• Мое избранное

Отправить по почте

Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 307 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 cәуірде № 10809 тіркелді

Редакция 01.08.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабының 1-тармағының 41-36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде 2-тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасыны Инвестициялар және даму министрі Ә. Исекешев
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 307 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидалар
1 тарау. Жалпы ережелер
1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 жылғы № 443 Бұйрығына сәйкес (20.03.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.08.2019  жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі — Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 1-тармағының 41-36) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Қағидалар азаматтық авиацияда ұшу жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды және әуеде тасымалдауды және авиациялық жұмыстарды, жалпы мақсаттағы авиация мақсатында сертификатталған ұшып көтерілу массасы 5700 килограммнан астам әуе кемелерімен және ұшып көтерілу массасынан тәуелсіз газтурбиналық қозғалтқыштары бар әуе кемелерімен ұшуды жүзеге асыратын азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар үшін міндетті болып табылады.
3. Ұшу жұмысын ұйымдастыру мыналарды қамтиды:
1) ұшу жұмысын жоспарлау;
2) ұшу құрамының кәсіби даярлығы;
3) ұшу құрамына ұшуға рұқсат беру;
4) әуе кемелерінің экипаждарын қалыптастыру;
5) ұшу құрамын біліктілік тексеру;
6) ұшу құрамын жаттықтыру;
7) ұшуды талдау;
8) ұшу жұмысын ұйымдастыру және ұшу қауіпсіздігін талдау және бақылау;
9) ұшу-әдістемелік жұмысын жүргізу.
4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авиакомпания - азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;
2) авиация персоналы - арнайы және (немесе) кәсіптік даярлығы бар, әуе кемелерінің ұшуын, әуе тасымалдары мен авиациялық жұмыстарды орындау және қамтамасыз ету, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) алдын ала даярлық - процесінде материалдарды зерделеу, құжаттарды дайындау, іс-әрекеттерді пысықтау және ұшуға тапсырманы орындауға экипаждың даярлығын бақылау жүргізілетін экипажды ұшуға (ұшуға) дайындаудың негізгі түрі;
5) аса маңызды ұшу - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдарын әуемен тасымалдау кезінде әуе кемелерінің ұшуына, сондай-ақ олардың ұшатын маршруттарына (рейстеріне) беретін мәртебе;
6) әуе кемесінің командирі - тиісті оқудан өткен, ұшқыштың куәлігі және аталған әуе кемесінің түрінде өз бетімен басқару құқығына рұқсаты бар, міндетіне ұшуды ұйымдастыру мен орындау жөніндегі экипаждың қызметін басқару кіретін жеке тұлға;
7) кабиналық экипаж мүшесі - қауіпсіздік мүддесіне орай және жолаушыларға қызмет көрсету және (немесе) жүктерді тасымалдау мақсатында әуе кемесінің бортында пайдаланушы немесе әуе кемесінің командирі өзіне тапсыратын міндеттерді орындайтын, авиация персоналына жататын, бірақ ұшу экипажының мүшесі болып табылмайтын адам;
8) лауазымды тұлға - ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді орындауға байланысты лауазымды тұрақты немесе уақытша атқаратын адам;
9) ұшу алдындағы даярлық - әуеаймақтық диспетчерлік пунктке (Briefing) (авиациялық жұмыс кезінде - жұмыс әуеайлағына) келген сәттен бастап әуе кемесінің қозғалтқышын ұшу үшін іске қосқан сәтке дейінгі операциялардан тұратын алдағы ұшуды орындауға экипажды дайындау кезеңі;
10) ұшу бөлімшесі - міндеті ұшу жұмысын ұйымдастыру, ұшуды дайындау мен орындау болып табылатын азаматтық авиация ұйымының құрылымдық бөлімшесі;
11) ұшу жаттығуы - ұшу жұмысының дағдыларын алу (қалпына келтіру) және қолдау мақсатында ұшу құрамын оқыту процесі;
12) ұшу жұмысы - ұшу тапсырмаларын орындау бойынша ұшу құрамы жүргізетін жұмыс;
13) ұшу жұмысын ұйымдастыру - ұшудың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету үшін ұшу жұмысын жоспарлау және ұшу бөлімшелері мен азаматтық авиацияның әуе кемелерінің экипаждарын басқару жөніндегі іс-шаралар жүйесі;
14) ұшу жұмысын жоспарлау - азаматтық авиация ұйымдары ұшу құрамының перспективалық, ағымдағы және жедел жұмыс жоспарларын белгіленген мерзімдерде орындаудың тәртібін, кезектілігін және тиімді әдістерін әзірлеу;
15) ұшу қауіпсіздігі - ұшудың қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар кешені, бұл ретте адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру немесе мүлкіне залал келтіру тәуекелі шекті деңгейге дейін төмендетіледі және қауіптілік көздерін анықтаудың және тәуекел факторларын бақылаудың үздіксіз процесі арқылы осындай не бұдан да төмен деңгейде сақталады;
16) ұшу құрамы - арнайы даярлығы және аталған әуе кемесінің түрінде және (немесе) оның жабдығын ұшуға пайдалану құқығына куәлігі бар ұшу экипажының мүшелері;
17) ұшу-нұсқаушы құрам - мамандығы, әуе кемесінің түрі бойынша нұсқаушы жұмысқа рұқсаты және азаматтық авиацияның авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар нұсқаушы лауазымын атқаратын азаматтық авиацияның авиация персоналының адамдары;
18) ұшуды тексеру - экипаждың (экипаж мүшелерінің) білімі мен дағдыларының деңгейін айқындау процесі;
19) ұшу экипажының мүшесі - авиация персоналына жататын, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар, ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттер жүктелген адам;
20) экипаж мүшесі - авиация персоналына жататын, ұшу уақыты ішінде әуе кемесінің бортында белгілі бір міндеттерді орындау үшін тағайындалған адам;
21) экипажда ұшуды талдау - экипаж мүшелерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, экипаждың әрбір мүшесінің баяндамасынан кейін жұмыстағы ауытқушылықтарды жою және алдын алу мақсатында әуе кемесі командирінің (тексерушінің) экипаждың әрбір мүшесінің ұшуға арналған тапсырманы орындау сапасын талдауы.
2 тарау. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру тәртібі
2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 жылғы № 443 Бұйрығына сәйкес (20.03.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.08.2019  жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)