• Мое избранное
Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Внимание! Документ утратил силу с 01.03.2022 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Өнеркәсіп объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 20 наурыздағы № 236 бұйрығына 2-қосымша

2-қосымша күшін жойды 2022 жылғы 1 наурыздан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің 11.02.2022 жылғы № ҚР ДСМ -13 Бұйрығына сәйкес 
«Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 144-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген және көмірді ашық және жер асты тәсілдерімен өндіру жөніндегі өндірістік объектілердің, байыту және брикеттеу фабрикаларының қызметіне, жер учаскесін таңдауға, жабдықтары мен жұмыс орындарына, еңбек жағдайларына, тұрмыстық қызмет көрсетуге, медициналық қамтамасыз етуге және тамақтануға, сумен жабдықтауға, желдетуге, жылытуға және жарықтандыруға, көмір өнеркәсібінде пайдаланылатын жабдықтарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылды:
1) анкерлеу – арнайы бөлшектермен (металл, темір бетон, ағаш өзектер) машиналар мен құрылыстардың бөліктерін бекіту;
2) байыту фабрикасы – техникалық құнды немесе кейін қайта өңдеуге жарамды өнімдерді алуға арналған минералды шикізатты алғашқы өңдеуден өткізетін объект;
3) брикет фабрикасы – көмірді арнайы жабдықтардың көмегімен брикеттеу жүргізілетін кәсіпорын;
4) брикеттеу – кейін қолдану кезінде шығынды азайту мақсатында байланыстырушы заттарды қосу немесе қоспау арқылы қоспаларды нығыздай отырып, қажетті мөлшердегі және қалыптағы брикет кесектерін алу;
5) генерация – электр энергиясын, шуды, электромагниттік дірілді және жарық тербелістерін шығару;
6) гидроциклон – ортадан тебетін күштің көмегімен шламды қоюландыруға, айналым суын ағартуға, сыныптауға және көмірдің жұқа фракцияларын байытуға арналған аппарат;
7) копер – шахта бағанының жер бетіндегі құрылысы;
8) көмір өнеркәсібі объектісі – көмір шығаруды, сорттауды, байытуды брикеттеуді, агломераттауды, сақтауды, тасымалдауды жүргізетін объект;
9) разрез – көмір кен орнын пайдалану кезінде түзілген ашық тау қазбаларының жиынтығы;
10) стробоскопиялық әсер – зат қозғалысының жеке сәттері бейнесінің тез алмасуын қабылдау, тез қозғалушы затты ауық-ауық бақылау жағдайында қабылдау;
11) тас елек – сусымалы материалдарды ірілігіне қарай елек, желтартқыштар немесе торлар арқылы елей отырып, механикалық сұрыптауға арналған құрылғы;
12) тіреу (гидротіреу) – тау жыныстарының опырылуын және кеуіп кетуін болдырмауға арналған құрылыс;
13) флотация – минералдарды өңдеу кезінде олардың ұсақ және қатты бөлшектерінің сумен ылғалданушылық айырмашылығына негізделген бөлу процесі;
14) флотореагент – флотация процесінде қолданылатын зат;
15) флокуляция – коллоидты бөлшектердің борпылдақ, үлпек тәріздес агрегаттарға бірігу процесі;
16) флокулянт – флокуляция процесін жүзеге асыру үшін қосылатын арнайы зат;
17) шахта – пайдалы қазбаларды жерасты тәсілімен өндіруді жүзеге асыратын және оларды тікелей тұтынушыға немесе байыту фабрикасына жіберетін тау-кен өнеркәсібі кәсіпорны (өндірістік бірлік);
18) шахта оқпаны – тау жұмыстарын атқаруға арналған, сыртқа шығатын есігі бар тік немесе қиғаш орналасқан таулы қазба;
19) шпур – жарылғыш заттың зарядын орналастыруға және басқа мақсатқа арналып тау жынысы ішінен бұрғыланған диаметрі 75 милиметрге дейінгі ұзындығы 5 метрге (бұдан әрі – м) жететін цилиндрлік қуыс;
20) штольня – жер бетіне шығатын есігі бар және пайдалы қазбаларды шығаруға немесе тау жұмыстарына қызмет көрсетуге арналған көлденең немесе қиғаш орналасқан таулы қазба. Мақсатына қарай штольнялар желдетуші, пайдаланушы, барлаушы, су төгуші, тазартушы және басқалары болады.
2. Учаскені жобалауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
3. Қойма шаруашылығын орналастыру мен тасымалдау операцияларын ұйымдастыру объектінің аумағының және ауа бассейнінің ластануын болдырмайтын тәсілдер мен құрылғыларды пайдалана отырып шикізаттар мен материалдарды механикаландырылған әдіспен беруді, түсіруді және тиеуді қамтамасыз етеді.
4. Ғимарат ішінде технологиялық учаскелердің (цехтардың) орналасуы, зиянды өндірістік факторлардың бір учаскеден (цехтан) екіншісіне өтуін болдырмауды ескере отырып жүзеге асырылады.
5. Объектілер аумағындағы тұрақты жолдардың (автомобиль жолдарының, жүріс жолдарының, жаяу жүретін жолдардың) үсті шаңнан және лайдан тазартылады. Жылдың жаз мезгілінде жолдар сумен немесе Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген байланыстырғыш заттардың ерітінділерімен шайылады.
6. Өнеркәсіп қалдықтары мен қайталама өнімдерді жинақтау, сұрыптау, тасымалдау, оларды залалсыздандыру және көму арнайы бейімделген алаңдарда объект аумағының жел соғатын жағында жүргізіледі.
7. Жұмыс істеп жатқан ашық разрездердің кен орнын пайдаланудың таулы-геологиялық және технологиялық жағдайының өзгеруіне қарай кешенді шаңсыздандыру жобасына түзетулер енгізіледі.
3. Өндірістік ғимараттарға және құрылыстарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
8. Шахта үстіндегі ғимаратта тікелей шахта оқпанының жанындағы жұмысшыларды күту бөлмесіндегі ауаның температурасы кемінде плюс (бұдан әрі – «+») 16 градус Цельсийді (бұдан әрі – С0 ) құрайды.
9. Өндірістік ғимараттарды табиғи желдетусіз орналастыруға жол берілмейді. Терезедегі фрамугалар және аэрациялық шамдар ыңғайлы әрі жеңіл ашуға және жабуға арналған механизмдермен жабдықталуы тиіс.
10. Жеке ғимараттарда немесе копрларда орналасқан шахтаға көтеру үй-жайлары ауа баптағыштармен, желдеткіштермен, ылғалдандырғыштармен жабдықталады. Үй-жайлардың қабырғалары мен төбесі шу сіңіретін материалмен әрленеді.
11. Шаң қарқынды бөлінбейтін бөлмелердің қабырғалары шаңнан айына кемінде 1 рет тазартылады. Пневматикалық әдіспен байытатын байыту фабрикаларында, сондай-ақ көмір концентратын кептіру цехтары мен оны тасымалдау жолдарын жинауды жүзеге асыру аптасына кемінде 1 рет жүзеге асырылады.
12. Өндірістік ғимараттар мен құрылыстар шөгіп қалған шаңды жинауға арналған жабдықпен қамтамасыз етіледі. Машиналарды, жабдықтарды және аспалы конструкцияларды шаңнан тазарту шөгіп қалған шаң түйіршіктерінің көтерілуіне жол бермейтін әдістермен (пневмо және гидрожинау) жүргізіледі.
13. Еден үсті шаңнан жеңіл тазартылуы тиіс. Үй-жайларды ылғалды жинау және технологиялық процестер кезінде түзілетін сұйықтықтың ағып кетуіне арналған кәріздік құрылғылармен және еңіс орындармен жарақталады. Еден жабынының материалы механикалық және химиялық әсерлерге төзімді болуы және зиянды заттардың сіңуіне жол бермеуі тиіс. Өндірістік үй-жайларды ылғалды жинау кезінде түзілетін шламы бар су тазартылады.
14. Бас желдеткіш қондырғылар үй-жайларда дыбыс деңгейін төмендетуге арналған шаралар жүзеге асырылады. Басқару пульті машина залынан тыс, дыбыстан қорғалған жеке үй-жайға шығарылады. Желдеткіш және сорғыш қондырғыларды, шахта көтергішті, уатқыштарды, тас електерді басқару постылары дірілден және шудан оқшауландырылады.
15. Жабдықтарды басқару постылары және диспетчерлік пункттер дыбыстан оқшауланған жеке бөлмелерде немесе кабиналарда орналастырылады.
16. Көмір байыту фабрикаларындағы және учаскелеріндегі діріл шығаратын жабдықтар орналасқан жұмыс алаңдары дірілді басатын құралдармен жабдықталады.
4. Технологиялық процестерге және жабдыққа қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
17. Көмір өндіру және оны қайта өңдеу үшін қолданылатын технологиялық процестерде, машиналарда және жабдықтарда машиналарды пайдалану кезінде жұмыс орындарындағы қауіпті және зиянды факторлар деңгейін бақылау көзделеді.
18. Шаң түзу және бөлу, шу, діріл және басқа да қолайсыз факторлар қоса жүретін барлық технологиялық процестер үшін арнайы іс-шаралар көзделеді.
19. Ашық тәсілмен көмір өндірудің технологиялық процесі кезінде:
1) тау-кен жабдықтарын қолдана отырып көмір ашу және өндіру жұмыстарын кешенді механикаландыру;
2) электр күшімен көлік құралдарын және тарту механизмдерін басым пайдалану, жұмыс орындарын разрездегі ауа ағындарының басым аэродинамикасын ескере отырып орналастыру;
3) жиналған шаңды басуды, тұтуды және жоюды қоса алғанда кешенді шаңсыздандыру;
4) санитариялық қорғау аймағынан тыс жердегі атмосфералық ауаны ластанудан қорғау қамтамасыз етіледі.
20. Өндірістік ортаның зиянды факторларымен күресуге арналған санитариялық-техникалық құрылғылар жаңа зиянды факторлар көзі болып табылмайды.
21. Әрбір технологиялық процесте тек негізгі жұмыс қана емес, сонымен қатар ауыр қол жұмыстарын азайтатын немесе оған жол бермейтін қосымша жұмыстарды механикаландыру құралдары қолданылады.
22. Шаңды басу іс-шараларын жүргізу кезінде ауыз су сапасы бар су қолданылады, сапалы ауыз су жоқ немесе жеткіліксіз болған кезде басқа да су көздерін пайдалануға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу кезінде жол беріледі.
5. Жер асты өндіру кезіндегі өндірістік процестерге және жұмыс орындарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
23. Адамдарды шахтаға түсіру және көтеру көтермелері шахта суын жинауға және бұруға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталады.
Қазбаларда шахта суының тамшылары болған кезде шатыр немесе күнқағар тәрізді қорғау құрылыстары көзделеді, ал қарқынды тамшылы қазба бөлімдерінде жұмыс істеушілер судан қорғау киімдерімен қамтамасыз етіледі.
24. Адамдарды жұмыс орнына дейінгі ара қашықтық 1 километр және одан артық болса көлденең қазбалар бойынша, ал соңғы пункттер белгілері арасындағы айырмашылық 25 м және одан көп болғанда қиғаш қазбалар бойынша тасымалдау міндетті.
25. Адамдарды тасымалдау үшін жылу оқшаулағыш материалдармен өңделген төбесі, қалың қапталды қабырғасы мен орындығы бар жолаушылар вагондары қолданылады. Шахта үстінде арнайы жұмыс киіміндегі жұмыскерлерді тасымалдау үшін көлік құралдарының салонындағы ауа температурасы жылдың қысқы және өтпелі кезеңдерінде, кемінде + 16 0 С көзделеді.
26. Жұмысшыларды көлік құралдарына отырғызатын орындарда орындықтармен, стационарлық жарықпен және көліктің келе жатқанын ескертетін дабыл қаққышпен, телефон байланысымен жабдықталған, жылытылатын күту камералары көзделеді. Камералардағы ауаның температурасы + 16 0 С-тан төмен және + 26 0 С-тан жоғары болмайды.
27. Жұмыс істеп тұрған кенжарларда забой маңайындағы (100 м-ден алыс емес) ауаның температурасы + 16 0 С-тан төмен болса, жұмысшылар жылынатын үй-жайлар, кабиналар немесе қуыстар салынады.
28. Жұмысшылар ауысым бойынша бір адамға 1–2 литр есебінен ыстық сусындармен қамтамасыз етіледі.
29. Адамдар болатын тау қазбаларын өндіру орны ауасындағы оттегі (көлемі бойынша) құрамының мөлшері 20 пайыздан (бұдан әрі – %) кем болмайды, ал жұмыс орындарындағы кен ауасының және ойық учаскелердің шығыс ағыны мен тұйық қазбалар ауасындағы көміртек диоксидінің мөлшері 0,5%-дан аспайды, шығу ағынды қанат қазбаларында, жиекте және шахтада жалпы алғанда 0,75 %-дан, үйінді қазбаларды қалпына келтіру, жүргізу кезінде 1%-дан аспайды.
30. Кешенді механикаландырылған тазарту забойдағы адамдардың орын ауыстыруына және басқару органдарына кіруіне арналған өту жолдарының шегі мен креп бағандары арасындағы кеңістіктің ені кемінде 0,7 м, ал крептің жұмыс күйі кезіндегі биіктігі секцияның бүкіл ені бойынша кемінде 0,5 м болады. Крептің жиналған күйіндегі (барынша төмен түсірілген) оның астындағы кеңістіктің биіктігі 0,4 м-ден кем болмайды.
31. Жұмыс істеудің ыңғайсыз қалпында (тізерлеп, жатып) жұмыс атқару кезінде жұмысшылар жеке қорғаныш құралдарымен (тізеқап, шынтаққап) қамтамасыз етіледі.
32. Көмірді қазып алу кезінде шаңның түзілуін азайту үшін көмір сілемдерін алдын ала ылғалдау көзделеді. Көмірді қазып алу кезінде көмір сілемін алдын ала ылғалдау процесі тазарту қазба бөлімдерінде қолайсыз еңбек жағдайларын тудырмайды.
33. Жоғары қысымды (10 Мега Паскальдан жоғары) су ағынын қолдану арқылы қазбаны үңгу және тазарту жұмыстары кезінде көмір мен жыныстың ұсақ бөлшектерінің және технологиялық судың шашырауынан жұмысшыларды қорғау шаралары көзделеді.
34. Жер асты қазбаларын топыраққа, тіреуіштің бүйір қабырғалары мен элементтеріне шөгіп қалатын шаңнан, сонымен бірге көмір мен жыныстың төгілуінен тазалау ылғалды тәсілмен жүзеге асырылады. Шаңды сығымдалған ауамен үрлеу жолымен жинауға жол берілмейді.
35. Егер шаңмен күресу құралдарының кешені жұмыс аймағы ауасындағы шаңның құрамын шекті жол берілген концентрацияға (бұдан әрі – ШЖК) дейін төмендетуді қамтамасыз етпесе, онда жеке экспозициялық дозаларды (уақытпен қорғау) реттеудің қосымша шаралары қолданылады.
36. Шахталарда қолданылатын арнайы сұйықтықтар, шаңға қарсы күресуде қолданылатын химиялық қоспалар және синтетикалық заттар, жылу, гидро, газ оқшаулауға арналған полимерлік материалдар адам үшін қауіпсіз. Жұмыс аймағы ауасындағы зиянды заттардың мөлшері ШЖК-дан аспауына жол берілмейді.
37. Беткей белсенді заттар (бұдан әрі – ББЗ), синтетикалық және полимерлік материалдарды дайындауға және қолдануға байланысты барлық өндірістік процестер механикаландырылады. Оларды орындау кезінде жұмысшылар жеке қорғаныш құралдарымен (бұдан әрі – ЖҚҚ) жабдықталады. Апатты жұмыстарды орындау кезінде полимерлік материалдарды қолмен жағуға рұқсат етіледі. Синтетикалық және полимерлік материалдардың бастапқы құрамдауыштары қолдану орындарына жабық ыдыспен жеткізіледі.
38. Жер асты қазбаларында синтетикалық және полимерлік материалдар құрамдауыштарының ауысымда немесе бір жұмыс күнінде бір реттік тапсырманы орындауға қажетті мөлшері ғана сақталады. Бастапқы құрамдауыштардан қалған мөлшері жер бетінде орналасқан қоймада сақталады. Синтетикалық және полимерлік материалдар құрамдауыштарының әрбір партиясының сертификаты бар.
39. Синтетикалық және полимерлік материалдардың бастапқы құрамдауыштарының сақтау және тасымалдау зауыттық ыдыста жүзеге асырылады.
40. Тау сілемдеріне синтетикалық материалдарды айдау, бұрғыларды химиялық анкерлеу кезінде жарылғыш заттың зарядын орналастыруға арналған цилиндрлік қуысты тығыз герметикалау қажет. Жұмысшылар желдеткіш ағыны бағытының жел жағында болуы тиіс. Шпурлар бұрғыларынан гидроқақпақтарды шығару синтетикалық материалдар қатайғаннан кейін жүргізіледі.
41. Технологиялық және инженерлік іс-шаралармен жұмыс орындарындағы шу және діріл деңгейлерін рұқсат етілген деңгейлерге дейін төмендету мүмкін болмаған жағдайда жеке қорғаныш құралдары, сондай-ақ экспозициялық дозаны реттеу арқылы жұмысшылардың денсаулығын қорғау пайдаланылады және ауысымнан кейінгі медициналық оңалту жүргізіледі.
42. Жаңадан сатып алынатын электровоздар машинистерінің кабиналарында сыртқы шудан, қолайсыз микроклиматтан және жергілікті дірілден қорғау көзделеді.
43. Шуы және дірілі белсенді қосалқы жабдықтарды (сорғыларды, желдеткіштерді, ауа салқындататын қондырғыларды) жұмыс аймағынан тыс орналастырады.
44. Дизельді қозғалтқышы бар машиналар уақтылы техникалық қызмет көрсетуден өтеді. Дизельді қозғалтқыштар тұрақты физикалық, химиялық және уытты сипаттағы отынмен жұмыс істейді.
45. Шахтада қолданылатын әр дизельді қозғалтқыш үшін пайдаланылған зиянды заттардың шығу жолдарында шоғырлануына және қозғалтқыштың ең көп қуаттылығына байланысты жұмыс орнына берілетін таза ауаның ең аз көлемі анықталады. Бұл сипаттамалар анықталмаған қозғалтқышты қолдануға жол берілмейді.
46. Есту мүшесінің жеке қорғаныш құралынсыз пневматикалық перфораторлармен бұрғылауға, пневматикалық ауыр жүк көтеретін шығырды  басқаруға, поршеньде және турбокомпрессорларда жұмыс істеуге жол берілмейді.
47. Шпурларды бұрғылау үшін жергілікті діріл бойынша талаптарды қанағаттандыратын құрал-саймандар қолданылады.
48. Шахта жабдықтарын күрделі және профилактикалық жөндеу жер бетіндегі жөндеу-механикалық шеберханаларында, цехтарда немесе зауыттарда жүзеге асырылады.
49. Жөндеу жұмысы басталар алдында жабдықтар көмірлі-жынысты шаңнан, жұмыс сұйықтығынан тазартылады және залалсыздандырылады. Жабдықтарды тазарту әдісі жұмысшыларға зиянды заттардың әсер етуіне жол бермейді.
50. Жер асты қазбаларында ағымды жөндеу жұмыстарын орындау кезінде көп еңбекті қажет ететін операциялардың барлығы механикаландырылады. Жабдықтарды жөндеуге арналған барлық цехтар салмағы 20 килограмнан (бұдан әрі – кг) артық бөлшектерді тасымалдау кезінде механикаландыру құралдарымен (тельферлермен, көтергіштермен, ауыр жүк көтеретін шығырлармен) жабдықталады.
51. Гидрокрептер мен қазба жұмыстары бөлімінің жабдықтарын жөндеу учаскелерінде эмульсияны және май қалдықтарын ағынмен жуып сыйымдылықтарға жинау және заттарды сіңірмейтін едендер салу көзделеді.
6. Ашық тәсілмен өндіру кезіндегі технологиялық процеске және жұмыс орындарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
52. Ашық тау қазбаларын күтіп-ұстау және разрез жабдықтары бойынша жұмыс жүргізу пайдалы қазбалар кен орындарын ашық тәсілмен өңдеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.
