапшы) не өзінің құрамында аттестатталған сарапшылары бар ұйымды (бұдан әрі – ұйым) тартқан кезде осы Қағидаларды, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін және инжинирингтік қызметтер көрсету туралы шарттың талаптарын басшылыққа алады.
3-1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы техникалық қадағалауды «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы инжинирингтік компаниялар жүзеге асырады.
4. Ұйым инжинирингтік қызметтер көрсеткен жағдайда, ұйым шартқа қол қойылғаннан кейін техникалық және авторлық қадағалау және жобаны басқару үшін өзі құрған ұйымдық құрылымды, сондай-ақ ұйымның атынан жобаны басқаратын кандидатураны тапсырыс берушіге келісуге ұсынады.
5. Ұйым тапсырыс берушіге тікелей инжинирингтік қызметтер көрсететін сарапшылардың тізімін, олардың-міндеттері мен өкілеттіктерін жазбаша түрде ұсынады.
5-1. Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша, сондай-ақ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы барлық объектілерде жобаны техникалық, авторлық қадағалауды және басқаруды жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 465 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21224 болып тіркелген) «Бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидаларына сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін ақпараттық жүйелерде тіркеледі және атқарушылық құжаттаманы жүргізеді.
3-тарау. Техникалық қадағалауды жүзеге асыру бойынша инжинирингтік қызметтер көрсету
жүйелі бақылауды және құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталған кезеңдерін пайдалануға қабылдау мақсатында өндірістік және өндірістік емес мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салу үшін;
ғимараттар мен құрылыстардың жобалау шешімдеріне, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкестігі үшін;
қолданылатын материалдардың, бұйымдар мен конструкциялардың сапасы үшін;
белгіленген тәртіппен және шартта (келісімшартта) айқындалған мерзімдерде объектілерді салуды жүзеге асыруға және пайдалануға беру үшін техникалық қадағалау жүзеге асырылады.
7. Инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі сарапшыларды (ұйымдарды) тарта отырып, техникалық қадағалауды жүзеге асырған кезде тапсырыс беруші «Жұмыс жүргізуге» деген сызбадағы белгісі бар жобалау-сметалық құжаттаманың толық жинағының бір данасын техникалық қадағалауға береді.
8. Техникалық қадағалауды жүзеге асырған кезде жалпы техникалық қадағалаудың басшысы тапсырыс берушіге, ал техникалық қадағалау сарапшысы жұмыстардың арнайы түрлері бойынша – жалпы техникалық қадағалау басшысына есеп береді.
9. Техникалық қадағалау авторлық қадағалау сарапшылармен, мердігерлік қызметтің құрылыстың сапасын өндірістік бақылау жұмыскерлерімен, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының мамандарымен бірге жүзеге асырылады.
10. Техникалық қадағалау жөніндегі сарапшы:
1) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 281 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10483 болып тіркелген) Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желілерін күзету қағидаларына, Көлік және коммуникациялар министрінің 2004 жылғы 23 шілдедегі № 284-І бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2989 болып тіркелген) Қорғалатын аймақ жерлерін пайдаланудың өлшемін, режимін белгілеу және жерлерді бөлінген алқаптағы темір жол көлігінің мұқтаждықтары үшін пайдалану жөніндегі ережеге сәйкес байланыс және электр беру желілерінің күзетілетін аймақтарда, темір жолға және автомобиль жоларына бөлінген белдеулерде жұмыс жүргізуге жазбаша рұқсатының болуын тексереді;
2) құрылыстың күнтізбелік жоспарын сақтауға және объектілерді пайдалануға берудің нормативтік мерзімдерінің немесе мердігерлік шартта белгіленген мерзімдердің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
3) салынып жатқан объектілерде мемлекеттік нормативтердің және атқарушылық құжаттардың, салыстырып өлшеу құралдарының болуын тексереді;
4) геодезиялық бөлу негізін қабылдауға және мердігерге беруге қатысады, сондай-ақ құрылыс аяқталғанға дейін олардың сақталуын қамтамасыз етуді жобаның автормен бірге бақылайды;
5) жобалау-сметалық құжаттаманың сәйкессіздігі анықталған кезде және жобалау шешімдерін өзгеру, материалдарды, бұйымдарды, конструкциялар мен жабдықтарды ауыстыру қажет болған кезде тапсырыс беруші осы мәселелерді шешуі үшін ұсыныстар енгізеді;
6) мердігердің жөнделген жабдықтар мен инженерлік желілерге жеке сынақ жүргізуін және олардың нәтижелерін тиісті ресімдеуді бақылайды;
7) сынақтан кейін жабдықтарды қабылдауға қатысады;
8) тұрақты негізде құрылыс-монтаждау жұмыстарының, қолданылатын материалдардың, бұйымдардың, конструкциялар мен жабдықтардың сапасын, олардың жобалау құжаттамасына, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарға, техникалық регламенттердің талаптарына, инженерлік ізденістердің нәтижелеріне сәйкестігін, олардың сапасын куәландыратын құжаттардың (техникалық паспорт, сертификат, зертханалық сынау және басқалар) болуын және дұрыс ресімделуін, сондай-ақ кірме бақылаудың құжатталған нәтижелерін тексереді, ақаулар мен бұзушылықтарды уақытында анықтайды, олар туралы тапсырыс беруші мен мердігерге хабарлайды;
9) технологиялық операциялардың құрамы мен орындау сапасының сәйкестігіне бақылау, оның ішінде мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес операциялық бақылау жүргізеді;
10) қабылдау бақылауын жүзеге асырады, мердігер орындаған құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемдерін уақытында тексереді, белгіленген нысандағы актілерді ресімдей отырып, жасырын жұмыстарды куәландыру және жауапты конструкцияларды аралық қабылдау жүргізеді;
11) техникалық қадағалау жөніндегі журналға (Қағидалардың 1-қосымшасы) анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша лер мен нұсқауларды енгізеді және олардың орындалуын бақылайды;
12) авторлық қадағалау, мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы органы жүзеге асыратын тексерулерге қатысады, тиісті журналдарға белгілер қоя отырып, тексерулер кезінде мердігерлердің алған нұсқауларының орындалуын бақылайды;
13) егер құрылыс бақылауын жүргізу процесінде басқа құрылыс конструкцияларын және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінің учаскелерін бұзбай немесе зақымдамай анықталған кемшіліктерді жою мүмкін болмаса, объектінің қауіпсіздігіне әсер ететін, жұмыстардың орындалуын бақылау басқа жұмыстар орындалғаннан кейін жүргізілуі мүмкін жұмыстардың орындалуына, сондай-ақ құрылыс конструкцияларының және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінің учаскелерінің қауіпсіздігіне бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді;
14) өзінің қызметімен тапсырыс берушінің қаражатын нысаналы және ұтымды пайдалануға ықпал етеді, жинақтау ведомосінде орындалған және ақы төленген жұмыстардың толық және дәл есебін жүргізеді;
15) мердігерден құрылыс алаңында материалдарды, бұйымдарды, конструкциялар мен жабдықтарды сақтаудың тиісті шарттарының сақталуды, сондай-ақ орындалған жұмыстардың, тұрғызылған ғимараттар мен құрылыстарды тапсырыс берушіге тапсырғанға дейін олардың сақталуын қамтамасыз етуді талап етеді;
16) құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамамен қамтамасыз ету және оның сапасы мәселелері бойынша, сондай-ақ сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау мәселелері бойынша мердігердің талаптарын қарайды, осындай талаптар бойынша шешім шығарады және тапсырыс беруші шешім қабылдауы үшін өзінің ұсыныстарын енгізеді;
17) құрылыс кезеңінде мердігермен бірлесіп жауапты ғимараттар мен құрылыстардың шөгуіне жобада көзделген бақылауды белгілейді және бақылаудың нәтижелерін тиісті құжаттамалармен ресімдейді;