Toggle Dropdown
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 мамырда № 11127 тіркелді
Редакция 09.06.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 38) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________Ә. Исекешев
2015 жылғы 15 сәуір
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
________________Е. Досаев
2015 жылғы 22 сәуір
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 7-1/68 бұйрығымен
бекітілген
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары
1. Осы Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 38) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру тәртібін, сондай-ақ «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
1-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор (бұдан әрі – дерекқор) – диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және ветеринария саласындағы уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бөлігі;
2) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәліметтерді енгізе отырып және ветеринариялық паспорт бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмір беруді қамтитын жануарларды есепке алу рәсімі;
3) ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясы (бұдан әрі – жеке нөмірлер эмиссиясы) – ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің дәйекті нөмірленуін айқындау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы және оларды республиканың әкімшілік-аумақтық бірліктері бойынша бөлу;
4) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін пайдаланылатын сырғалар (аспалы, радиожиілік таңбасы бар), болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);
5) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған атрибуттар – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін пайдаланылатын құрал-саймандар мен аспаптар;
6) процессингтік орталық – функцияларын Заңға сәйкес жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі;
7) «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттар беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болып табылатын ақпараттық жүйе;
8) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.
2. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген тәсілмен бірдейлендіруге Қазақстан Республикасының аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарлары жатады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі мынадай жасқа жеткен күнінен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі:
бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
құлындар – төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (чиптеу кезінде);
тақ тұяқты жануарлардың төлі (есектер, қашырлар, пони, зебра, құлан және басқа жануарлар) – төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (чиптеу кезінде);
асыл тұқымды торайлар, әрі қарай өсіруге және өсімін молайтуға арналған торайлар және халықтың шаруашылықтарында күтіп-бағылатын торайлар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін тоғыз айлық жасқа жеткенге дейін бордақылауға арналған торайлар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге және бордақылауға арналған торайлар – тоғыз айлық жасқа толған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін.
3. Тоғыз айлық жасқа дейінгі жылқылар, тақ тұяқты жануарлар мен торайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірі он екі символдан тұрады, олардың мынадай белгілері бар:
бірінші екі символ – ISO – Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның кодына сәйкес Қазақстан Республикасының литерлік коды (екі латын бас әрпі);
үшінші символ – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың литерлік коды (латын бас әрпі);
төртінші символ – ауыл шаруашылығы жануары түрінің сандық коды;
бесінші мен он екінші аралығындағы символдар – ауыл шаруашылығы жануарының реттік нөмірі.
4. Жылқының және тақ тұяқты жануарлардың жеке нөмірі он символдан тұрады, олардың мынадай белгілері бар:
бірінші екі символ – ISO–Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның кодына сәйкес Қазақстан Республикасының литерлік коды (екі латын бас әрпі);
үшінші символ – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың литерлік коды (латын бас әрпі);
төртінші символ – жылқының сандық коды (4), тақ тұяқты жануарлардың сандық коды (6);
бесінші мен оныншы аралығындағы символдар – жылқының, тақ тұяқты жануарлардың реттік нөмірі.
Құлындарға және тақ тұяқты жануарлар төлдеріне төрт айлық жасына жетуі бойынша таңбалау әдісімен кейіннен бірдейлендіру жүргізілген жағдайында туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің деректер базасында жылқылар мен тақ тұяқты жануарлардың (енесі жағынан ата-енесінің) жеке нөмірінен және жылқылардың және тақ тұяқты жануарлардың (енесі жағынан ата-енесінің) құлындаған құлындардың және тақ тұяқты жануарлар төлдерінің реттік нөмірінен тұратын уақытша бірдейлендіру нөмірі беріледі. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің деректер базасында құлындардың және тақ тұяқты жануарлар төлдерінің уақытша жеке нөмірі жануарлар иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің деректер базасынан үзінді-көшірме бере отырып слеш (KZF4000155/1) арқылы көрсетіледі.
5. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған тоғыз айлық жасқа дейінгі торайлардың жеке нөмірі осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес шошқаның (енесі жағынан ата-енесінің) жеке нөмірінен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы, шаруа және фермерлік қожалықтардағы мал бастарының ішкі шаруашылық есебіне сәйкес шошқалардың (енесі жағынан ата-енесінің) торайлауында торайдың реттік нөмірінен тұрады.
5-1. Бірдейлендіруге жататын ауыл шаруашылығы жануарлар басының саны осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірі символдарының санынан асқан жағдайда, осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірі символдарының санын ауыл шаруашылығы жануарының реттік нөмірін бір символға ұлғайту жолымен ұлғайтуға жол беріледі.
6. Ауыл шаруашылығы жануарларына жеке нөмірлерді беру әр облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана үшін процессингтік орталық жеке өткізетін жеке нөмірлердің эмиссиясына сәйкес кезектілікпен жүзеге асырылады. Жеке нөмірлердің эмиссиясы тоғыз айлық жасқа дейін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған торайларға, төрт айлық жасқа жеткенде таңбалау әдісімен кейіннен бірдейлендіру жағдайында құлындар және тақ тұяқты жануарлардың төлдері үшін жүргізілмейді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бекітіліп берілген Қазақстан Республикасының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың литерлік және сандық кодтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларына арналған сандық кодтар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес беріледі.
7. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру рәсіміне мыналар кіреді:
1) осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен ауыл шаруашылығы жануарларына жеке нөмір беру;