• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 02.07.2021 г

Отправить по почте

"Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 177 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 сәуірде № 10925 тіркелді

Осы Бұйрық күшін жойды 2021 жылғы 2 шілдеден бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің 16.06.2021 жылғы № ҚР ДСМ - 49 Бұйрығына сәйкес  
Редакция 06.07.2020 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
         «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық–құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілiк ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі Е. Досаев
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
      ___________ Т. Дүйсенова
2015 жылғы 31 наурыз
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
 2015 жылғы 28 ақпандағы
 № 177 бұйрығымен
 бекітілген
«Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.07.2020 жылғы № ҚР ДСМ-78/2020 Бұйрығына сәйкес (28.02.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 06.07.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
          1. «Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар), «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген, құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Жұмыс беруші осы Санитариялық қағидалар талаптарына жауап беретін еңбек жағдайын үнемі қолдауды қамтамасыз етеді. Жұмыс орындарында (жұмыс аймақтарында) зиянды өндірістік факторлардың рұқсат етілген шекті деңгейлері мен шоғырлануын сақтау мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс беруші жұмыскерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етеді және «уақытпен қорғану» қағидатын басшылыққа алады.
3. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:
1) құрылыс-монтаж жұмыстары – мыналарды:
жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
ғимараттар мен құрылыстарды (оның ішінде көпірлер, көлік эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбырлары, құбыр жолдары, өзге де жасанды құрылыстар) тіреу және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуды;
желілік құрылыстарды төсеу жөніндегі арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын;
сыртқы инженерлік желілер қондырғылары мен құрылыстар, сондай-ақ ішкі инженерлік жүйелер орнатуды;
конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөніндегі жұмыстарды;
автомобиль және темір жолдар салуды;
технологиялық жабдықтарды монтаждауды (бөлшектеуді), іске қосу-баптауды;
қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды бұзумен, уақытша инженерлік желілерді орнатумен, жолдарды, қойма алаңдарын, сондай-ақ тігінен жоспарланатын аумақтарды орнатумен байланысты дайындық жұмыстарын қамтитын құрылыс қызметі;
2) құрылыс алаңы – құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қандай да бір үдерістер немесе операциялар жүзеге асырылатын кез келген алаңды білдіреді;
3) «уақытпен қорғану» қағидаты – олардың іс-қимылының уақытын төмендету есебінен жұмыс істеушілерге қолайсыз өндірістік орта және еңбек үдерісі факторларының зиянды әсерін азайту: ішкі ауысым үзілістерін енгізу, жұмыс уақытын қысқарту, еңбек демалысы ұзақтығын ұлғайту, осы жағдайлардағы жұмыс өтілін шектеу;
4) полимерлік құрылыс материалдары – байланыстыратын синтетикалық жоғары молекулярлық қоспалар ретінде пайдалана отырып алынған құрылыс материалдары.
2-тарау. Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау, жөндеу және іске қосу, пайдалану кезіндегі еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.07.2020 жылғы № ҚР ДСМ-78/2020 Бұйрығына сәйкес (28.02.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 06.07.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
         4. Көлік кіретін жолдарға, өту жолдарына және жаяу жүргіншілер жолдарына, санитариялық-тұрмыстық және әкімшілік үй-жайларға іргелес орналасқан учаскелерге қиыршықтас төселеді немесе оның қатты жабыны болады.
5. Құрылыс алаңдары мен жұмыс учаскелері үшін жалпы біркелкі жарықтандыру көзделеді. Құрылыс алаңдарын, ғимараттардың ішіндегі құрылыс және монтаждау жұмыстарын жасанды жарықтандыру санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес көзделеді.
6. Жұмысты жарықтандыру жұмыс тәуліктің қараңғы және түнгі уақытында орындалатын барлық құрылыс алаңдары мен учаскелерінде орындалады және жалпы (біркелкі немесе оқшауланған) және аралас (жалпыға жергілікті қосылады) жарықтандыру қондырғыларымен жүзеге асырылады.
7. Жарықтанудың нормаланатын деңгейі екі люкстен (бұдан әрі – лк) астам болса жалпы біркелкі жарықтандыруға қосымша жалпы оқшауландырылған жарықтандыру көзделуі керек. Адамдардың уақытша болуы мүмкін учаскелер үшін жарықтану деңгейі 0,5 лк-ға дейін төмендеуіне жол беріледі.
8. Құрылыс алаңдары мен учаскелерін жарықтандыру үшін ашық газды-разрядты шамдарды және мөлдір колбасы бар қыздыру шамдарын қолдануға жол берілмейді.
9. Құрылыс алаңдары мен ғимараттардың ішіндегі жұмыс учаскелеріндегі жалпы жарықтандырудың жарық беруші қондырғыларынан пайда болатын жарықтандыру санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес келеді.
10. Құрылыс алаңы құрылыс жұмысын жүргізу барысында құрылыс қоқысынан, қысқы мезгілде қардан уақытылы тазартылады, жылдың жылы мезгілінде су себіледі.
11. Автокөлік құралы құрылыс алаңынан орталық магистральға шығатын кезде септигі бар сарқынды су құйылатын кәріздеу жүйесін ұйымдастыра отырып қатты жабыны және су жинауға арналған ыдысы бар доңғалақтарды жуу пунктімен жабдықталады.
12. Салынып жатқан объектіде орталықтандырылған сумен жабдықтау және суды бұру көзделуі тиіс. Орталықтандырылған су құбыры немесе сумен жабдықтаудың басқа көзі болмаған жағдайда, тасымалданатын суды пайдалануға жол беріледі.
13. Су санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес келетін автокөлікпен жеткізіледі.
14. Тасымалданатын су жеке үй-жайда немесе қатты жабыны бар алаңға орнатылған аспалы ыдыстарда сақталады.
15. Суды сақтауға арналған ыдыстар Қазақстан Республикасы аумағында осы мақсат үшін қолдануға рұқсат етілген материалдардан жасалады.
16. Тасымалданатын суды сақтауға және тасымалдауға арналған ыдыстарды тазарту, жуу және дезинфекциялау күнтізбелік он күнде кемінде бір рет және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі.
17. Ішкі беті механикалық жолмен тазартылады, суын толық төгу арқылы жуылады, дезинфекцияланады. Дезинфекциядан кейін ыдыс жуылады, су толтырылады және суға бактериологиялық бақылау жүргізіледі.
