Toggle Dropdown
Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 6 ақпандағы № 115 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 18 наурызда № 10486 тіркелді
Редакция 28.06.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасы әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 54-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін бұқаралық ақпарат құралдарында және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін атқарушы Ж. Қасымбек
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін
атқарушының 2015 жылғы
6 ақпандағы № 115
бұйрығымен бекітілген
Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидалары
1. Осы Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 14-бабының 1-тармағының 41-26) тармақшасына (бұдан әрі – Заң), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру және «Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификатын беру» мемлекеттік қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) көрсету тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) азаматтық авиацияның авиация персоналының кәсіптік даярлауы (бұдан әрі – кәсіптік даярлау) бастапқы даярлау, қайта даярлау, кәсіптік деңгейін қолдау;
2) азаматтық авиация саласындағы төлемдер – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым көрсететін қызметтер үшін жеке және заңды тұлғалардың төлемі, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның бюджетіне ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тұрақты қадағалауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың міндетті аударымы;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
4) авиациялық оқу орталығы – авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін ұстауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) авиациялық оқу орталығының жарғысы (құрылтай шарты) (бұдан әрі – Жарғы) – оның негізінде авиациялық оқу орталығы өз қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын құжат;
6) кәсіптік даярлау бағдарламасы – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын авиация персоналының кәсіптік даярлығының үлгілік бағдарламаларға (бұдан әрі – үлгілік бағдарламалар) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және ұсынылатын практикасына, Еуропалық авиациялық қағидаларға сәйкес авиациялық оқу орталықтары және (немесе) азаматтық авиация ұйымдары әзірленген және бекітілген және уәкілетті ұйыммен келісілген авиациялық персоналды кәсіптік даярлауға бағытталған құжат;
7) кәсіптік деңгейді ұстау – мақсаты құжаттарды (оқытудын аяқталуын куәландыратын куәлік, сертификат, және диплом) бере отырып, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық дамумен және азаматтардың жеке қажеттілігіне негізделген кәсіптік білімді, машық пен дағдыны жаңарту, кеңейту және тереңдету болып табылатын авиация персоналын оқыту процесі;
8) қайта даярлау – құжаттарды (оқытудын аяқталуын куәландыратын куәлік, сертификат және диплом) бере отырып, азаматтық авиация саласы мамандарын оқытудың жаңа (қосымша) кәсіптік білім, дағды, машық (оның ішінде біліктілік белгілерін) алуға және авиациялық техниканы зерделеуге бағытталған процесі;
9) өтініш – өтініш берушінің авиациялық оқу орталығының сертификатын алу, авиациялық оқу орталығының нұсқаушы және емтихан алушы персоналын келісу туралы хат алу, авиациялық оқу орталығы сертификатының қолданылу саласын кеңейту, шетелдік авиациялық оқу орталығының сертификатын тану үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға жазбаша өтініші;
10) өтініш беруші – осы Қағидаларда көзделген мемлекеттік қызметті алу үшін уәкілетті ұйымға жүгінген заңды тұлға;
11) сертификаттық талаптар – авиация персоналын ұйымдастыру, ұстау, даярлау деңгейі мен сапасын белгілеу мақсатында авиациялық оқу орталықтарына қойылатын талаптар;
12) танылған шетелдік авиациялық оқу орталықтарының тізілімі – Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының авиациялық персоналын кәсіптік даярлауды жүзеге асыратын танылған шетелдік авиациялық оқу орталықтары туралы жазба жүргізілетін құжат;
13) үлгілік бағдарламалар – уәкілетті орган бекітетін, авиациялық оқу орталығы мен азаматтық авиацияны ұйымдастыру үшін бағыттардың, мамандықтардың және қызметтің ерекшеліктерін көрсететін оқу бағдарламаларын дербес құру мүмкіндігін сақтай отырып, кәсіптік даярлыққа бірыңғай тәсілді қамтамасыз ететін бағдарламалар.
3. Құжаттарды қабылдау және авиациялық оқу орталығының сертификатын (бұдан әрі – сертификат) беру «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы жүзеге асырылады.
4. Авиациялық оқу орталығын сертификаттау (бұдан әрі - сертификаттау) және авиациялық оқу орталығы сертификатының қолданылу аясын кеңейту үшін «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы төлемдерді алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 24 наурыздағы № 177 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32120 болып тіркелген) айқындалатын тәртіппен ақы алынады.
Төлем мөлшері «Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның ақылы көрсетілетін қызметтерінің тізбесін және азаматтық авиация саласындағы төлем мөлшерлемелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 17 наурыздағы № 167 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32089 болып тіркелген) анықталады.
Сертификаттау және сертификатының қолданылу аясын кеңейту азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның бюджетіне төленгеннен кейін жүзеге асырылады.
4-1. Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау мыналарды қамтиды:
өтініш берудің алдындағы кезеңі;
құжаттаманы бағалау кезеңі;
сертификаттауға ресми өтініш беру кезеңі;
көрсету және тексеру кезеңі;
4-2. Авиациялық оқу орталығын сертификаттауға өтініш берудің алдындағы кезең өтініш берушінің авиациялық оқу орталығын сертификаттау мақсатында консультациялық көмек алу үшін уәкілетті ұйымға жүгіну мүмкіндігін көздейді.
4-3. Құжаттаманы бағалау кезеңі уәкілетті ұйымға персоналды даярлау жөніндегі нұсқаулықты және кәсіптік даярлау рәсімдері мен бағдарламасын келісуге өтініш берген сәттен басталады.
4-4. Авиациялық оқу орталығын сертификаттауға ресми өтініш беру кезеңі уәкілетті ұйымға өтініш берген сәттен басталады.
4-5. Көрсету және тексеру кезеңі авиациялық оқу орталығын сертификаттау процесінде басталады және материалдық-техникалық базаны, кәсіптік даярлау бағдарламаларын, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді бақылау және жоспарлау жүйелерін, ұшуларды жүргізуді және құжаттаманы жүргізуді тексеруді қамтиды.
4-6. Сертификат беру кезеңі соңғы кезең болып табылады. Осы кезеңде авиациялық оқу орталығының сертификатын беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданады;
2-тарау. Авиациялық оқу орталығын сертификаттау
1-параграф. Персоналды даярлау және рәсімдер жөніндегі нұсқаулықты келісу тәртібі
4-7. Персоналды даярлау және рәсімдер жөніндегі нұсқаулықты (бұдан әрі – Нұсқаулық) келісу үшін өтініш беруші уәкілетті ұйымға осы Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған өтінішті және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне (бұдан әрі – Негізгі талаптар тізбесі) сәйкес құжаттарды портал арқылы жібереді.
Уәкілетті ұйымның Нұсқаулығын келісу мерзімі 60 (алпыс) жұмыс күнін құрайды.
Құжаттарды портал арқылы берген кезде өтініш берушінің «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі, мемлекеттік қызмет нәтижесін алу күні көрсетіледі.