Toggle Dropdown
Мұнай өндірудің және айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 40 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10456 тіркелді
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 16-бабының 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мұнай өндірудің және айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармағының 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік етуші Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 27 аңтардағы
№ 40 бұйрығымен
бекітілген
Мұнай өндірудің және оның айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу қағидасы
1. Мұнай өндірудің және оның айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушының, тасымалдаушының, терминалдың меншік иесінің мұнай өңдеу (мұнай-газ өңдеу) зауыты басшысының уәкілетті адамы (бұдан әрі – уәкілетті адамдар) ұсынатын тиісті ақпарат негізінде қалыптасқан мұнай өндіру мен оның айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Қағидада мынадай терминдер пайдаланылады:
1) диспетчер – мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы және бірыңғай дерекқорды жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) мұнай өңдеу зауыты – өңделген өнімдерді кейін ішкі және сыртқы нарықтарда сату үшін мұнай өңдеу мақсатында мұнайды қабылдайтын зауыт;
3) тасымалдаушы – мұнай тасымалдауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) терминалдың меншік иесі – резервуар сипатындағы мұнай сақтауға арналған өнеркәсіп нысанын, сондай-ақ мұнайды көлікке (теміржол цистерналары, автоцистерналар, танкерлер және т.б.) немесе мұнай құбырына қабылдауға/тиеуге арналған платформаларын иеленетін заңды немесе жеке тұлға.
Осы Қағидада пайдаланылатын өзге де ұғымдар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылады.
2. Мұнай өндірудің және оның айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу тәртібі
3. Диспетчер мұнай өндірудің және оның айналымының бірыңғай дерекқорын уәкілетті адамдар ұсынатын ақпарат негізінде қалыптастырады.
4. Ақпарат уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған немесе диспетчердің электрондық мекенжайына толтырылған және қол қойылған электрондық нысанының сканерленген нұсқасын жіберу «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдаланудың мемлекеттік бірыңғай басқару жүйесі» интеграцияланған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ҚР ЖҚП МББЖ ИАЖ) арқылы да ұсынылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар:
1) тәулік сайын, есепті тәуліктен кейінгі тәуліктің астана уақыты бойынша 04.00 сағатына дейін, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін және мұнай өндірмейтін жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, диспетчерге осы Қағидаға 1, 2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша ақпарат береді;
2) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күніне дейін диспетчерге осы Қағидаға 3, 4, 5 және 6-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша ақпарат береді;
3) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың оныншы күніне дейін диспетчерге осы Қағидаға 7 және 8-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша ақпарат береді;
4) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырма бесінші күніне дейін диспетчерге осы Қағидаға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпарат береді;
5) жыл сайын, әрбір жылдың жиырма бесінші желтоқсанына дейін диспетчерге осы Қағидаға 10 және 11-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша ақпарат береді.
1) тәулік сайын, есепті тәуліктен кейінгі тәуліктің астана уақыты бойынша 06.00 сағатына дейін диспетчерге осы Қағидаға 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпарат береді;
2) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың сегізінші күніне дейін диспетчерге осы Қағидаға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпарат береді;
3) жыл сайын, әрбір жылдың жиырма бесінші желтоқсанына дейін диспетчерге осы Қағидаға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпарат береді.
7. Мұнай өңдеу зауыттары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күніне дейін диспетчерге осы Қағидаға 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпарат береді.
8. Терминалдардың меншік иелері ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың алтыншы күніне дейін диспетчерге осы Қағидаға 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпарат береді.
9. Диспетчер мұнай өндіру мен оның айналымы жөнінде ұсынылған ақпаратты жүйелендіріп, оны мұнай және газ саласындағы уәкілетті органға:
1) тәулік сайын, тәуліктің астана уақыты бойынша 09.00 сағатына дейін;
2) ай сайын: алдын ала – есепті айдан кейінгі айдың бірінші күнінде, соңғы – есепті айдан кейінгі айдың он екінші күніне қарай;
3) жыл сайын: алдын ала – есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарында, соңғы – есепті жылдан кейінгі жылдың он екінші қаңтарына қарай ұсынады.
10. Диспетчер осы Ереженің 5, 6, 7-тармақтарында көрсетілген жинақталған ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне есепті айдан кейінгі айдың он бесінші күніне және есепті жылдан кейінгі жылдың 18 қаңтарына қарай ұсынады.
11. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган диспетчер ұсынған ақпаратты талдайды және оны есептіден кейінгі жылдың он бесінші қаңтарына қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
12. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган уәкілетті тұлғалардың мұнай өндіру мен оның айналымы бойынша ақпаратты ұсынуына бақылауды жүзеге асырады.
Мұнай өндірудің және оның
айналымының бірыңғай дерекқорын
жүргізу қағидасына
1-қосымша
Әкімшілік деректерді
жинауға арналған нысан
Мұнай және газ конденсатын өндіру және тапсыру жөніндегі тәулік сайынғы ақпарат
Есепті кезең _________ 20__ жыл.
Нысандар индексі (нысан атауының қысқаша әріптік-сандық көрінісі) – МҚ-1 (Мұнай өндірудің және оның айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу қағидасына 1-қосымша).
Ақпаратты жинау кезеңділігі – тәулік сайын.
Ақпаратты ұсынатын тұлғалар тобы – геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін және мұнай өндіруді жүзеге асырмайтын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушылар.