Toggle Dropdown
Банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларын бекіту және оны ұйымдастырушыны айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 178 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 сәуірде № 10753 тіркелді
Редакция 03.05.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 99-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидалары бекітілсін.
2. «Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғамы банкроттың мүлкін сату бойынша электрондық аукционды ұйымдастырушы болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (Ерғожин Д.Е.) заңмен бекітілген тәртіпке сәйкес:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Сұлтанов
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 17 наурыздағы
№ 178 бұйрығымен
бекітілген
Банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидалары
1. Осы Банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 99-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленді және банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы баға – электрондық аукцион барысында қалыптасатын лоттың бағасы;
2) банкрот – заңды күшіне енген сот шешімімен дәрменсiздiгi белгiленген борышкер;
3) лоттың бастапқы бағасы – кредиторлар комитеті бекіткен Банкрот мүлкін сату жоспарында көрсетілген электрондық аукцион басталатын лоттың бастапқы бағасы;
4) борышкер – оларға қатысты Заңда көзделген рәсімдер қолданылған дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға (бұдан әрі – дара кәсіпкер) немесе заңды тұлға;
5) жабық электрондық аукцион – айналымы шектелген мүлікті сату бойынша электрондық аукцион;
6) жеңімпаз – аукцион лоты үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған және электрондық аукционның қорытындысы туралы хаттамаға қол қойған электрондық аукционға қатысушы;
7) кепілді жарна – электрондық аукционға қатысу үшін жеке немесе заңды тұлға енгізетін ақша сомасы;
8) қатысушы – электрондық аукционға немесе жабық электрондық аукционға қатысу үшін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімінің веб порталында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
9) қатысушының электронды әмияны (бұдан әрі – электронды әмиян) – әлеуетті қатысушы екінші деңгейлі банктегі ұйымдастырушының арнайы транзиттік шотына енгізген ақша қаражатын есептеу үшін ұйымдастырушы пайдаланатын тізілімдегі әлеуетті қатысушының жеке шоты;
10) лот – электрондық аукционда бір мезгілде сатылатын зат немесе бірнеше зат;
11) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (бұдан әрі – тізілімнің веб-порталы) – Интернет желісінде www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналастырылған борышкерлердің мүлкін сату бойынша электрондық деректер базасына бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс (бұдан әрі – деректер базасы)
12) сатушы – уақытша, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы;
13) сатып алушы – сатып алу-сату шартына қол қойған электрондық аукционның жеңімпазы;
14) сату бағасы – электрондық аукцион нәтижесінде белгіленген лоттың түпкілікті бағасы;
15) уәкілетті орган – оңалту және банкроттық саласында (қазыналық кәсіпорындар, мекемелер, банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
16) ұйымдастырушы – уәкілетті орган айқындаған және сатушымен банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу бойынша электрондық қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан заңды тұлға;
17) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі – төлемдерді электрондық нысанда көрсетілетін өтеулі қызметтер көрсету шеңберінде жүргізу туралы ақпарат беру процестерін автоматтандыратын ақпараттық жүйе;
18) электрондық аукцион – электрондық форматта тізілімнің веб-порталын қолдана отырып өткізілетін электрондық аукцион, оның ішінде жабық электрондық аукцион сауда-саттығының нысаны;
19) электрондық аукцион залы (бұдан әрі – аукцион залы) – электрондық аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін тізілім веб-порталының бөлімі;
20) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
2-тарау. Банкрот мүлкін сату бойынша электрондық аукцион өткізу тәртібі
3. Банкрот мүлкін сатуды банкроттықты басқарушы осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен банкрот мүлкін сату жоспарына (бұдан әрі – Сату жоспары) сәйкес электрондық аукционды өткізу арқылы жүзеге асырады.
4. Акция пакеттері (қатысу үлестері) стратегиялық объектілерге жатқызылған банкрот мүлкін сату «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң) 188-бабы 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің оны иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы шешімін алғаннан кейін осы Қағидалардың талабына сәйкес электрондық аукцион өткізу жолымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мүліктік массаны сатудың ерекше шарттары мен тәртiбiн, сондай-ақ сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптарды белгiлеген жағдайда, стратегиялық объектілерге жатқызылған банкрот мүлкін сату Мемлекеттік мүлік туралы заңның 187-бабы 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін ескере отырып жүзеге асырылады.
5. Банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейінгі мерзім ішінде құны айтарлықтай төмендейтін мүлікті (тез бұзылатын тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) сатуды уақытша басқарушы уәкілетті органмен келісілген осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Тез бұзылатын тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарларды сату жоспарының негізінде жүзеге асырады және олар электрондық аукционға теңгерімдік құны бойынша шығарылады.
Уақытша басқарушының Сату жоспарын келісуі Заңның 99-бабы 7-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Сот шешімімен оңалту рәсімі қолданылған борышкер мүлкін сатуды оңалтуды басқарушы оңалту жоспарының негізінде электрондық аукционды өткізу жолымен жүзеге асырады.
7. Банкроттықты басқарушы Сату жоспарын осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүліктік массаны түгендеу және бағалау деректері, сондай-ақ мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы кредиторлар комитеті шешімінің негізінде жасайды.
8. Осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, борышкердің кредиторлар комитеті бекітетін сату жоспарында мүлікті электрондық аукционға қайта қою шарттары қамтылады.
9. Сату жоспарын жасау кезінде лоттың алғашқы бастапқы бағасын сатушы теңгерімдік құны не бағалау құнының 75 (жетпіс бес) пайызы деңгейінде белгілейді.
Дебиторлық берешек электрондық аукционға оның номиналды мәнінің 75 (жетпіс бес) пайыз мөлшерінде шығарылады.
10. Электрондық аукцион өткізілмеген жағдайда мүліктік массаны кейіннен өткізу, егер кредиторлар жиналысы мүлікті тікелей сату не мүліктік массаны заттай беру туралы шешім қабылдамаса, өткізілмеген аукцион туралы актіге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жүргізіледі.
11. Мүлікті электрондық аукционға қайта шығарған кезде сатушы кредиторлар комитетінің келісімімен лоттың бастапқы бағасын алғашқы бастапқы бағасынан жиырма 10 (он) пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетеді. Алғашқы бастапқы бағаны төмендетуге бір рет ғана рұқсат етіледі.
12. Сату жоспары бекітілгеннен кейін сатушы 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей тізілімнің веб-порталындағы деректер базасына әрбір лот бойынша мынадай ақпараттың енгізуін қамтамасыз етеді: