Toggle Dropdown
Криминалистикалық талаптар мен азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, сондай-ақ конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарды сынау әдістерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 219 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 сәуірде № 10747 тіркелді
Редакция 15.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 1-тармағының 8-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Криминалистикалық талаптар мен азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, сондай-ақ конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарды сынау әдiстерi бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жедел-криминалистикалық департаменті (Қ.Қ. Аманқұлов) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны ресми жариялауды;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Р.Т. Жақыповқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жедел-криминалистикалық департаментіне (Қ.Қ. Аманқұлов) жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-лейтенанты Қ.Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 16 наурыздағы
№ 219 бұйрығымен
бекітілген
Криминалистикалық талаптар мен азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, сондай-ақ конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарды сынау әдістері
1. Криминалистикалық талаптар мен азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, сондай-ақ конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарды сынау әдістері (бұдан әрі – Криминалистикалық талаптар) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарына, сондай-ақ конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарға қойылатын арнаулы техникалық талаптарды (параметрлерді, құрылымдық ерекшеліктерді, таңбалауды) және оларды сынау әдістерін белгілейді.
Осы Криминалистикалық талаптар Қазақстан Республикасының аумағында сату құқығынсыз тек экспортқа өндірілетін азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарына қолданылмайды.
2. Осы Криминалистикалық талаптардың мақсаты атыс қаруын сәйкестендіру және азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын қайта жасау мүмкіндігін болдырмау, оның ішінде оларды қарудың немесе конструкциясы жағынан қаруға ұқсас бұйымдардың белгілі бір санатына жатқызу үшін сынаулар жүргізу болып табылады.
3. Осы Криминалистикалық талаптарда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) адырна – жинақталған энергияны лақтырылатын снарядқа беретін элемент;
2) адырнаны тарту күші (арбалет (садақ) доғасының (доғаларының) күші) – арбалеттің конструкциясымен айқындалатын немесе садақты дайындаушы белгілейтін шамаға серпінді элементтерді майыстырған кезде өлшенетін мән;
3) айқаспа – қолсаптың алдыңғы бөлігінде орналасқан және сұқпаның бүйір жағынан шығыңқы қорғаныс құрылғысы;
4) қиылысу – қолсаптың алдыңғы бөлігінде орналасқан және сыртқы жағы мен жүзінен шығыңқы қорғаныс құрылғысы;
5) алдыңғы көздеуіш (садақ, арбалет) – арбалеттің алдыңғы бөлігіндегі бір немесе бірнеше нысаналық элементтерден (қарауылдардан) және түзету тетігінен тұратын көздеу құрылғысы;
6) арбалет – корпусы бар, оған адырналы доғалар (доға) және ширыққан күйде оларды ұстап тұру тетіктері бекітілген механикалық лақтыру құрылғысы;
7) арбалет корпусы – арбалет конструкциясының оның бөліктері мен бөлшектерін бекітуге қызмет ететін негізгі күштік торабы;
8) арбалет құндағы – корпустың бөлігі немесе арбалеттің көздеген және лақтырған кезде оны ұстап тұруға арналған бөлшегі;
9) арбалет (садақ) доғаларының серпілуі – орнатылған адырнада өлшенетін арбалеттің (садақтың) доғасы (доғалары) ұштары немесе блоктарының (роликтерінің) осьтері арасындағы қашықтық;
10) арбалет (садақ) доғасы – арбалет (садақ) конструкциясының энергияны жинақтауға қызмет ететін серпінді элементі;
11) арбалеттің соғу тетігі – арбалеттің құлпын ашқан және лақтырған кезде адырнаны (күймешені) босатуды қамтамасыз ететін механикалық немесе электромеханикалық құрылғы;
12) арбалеттің (садақтың) бәсеңдету тетігі – лақтырған сәтте арбалеттің (садақтың) тербелісін ішінара өтейтін және оларды тұрақтандырғышқа беретін құрылғы;
13) арбалеттің (садақтың) өтемдеуіші – лақтырған сәтте арбалеттің (садақтың) тербелісін өтейтін құрылғы;
14) арбалеттің (садақтың) тұрақтандырғышы – лақтырған сәтте арбалеттің (садақтың) тербелісін ішінара өтейтін және өтемдеуішке беретін құрылғы;
15) артқы көздеуіш (садақ, арбалет) – атушының көзіне тікелей жақын орналасқан арбалеттің көздеу құрылғысы;
16) артқы ілмек – қолсапты, эфесті бекітуге қызмет ететін жолақтың бөлігі;
17) атыс қаруының барабаны – айналу осі бар патрон салатын жердің блогы;
18) атыс қаруының ұңғы қорабы – бөлшек немесе бекітпенің немесе жылжымалы жүйенің қозғалыс бағытын, бекітпенің ұңғымен ілінуін қамтамасыз ететін, өзінің функциясын орындау үшін қайтымсыз құрылымдық өзгерістер енгізуді талап етпейтін атыс қаруының конструкциясы жағынан біріктірілген бөлшектері;
19) бағыттаушы тілімше – корпустың бөлігі немесе арбалеттің снаряд үшін тірек қызметін атқаратын және лақтырған кезде оның қозғалыс бағытын белгілейтін бөлшегі;
20) бекітпе – атыс қаруының ату кезінде ұңғы оқпанын бекітетін және бекіту тетігінің бөлігі болып табылатын негізгі бөлігі (бөлшегі);
21) биообъект – электрошокты құрылғының әсер ету объектісі болып табылатын адам немесе жануар;
22) болт тұрақтандырғышы – болт конструкциясының адырнамен жанасатын және ұшу кезінде оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін орталық элементі;
23) бүйір жағы – садақ жебесіне арналған бүйірлік тіреу;
24) бүлдіргі – қолсапқа бекітілетін және сұқпалы бұйымды ұстап тұратын қолдың білегіне киілетін, былғарыдан немесе өзге де материалдан жасалған берік ілмек;
25) вилка (арбалет) – арбалет құлпының адырна немесе күймешені қайырылған күйде тікелей ұстап тұратын бөлшегі;
26) гарда – сақиналы, тостаған тәрізді және спираль тәрізді элементтері бар күрделі көлемді пішіндегі қорғаныс құрылғысы;
27) голомень – сұқпаның жүзбен және сыртқы жағымен немесе екі жүзімен шектелген бүйір жағы;
28) елмань – ұзын бір жүзді сұқпаның сырт жағына қарай кеңейтілген соңғы бөлігі;
29) жебенің артқы ілмегі – жебенің артқы бөлігінде орналасқан, адырнамен жанасатын конструкция элементі;
30) жебенің денесі - жебе конструкциясының түтік немесе өзек түріндегі орталық элементі;
31) жебенің қауырсындануы – жебенің артқы бөлігіне бекітілген және оның аэродинамикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін конструкция элементтері;
32) жебенің (болттың) серіппесі – арбалеттен лақтыру алдында жебенің (болттың) қалпын бекітуге арналған серіппелі тілімше немесе құрылғы;