53. Тікелей разрезде толық жұмыс ауысымда істейтін, іштен жану қозғалтқыштары бар машиналарды разрездерде пайдалану, атмосфералық ауаға пайдаланылған газдардағы ластағыш заттардың шығарындыларын азайту бөлігінде, зауыт құжаттамасында көрсетілген өндірушінің ұсыныстарына сәйкес және/немесе тиімді тазарту құралдарын пайдаланумен жүзеге асырылады. Разрезде толық жұмыс аусымында жұмыс істеуге арналған автокөлік құралдарының тізбесін, разрездің техникалық басшысы бекітеді.
Пайдаланылған газдарды тазарту және тиімді бейтараптау құралдарынсыз іштен жану қозғалтқыштары бар машиналарды разрезде қолдануға жол берілмейді.
54. Автомашиналар қозғалысы кесте бойынша жүзеге асырылады, бұл жұмыс алаңдарында, тау кертпештерінде, жол учаскелерінде қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған кезде олардың жинақталуына жол бермейді. Ірі салмақты (10 т және одан жоғары) өздігінен түсіргіштер арасындағы ең аз арақашықтық кемінде 30 м. Тиеу жұмыстарын ұйымдастыру кезінде тиеу орнына көліктің ілмекті кіру жүйесі қолданылады.
55. Пайдаланылған газдардың зиянды қоспаларына бақылауды ұйым жүргізеді.
Қоршаған орта ауасының оң температурасы мен сумен жабдықтау мүмкіндігі кезінде, шаң бөлінетін экскаваторлық және тиеу жұмыстарында шаңды басу кен орнын игеру жобасына сәйкес орындалады.
56. Жарылғыш заттар (бұдан әрі – ЖЗ) түйіршікті күйінде қолданылады, таңдау кезінде олардың уыттылық сипаты және жарылғыш газ мөлшерінің аз пайда болуы ескеріледі.
57. Ұңғымаларды қуаттандыру және тығындау, сондай-ақ қуаттандыру машиналарына ЖЗ-ды тиеу механикаландырылады.
58. Қуаттандырушы машиналар мен механизмдердің жұмысы кезінде шаң басушы және шаң тұтушы құралдар қолданылады. Қызмет көрсететін персонал ЖҚҚ-мен қамтамасыз етіледі.
59. Ұңғымалар мен шпурларды бұрғылау шаңды құрғақ тұту немесе оны сумен басу арқылы жүргізіледі.
60. Разрездердің 100 м-ден астам тереңдіктегі іркілу аумақтарындағы жұмыс орындарында газ жинақталған жағдайда арнайы құрылғылар қолдану арқылы жасанды желдеткіш көзделеді.
61. Разрездердегі ауа алмасуды жақсарту үшін ауаның табиғи ағымын реттейтін, бағыттайтын және қорғайтын аэродинамикалық құрылғылар көзделеді.
62. Экскаваторлардың, жер снарядтарының кабиналарында тағамды сақтауға және тамақ ішуге арналған шкафтарды (шағын үстел), электроплитаны, суға арналған термосты, алғашқы көмектің дәрі қобдишасын, қолжуғышты қоюға арналған орындар көзделеді.
63. Люминесцентті жарық қондырғыларынан шығатын жарықтандыру пульсациясының коэффициенті 20%-дан аспайды. Стационарлы жарықтандыру қондырғыларын пайдалану кезінде жұмыс істеу аймақтарында стробоскопиялық әсерді төмендетуге бағытталған техникалық шаралар көзделеді. Кабинаның әйнектелген бөлігінде ашуға және тығыз жабуға бейімделген тетіктері болады.
64. Шаңдануды азайту және машинаның кабинасындағы микроклиматтың рұқсат етілген параметрлерін тудыру үшін есіктер мен терезелер тығыздалады, ауаны тазартуға, жылытуға және салқындатуға арналған қондырғылар қолданылады.
65. Физикалық фактор көздерімен жұмыс істеу кезінде жұмыс аймағы ауасындағы шаңның мөлшері, шу мен дірілдің деңгейі ШЖК және рұқсат етілген шекті деңгейлерден аспауы 2015 жылғы 23 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11147 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы «Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № 169 бұйрығына сәйкес келеді.
7. Байыту және брикеттеу фабрикаларындағы технологиялық процестерге және жұмыс орындарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
66. 2015 жылғы 13 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11036 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауасының гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № 168 бұйрығына сәйкес технологиялық процестерді қашықтықтан басқаруға арналған тұрақты жұмыс орындары шудан және дірілден оқшаулайтын, микроклиматтың, ауадағы шаң және уытты заттар мөлшерінің рұқсат етілген параметрлерін қамтамасыз ететін кабиналарда орналастырылады.
67. Ұсақтау-сұрыптау, тасымалдау және байыту жабдықтарынан шығатын шудың және дірілдің деңгейін төмендету, оның пайда болу көзінде (дірілді оқшаулайтын іргетастар, амортизаторлар, дыбысты оқшаулайтын қаптамалар, баспаналар), таралу жолында (экрандар, қоршаулар, іргетастағы қазу), олармен жұмыс істеу аймағында (діріл оқшауланған алаңдар, орындықтар, кілемшелер, дыбысты оқшаулайтын кабиналар) жою, сонымен қатар ЖҚҚ-ны қолдану негізінде жүргізіледі.
68. Ұсақтағыштарда, тасымалдағыш таспаларда, таселектерде шикізат пен дайын өнімді тиеу, түсіру және аударып салу орындары аспирациялау жаппаларымен және жұмысы технологиялық жабдықтың жұмысымен блокталған шаңсыздандыру жүйелерімен жабдықталады. Блоктау аспирациялау және шаңсыздандыру жүйелерінің жұмыс басталудан 3–5 минут (бұдан әрі – мин)бұрын қосылуын және жұмыс аяқталғаннан кейін 5 мин кем емес уақытта тоқтатылуын қамтамасыз етеді.
69. Көмірді қабылдау, кептіру және дайын өнімді тиеу, пневматикалық сепарациялау, бөлектеу алдында көмірді құрғақ сыныптау және шаңсыздандыру учаскелерінде жүзеге асырылатын шаңға қарсы іс-шаралар кешені жұмыс аймағы ауасындағы шаңның шоғырлануын ШЖК деңгейінде ұстауды қамтамасыз етеді.
70. Шаң түзу қабілеті бар көмірді байыту кезінде шаң байланыстырушы қоспалар ретінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өткен заттар пайдаланылады. Канцерогендік және мутагендік әсері бар заттарды көрсетілген мақсатта қолдануға жол берілмейді.
71. Суспензия дайындау бойынша барлық технологиялық операциялар ауыр ортада байыту үшін пайдаланылатын, тығыздығы жоғары минералды ұнтақ бөлшектерінің жұмыс аймағының ауасына түсуін болдырмау мақсатында жергілікті сору желдеткішімен жабдықталған жаппаларда жүргізіледі.
