Toggle Dropdown
Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды басқару құқығына емтихандар қабылдау және куәлiктер беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 4-3/270 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 21 шілдеде № 11711 тіркелді
Редакция 20.01.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды басқару құқығына емтихандар қабылдау және куәлiктер беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
__________ Ә. Исекешев
2015 жылғы 19 маусым
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
__________ Е. Досаев
2015 жылғы 7 маусым
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
__________ Қ. Қасымов
2015 жылғы 16 маусым
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 наурыздағы
№ 4-3/270 бұйрығымен бекітілген
Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды басқару құқығына емтихандар қабылдау және куәлiктер беру қағидалары
1. Осы Тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жүргізу құқығына емтихандар қабылдау және куәліктер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды (бұдан әрі – машиналар) басқару құқығына емтихандар қабылдау және куәліктер беру тәртібін және «Тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды басқару құқығына куәліктер беру» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналар – ең жоғары конструкциялық жылдамдығы сағатына елу және елу километрден аз қаршаналар мен квадроциклдер;
2) көрсетілетін қызметті алушы – осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тракторшы-машинист куәлігін алуға жүгінген жеке тұлға;
3) тракторшы-машинистің куәлігі – тракторшы-машинистердің машиналарды басқаруына рұқсат етілгенін растаушы құжат;
4) тракторшы-машинистің куәлігін тіркеу мен берудің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – «E-Agriculture» агроөнеркәсіптік кешендегі салаларды басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі» ақпараттық жүйесінің «Ауыл шаруашылығы техникасын мемлекеттік тіркеу» кіші жүйесінде мәліметтердің орталықтандырылған есепке алынуын қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ұйымдастырылып, ретке келтірілген жиынтығы;
5) тіркеу іс-қимылдары – көрсетілетін қызметті берушінің тракторшы-машинистің куәлігін тіркеу мен берудің ақпараттық жүйесіне тіркеу деректері мен өзгерістер енгізе отырып, көрсетілетін қызметті алушының тракторшы-машинист куәлігін тіркеуді және оған беруді жүзеге асырумен байланысты қызметі.
4. Осы Қағидаларда емтихан пункттері деп білім беру саласында аккредиттелген не «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының интернет-ресурсында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған оқыту орталықтары мен оқыту мекемелерінің тізіліміне қосылған техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары аталады.
5. Емтихан пункттері «ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі» мамандығы бойынша теориялық оқытуды, сондай-ақ өндірістік оқыту мен кәсіби практиканы жүзеге асырады. Оқыту қорытындылары бойынша емтихан пункттері теориялық және практикалық емтихандар (қорытынды аттестаттау) қабылдайды, оның нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оқыту курстарын аяқтағаны туралы куәлік (бұдан әрі – куәлік) беріледі.
Барлық санаттағы машиналарды басқару құқығына емтиханды өтініш берілген күні емтихан пункттерінде емтихан комиссиялары қабылдайды.
Емтихан «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларын және оқу бағдарламаларында көзделген машиналарды пайдалану қауіпсіздігі туралы білімдерін тексеру мақсатында жүргізіледі.
Емтихан тапсыруға рұқсат беру және куәлік беру азаматтардың тұрақты тіркелген тұрғылықты жері немесе уақытша келген жері (уақытша тіркелген жағдайда) бойынша, ал ішкі істер органдарында тіркелген шетел азаматтарына келген жері бойынша жүзеге асырылады.
Емтихан қабылдау тестілеу арқылы жүргізіледі және он сұрақтан тұрады. Барлық сұрақтарға жауап беру үшін тракторшы-машиниске кандидатқа 30 (отыз) минут беріледі.
Тестілеуді өткізу кезінде техникалық жарақтандыру жөніндегі ең төмен техникалық талаптар осы Қағидаларға 1-1-қосымшада көрсетілген.
Кем дегенде сегіз сұраққа дұрыс жауап берілген кезде «Тапсырды» деген қорытынды баға қойылады, ал қарсы жағдайда «Тапсырмады» деген баға қойылады.
«Тапсырмады» деген теріс баға алған жағдайда, қайта емтихан қабылдау алдыңғы емтиханды тапсырған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кейін жүзеге асырылады.
Емтихан тапсыру нәтижелері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша емтихан парағына жазылады.
Емтихан тапсырған адамдарға емтихан парағының негізінде 2 (екі) жұмыс күні ішінде куәлік беріледі.
6. Барлық машиналар типтеріне, мақсатына және оларды басқару ерекшеліктеріне байланысты «А», «Б», «В», «Г», «Д» санаттарына бөлінеді, оларды басқару құқығына тиісті санаттарында рұқсат белгілері қойылған осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тракторшы-машинист куәлігі (бұдан әрі – куәлік) беріледі.
7. Куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында машиналарды басқаруға құқық береді.
8. «А», «Б», «В», «Г», «Д» санаттарында рұқсат белгілері бар куәлікке ие адамдар мыналарды:
1) «А» – сыныбы 30 килоНьютонға (3,0 тартылыс күші) дейінгі (қоса алғанда) доңғалақты тракторларды;
2) «Б» – сыныбы 30 килоНьютоннан (3,0 тартылыс күші) жоғары доңғалақты тракторларды;
3) «В» – шынжыр табанды тракторларды;
4) «Г» – өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы машиналарын;
5) «Д» – барлық өздігінен жүретін механикаландырылған мелиорациялық машиналарды және жол-құрылыс машиналарын, оның ішінде экскаваторларды, монтаждалған мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары бар тракторларды басқара алады.
Куәлік қосымша жабдықтар монтаждалған немесе олар агрегат (тіркеме, автопойыз) құрамында жұмыс істейтін тиісті санаттағы машиналарды жүргізуге құқық береді.
9. Машиналарды басқару құқығы мыналарға беріледі:
1) он жеті жасқа толған адамдарға – «А», «В» және «Г» санаттарындағы машиналарды басқаруға;
2) он сегіз жасқа толған адамдарға – кемінде алты ай «А» және «В» немесе «Г» санаттарындағы машиналарды басқару өтілі болған жағдайда, «Б» және «Д» санаттарындағы машиналарды басқару құқығын қосымша алуға.
10. «Б» және (немесе) «Д» санаттары «А», «В» және «Г» бағандарында рұқсат белгілері бар куәлікке ие (көрсетілетін қызметті алушының тиісті машиналардағы жалпы жұмыс өтілі кемінде алты ай) және емтихан пунктінде теориялық емтихан тапсырған көрсетілетін қызметті алушыға беріледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көрсетілген құжаттардың кез келгені көрсетілетін қызметті алушының жұмыс өтілін растайтын құжат болып табылады.