Дезинфекциялау үшін Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдары қолданылады.
18. Ауызсу және шаруашылық-тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланылатын су санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес келеді.
19. Құрылыс алаңдарының санитариялық-тұрмыстық үй-жайларының суды бұру жүйесі оларды уақытша схема бойынша жұмыс істеп тұрған суды бұру жүйесіне қосу арқылы немесе су өткізбейтін, қазылған шұңқыры бар ауладағы дәретхана құрылғысымен немесе «Биодәретхана» мобильдік дәретхана кабиналары арқылы жүзеге асырылады.
Қазылған шұңқыр көлемінің кемінде үштен екі бөлігі толған кезде тазартылады. Объект құрылысы аяқталысымен, ауладағы дәретханаларды бөлшектегеннен кейін дезинфекциялау іс-шаралары жүргізіледі.
20. Салынып жатқан биік ғимараттардағы, монтаждау белдеулеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезінде жүктерді крандармен тасымалдау жүргізілмейтін аймаққа (қауіпті аймақтан тыс) «Биодәретхана» мобильдік дәретхана кабиналары мен жұмысшылардың жылынуына арналған пункттер орнатылуы қажет.
«Биодәретхана» мобильдік дәретхана кабиналары толуына байланысты тазартылады және лас іркінділер арнайы автокөлікпен шығарылады.
21. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның немесе салынып жатқан объектінің аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу мынадай іс-шараларды орындаған жағдайда жүзеге асырылуы керек:
1) өндіріс үшін бөлінетін аумақтың шекарасын белгілеу;
2) бөлінген аумақта қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу.
22. Құрылыс материалдары мен конструкциялар объектіге пайдалану үшін дайын күйінде келіп түседі. Оларды құрылыс алаңы жағдайында жұмыс істеуге дайындаған кезде (қоспалар мен ерітінділерді дайындау, материалдар мен құрылымдарды кесу және басқалар) механикаландырылған құралдарымен, арнайы жабдықпен және жергілікті сору желдеткіш жүйелерімен жабдықталған үй-жайлар қарастырылады.
23. Жұмыс істеу кезінде зиянды газдар, бу және шаң бөлуі мүмкін жабдық зиянды заттардың бөліну көздерінің берік тұмшалануын қамтамасыз ететін барлық қажетті жабындарымен және құрылғыларымен толық жиынтықта жеткізілуі керек. Жабынның өндіріс қалдықтарын механикалық жою үшін аспирациялық жүйелерге қосуға арналған құрылғымен (фланецтер, келте құбыр және т.б.) жабдықталады.
24. Пайдалану құжаттамасында белгіленген жағдайларда машиналарды, көлік құралдарын пайдалану кезінде машинисттің (жүргізушінің) жұмыс орнындағы, сондай-ақ машиналардың (механизмдердің) жұмыс аймағындағы шудың, дірілдің, шаңның, газдың деңгейі санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес гигиеналық нормативтерден аспайды.
25. Жұмыс уақытында еркектерге салмағы 15 килограммға (бұдан әрі - кг), әйелдерге 7 кг дейінгі жүктерді екі метрден (бұдан әрі – м) астам биіктікке көтерген кезде тиеу-түсіру жұмыстары механикаландырылады.
26. Сусымалы, шаңды және қауіпті материалдармен тиеу-түсіру операциялары жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі.
27. Ыдыс жарамсыз болғанда, оған таңба салынбағанда және ескертпе жазба жазылмағанда қауіпті жүктермен бірге тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға жол берілмейді.
28. Бетонды, темір-бетонды, тас қалау жұмыстарын жүргізгенде және кірпіш қалағанда арматураны дайындау және өңдеу арнайы жабдықталған орындарда жүргізіледі.
29. Бетон массасын нығыздау қашықтан басқарылатын электр дірілдеткіш пакеттермен жүргізіледі.
30. Бетон қоспасын төсер алдында құрылыс қоқысы өнеркәсіптік шаңсорғышпен жойылады. Арматуралы тор мен бетондалған үстіңгі қабатты сығымды ауамен үрлеуге жол берілмейді.
31. Аумақ алаңы шегінде табиғи тастарды өңдеу арнайы бөлінген орындарда жүргізіледі. Бір-бірінен кемінде үш метр қашықтықта орналасқан жұмыс орындары қорғаныш экрандарымен бөлінеді.
32. Көп қабатты ғимараттардың сыртқы қабырғаларын көрінуді нашарлататын ауа-райы жағдайлары кезінде қалауға және әрлеуге жол берілмейді.
33. Құрылымдардың монтаждауға жататын элементтері батпақ және қызылсу мұзынан тазалау, құрылым мен жабдықты сырлау және тот басудан қарсы қорғау оларды көтермей тұрып жүргізіледі. Көтерілгеннен кейін сырлау және тот басуға қарсы қорғау, құрылымдары түйісетін немесе қосылатын орындарда жүргізіледі.
34. Монтаждауға жататын жабдықты босатып алу және қайта іске қосу арнайы стеллажда немесе төсемдерде; ірілендіре құрастыру және дайындап шығу (құбырдағы бұранданы қию, құбырды майыстыру, жапсарлап қиюластыру және басқа да жұмыстар) осы мақсат үшін бөлінген алаңдарда жүргізіледі.
35. Өрттен қорғайтын құрамаларды дайындау желдету жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі арқылы жылжымалы станцияларда компоненттерді автоматты түрде беретін және дозалайтын ерітінді араластырғышты пайдалану арқылы жүргізіледі. Үй-жайда жұмыспен байланысы жоқ адамдардың болуына жол берілмейді.
36. Өрттен қорғайтын жабынды жасайтын жұмысшылар жұмыстың әр сағаты сайын он минуттық үзіліс жасайды, ерітінділерді дайындау және жағу бойынша технологиялық операциялар жұмыс аптасы ішінде алмасып тұрады.
37. Жоғары шағылысу қабілетіне ие материалдарды (алюминий, титан негізіндегі қорытпа, тоттанбайтын болат) дәнекерлеу кезінде дәнекерлеу доғасы мен дәнекерленетін бұйымның беті ішіне салынған немесе тасымалданатын экрандар арқылы экрандалады.
38. Даналық электродпен қолмен дәнекерлеген кезде пневматикалық, магнитті және басқа да ұстағышы бар тасымалданатын шағын габаритті ауа қабылдағыштар пайдаланылады.
39. Тігінен әртүрлі деңгейде дәнекерлеу жұмыстарын жүргізгенде төмен орналасқан деңгейлерде жұмыс істеп жатқан персоналды қорғау көзделеді.
40. Орташа және шағын көлемді бұйымдарды стационарлы жағдайда дәнекерлеу жергілікті сору желдеткіші орнатылған жанбайтын материалдан жасалған төбесі ашық кабиналарда жүргізіледі. Кабинадағы бір дәнекерлеу орнына арналған бос алаң кемінде үш шаршы метр болуы тиіс.
41. Тұйық және қолжетімдігі қиын кеңестіктерде дәнекерлеу сору құрылғысы бар жергілікті сору желдеткішінің үздіксіз жұмыс істеуі кезінде жүргізіледі.
42. Металлдарды газ жалынымен өңдеуге арналған әр стационарлық жұмыс орнына, жабдық және өту жолдары алып жатқан алаңнан басқа кемінде төрт шаршы метр беріледі. Өту жолдарының ені кемінде бір метр болуы тиіс. Газ жалынымен тозаңдатып қондыру операторының жұмыс орнының аумағы кемінде он шаршы метр болуы тиіс.
43. Жабындарды газ жалынымен тозаңдатып қондыру және ұнтақ материалдарын ірі бұйымға балқытып қаптастыру қолмен соруды пайдалану арқылы үй-жайларда жүргізіледі.
44. Жабындарды газ жалынымен тозаңдатып қондыру және ұнтақты балқытып қаптастыру үшін бункерге ұнтақты құю және жинау жергілікті соруды пайдалану арқылы немесе сору желдеткішімен жабдықталған арнайы камера мен кабиналарда жүргізіледі.
45. Дәнекерлеу мен кесудің механикаландырылған процесстері үшін машиналарға немесе жабдыққа салынып жасалған жергілікті соратын шаң және газ қабылдағыштар құрылғысы көзделеді.
46. Тұйық кеңістіктерде және қолжетімдігі қиын орындарда газ жалынымен өңдеу:
1) үздіксіз жұмыс істейтін сыртқа тарату желдеткіші болғанда;
2) стационарлық немесе жылжымалы қондырғылардан жергілікті соруды ұйымдастыру арқылы арнайы желдеткіш құрылғысын орнатқанда;
3) жабындардың тұтану арқылы тозаңдатып қондырылуын жүргізу үшін үй-жайдың дыбысты оқшаулауы кезінде жүргізіледі.
47. Дәнекерлеу, кесу, еріту, тазалау және қыздыруға арналған жұмыс орындары шудан, инфра қызыл сәулелену мен балқытылған металлдың шашыруынан ұжымдық қорғаныш құралдарымен (жанбайтын материалдан жасалған экран және шымылдық) жабдықталады.
48. Технологиялық жабдықта және құбырларда оқшаулау жұмыстары олар орнатылғанға дейін немесе тұрақты бекітілгеннен кейін орындалады.
49. Аппараттардың ішінде немесе жабық үй-жайларда оқшаулау жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс орындары механикалық желдеткішпен және жергілікті жарықтандырумен қамтамасыз етіледі.
50. Битум мастикасы жұмыс орындарына битум сымы бойынша немесе жүк көтергіш кранның көмегімен ыдыстарда жеткізіледі. Битумды қолмен орналастыру кезінде қақпағы тығыз жабылатын металл бөшкелер қолданылады. Оқшаулау жұмыстарында температурасы плюс 180 ҮC-тан жоғары битум мастикаларын пайдалануға жол берілмейді.
51. Пенополиуретанды дайындау және құю кезінде компоненттердің жұмысшының денесіне түсуіне жол берілмейді.
52. Шыны мақта, қожмақтасы, асбест үгіндісі, цемент контейнерлермен немесе пакеттермен берілуі тиіс.
53. Асбестпен жұмыс істеген кезде ескі оқшаулағышты бөлшектеу ылғалдауышты қолдану арқылы жүргізіледі.
54. Тот басуға қарсы жұмыстарды орындайтын учаскеде және үй-жайда технологиялық операциялардың механикаландырылуы және сыртқа тарату желдеткіші көзделеді.
Құм ағысы мен бытыра ағысы тәсілдерін қолдана отырып, тот басуға қарсы қаптауға жататын үстіңгі беттерді бітеу ыдыстарда тазалауға жол берілмейді.
55. Тот басуға қарсы лак-бояу материалдарын және желімдерді қолмен жағу сабының басында қорғаныш шайбасы бар жаққышпен жүзеге асырылады.
56. Жұмыстарды ыдыстардың, камералардың ішінде және жабық үй-жайларда жүргізген кезде мәжбүрлі желдету және электрмен жарықтандыру жүйесімен жабдықталады.
57. Ерітіліп жатқан руберойдтың балқытылатын негізін кептіруге арналған құрылғы қорғаныш экрандарымен жабдықталады. Жұмысшылардың аяқ жағында жылуды көп бөлетін машиналар мен механизмдердің жылу қорғаныш экрандарының биіктігі кемінде 500 миллиметр (бұдан әрі – мм) болуы тиіс.
58. Жанғыш және тез тұтанатын материалдарды сақтау және тасымалдау жабық ыдыста жүзеге асырылады. Материалдарды сынатын (шыны) ыдыста сақтауға және тасымалдауға жол берілмейді.
59. Шатырдың элементтері мен бөлшектері жұмыс орнына контейнерлерде беріледі, оларды тікелей төбеде дайындауға жол берілмейді.
60. Сылау және майлау жұмыстары үшін сусыма құрамдауыштардан ерітінді дайындау жүргізілетін үй-жайлар механикалық желдеткішпен жабдықталады.
61. Майлау құрамы желдеткішпен, жуу құралдарымен және жылы сумен жабдықталған үй-жайда орталықтанып дайындалады.
Сырлар мен материалдардың жұмыс құрамы арнайы алаңдарда дайындалады.
62. Жұмыс құрамдарын (лак-бояу материалдары, майсыздайтын және жуатын ерітінділер), сығылған ауаны стационарлық бояулы жабдыққа беру жұмысшыларды қорғаудың ұжымдық құралдарын қосу арқылы блоктайды.
63. Жұмыс ерітінділерін дайындау үшін салмағы он килограмнан астам бөшкелерден, бидондардан және басқа ыдыстан бояу материалдарын құю кезінде аталған үдерісті механикаландыру қарастырылуы тиіс.
64. Сылау және майлау жұмыстарын жүргізу кезінде:
1) үй-жайлардың ішіндегі сылау жұмыстары үшін үстіңгі бетті дайындау кезінде оларды құрғақ құммен өңдеуге;
2) декоративтік түрлі-түсті сылақ үшін қорғасын, мыс, қалайы реңктерін қолдануға;
3) құрылыс жүргізу жағдайларында әкті езуге;
4) үй-жайларда лак-бояу материалдарын пневматикалық бүркуге;
5) құрамында сүрме, қорғасын, топияйын, мыс, хром қоспалары бар лак-бояу материалдарын, сондай-ақ түк қаптап кетуге қарсы сырды, эпоксидті қарамай және тас көмір лагы негізіндегі құрамды бүрку әдісімен жағуға;
6) мәжбүрлеп желдеткішпен жабдықталмаған бояйтын құрамдарды дайындау үшін мобильдік бояу станцияларын пайдалануға;
7) үй-жайға өртелген отын өнімдерін бөлетін мұржасыз темір пешпен және басқа құрылғыларымен үй-жайды жылытуға және құрғатуға жол берілмейді.
65. Қаптау, ағаш ұстасының, ұстаның және шыны жұмыстарына арналған материалдар жұмыс орнына дайын күйінде механикаланған әдіспен жеткізілуі тиіс. Шыныны көтеру және тасымалдау қауіпсіз құрал-жабдықтарды қолдану арқылы немесе арнайы ыдыста жүргізіледі.
Төсеме тақталарда құрылымдарды дайындауға жол берілмейді.
66. Ерітінді құю және қаптау материалдарын өңдеу механикалық желдеткішпен жабдықталған үй-жайда құм ағызатын аппараттардың көмегімен орындалады.
67. Антисептикалық және өрттен қорғайтын құрамдар желдеткішпен жабдықталған бөлек үй-жайларда дайындалады. Қатарлас үй-жайларда жұмыс жасаған уақытта немесе бір үй-жайда жұмысты қатарласа жүргізгенде конструкцияларды өңдеуге жол берілмейді.
68. Құм ағызатын аппараттардың көмегімен шыныны өңдеу көзге, тыныс алу органдарына және қолға арналған жеке қорғаныш құралдарымен жүргізіледі.
69. Шыныны тілу ауа температурасының плюс кезінде арнайы үстелдерде көлденең күйінде жүзеге асырылады.
70. Аккумуляторлық батареяларды монтаждау әрлеу жұмыстары аяқталғаннан, желдету, жылыту және жарықтандыру жүйелері сыналғаннан кейін жүзеге асырылады.
71. Қышқыл электролит қорғасын немесе болат жалатылған ыдыстарда дайындалады. Электролитті жағу үшін шыны немесе эмалданған ыдыстарды пайдалануға жол берілмейді.
72. Оттықтарды, дәнекерлеу шамдарын жағу, кабель массасы мен балқытылған дәнекерді қыздыру кабелді құдықтан кемінде екі метр қашықтықта жүргізіледі. Балқытылған дәнекер және қыздырылған кабельді масса кабелді құдыққа арнайы шөмішпен немесе жабық бөшкелерде беріледі.
73. Кабель массасын жабық үй-жайда қыздырған кезде механикалық желдету жүйесімен жабдықталады.
74. Аккумуляторлық үй-жайларда электродтарды балқыту, дәнекерлеу аккумолятор батареяларының заряды аяқталғаннан кейін екі сағаттан кейін жүргізіледі.
75. Бұранда қосылыстарды тығыздау үшін зығыр және түбір ұштарын қорғасын қызыл бояуымен сіңдіруге жол берілмейді.
76. Жабық үй-жайларда зиянды химиялық заттарды пайдалану арқылы әрлеу немесе тот басуға қарсы жұмыстар табиғи және механикалық желдеткішті және жеке қорғаныш құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.
77. Зиянды газ, бу және шаң бөлуі мүмкін жабдық зиянды заттардың бөліну көздерінің берік тұмшалануын қамтамасыз ететін жабынмен және қондырғымен жабдықталады.
78. Шаң бөлетін машиналар (уатқыш, ұнтақтағыш, араластырғыш және басқалар) шаң басу немесе шаң ұстау құралдарымен жабдықталады.
79. Қол машиналарын пайдалану мынадай:
1) бөлшектердің жиынтығын және бекітілу беріктігін, машинаны жұмысқа әрбір берген кезде қорғаныш қабының жарамдылығын тексеру;
2) он килограмм және одан да астам салмақтағы қол машиналары іліп қоюға арналған құрал-жабдықтармен жабдықталуы тиіс;
3) машиналарға уақтылы жөндеу жүргізу және діріл сипатындағы параметрлерге жөндеуден кейін бақылау жасау талаптарын орындаған жағдайда жүзеге асырылады.
80. Пышақтардың немесе соған ұқсас кесетін құрал-саймандардың саптарының тайып кетуінің алдын алатын сақтандырғыш құлағы болуы тиіс. Дірілдеткішдердің тұтқасы амортизаторлармен жабдықталған, тұтқа нысаны жылуды аз өткізетін материалдан дайындалады.
81. Материал жұмыс орындарына механикаландырылып тасымалданады. Ұнтақ тәрізді және басқа да сусыма материалдар тығыз жабылған ыдыста тасымалданады.
82. Жұмыс орындарында лак-бояу, оқшаулау, әрлеу және басқа да материалдар ауысымдық қажеттіліктен аспайтын көлемде сақталады.
83. Құрамында зиянды заттары бар материалдар герметикалық жабық ыдыста сақталады.
84. Цемент силостарда, бункерлерде, ларларда және басқа да жабық ыдыстарда сақталады.
85. Жанғыш және тез тұтанатын материалдар жабық ыдыста сақталады және тасымалданады. Материалдарды сынатын (шыны) ыдыста сақтауға және тасымалдауға жол берілмейді. Ыдыстың тиісті жазбасы болуы тиіс.
86. Салуға, реконструкциялауға, қайта бейіндеуге және жөндеуге арналған құрылыс және әрлеу материалдарының Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсаты болуы тиіс.