72. Жанасатын күбілерге, флотациялық машиналарға және басқа машиналарға реагенттерді беру жүйесі жабық коммуникациялар бойынша жүзеге асырылады және еденге реагенттердің түспеуін қамтамасыз етеді.
73. Реагенттер, флотациялау, регенерациялау, сіңіру, кептіру және қалдықтарды залалсыздандыру бөлімшелерінің үй-жайларында ауадағы зиянды газдардың құрамына бақылау жүзеге асырылады.
74. Ауыр орталарда байыту үшін пайдаланылатын, тығыздығы жоғары минералды ұнтақтар шаңының жұмысшыларға әсерін болдырмау мақсатында олардың суспензиясын дайындау операцияларының барлығы жергілікті сору желдеткішімен жабдықталған жабық жабдықтарда жүзеге асырылады.
75. Беті ашық суы бар жабдықтарда (бөлектеу машиналарында, флотациялау машиналарында, құрғату аппараттарында, гидроциклондарда) жұмыс істейтін жұмысшылар гидроаэрозольдың шашырауынан қорғалады. Мұндай бөлмелердегі ауаның салыстырмалы ылғалдылығы жұмыс аймағы үшін белгіленген шамадан аспайды.
76. Центрифугада шламды тас елек, ұсақтау және құрғату учаскелерінде дыбыс оқшаулау кабиналарының технологиялық процестің барысын қашықтықтан бақылау қамтамасыз етіледі. Тас елеуіштер, ұсақтаушылар, сепараторшылар, сүзгілеушілер, сорғы қондырғыларының машинистері, жөндеуші темір ұсталары есту мүшесінің ЖҚҚ-мен қамтамасыз етіледі.
77. Технологиялық жабдықтарды топтап орналастыру жағдайында жұмысшыларды шудан қорғау шаралары үй-жайдың акустикалық қасиеттері және жанында тұрған жабдықтардың шу сипаттамалары есебінен дыбыс деңгейінің жоғарылау әсері ескеріледі.
78. Флотореагенттер мен флокулянттарды пайдалану кезінде жұмыс аймағының ауасына ШЖК асатын шоғырланудағы уытты компоненттердің бөлінуіне жол берілмейді. Ерітінді дайындаушы жұмысшылар тыныс алу мүшелері мен тері жамылғыларын химиялық заттардан қорғайтын ЖҚҚ-мен қамтамасыз етіледі.
79. Ауыр салмақты жүкті қолмен көтеру және орнын ауыстыру кезінде әйелдерге арналған рұқсат етілген шамалар: ауыр салмақты жүкті көтеру және орнын ауыстыру басқа жұмыспен кезектестірілгенде (сағатына 2 ретке дейін) – 10 кг, жұмыс ауысымы ішінде ауыр салмақты жүкті көтеру және орнын ауыстыру – 7 кг құрайды.
80. Байыту фабрикаларының реагенттеу бөлімшелері мен флотация бөлімшелеріндегі жөндеу жұмыстары кезінде қолданылатын құрал-саймандар флотореагенттерден тазартылуға жатады.
81. Тау-кен және пайдалы қазбаларды байыту жұмыстарын жүргізу кезінде топырақтың, су ресурстарының және атмосфералық ауаның ластануын болдырмау бойынша іс-шаралар жүргізіледі.
82. Көмір өнеркәсібі объектілеріндегі тазарту құрылыстарының жобаларында коагулянттардың және флокулянттардың пайдалануын негіздей отырып, ағынды суды тұндыру уақытының есебі беріледі. Ағынды суды тазарту құрылыстарын пайдалануға беруге дейін технологиялық жабдықты іске қосуға жол берілмейді.
83. Байыту және брикеттеу фабрикаларындағы байыту процестерінде қолданылған соң шахталар мен разрездерден тартып шығарылған ағынды суды су қоймаларына ағызуға судағы өлшенген және ерітілген заттарға зертханалық бақылау жасай отырып, тиімді тазалағаннан және зарарсыздандырғаннан кейін ғана жол беріледі.
84. Шаруашылық мұқтаждығына және аумақты суғару үшін қолданылатын шахта суы микроэлементтердің артық мөлшерінен тазартуға, залалсыздандыруға, деминерализациялауға және бейтараптандыруға жатады. ШЖК белгіленбеген флокулянттарды және басқа химиялық заттарды су қоймаларына ағызуға жол берілмейді.
85. Көмір объектілері аумағының бетіндегі ағынды су, өндірістік үй-жайлар едендерінің шайынды суы шығару алдында жергілікті тазартуға жатады немесе тазалау құрылыстарына жіберіледі.
86. Жанып жатқан жыныс үйінділерін пайдалануға жол берілмейді. Істен шыққан жыныс үйінділері қопсытылуға жатады.
87. Шахталардың, разрездердің, байыту фабрикаларының қатты қалдықтарын өнеркәсіптің басқа салаларында пайдалануға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған кезде жол беріледі.
88. Көмірді теміржол вагондарымен немесе платформаларда тасымалдау кезінде оның төгілмеуін және шаңның ұшуын болдырмау бойынша шаралар көзделеді.
89. Көмірді және тау жынысын арқан жолдармен, автомобильдермен, конвейерлермен немесе рельсті көліктермен шығарған кезде белгіленбеген жерлерге түсіруге және жинауға жол берілмейді.
8. Еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету және тамақтану жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
90. Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің (бұдан әрі – ӘТК) құрамында арнайы санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық-профилактикалық мақсаттағы үй-жайлар: денсаулық сақтау пункттері, фотарийлер, ингаляторийлер, моншалар, сауналар, себезгілер, діріл беретін құралдармен жұмыс істейтін жұмысшылар қол ванналарын қабылдайтын үй-жайлар, әйелдердің жеке гигиенасы үй-жайлары, киімді шаңсыздандыру камералары, кір жуатын бөлмелер және профилакторийлер көзделеді.
91. ӘТК фабриканың бас корпусымен немесе жұмысшыларды төмен түсіріп және жоғары шығаратын шахтаның оқпанымен (штольнясымен) жылу берілетін және жарықтандырылған жабық өтпе жол арқылы қосылады.
92. Тұрмыстық үй-жайлар санитариялық өткізгіш үлгісінде жасалады, әр кабинадан сабынды судың артқы қабырғаға қарай ағуын қамтамасыз ететін едені болады, жуыну керек-жарақтарын орналастыруға арналған сөрелермен, шағын үстелдермен, аяқты өңдеуге және шаюға арналған су ағысы бар кілемшелермен жабдықталады.
93. Себезгі бөлмелері ең көп санды ауысым кезінде 5 адамға 1 себезгі есебінен жасалынады. Адамдардың жуынуы үшін берілетін су қауіпсіз және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау талаптарына сай. Ыстық судың ең төменгі температурасы +37 0  С-тан кем болмайды.
94. Ашық разрездерде демалуға арналған стационарлы үй-жайлар себезгі қондырғыларымен жабдықталады. Жаз мезгілінде қалқа астында демалыс орындары қосымша жабдықталады.
95. Ашық ауада, орман қоймасында, жылу берілмейтін үй-жайларда шахта оқпандарын салу кезінде, сондай-ақ жұмыс орнындағы ауаның температурасы +10 0 С-тан кем болатын басқа да жағдайларда жұмысшылар үшін аяқ-қолдарын жылытуға арналған арнайы жабдықтармен, киім ілгіштермен, қолғаптарын кептіруге арналған аспаптармен жабдықталған демалуына және жылынуына арналған арнайы үй-жайлар көзделеді. Үй-жайлар ауыз сумен және қайнаған сумен қамтамасыз етіледі. Жылдың қысқы және өтпелі кезеңдерінде бұл үй-жайларда +22 0 С-тан +24 0 С-қа дейінгі ауа температурасына 0,2 метр секундтан аспайтын ауа қозғалысының жылдамдығына жол беріледі.
96. Киім ілетін үй-жайлар жұмыс және үй киімін жеке сақтауға арналған шкафтармен жабдықталады. Киім ілетін орандардағы шкафтар мен киім ілгіштердің орналасуы жинауды, дезинфекциялауды және дезинсекциялауды ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік береді. Киім ілетін орындарда ылғал киімдер үшін кептіргіштер көзделеді.
97. Себезгі және киім ілетін бөлмелердің едені, қабырғасы және жабдықтары ауысым сайын жинауға және дезинфекциялауға жатады. Себезгі бөлмелердің кіре берісіндегі жеңіл аяқ киімді әрбір қолданудан кейін дезинфекциялауға арналған ванна құрылғылары көзделеді.
98. Себезгі бөлмелерінде жұмысшылар сүлгімен және монша аяқ киімімен қамтамасыз етіледі. Монша аяқ киімі мен себезгіде қызмет көрсететін персоналдың аяқ киімі жеңіл жуылатын материалдан дайындалады және Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып ауысым сайын дезинфекциялануға жатады.
99. Арнайы киімді жуу және химиялық тазарту үй-жайларында арнайы киімді жуу тәртібін реттейтін нұсқаулық көзделеді.
100. Киімді кептіруге арналған киім ілгіш ауасының құрамындағы шаң мөлшерін бақылау кемінде тоқсан сайын 1 рет жүргізіледі.
101. Респираторлық бөлме сүзгілерді шаңнан тазартуға және оның кедергісін бақылауға арналған қондырғымен, жартылай бетперделерді жууға, дезинфекциялауға және кептіруге арналған құралдармен жабдықталады.
102. Алыс учаскелердегі қазба бөлімінің магистральдарында және уақытша конвейерлерде, бұрғылау станоктары мен басқа да механизмдерде жұмыс істейтін және жол жөндеуші жұмысшылардың жылынуы үшін жылжымалы жылыту пункттері орнатылады. Жылыту пункттерінен жұмыс орнына дейінгі арақашықтық 300 м-ден аспайды.
103. Шахталардың, разрездердің және байыту фабрикаларының қосалқы бөлмелерінде жұмыс істейтін жұмысшыларды тамақтандыруды ұйымдастыру үшін асханалар немесе ыстық тағам немесе сусындар бар буфеттер, сондай-ақ жеке термостар мен жеке пакеттерге тамақ пен сусынды дайындауға, өлшеп-орауға және беруге арналған үй-жайлар көзделеді.
104. Асханадан 600 м-ден алыс орналасқан разрездерде, қысқа уақыт демалуға арналған үй-жайларда тамақ ішетін бөлме қосымша жабдықталады, онда қолды және ыдыс-аяқты жууға арналған құрылғылар, ыдыстарды сақтауға арналған шкаф көзделеді.
105. Көмір өнеркәсібінің барлық объектілерінде денсаулық сақтау пункттері көзделеді, олар қажетті медициналық аспаптармен, жедел және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған таңу материалдарымен жабдықталады.
106. Пласты 500 м және одан да көп тереңдікте өндіретін шахталарда жер асты денсаулық сақтау пункттері көзделеді.
107. Жұмыс істеп жатқан дайындық және тазарту қазба бөлімінің жұмыс орындарына ылғалдан қорғалған, зембілдермен, медициналық препараттармен және шұғыл медициналық жәрдем көрсетуге қажетті құралдармен жарақталған дәрі қобдишалары (150 м-ден алыс емес) жақын орналасады.
108. Жұмысшылар фотарий құрылғысы және жабдықтау және ультракүлгін сәулеленуін ұйымдастыру кезінде өнеркәсіп кәсіпорындарында ультракүлгін сәулелену қондырғыларын пайдалану талаптары ескеріледі.
109. Оқпан маңындағы жер асты өнімдерінде және жер асты көліктерін күту орындарында стационарлы дәретханалар салынады. Оларды тегіс бетондалған еденді қуыс камерада орналастырады және стационарлық жарықпен және қолжуғышпен жабдықтайды. Нәжісті қабылдаушы ретінде ассенизациялаушы вагондар пайдаланылады. Вагонның қабылдау люгі жеңіл ашылады және тығыз жабылады. Жер асты дәретханасы люфтклозет қағидатымен жұмыс істейді. Стационарлы дәретханалардан алыс және жұмысшы саны үш адамнан көп алыс учаскелер үшін жылжымалы дәретханалар қойылады. Жылжымалы дәретханалар ыңғайлы жеткізуді және тазалауды қамтамасыз ететін жабық конструкциялы болады.
110. Жер асты дәретханаларының ассенизациялаушы вагондары толу мөлшеріне байланысты, бірақ аптасына бір реттен сиретпей арнайы жасалған төгу пунктіне, одан әрі биологиялық тазарту қондырғыларында тазартылуы үшін сыртқа көтеріледі.
111. Разрездердегі жұмыс учаскелері жұмыс орнынан 100 м-ден алыс емес орналасқан люфтклозет үлгісіндегі жылжымалы дәретханалармен қамтамасыз етіледі. Нәжісті қабылдағышты тазарту аптасына 1 реттен сиретпей жүргізілуі тиіс.
112. Жер асты және жер беті дәретханаларын жинау жабдықтардың сыртқы бетін дезинфекциялай отырып жұмыс күндерінде күн сайын жүргізіледі.
113. Ассенизациялау жұмысымен айналысатын жұмысшылар үшін олардың жеке жұмыс киімін, жеке киімін, аяқ киімін сақтайтын бөлімдері бар себезгі, жылы суы бар қолжуғыш және дезинфекциялайтын заттары бар санитариялық тораптар көзделеді. Арнайы киімдерді сақтау үй-жайы сыртқа және ішке сору желдеткішімен жабдықталады.
114. Көмір өнеркәсібінің объектілерінде жұмыс істейтін қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмысшылар ЖҚҚ-мен қамтамасыз етіледі.
ЖҚҚ еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарына сәйкес болған барлық жағдайларда, сондай-ақ еңбек және ұжымдық шарттарында көзделген барлық жағдайларда қолданылады.
