Toggle Dropdown
Электр қондырғыларын орнату қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 230 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10851 тіркелді
Редакция 03.01.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Электр қондырғыларын орнату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік оның көшірмесін он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс – шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі В. Школьник
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 230 бұйрығымен
бекітілген
Электр қондырғыларын орнату қағидалары
1-бөлім. Электр қондырғыларын орнату тәртібі
1.Осы Электр қондырғыларын орнату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр қондырғыларын орнату тәртібін айқындайды.
2.Осы Қағидалар тұрақты және ауыспалы токтың жаңадан салынып жатқан және реконструкцияланатын, оның ішінде осы Қағидалардың 7-бөлімінде қаралған арнайы электр қондырғыларына қолданылады.
3.Осы Қағидалар пайдалану жағдайларында жоспарлы-алдын алу және профилактикалық сынауларды, электр қондырғылары мен олардың электр жабдығына жөндеу қажеттілігін ескерумен әзірленді.
4.Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1)автономды электрмен дәнекерлеу қондырғылары – электр желілерінен қоректенетін, оның ішінде жылжымалы электр станцияларына қосылатын электрмен дәнекерлеу қондырғыларынан бөлек іштен жанатын қозғалтқыштарымен жабдықталған дәнекерлеу ток көздері бар қондырғылар;
2)аз кернеу – ауыспалы ток үшін 42 вольттан және тұрақты ток үшін 110 вольттан аспайтын кернеу;
3)анкерлік аралық – ең жақын қашықтықтағы екі анкерлік тірек арасындағы әуе желісі учаскесі;
4)аппараттар – барлық класты кернеу ажыратқыштары, айырғыштар, бөлектеуіштер, қысқа тұйықтағыштар, сақтандырғыштар, ток шектеуіш реакторлар, конденсаторлар, жиынтық экрандалған ток өткізгіштер;
5)аралас ажыратқыш – ажыратылған жағдайда оқшаулаудың беріктігі бөлігінде айырғыштарға қойылатын талаптарды қанағаттандыратын және конструктивтік түрде стационарлық жерге тұйықтағыш (жерге тұйықтағыштар), ажыратқыштың өздігінен немесе рұқсатсыз қосылуын және тұйықтағыш (жерге тұйықтағыштар) ажыратылуын болдырмайтын ажыратқыш пен жерге тұйықтағыш (жерге тұйықтағыштар) жетектерінің механикалық және электрлік блоктары көзделген ажыратқыш;
6)аралықтың ұзындығы – әуе желісінің осы учаскесінің көлденең проекциясы;
7)аспалы оқшаулағыш – ток өткізгіш элементтерді тіректерге, көтергіш конструкцияларға және инженерлік құрылыстардың түрлі элементтеріне жылжымалы бекітуге арналған оқшаулағыш;
8)ауыр газ – қоршаған орта температурасы 20 °С және 100 килопаскаль қысымы кезінде ауа тығыздығына қатысты 0,8-ден астам тығыздығы бар газ;
9)ашық немесе сыртқы электр қондырғылары – атмосфералық әсерден ғимаратпен қорғалмаған электр қондырғылары.