87. Құрылыс алаңындағы жұмыс орындарының құрылғысы мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:
1) жұмыс орнының алаңы еңбек процесін орындау үшін талап етілетін құрылыс машиналарын, тетіктерді, құрал-сайманды, мүкаммалды, құрал-жабдықтарды, құрылыс конструкцияларын, материалдар мен бөлшектерді орналастыру үшін жеткілікті жабдықталады;
2) жұмысшы ұзақ уақыт бойы денесін еңкейтіп, керілген қалыпта, қолын жоғары көтерген күйі жұмыс істемейді.
88. Қолмен немесе қарапайым құрал-жабдықтарды қолдана отырып орындалатын процестер қол жететін аймақта; қол машиналарының көмегімен орындалатын процестер оңтайлы қолжететін аймақта; машиналарды жүргізумен байланысты процестер (операторлар, құрылыс машиналарының машинистері) жеңіл қолжететін аймақта жүзеге асырылады;
89. Жұмыс орны материалдар мен еңбекті техникалық жабдықтау құралдарын орналастыруға арналған аймақты, қызмет көрсету аймағын (көлік аймағы) және жұмыс аймағын қамтиды.
90. Жұмыс орындары құрылыс машиналарымен, қол және механикаланған құрылыс құрал-сайманымен, байланыс құралдарымен, шу және дірілді шектеуге арналған құрылғылармен жабдықталады.
91. Жұмысы шаң шығаратын материалдармен жүргізілетін учаскелер аспирациялық немесе желдету жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
92. Әк, цемент, гипс және басқа да шаң материалдарын өңдеуге арналған қондырғыларда қақпағын, қуаттандырғышын және тетігін басқару шығарылатын пульттермен жүзеге асырылады.
93. Аражабынның, лифт құрылғыларының, баспалдақ торларының ойықтары тұтас жабынмен жабылады немесе қоршалады.
94. Шу деңгейі жоғары машиналарды пайдаланған кезде:
1) оның пайда болу көзінде шуды азайтуға арналған техникалық құрал;
2) қашықтан басқару;
3) жеке қорғаныш құралдары;
4) еңбек пен демалудың тиімді режімін таңдау, жұмыс аймағында шу факторларының әсер ету уақытын қысқарту, емдеу-профилактикалық және басқа іс-шаралар қолданылады.
95. Естудің жеке қорғаныш құралдарын пайдаланбай дыбыс деңгейі сексен децибелден жоғары аймақтарда жұмыс істеуге және құрылысшылардың дыбыс деңгейі жүз жиырма децибелден жоғары аймақтарда болуына жол берілмейді.
96. Желім, мастика, сыр және иісі қатты шығатын материалдар қолданылатын немесе дайындалатын жұмыс орындары табиғи желдетумен қамтамасыз етіледі, жабық үй-жай механикалық желдету жүйесімен жабдықталады.
97. Машиналарға, көлік құралдарына, өндірістік жабдыққа және механикаландырудың басқа да құралдарына техникалық қызмет көрсету кезінде және ағымдағы жөндеу кезінде жұмыс орны жүк көтергіш құрал-жабдықтармен жабдықталады.
98. Тұрып жұмыс істейтін құрылысшылардың табандарын қоюға арналған кеңістік жұмыс орнының тереңдігі жағынан кемінде 150 мм және ені жағынан 530 мм болуы тиіс.
99. Бес кг дейін күш салынатын аз қозғалатын, басын айтарлықтай қозғалтпай жасалатын жұмыс отырған күйі орындалады.
100. Екі метр және одан да биіктікте жұмыс жасағанда жұмыс орнының алаңы болуы тиіс. Алаңның ені кемінде 0,8 м, жақтаудың биіктігі 1 м және төменгі жағы кемінде 150 мм биіктікте бүтіндей қапталуы қажет. Қаптама мен жақтаудың арасындағы алаң төсемін 500 мм биіктікте алаңның барлық пирметрі бойынша қосымша қоршалатын тор орнатылады.
101. Алаңдарға өтетін баспалдақтар басқыштарының ұзындығы кемінде 200 мм, ені кемінде 700 мм, жанбайтын материалдан жасалады.
102. Жұмыстың ауысым ішілік режимі суықта үздіксіз болу уақытын және жылыну уақытын регламенттеу есебінен жұмыс істеушілердің қатты тоңуының алдын алуды көздеуі тиіс.
103. Жылыну орындарында ауа температурасы плюс 21-25 ҮC деңгейін ұстап тұрады. Қолды және табанды жылытуға арналған үй-жай плюс 40 ҮC аспайтын жылыту құрылғыларымен жабдықталады.
104. Ауа температурасы минус 40 ҮС төмен болған жағдайда, беттің және жоғары тыныс алу жолдарының қорғалуы көзделеді.
105. Жұмыс орындарында ауызсумен жабдықтау құрылғылары орналастырылуы және ыстық шай, минералды сілтілі су, сүт қышқылы сусындарын беру көзделуі тиіс. Сұйықтықтың қолайлы температурасы плюс 12-15 ҮC болуы тиіс.
106. Сатураторлық қондырғылар және ауызсу бұрқақтары жұмыс орындарынан, киім ілетін орындардан, әйелдердің жеке гигиенасына арналған үй-жайлардан, тамақтану пункттерінен, жұмысшылардың демалатын орындарынан және күн радиациясы мен атмосфералық жауын-шашыннан қорғанатын паналардан жетпіс бес метрден қашық емес аралықта орналастырылады.
107. Биіктікте жұмыс істейтін жұмысшылар, жер қазатын және жол машиналарының машинистері, кран машинисті және басқалар ауызсуға арналған жеке флягалармен қамтамасыз етіледі.
108. Жұмысшыларға және инженерлік-техникалық персоналға жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерді арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және басқа да жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібіне және нормаларына сәйкес арнайы киім, арнайы аяқ киім және жеке қорғаныш құралдары беріледі.
109. Жұмыскерлерге берілетін жеке қорғаныш құралдары олардың жынысына, бойына және өлшеміне, орындайтын жұмысының сипаты мен жағдайларына сәйкес болуы және берілген уақыт ішінде өндірістің зиянды және қауіпті факторлар әсерін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс.