Аталған жағдайларда ЖҚҚ-сыз адамдар жұмыстарды орындауға жіберілмейді.
115. Бет терілерін және қолды зиянды заттардың түсуінен қорғау үшін, сондай-ақ ашық ауада жұмыс істеу кезінде қансорғыш жәндіктерден, үсік шалудан және күн радиациясынан сақтау үшін қорғаныш құралдары (жақпа майлар, пасталар, аэрозольдар) қолданылады.
116. ӘТК-нің респираторлық үй-жайларында табель нөмірлеріне сәйкес әр жұмысшыға бекіткен шаңға қарсы ЖҚҚ-ны сақтау, беру және тазартудан басқа, ЖҚҚ күйін, жұмысқа жарамдылығын бақылау жүзеге асырылады. Жартылай бетперделер мен шаңға қарсы респираторлар күн сайын жуылуы және дезинфекциялануы тиіс. Шаңға қарсы ЖҚҚ-ның кедергі күшін тексере отырып, сүзгілерін тазарту әрбір жұмыс ауысымынан кейін жүргізілуі тиіс. Респиратордың сүзгісі минутына 30 л жылдамдықтағы ауаның стационарлы ағынында су бағанының 10 мм-лік кедергісіне жеткенде алмастырылуы тиіс.
117. Қорғаныш көзілдіріктері, экрандар мен қалқаншалар кейіннен +40 0 С-тан аспайтын температурада кептіріле отырып, ластануына қарай таза сумен шайылады.
118. Шуға қарсы құралдардың және шуға қарсы жапсырмалардың ластанған беттері әрбір қолданыстан кейін ылғалданған тампондармен немесе сабынды жылы сумен сүртіледі.
119. Каскалар ішкі жабдығы бөлшектенбестен, күн сайын жылы сумен жуылады және айына бір рет дезинфекцияланады. Каскаларды дезинфекциялау үшін Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген заттар пайдаланылады.
120. Арнайы жұмыс киімі кешенді өңделуге жатады: сырт киім – ылғалды шаңсыздандырылады немесе химиялық тазартылады, іш киім – жуылады. Сыртқы арнайы жұмыс киімін өңдеу кезеңділігі айына үш реттен сиретпей, ал іш киім апта сайын өңделеді. Әр жұмыс ауысымынан кейін арнайы жұмыс киімі шаңсыздандырылады және кептіріледі. Судан қорғайтын арнайы жұмыс киімі 50 0 С-тан аспайтын температурада кептіріледі. Сүлгілер, касканың астынан киілетін зат, шұлғаулар әр қолданыстан кейін ауыстырылуы, жуылуы және дезинфекциялануы тиіс. Тері-іріңді және грибокты аурулардың алдын алу және емдеу үшін микробқа қарсы матадан тігілген іш киіммен қамтамасыз етілуі тиіс.
121. Арнайы жұмыс аяқ киімі айына екі реттен сиретпей дезинфекциялаушы заттарды қолдана отырып жуылады, ылғалданған аяқ киім ауысым сайын кептіріледі. Кептірілген соң теріден жасалған аяқ киімге арнайы жақпа май жағылады.
122. Терісінің іріңді аурулары және саусақтары мен табанының грибокты аурулары бар науқастардың арнайы жұмыс киімі күн сайын дезинфекцияланады.
123. Жер үсті шахталарының асханаларын күтіп-ұстау және пайдалану, сондай-ақ азық-түліктерді аспаздық өңдеу және өткізу 2015 жылғы 08 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 10982 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» № 234 бұйрығына сәйкес болады.
124. Тамақтанудың жер асты пункттері болғанда түскі ас жер үсті асханаларында әзірленеді және дайын тағамдар тез арада термосқа салынады. Дайын тағамдар бар термостар дайындалғаннан кейін 1–2 сағ кешіктірілмей тамақтану пункттеріне жеткізіледі. Тарату кезінде бірінші ыстық тамақтардың температурасы + 60 0 С-тан, екінші тағам +50 0 С-тан, ал салқын тағамдар + 14 0 С-тан төмен болмайды.
125. Шахтерлерді таза ағыстағы көмір шахталарының қазба өндірісінде тікелей ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жұмыс орнының екі жағына қарай 15–20 мин жаяу жүретін жерлерде шахтерлерді тамақтандырудың жер асты пункттері жасалады.
126. Шахтадан кері қайтарылған ыдыстарды және заттарды санитариялық өңдеу жер үсті асханасында жүргізіледі.
127. Жұмыс беруші жұмысшыларды арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және басқа да жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-эпидемиологиялық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібіне және нормаларына сәйкес сүтпен, құнарлылығы бойынша теңестірілген емдік-профилактикалық тағаммен, витаминдермен және биологиялық белсенді микроэлементтермен және сүтпен жұмыс берушінің есебінен қамтамасыз етеді.
128. Кәсіпорын жұмыскерлеріне медициналық қызмет көрсетуді медициналық-санитариялық бөлімдер, емханалар және ауруханалар жүзеге асырады. Олар тәулік бойы жұмыс істеуді қамтамасыз ететін цех қызметін және денсаулық пункттері желісін ұйымдастырады.
129. Денсаулық сақтау пункті дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер штатымен толықтырылады, жабдықтармен, құрал-саймандармен және таңу материалдарымен жабдықталады.
130. Жұмысқа қабылданатын және қолайсыз өндірістік факторлардың әсерімен байланысты өндірістерде және мамандықтарда жұмыс істейтін инженерлік-техникалық қызметкерлер мен жұмысшылар жұмысқа кіру кезінде 2015 жылғы 08 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 10987 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы «Міндетті медициналық қарап тексеру өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін бекіту туралы» № 175 және 2015 жылғы 08 сәуірдегі нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 10634 болып тіркелген, 2015 жылғы 24 ақпандағы «Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу қағидаларын бекіту туралы» № 127 бұйрықтарына сәйкес медициналық тексеріп қараудан өтеді.
131. Медициналық қорытынды негізінде жұмысшының кәсіби ауруға шалдыққаны анықталған және расталған жағдайда жұмыс беруші оны қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне байланысты емес жұмысқа ауыстырылады.
132. Бұрын зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген, кейіннен басқа жұмысқа ауысқан немесе жұмыстан босаған жұмысшылар одан кейін денсаулық жағдайы нашарлағанда және оның еңбек жағдайымен байланысын растау қажет болған кезде профпатолог мамандарға жіберіледі.
9. Сумен жабдықтауға, желдетуге, жылытуға және жарықтандыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
133. Жер асты тау қазбалары механикалық тарту күші бар тұрақты жұмыс істейтін желдеткішпен қамтамасыз етіледі.
134. Барлық желдету қондырғылары тиімділікке сыналады. Сынау және жөндеу нәтижелері бойынша әрбір желдету жүйесіне паспорт жасалады.
