Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының ұшуын электрлі жарықпен-техникалық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы № 350 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 шілдеде № 11637 тіркелді
Редакция 20.12.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-42) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының ұшуын электрлі жарықпен-техникалық қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне (Б.К. Сейдахметов):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада бекітілген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Ж. Қасымбек
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
В. С. Школьник ____________
2015 жылғы 5 маусым
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 26 наурыздағы
№ 350 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының ұшуын электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз ету қағидалары
1. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының ұшуын электрлі жарықпен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді.
2. Осы Қағидалар ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз етуді, азаматтық авиация ұйымдарындағы электр қондырғыларын техникалық пайдалануды регламенттейді.
3. Осы Қағидаларың талаптары азаматтық авиацияның кәсіпорындары мен ұйымдарының басшы құрамына, ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз етумен байланысты немесе өз қызметiнде электр қондырғыларын қолданатын және азаматтық авиация ұйымдарында олардың техникалық пайдалануды ұйымдастыру мәселелерiн шешетiн инженерлiк-техникалық құрам мен қызметтерге қолданылады.
4. Ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз етуге:
1) регламенттерге, зауыттық нұсқаулықтарға, осы Қағидаларға, сондай-ақ басқа да қолданыстағы нормативтік-техникалық қағидаларға сәйкес электр қондырғыларын пайдалану жөніндегі құжаттармен сәйкес сыртқы электрмен жабдықтау көзінен электр энергиясын беруге және таратуға арналған әуежайдың электр қондырғыларын, жарықпен сигнал беру жабдығы жүйелерін (бұдан әрі – ЖСБЖ), әуеайлақ белгілерін, жер үсті аэронавигациялық оттарын, перронды прожекторлық жарықтандыру жүйелерін, автономды және резервтік электрмен жабдықтау көздерін техникалық пайдалану;
2) азаматтық авиация ұйымдарының өндірістік және жолаушылар нысандарының электр қуаты мен жарықтандыру жабдықтарын, әуежайдың орталық тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларын техникалық пайдалану;
3) электрмен жабдықтаудың сыртқы көзінен алынатын электр энергиясын ұтымды және мақсатқа сай пайдалану;
4) нысандарды электрмен жабдықтаудың және электр қондырғыларының жұмысының сенімділігін арттыруды, техникалық қызмет көрсету сапасын арттыруды және электр энергиясын үнемдеуді қамтамасыз ететін іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
Ұшудың электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз етілуі ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз ету қызметімен (бұдан әрі – Қызмет) жүзеге асырылады.
5. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар, терминдер мен аббревиатуралар:
1) автономды электрмен қоректендіру көзі – әуежайдың электр желісімен байланысы жоқ және кепілдендірілген электрмен қоректендіру қалқанына немесе тікелей электр қабылдағыштарға қосылған электрмен қоректендіру көзі;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
3) әуеайлақ минимумы – осы әуеайлақта осы үлгідегі әуе кемесінің ұшуын және қонуын орындауға рұқсат етілетін ұшып-қону жолағы мен бұлттардың төменгі шектік биіктігіндегі (немесе шешім қабылдау биіктігіндегі) көрінімдердің ең аз рұқсат етілетін мәні;
4) әуеайлақтың жарық сигнал беру жабдығының жүйесі – әуеайлақта белгілі схема бойынша орналастырылған және көрінімнің әртүрлі жағдайында әуе кемелерінің ұшып шығуын, қонар алдындағы соңғы кезеңін, қонуы мен жермен жүруін қамтамасыз етуге арналған жарық сигнал беру аспаптарының, электр жабдықтары мен басқару аппараттарының жиынтығы;
5) әуежай объектілерін электрмен қоректендірудің бұзылуы – электрмен қоректендірудің осы объектіні резервтік қуат көзіне ауыстыру үшін белгіленген мерзімнен кем уақытқа ажыратылуы;
6) әуежай объектілерін электрмен қоректендірудің істен шығуы – осы объекті үшін резервтік қуат көзіне көшу үшін белгіленген уақыттан ұзағырақ уақытқа электрмен қоректендіруді ажырату;
7) бұйымның формуляры – бұйымның техникалық жай-күйін көрсететін және оны пайдалану жөніндегі мәліметтерді (жұмыс ұзақтығы мен жағдайлары, ТҚ, жөндеу түрлері, құрамдас бөліктер мен бөлшектерді ауыстыру және пайдаланудың бүкіл кезеңі үшін басқа да деректерді қамтитын), дайындаушы кепілдік берген ЖСБЖ, ДГҚ, ҮҚБК негізгі параметрлері мен техникалық сипаттамаларын куәландыратын құжат;
8) глиссада – қонуға бет алудың соңғы кезеңінде әуе кемесінің төмендеуі үшін белгіленетін ұшу бейіні;
9) глиссадалық оттар – глиссаданы көзбен көріп индикациялауға арналған оттар;
10) жарықтың орташа күші – жарық шоғыры шашуының берілген бұрыштары шегінде барлық бағыттар бойынша жарық күшінің орташаланған мәні;
11) желілік от – ең үлкен аралықпен көлденең желі бойына орнатылып, қашықтықтан қысқа жарық жолағы болып көрінетін екі немесе одан да көп оттар;
12) жердегі аэронавигациялық от (от) – әуе кемелерінде орнатылған оттарды қоспағанда, аэронавигациялық құрал ретінде пайдалануға арналған, жарықты бөлуі анықталған бағыты бар жарықтандыру құрылғысы;
13) көрінімділік – авиациялық мақсаттар үшін көрінімділік келесі шамалардың ең үлкенін білдіреді:
жерге жақын орналасқан, рұқсат етілген өлшемдегі қара нысанды жарық фонында бақылау арқылы ажыратуға және анықтауға болатын ең үлкен қашықтық (а);
жарықтандырылмаған фонда шамамен 1000 кд жарық күші бар оттарды ажыратуға және анықтауға болатын ең үлкен қашықтық (b);
Бұл екі қашықтықтың ауада белгілі бір жұтылу жылдамдығымен әртүрлі мәндері бар, соңғысы (b) фонның жарықтандырылуына байланысты, ал біріншісі (а) көрінудің метеорологиялық оптикалық диапазонымен сипатталады (MOR);
14) қызмет объектілері – ұшуды жарықпен техникалық қамтамасыз етуге, 10 (6) киловольттық кернеуді 0,4 киловольтқа трансформациялауға, электр энергиясын әуежай объектілерінің, авиакәсіпорындарының қызметтік және жолаушы объектілері электр күш жабдықтары арасында беру және бөлуге арналған электрлі қондырғылары бар объектілер; өнеркәсіптік энергия жиілігін басқа энергия күшіне немесе басқа жиіліктегі энергия күшіне өзгертуге, өндірістік мақсаттағы объектілердің ішінде электр энергиясын беру мен бөлуге арналған басқа қызметтер объектілері, электр қондырғылары бар объектілер, сондай-ақ олардың электр күш және жарық беру жабдықтары.
15) оттар жүйесінің сенімділігі – жүйенің үздіксіз және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, жабдықтың белгілі бір уақыт кезеңі ішінде белгіленген пайдалану шегінде жұмыс істеу қабілеті;
16) отты ауыстыру уақыты – оттың 25% немесе одан жоғары қарқындылық мәндерінде жұмыс істеген кезде электрмен жабдықтау көздерін ауыстыру кезінде 50% -дан төмен түскеннен кейін берілген бағытта өлшенген оттың нақты қарқындылығын 50% мәніне дейін қалпына келтіруге кететін уақыт;
17) оттың істен шығуы – қандай да бір себеппен жарықтың орташа күшінің берілген сәуле шашу бұрыштарында жаңа оттың нормалық жарық күшімен салыстырғанда 50% астам төмендеуі;
18) профилактикалық техникалық қызмет көрсету регламенті – техникалық қызмет көрсетудің мерзімділігі мен көлемін белгілейтін құжат;
19) резервтік электрмен қоректендіру көзі – негізгі көзден электрмен қоректендіру бұзылған жағдайда электр қабылдағыштарға қосылатын және негізгі көзден электрмен қоректендіруді қалпына келтіруге қажетті максималды уақыттан асатын уақыт ішінде электрмен қоректендіруді қамтамасыз ететін қуат көзі;
20) талдау – персоналдың кәсіби дайындығын жетілдіру, жұмыстағы ауытқуларды жою және олардың алдын алу мақсатында жұмысты орындау сапасын талдау;
21) тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – теңгерімдік тиесілілігі немесе электрмен жабдықтау шарты бойынша айқындалатын және тараптардың теңгерімдік тиесілілігі мен пайдалану жауапкершілігін ажыратудың тиісті актісімен расталған күтіп-ұстауға және техникалық жай-күйге жауапты шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы энергетикалық жабдықты және/немесе осы шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында электр желісін бөлу нүктесі;