110. Жұмыс беруші жеке қорғаныш құралдарын тиісінше күтуді және олардың сақталуын ұйымдастырады, арнайы киімді, арнайы аяқ-киімді және басқа да жеке қорғаныш құралдарын химиялық тазартуды, жууды, жөндеуді, газсыздандыруды, залалсыздандыруды және шаңнан тазартуды уақтылы жүзеге асырады, арнайы киім мен аяқ киімді шаңнан тазарту үшін кептіргіштер мен камералар орнатылады.
111. Зиянды өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмыскерлер үшін жұмыс ауысымының ұзақтығын ұзартуға жол берілмейді. Ауысым арасындағы демалыс кемінде он екі сағатты құрайды.
112. Монтаждауға жататын конструкциялардың элементтерін мұздан және шаңнан тазарту оларды көтергенге дейін жүргізіледі.
113. Сылау-сүрту машиналарын пайдаланған кезде жұмыс аймағының ауасында шаңның шоғырлануын азайту сүртілетін бетті дымқылдау жолымен жүргізіледі.
114. Үй-жайлардың ішінің сылау жұмыстары үшін үстіңгі беттерін дайындау кезінде оларды құрғақ құммен өңдеуге жол берілмейді.
115. Үй-жайларда лак-бояу материалдарын пневматикалық бүркуге жол берілмейді. Пневматикалық бүркуішпен бояу кезінде қарапайым түтікті шүмегі бар сыр бүркуіштерді қолдануға жол берілмейді.
116. Құрамында сүрме, қорғасын, тотияйын, мыс, хром бар лак-бояу материалдарды, сондай-ақ түк өсуге қарсы бояулар, эпоксидті қара май және тас көмір лагының негізіндегі қоспаларды бүрку әдісімен жағуға жол берілмейді.
117. Бояу материалдарын жағу процесінде жұмыскерлер ерітінділердің аэрозолі мен буы ауа ағынымен кетуі үшін таза ауа ағыны келетін жаққа қарай ауыстырылады.
118. Бояу бүркуіштер бір кг аспайтын массада пайдаланылады, бояу бүркуіштің құлағына күш салу он Ньютоннан аспауы тиіс.
119. Жылыту жүйелерін пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде салынып жатқан ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайларын кептіру үшін ауажылытқыштар қолданылады. Үй-жайға өртелген отын өнімдерін бөлетін мұржасыз темір пешпен және басқа да қондырғылармен үй-жайды жылытуға және құрғатуға жол берілмейді.
120. Құм ағызатын аппараттардың, механизмдердің көмегімен ерітінді құю және қаптау материалдарын өңдеу бойынша жұмыстарды орындау кезінде компрессордан шыққан сығылған ауамен үстіндегі киімді салқындатуға жол берілмейді.
121. Құрылысты механикаланған түрмен бөлшектеу кезінде машинистің кабинасы тормен қорғалады.
122. Жұмыскерлерді газ немесе зиянды заттардың пайда болу мүмкіндігі бар орындарға жіберу алдында детоксикациялық іс-шаралар жүргізіледі және үй-жай желдетіледі.
123. Құрылыс алаңында жұмыс жүргізу ауданының климаттық- географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, уақытша стационарлық немесе жылжымалы санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар орнатылады. Оларды құрылыс алаңына орналастыру мүмкін болмаған жағдайда, олар одан тысқары 50 м-ден алыс емес радиуста орналастырылады.
124. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды орналастыруға арналған алаң су баспайтын учаскеде орналастырылады және қазан шұңқырлар, траншеялар болған жағдайда, су бұру ағынымен және өтетін көпірлермен жабдықталады.
125. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар тиеу қондырғыларынан, бункерлерден, бетонды-еріту тораптарынан және шаң, зиянды бу және газ бөлетін басқа да объектілерден кемінде елу м арақашықтықта ық жақта орналастырылады.
126. Әрбір құрылыс алаңында жұмыс істеушілердің санына және жұмыс ұзақтығына байланысты мынадай қызметтер көрсетіледі және қамтамасыз етіледі: санитариялық және жуыну үй-жайлары; киім ауыстыруға, сақтауға және кептіруге арналған үй-жайлар; қолайсыз ауа-райы жағдайының себептері бойынша жұмыстағы үзілістер кезінде адамдардың тамақтануына және жылынуына арналған үй-жайлар.
127. Жұмыскер жыныстық белгілеріне қарай жеке санитариялық және жуыну үй-жайларымен қамтамасыз етіледі.
128. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың сыртқа тарату желдеткіші, жылыту, кәріздеу жүйелері болуы және орталықтандырылған салқын және ыстық сумен жабдықтау жүйелеріне қосылуы тиіс. Орталықтандырылған кәріздеу және сумен жабдықтау жүйелері болмаған жағдайда, жергілікті жүйелер орнатылады.
129. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға өтетін жолдар қауіпті аймақтармен (салынып жатқан ғимараттар, төсемсіз және дабыл құралдарынсыз теміржолдар, мұнара крандарының жебесі астында және тиеу-түсіру қондырғылары және басқалар) жанаспауы тиіс.
130. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар мыналарды: жылыну және демалу бөлмелерін, киім ілетін орындарды, су жылытатын уақытша себезгі кабиналарын, дәретханаларды, жуынатын орындарды, ауызсумен жабдықтау құрылғыларын, кептіру, шаңсыздандыру және арнайы киім сақтау орындарын қамтиды. Жеке және арнайы киім сақтайтын орындар жеке шкафтармен жабдықталуы тиіс.
131. Себезгі бөлмесінің, жуынатын орынның, дәретхананың, арнайы киімдерді сақтауға арналған үй-жайлардың едені беті тайғақ емес суға төзімді болуы, судың ағуы үшін еңісі болуы тиіс. Киім ілетін орындарда және себезгі бөлмесінде кедір-бұдыр резеңкелі немесе пластмассадан жасалған, жеңіл жуылатын кілемшелер төселеді.
132. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға құрылыс алаңынан кіреберіс аяқ киімді жууға арналған құрылғымен жабдықталады.
133. Арнайы киім мен аяқ киімді кептіруге арналған үй-жайдың көлемі, оның өткізу мүмкіндігі жұмыстағы ауысымдық үзіліс арасындағы уақыттың барынша көп жүктемесі кезінде кептіруді қамтамасыз етуі тиіс.
134. Арнайы киімді кептіру және шаңнан тазарту әрбір ауысымнан кейін жүргізіледі, жуу және химиялық тазарту қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде екі рет жүргізіледі. Ұнтақ тәрізді және уытты заттармен жанасатын жұмысшылардың арнайы киімі әрбір ауысымнан кейін қалған арнайы киімнен бөлек жуылуы, қысқы арнайы киім химиялық тазартылуы тиіс.
135. Арнайы киімнің шаңын тазарту және химиялық тазартуға арналған үй-жай жеке орналастырылады және дербес желдеткішпен жабдықталады.
136. Арнайы киімді, құрылысшылардың тұрғылықты жерінен тыс жерлерде уақытша тұратын жағдайда іш киімдер мен төсек әбзелдерін жуу үшін жұмысшылардың санына қарамастан, кір және таза киімдерді орталықтандырып жеткізу арқылы стационарлық, сондай ақ жылжымалы түрдегі киім жуатын орындармен қамтамасыз етіледі.
137. Тұрмыстық үй-жайларды жинау күнделікті жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, жүргізіледі, жинау мүккамалы таңбаланады, мақсаты бойынша пайдаланылады және арнайы бөлінген орында сақталады.
138. Еңбек жағдайларымен байланысты аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында құрылыста жұмыс істейтін жұмысшылар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес жұмысқа қабылдану алдында алдын ала және мерзімдік міндетті медициналық тексеруден (куәландыру) өтеді.
139. Барлық учаскелер және тұрмыстық үй-жайлар бастапқы көмек көрсету қобдишаларымен жабдықталады. Уытты заттарды пайдаланатын учаскелер профилактикалық пункттермен жабдықталады. Оларға өтетін жолдар жарықтандырылуы, қолжетімді болуы, жолы ашық болуы тиіс. Профилактикалық пункттер улы заттар пайдаланылатын учаскедегі әрбір жұмыскерге арналған қорғаныш майларымен, уға қарсы заттармен, байлап-таңу құралдарымен және жеке қорғаныш құралдарының авариялық қорымен толықтырылуы қамтамасыз етіледі.
140. Тұрмыстық үй-жайларда дезинсекциялау және дератизациялау іс-шаралары жүргізілуі тиіс.
141. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Асханалардың күтіп-ұсталуы мен пайдаланылуы санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес болуы кажет.
Тамақты тарата және арнайы бөлінген үй-жайларда қабылдай отырып, базалық асханадан жұмыс орындарына жеткізу жолымен ұйымдастыруға жол беріледі. Арнайы бөлінген үй-жайлар мен тарату пунктері санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық қорытындымен ресімделеді.
142. Еңбектің зиянды және қауіпті жағдайлары бар учаскелерде жұмыс істейтін адамдар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес міндетті медициналық тексеруден өтеді.
143. Инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елді мекендердің аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшыларға профилактикалық егулер жүргізіледі.
144. Құрамында уытты заттары бар қалдықтарды жинау және жою қолмен тиеуді қоспағанда, жабық контейнерлерде немесе қалың қаптарда жүзеге асырылады.
145. Құрылыс алаңында құрылыс қалдықтарын өртеуге жол берілмейді.
146. Құрылыс кезінде тартып шығарылатын жерасты сулары санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес құрылыс алаңындағы және оған іргелес жатқан аумақтағы дақылдық және шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікті қанағаттандыру үшін сумен жабдықтаудың тұйық сызбасы арқылы шахталық құрылыстың технологиялық цикілінде пайдалануға жол беріледі. Бұл ретте, олар тазартылуы, бейтараптандырылуы, минералсыздандырылуы, (қажет болған жағдайда) зарарсыздандырылуы тиіс.
147. Шаруашылық-тұрмыстық ағындар қалада құрылыс алаңынан қалалық кәріздеу жүйесіне қосылады.
148. Жанар-жағар май материалдарын және битумды сақтауға арналған ыдыстар және қоймалау орны, құю, тарату орындары арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталады және топырақты ластанудан қорғауға арналған іс-шаралар орындалады.
149. Инфекциялық аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда объектілерде шектеу іс-шаралары енгізіледі және осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес талаптарға сай күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау қамтамасыз етіледі.
2-тарау 149-тармақпен толықтырылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.07.2020 жылғы № ҚР ДСМ-78/2020 Бұйрығына сәйкес (өзгерту 06.07.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
«Құрылыс объектілерін салу, реконструкциялау,
 жөндеу және іске қосу, пайдалану кезінде
 еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету
 жағдайларына қойылатын
 санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
 санитариялық қағидаларына
1-қосымша
Қағидалар 1-қосымшамен толықтырылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.07.2020 жылғы № ҚР ДСМ-78/2020 Бұйрығына сәйкес (өзгерту 06.07.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындарға, құрылыс компанияларына (құрылыс салушыларға) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
1. Өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар, құрылыс компаниялары (құрылыс салушылар) технологиялық процеске сәйкес өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді.
2. Жұмыскерлерді тұрғылықты жерінен қызметтік автобуста/автокөлікте жұмыс істеуге және жұмыстан орталықтандырылған жеткізу.
3. Көлік құралының жүргізушісінде қолды өңдеуге арналған антисептикпен және жеке қорғаныш құралдарымен (арнайы киім, маскалар мен қолғаптар, көзді қорғау құралдары/бетке арналған маска және т. б.) қамтамасыз етіледі, оларды талап етілетін жиілікпен міндетті түрде ауыстырады.
4. Әр рейстің алдында автокөлік салонын дезинфекциялау, кейіннен желдетуді жүргізіледі.
5. Жұмыскерлердің кіруі мен шығуы үшін автобустарда / шағын автобустарда барлық есіктердің бір мезетте ашылуы жүзеге асырылады.
6. Отыратын орын санына сәйкес маска киген жолаушылар салонға жіберіледі.
7. Егер жұмыскерлер жатақханаларда, оның ішінде мобильді, құрылыс алаңының немесе өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағында тұратын болса, COVID-19-ды жұқтырудың алдын алу мақсатында қажетті санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қауіпсіздік шаралары сақталады.
8. Вирустың таралуын болдырмау үшін зарарсыздандыру жүйесін (орта және ірі кәсіпорындардағы дезинфекциялық тоннельдер) пайдалана отырып объектіге кіруге жол беріледі.