135. Желдету жабдықтарын, ауаны тазарту құрылғыларын таңдау, сондай-ақ жаппаларды жобалау кезінде шығатын шаңның бөліну параметрлерінің ерекшеліктері ескерілуі және саңылаулар арқылы сорылып шығатын ауа орнын толтыратын аспирациялық ауаның 10%-дық қоры көзделеді.
136. Шахтаға, өндірістік үй-жайларға және ӘТК-ге механикалық желдеткіш жүйелерімен берілетін сорылған ауадағы шаң мен уытты заттардың құрамы жұмыс аймағының ауасы үшін 30%-дан аспайды.
137. Өндірістік үй-жайлардағы айтарлықтай шаң бөлетін жылыту құралдарының беті тазалауға ыңғайлы болуы үшін тегіс болады.
138. Ғимараттар мен құрылыстарды жылыту үшін қосымша өндірістік зияндылық тудырмайтын жүйелер, құралдар мен жылу таратқыштар көзделеді.
139. Жылытылмайтын өндірістік үй-жайлар жылдың қысқы және өтпелі кезеңдерінде жұмысшыларды жылытуға арналған учаскелермен жабдықталады.
140. Жер асты тау қазбаларында жұмыс істейтін жұмысшылар үздіксіз жұмыстың 10 сағаты ішінде бақылау объектілерін жарықтандыруға қол жеткізетін жеке аккумуляторлы шырақтармен қамтамасыз етіледі. Оларды пайдалану кезінде электролиттің төгілуіне және жұмысшының терісі мен киіміне ағуына жол берілмейді.
141. Ашық разрездерде машиналар мен механизмдердің кабиналарында, бұрғылау, тиеу, жеткізу техникаларының жұмыс орындарында, теміржол және автомобиль жолдары арқылы жұмысшылар жүретін өтпе жолдарда, ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайларында, сондай-ақ жұмысшылардың тұрақты қозғалу жолдарында стационарлы жарық беру қондырғылары орнатылуы тиіс.
142. Стационарлы жарық беретін қондырғыларды пайдалану кезінде өндірістік аймақтарда стробоскопиялық әсерді төмендету жөніндегі техникалық шаралар көзделеді.
143. Люминесценттік қондырғылар тудыратын жарық пульсациясының коэффициенті 20%-дан аспайды.
144. Объектілерде істен шыққан газды-разрядты шамдарды сақтауға арналған арнайы жабдықталған үй-жайлар, сондай-ақ шырақтарды жөндеу және тазалау шеберханалары бөлінеді.
145. Санитариялық-тұрмыстық және қосалқы үй-жайларда, сондай-ақ дәлдігі аз жұмыстар жүргізілетін үй-жайларда қыздыру шамдарын пайдалануға жол берілмейді.
146. Салқындатушы және қыздырушы микроклимат жағдайларында су теңгерімі бұзылуының алдын алу үшін кәсіпорын жұмысшыларды ыстық немесе салқын сусындармен қамтамасыз етеді.
147. Жер асты қазбасында жұмыс істейтіндер сыйымдылығы 0,75 литрлік құтылармен немесе сынбайтын термостармен қамтамасыз етіледі. Айналымдағы ауыз суға арналған ыдыстардың (сыйымдылықтардың) саны олар қамтамасыз ететін жұмыс орнының санынан екі есе көп көзделеді. Құтылар мен термостарды жуу және сақтау бір орталықта жүзеге асырылады.
148. Әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарда суды сыйымдылыққа құйып алуға арналған арнайы крандар жабдықталады.
149. Разрездерде жұмыс істейтін жұмысшылар бұрқақ тәрізді жұмыс істейтін крандары бар жабық ыдыстармен жеткізілетін сумен қамтамасыз етіледі. Су толтырылған ыдыстар жылдың қысқы мезгілінде жылытылатын арнайы үй-жайларда орнатылады. Пункттердегі ауыз судың температурасы +20 0 С-тан жоғары болмауы және +18 0 С-тан төмен болмауы тиіс.
150. Шахталар мен разрездерде ауыз су құйылған ыдыстың 30%-дық қоры көзделеді.
10. Қоршаған ортаны қорғау
151. СҚА аумағындағы және шекарасындағы атмосфералық ауадағы зиянды заттардың құрамы 2015 жылғы 13 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11036 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауасының гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № 168 бұйрығына сәйкес келеді.
152. Пайдаланылған жыны сүйінділерін өңдеу және көгалдандыру қажет.
153. Шахтадан және разрезден сорылған су, сондай-ақ шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланылған су су айдындарына жіберу алдында тазаланылады.
11. Гигиеналық нормативтердің сақталуына өндірістік бақылау
154. Еңбек шарттары жағдайын бақылауды технологиялық процестердің ерекшеліктерін, оның өзгерістерін, түрлі жұмыстарды орындаудың шынайы жағдайларын, жабдықтарды жөндеуді, сауықтыру шараларын енгізуді ескере отырып жүзеге асырылады.
155. Өндірістік факторларды өлшеуді қолданыстағы әдістемелер бойынша орындау қажет.
156. Көмір өнеркәсібі объектілерінде өндірістік (ведомостволық) бақылау жүргізіледі. Өндірістік (ведомостволық) бақылауды өндірістік немесе аккредиттелген тәуелсіз зертханалар жүзеге асырды. Ведомостволық бақылау нәтижелері тиісті аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомоствосының аумақтық бөлімшелеріне тапсырылады.
157. Физикалық факторлардың жұмыскерлер денсаулығына зиянды әсерінің РШК 2015 жылғы 23 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11147 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы «Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № 169 бұйрығына сәйкес келеді.
158. Шудың эквивалентті деңгейі 80 Децибелдан (бұдан әрі – дБА) көп цехтарда (бөлімшелерде) шу деңгейі 40 дБА-дан аспайтын демалыс бөлмелері көзделеді.
159. Тұрақты жұмыс орындарындағы жерасты өндірістерінде микроклимат параметрлері 2015 жылғы 23 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11147 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы «Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № 169 бұйрығына сәйкес келеді.
160. Жұмыс аймағындағы ауа құрамындағы және қоршаған орта объектілеріндегі (атмосфералық ауа, су және топырақ) зиянды заттар көлемі ШЖК-дан аспайды.
161. Шаңмен, шумен, дірілмен және басқа да жағымсыз факторлармен күрес үшін көзделген қондырғылардың жұмысы өндірістік ортада қосымша залал келтірмейді.
162. Пайдалы қазбаларда, олардың қайта өңделген өнімдерінде, сонымен қатар таужыныстары мен күлдің құрамынан анық шаң радиациялық факторға себепші болатын табиғи-радиобелсенді заттардың қоспалары табылған жағдайда, 2015 жылғы 27 мамырдағы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 11205 болып тіркелген, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» № 261 бұйрығына сәйкес санитариялық қорғалатын және қадағаланатын аймақтар шегінде кәсіпорын аумағында, өндірістік бөлмелерде радиациялық жағдайға дозиметрлік бақылау жасайды.