Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді, тұқым өткізушілерді аттестаттау қағидаларын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 4-2/266 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 шілдеде № 11773 тіркелді
Редакция 28.07.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді, тұқым өткізушілерді аттестаттау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы С. Омаров
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
____________________ Ә. Исекешев
2015 жылғы 5 маусым
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
_______________ Е. Досаев
2015 жылғы 25 маусым
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 4-2/266 бұйрығымен
бекітілген
Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді, тұқым өткізушілерді аттестаттау қағидалары
1. Осы Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді, тұқым өткізушілерді аттестаттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Тұқым шаруашылығы туралы заң) 6-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді, тұқым өткізушілерді аттестаттау тәртібін, сондай-ақ «Бірегей, элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді және тұқым өткізушілерді аттестаттау» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аттестаттау туралы куәлiк – мемлекеттiң тұқым шаруашылығы саласындағы аттестатталған субъектiлердiң қызметiн тануын айғақтайтын, өз құзыреті шегінде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы берген құжат;
2) бірегей тұқымдар – ауыл шаруашылығы өсімдігі сортының авторы, ол уәкілдік берген адам немесе сорттың оригинаторы өсіріп шығарған және элиталық тұқымдарды өндіруге арналған тұқым;
3) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдар – элиталық тұқымдардың жылдар бойынша кейіннен көбейтілуі: бірінші жыл – бірінші көбейтілген тұқым, екінші жыл – екінші көбейтілген тұқым, үшінші жыл – үшінші көбейтілген тұқым;
4) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз);
5) өтініш беруші (бұдан әрі – өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы)) – аттестаттаудан өту және аттестаттау туралы куәлік алу үшін «электрондық үкімет» веб-порталына (бұдан әрі – портал) өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;
6) суперэлиталық тұқымдар – тұқым шаруашылығы саласындағы ұлттық стандарттар мен өзге де нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін және элиталық тұқым өндіруге арналған, көбейту питомнигі түсімінен алынатын бірегей тұқымдарға жататын тұқым;
7) тұқым өндiрушiлер – Тұқым шаруашылығы туралы заңға сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
8) тұқым өсiру шаруашылығы – жергiлiктi атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші) аттестаттаған, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдарды өндiру мен өткізуді жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект;
9) тұқым өткізуші – жергілікті атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші) аттестаттаған, ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының партияларын өткізу және (немесе) тұқымдық несие беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
10) элиталық тұқымдар – бірегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдары;
11) элиталық тұқым өсіру шаруашылығы – жергілікті атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші) аттестаттаған, элиталық тұқымдарды өндіру мен өткізуді жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;
12) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – өзіне бекітіп берілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
13) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы.
3. Бірегей тұқым өндірушілерді, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарын, тұқым өсіру шаруашылықтарын, тұқым өткізушілерді аттестаттауды жергілікті атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мәлімделген қызмет түріне сәйкес аттестаттау туралы куәлік бере отырып жүргізеді.
4. Бірегей тұқым өндірушілерге, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым өткізушілерге аттестаттау жүргізу үшін жергілікті атқарушы органның (көрсетілетін қызметті берушінің) қаулысымен құрамы кемінде бес адамнан (комиссияның төрағасы және төрт мүшесі) тұратын тұрақты жұмыс істейтін аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі – комиссия) құрылады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның (көрсетілетін қызметті берушінің) құрылымдық бөлімшесі комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) болып табылады.
5. Аттестаттау туралы куәлік өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы) осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген бірегей тұқым өндiрушiлерге, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым өткізушілерге қойылатын талаптарға (бұдан әрі – талаптар) сәйкес келген жағдайда, қызметтің мәлімделген түріне сәйкес беріледі.
6. Тұқым шаруашылығын аттестаттау туралы куәлік алған және элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға жауап беретін шаруашылық жүргізуші субъект элиталық тұқым өсіру шаруашылығын аттестаттау туралы куәлік алуға үміткер бола алады.
Бірегей тұқым өндірушілерге қойылатын талаптарға жауап беретін элиталық тұқым өсіру шаруашылығы бірегей тұқым өндірушіні аттестаттау туралы куәлік алуға үміткер бола алады.
2-тарау. Бірегей тұқым өндірушілерді, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарын, тұқым өсіру шаруашылықтарын, тұқым өткізушілерді аттестаттау тәртібі
7. Аттестаттаудан өту және аттестаттау туралы куәлікті алу үшін өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы) электрондық түрде портал арқылы ЭЦҚ-ның көмегімен мынадай құжаттарды жолдайды:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау (қайта аттестаттау) жүргізу туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш);
2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес бірегей тұқым өндірушілерге қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы мәліметтер нысаны;
осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға сәйкестік туралы мәліметтер нысаны;
осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес тұқым өсіру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға сәйкестік туралы мәліметтер нысаны;
осы Қағидаларға 7-қосымшаларға сәйкес тұқым өткізушілерге қойылатын талаптарға сәйкестік туралы мәліметтер нысаны.
Заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері өз бетінше өтініш береді.
Өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы) аумағында шаруашылық жүргізуші субъектінің жер учаскесі және материалдық-техникалық базасы орналасқан жергілікті атқарушы органның (көрсетілетін қызметті берушінің) атына өтініш береді.
«Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші, екінші және үшінші репродукциялы тұқымдар өндірушілерді және тұқым өткізушілерді аттестаттау» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 8-қосымшада көрсетілген.
Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді жергілікті атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші) «электрондық үкіметтің» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы) барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде өтініштің қабылданғанын растау ретінде өтініш берушінің (көрсетілетін қызметті алушының) «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрінеді.
8. Аттестаттау туралы куәлік немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту өтініш тіркелген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ресімделеді.
Өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы) жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру одан кейінгі жақын жұмыс күні жүзеге асырылады.
Өтініш беруші (көрсетілетін қызметті алушы) құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайларда, жергілікті атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші) өтінішті қабылдаудан бас тартады.