9. Қолдарды осы мақсаттарға арналған тері антисептиктерімен (оның ішінде орнатылған дозаторлардың көмегімен) немесе дезинфекциялайтын майлықтармен өңдеу және осы гигиеналық рәсімнің сақталуына бақылау жүргізіледі.
10. ЖРВИ және тұмау симптомдары бар адамдарды жұмысқа жіберуді болдырмау үшін, ал COVID-19 (құрғақ жөтел, жоғары температура, тыныс алудың қиындауы, ентігу) жоққа шығармайтын симптомдары бар адамдар үшін жанаспайтын термометрия және респираторлық аурулар симптомдарының болуын тексеру жүзеге асырылады.
11. Объектілерде медициналық қызмет көрсету:
1) орта және ірі кәсіпорындарда изоляторы бар медициналық немесе денсаулық пунктінің міндетті түрде болуы, әр ауысымға дейін және одан кейін барлық қызметкерлерді тексеруді қамтамасыз ету үшін медициналық қызметкерлердің үнемі болуын;
2) ауаны залалсыздандыру мақсатында медициналық пункттің (денсаулық пунктінің) және адамдар көп жиналатын орындардың кварцтау (мүмкіндігінше) режимін қамтамасыз етуді;
3) медициналық пункттерді қажетті медициналық жабдықтармен және медициналық бұйымдармен (термометрлер, шпательдер, медициналық маскалар және т. б.) қамтамасыз етуді;
4) медициналық пункттің (денсаулық сақтау пунктінің) медицина қызметкерлерін ЖҚҚ және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етуді көздейді.
14. Жұмыс процесін бастағанға дейін:
1) жұмыскерлер арасында жеке/қоғамдық гигиена ережелерін сақтау қажеттілігі туралы нұсқама жүргізу, сондай-ақ олардың мүлтіксіз сақталуын қадағалау;
2) медициналық маскаларды немесе респираторларды жұмыс күні ішінде оларды уақтылы ауыстыру шартымен пайдалану;
3) жұмыс орындарында антисептиктердің, әрбір объектіде дезинфекциялау, жуу және антисептикалық құралдардың азаймайтын қорының болуы;
4) жұмыс күнінің басында жанаспайтын термометриямен қызметкерлерді тексеру;
5) жұмысқа шығуға күн сайын мониторинг жүргізу,
6) объектіде байланыссыз жұмысты енгізу үшін технологиялық процестерді автоматтандыруды барынша пайдалану;
7) тұрақты жұмыс орындарының арасында кемінде 2 метр алшақтықтың болуы (технологиялық процесс мүмкіндігі болған жағдайда);
8) жұмыскерлер көп жиналатын учаскелердің жұмысын болдырмау (мүмкін болған жағдайда жұмыс процесінің технологиясын қайта қарау);
9) есіктің тұтқаларын, ажыратқыштарды, тұтқаларды, сүйеніштерді, тұтқаларды, жанасатын беттерді (жұмыскерлердің үстелдерін, орындықтарын, ұйымдастыру техникасын), жаппай пайдаланылатын орындарды (гардеробтар, тамақ ішетін, демалатын бөлмелер, санитариялық тораптар) міндетті түрде дезинфекциялай отырып, ауысымда кемінде 2 рет вирулицидті әсері бар құралдармен дезинфекциялай отырып, өндірістік және тұрмыстық үй-жайларды ылғалды жинау;
10) желдету жүйелері мен ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмысы, профилактикалық тексеру, жөндеу, оның ішінде сүзгілерді ауыстыру, ауа өткізгіштерді дезинфекциялау), желдету режимін сақтауды қамтамасыз ету көзделеді.
15. Объектілерде тамақтандыру мен демалысты ұйымдастыру мыналарды көздейді:
1) әр түрлі өндірістік учаскелер жұмыскерлерінің бір уақытта тамақтануын және жиналуын болдырмайтын қатаң белгіленген орындарда тамақ ішуді ұйымдастыру. Барлық қажетті санитариялық нормаларды қамтамасыз ете отырып, цехтар/учаскелер жанындағы тамақ ішу аймағына (асханаларға) тамақ жеткізуге болмайды;
2) үстелдер арасындағы қашықтықты кемінде 2 метр сақтау және бір стандартты үстелде немесе 4 отыратын орынға есептелген үстелдерде шахматтық тәртіппен 2 жұмысшыдан артық емес отырғызу;
3) бір рет қолданылатын ыдыстарды кейіннен жинау және жою арқылы пайдалану;
4) көп рет қолданылатын ыдысты пайдаланған кезде - ыдысты арнайы жуу машиналарында 65 градустан төмен емес температурада не сол температурада жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, әрбір пайдаланғаннан кейін қолмен өңдеу;
5) асхана персоналы (сатушылар, аспаздар, даяшылар, кассирлер және тамақ өнімдерімен тікелей байланысы бар басқа да қызметкерлер) өз қызметтерін жұмысшыларға ауысымына кемінде екі рет және тұтастығы бұзылған кезде ауыстыруға жататын қолғаппен көрсетуі, персоналдың жұмыс кезінде бір рет қолданылатын медициналық маскаларды пайдалануы (маскаларды ауыстыру 2 сағат ішінде кемінде 1 рет);
6) ас блоктары мен сауда объектілерінде, кәсіпорындарда нұсқама беруге, қорғаныш құралдарын уақтылы ауыстыруға, дезинфекциялау, жуу және антисептикалық құралдардың қажетті қорын қамтамасыз етуге және қадағалауға жауапты адамды бекіту, нұсқама өткізудің мерзімділігі бойынша журнал жүргізу, қорғаныш құралдарын ауыстыру және дезқұралдардың қорын толықтыру;
7) бір уақытта қызмет көсетілетін келушілердің саны қашықтықты сақтай отырып, 5 адамнан аспайды;
8) жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін үй-жайларды желдетуді және есік тұтқаларын, тұтқаларды, үстелдерді, орындықтардың арқалықтарын (креслолардың шынтақ қойғыштарын), тамақтану залына (асханаға) кіре берісте қол жууға арналған раковиналарды, өзіне-өзі қызмет көрсету витриналарын сүрту жолымен дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ылғалды жинауды жүргізу (немесе кемінде 6 сағат өткен соң);
9) күшейтілген дезинфекциялық режимді жүргізу - үстелдерді, орындықтарды сағат сайын арнайы дезинфекциялау құралдарымен өңдеу.