Toggle Dropdown
Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу, реттелетін нарық субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) бекіту және түзету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 174 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 наурызда № 10594 тіркелді
Редакция 24.02.2016 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-2-бабының 1 және 2-1-тармақтарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу, реттелетін нарық субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) бекіту және түзету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде және мерзімдік баспасөз басылымдарында ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________ Ә. Исекешев
2015 жылғы 2 наурыз
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
______________ В. Школьник
2015 жылғы 3 ақпан
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 174 бұйрығымен бекітілген
Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу, реттелетін нарық субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) бекіту және түзету қағидалары
1. Осы Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу, реттелетін нарық субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) бекіту және түзету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бағалардың негізсіз өсуін болдырмау мақсатында «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-2-бабының 1 және 2-1-тармақтарына сәйкес әзірленді және реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу тәртібін, сондай-ақ реттелетін нарық субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) бекіту және түзету тәртібін белгілейді.
Қағидалар мынадай іске асыру кезеңдерін көздейді:
1) баға жобасының сараптамасы үшін ақпарат пен хабарламаны ұсыну;
2) реттелетін нарық субъектілерінің өніміне, тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға белгілеу;
3) реттелетін нарық субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) бекіту және түзету.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) баға белгілеу – тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) және өнімге, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыру және қарау процесі;
2) босату бағасы – реттелетін нарық субъектісі тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндіру және (немесе) өткізу үшін қолданатын оның бағасы;
3) отын алымы – есептеген кезде өсуін ескеру мүмкін болмаған тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпания алатын алым;
4) инвестициялық бағдарлама – бір немесе бірнеше инвестициялық жобаны қамтитын, техникалық-экономикалық тиімділік алу мақсатында қысқа мерзімді, орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңге арналған реттелетін нарық субъектісінің жаңа активтерді жасауға, қолда бар активтерді кеңейтуге, қалпына келтіруге, жаңартуға, қолдауға, негізгі құралдарды реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған қаражатты салу және қайтару бағдарламасы;
5) монополиялық өндірілетін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) – тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие реттелетін нарық субъектілері өндіретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);
6) негізделген баға – реттелетін нарық субъектісі ұсынған осындай шығындар мен пайданың негізділігін растайтын құжаттарға сәйкес реттелетін нарық субъектісінің негізделген шығындары мен пайдасының негізінде, сондай-ақ уәкілетті органның ведомствосы салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып жүргізген сараптаманың негізінде айқындалған баға;
7) өзіндік құн – уәкілетті органның ведомствосы монополиялық өндірілетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) және (немесе) өнімнің, тауардың және көрсетілетін қызметтің бағасында ескеретін шығындар жиынтығы;
8) реттелетін нарықтар – реттелетін нарық субъектілері үшін Заңға сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары;
9) реттелетін нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) – мыналар:
реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайларға ие нарық субъектілерінің Мемлекеттік тізіліміне енгізілген;
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген өнімді, тауарларды және көрсетілетін қызметтерді өткізетін (табиғи, мемлекеттік монополия субъектілерін және энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда) дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
10) уәкілетті орган – табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
11) уәкілетті органның ведомствосы – табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы;
12) шекті баға – тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндіру және (немесе) өткізу үшін қажетті шығындар мен пайданың негізінде реттелетін нарық субъектісі осы Қағидаларға сәйкес белгілеген және бағаға сараптама жүргізу нәтижелері бойынша уәкілетті органның ведомствосы негізді деп таныған тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы.
2. Баға жобасының сараптамасы үшін ақпарат пен хабарлама ұсыну тәртібі
3. Уәкілетті органның ведомствосы Қағидаларға сәйкес Субъекті жоспарлаған бағаға сараптама жүргізеді.
Субъектілер уәкілетті органның ведомствосына:
1) бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген не өнімнің, тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасына енгізілген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей баға деңгейін растайтын негіздемелік материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы ақпаратты жазбаша нысанда;
2) кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша (бұдан әрі – 1-қосымшаға сәйкес хабарлама) алдағы уақытта тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалардың шекті бағадан жоғары өсетіні және өсу себебін растайтын негіздеуші материалдарды ұсына отырып, олардың өсу себептері туралы хабарламаны жазбаша нысанда (реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие емес бөлшек сауда нарығының субъектілерін қоспағанда);
3) бағаларға мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша және (немесе) негізсіз баға белгіленгенін көрсететін шағымдардың, ақпараттың, мәліметтердің негізінде, сондай-ақ реттелетін нарық субъектісі Заңның 7-3-бабының 3) және 3-1) тармақшаларында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайларда уәкілетті орган ведомствосының талабы бойынша реттелетін нарық субъектісі тиісті талапты алған күнінен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын уәкілетті орган белгілеген мерзімде бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті ақпаратты ұсынады.
4. Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайларда Субъекті:
1) көтеру себептерін растайтын құжаттармен (шикізат, материалдар, көрсетілетін қызметтер құнының өсуін растайтын тиісті (жасалған) шарттардың көшірмелерін) қоса, бағаны көтерудің орындылығын негіздейтін түсіндірме жазбаны;
2) әрбір қызмет түрі бойынша бағалар жобасын немесе босату бағасын;
3) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10641 тіркелген, «Жария мүдделі ұйымдардың жариялауы үшін (қаржы ұйымдарынан басқа) жылдық қаржылық есептіліктің тізбесін және нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 143 бұйрығымен (бұдан әрі – № 143 Бұйрық) бекітілген нысан бойынша бухгалтерлік теңгерімді;
4) № 143 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша пайдалар мен залалдар туралы есепті;
5) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10125 тiркелген, «Еңбек және халықтың жұмыспен қамтылуы статистикасы бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандары мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының 2014 жылғы 8 желтоқсандағы № 71 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша еңбек жөніндегі есепті;
6) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12227 тiркелген, «Кәсіпорындардың қаржысы бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандары мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының 2015 жылғы 7 қазандағы № 154 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша қаржы-шаруашылық қызметі туралы есепті;
7) № 143 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша ақшалай қаражаттың және материалдық емес активтердің қозғалысы туралы есепті;