Тек қана қалқамен, торлы қоршаулармен ғана қорғалған электр қондырғылары сыртқы электр қондырғылары ретінде қаралады;
10)ашық өткізгіш бөлігі – кернеу астында қалыпты емес, бірақ оқшаулануы бүлінген кезде кернеу астында қалуы мүмкін, адамның жанасуына қолжетімді электр қондырғының электр өткізгіш бөлігі;
11)ашық тарату құрылғысы – барлық немесе негізгі жабдығы ашық ауада орналасқан тарату құрылғысы;
12)ашық электр сымдары - қабырғалар, төбелер, фермалар және ғимараттар мен құрылыстардың басқа құрылыс элементтері, тіректер және басқа да құрылыс элементтері бойынша салынған ашық электр сымдары. Электр сымдары ашық түрде салынған кезде сымдар мен кабельдерді салудың мынадай тәсілдері қолданылады: тікелей қабырғалардың, төбелердің беті бойынша, ішектерде, сымарқандарда, роликтерде, оқшаулағыштарда, құбырларда, қораптарда, иілгіш металл жеңдерде, лотоктарда, электр техникалық плинтустар мен жақтауларда, еркін аспада. Оған қоса, ашық электр сымдары стационарлық, жылжымалы және тасымалданатын түрде болады;
13)әуе желісінен желілік тармақталу – екі аралықтан артық әуе желісінің магистраліне қосылған желінің учаскесі;
14)әуе желісінен кіріске дейінгі тармақ – магистраль тірегінен немесе желілік тармақтан қысқышқа (кіріс оқшаулағышына) дейінгі учаске. Оқшауланған сымдары бар әуе желісінен тармақтауды аралықтарда орындауға жол беріледі;
15)әуе желісінің магистралі – әуе желісінің магистраліне желілік тармақтар немесе кіріске тармақтар қосылуы мүмкін қоректендіруші трансформаторлық кіші станциядан шеткі тірекке дейінгі желі учаскесі;
16)әлеуеттерді қорғаныстық теңдестіру – электр қауіпсіздігі мақсатында орындалатын әлеуеттерді теңдестіру;
17)әлеуеттерді теңдестіру – әлеуеттің теңдігіне қол жеткізу үшін өткізгіш бөліктердің электрлік жалғанымы;
18)әлеуеттерді теңдестірудің қорғаушы өткізгіші – әлеуетті қорғаныстық теңестіру үшін арналған қорғаушы өткізгіш;
19)әлеуеттерді теңестіру – жер немесе еден бетіндегі әлеуеттердің әркелкілігін (кернеу қадамын) жерде, едендегі немесе оның бетінде салынған және жерге тұйықталатын қондырғыға жалғанған қорғаушы өткізгіштер көмегімен немесе жердің арнайы жабынын қолдану арқылы төмендету;
20)әуе желісінің аралығы – екі тірек немесе тіректерді ауыстыратын конструкциялар арасындағы әуе желісінің учаскесі;
21)бағаналы (діңгекті) трансформаторлық кіші станция – барлық жабдығы кіші станцияны қоршауды талап етпейтін биіктікте конструкцияларда немесе әуе желілерінің тіректерінде орнатылған ашық трансформаторлық кіші станция;
22)бас троллей – краннан тыс орналасқан троллей;
23)бас троллейлер секциясы – жөндеу қашасы шегінен тыс орналасқан және көрші учаскелердің әрқайсысынан, оның ішінде жөндеу учаскелерінен оқшауланған түйістікпен бөлінген осы троллейлер учаскесі;
24)бас троллейлердің жөндеу учаскесі – жөндеу қашасы шегіндегі осы троллейлердің учаскесі;
25)басты жерге тұйықтау шинасы – кернеуі 1 киловольтқа дейінгі электр қондырғысының жерге тұйықтау құрылғысының бөлігі болып табылатын және жерге тұйықталу мен әлеуеттерді теңдестіру мақсатында бірнеше өткізгіштерді қосуға арналған шина;
26)басты тарату қалқаны – барлық ғимарат немесе оның оқшауланған бөлігі электр энергиясымен жабдықталатын тарату қалқаны. Басты тарату қалқанының рөлін енгізу-тарату құрылғысы немесе кіші станцияның төмен кернеулі қалқаны орындауы мүмкін;
27)батарея фазасында конденсаторларды параллельді тізбекті қосу кезіндегі тізбекті қатар – параллель қосылған конденсаторлардан тұратын батареяның бөлігі;
28)бөлектеуші трансформатор – бірінші реттік орамасы қорғаушы электрлік бөлектеуші тізбектің көмегімен екінші реттік орамадан бөлектенген трансформатор;
29)бөлу құрылғысы – бір фазалы шеткі муфталар мен болат құбырдың шеті арасындағы жоғары қысымды кабельдік желінің бөлігі;