• Мое избранное

Отправить по почте

Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 18-02/596 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 тамызда № 11894 тіркелді

Редакция 14.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 13-бабы 1-тармағының 18-20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр А.Мамытбеков
Қазақстан Республикасы
 Ауыл шаруашылығы министрінің
 2015 жылғы 30 маусымдағы
 № 18-02/596 бұйрығымен
 бекітілген
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу қағидалары
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Негізгі ережелер
1. Осы Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдегі Орман кодексінің (бұдан әрi – Орман кодексі) 13-бабы 1-тармағының 18-20) тармақшасына әзірленді және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесуді жүргізу тәртiбiн, мерзiмiн және тәсiлдерiн айқындайды.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесуді жүргізу тәртібі, мерзімі мен тәсілдері орманның өсу жағдайларына, тұқымдылар құрамына және мемлекеттiк орман қорының санатына байланысты.
Орманның өсу жағдайларына байланысты мемлекеттік орман қорының учаскелері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Республиканың әкімшілік облыстарының шегінде орман шаруашылығы аудандары бойынша мемлекеттік орман иеленушілердің тізбесіне сәйкес бөлінеді.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындау мынадай ағаш кесу түрлерін жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады: 
1) пiсiп-жетiлген және қураған сүрекдiңдерде жүргізiлетін басты мақсатта пайдалану;
2) аралық мақсатта пайдалану (орманды күтiп-баптау мақсатында кесу, iрiктеп санитариялық мақсатта кесу және құндылығы аз орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су қорғау және басқа да функцияларынан айырыла бастаған екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты кесу, балауса талдар iшiндегi бiрлi-жарым ағаштарды кесу);
3) өзге де мақсаттарда кесу (жаппай санитариялық мақсатта кесу; су тораптарын, өткiзгiш құбырларды, жолдарды салуға байланысты; орман соқпақтарын және өртке қарсы жыраларды тазарту; өтiмдi қоқырсуды жинау; өзге де мақсаттарда кесу).
4. Ағаш кесудің жыл сайынғы мөлшері және оны жоспарлау бұдан кейінгі өзгерістерді ескере отырып орман орналастыру материалдары бойынша айқындалады.
5. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ағашты сүйретiп шығару жолы – ағаштарды, сыпталған ағаштарды немесе сортименттерді құлату орнынан ағаш тиеу бекетіне немесе ағаш тасу жолына дейін апару;
2) алқаағаш – ағаш және оған ілеспе басқа орман өсiмдiктерiнен (сүрекдiң, аласа ағаштар, өскін және топырақтың тiрi жамылғысы) тұратын белгiлi бiр шекарадағы бiртектi орман учаскесi;
3) аралас алқаағаш – екi және одан да көп ағаш тұқымдысынан тұратын алқаағаш;
4) алаңша – сүйретiп шығаратын кеспеағаш соқпағы арқылы ағаштар, сыпталған ағаштар немесе сортименттер көлiк құралдарымен сүйретiп әкетілетiн кеспеағаштың немесе мөлдектiң бiр бөлiгі;
5) ағаштың табиғи құлауы – сүрекдiңнiң жасы ұлғаюымен немесе басқа себептермен табиғи сиреуi салдарынан ағаштардың жансыздану процесі;
6) ағашты сүйретiп шығару жолы – кесiлген ағаштарды, сыпталған ағаштарды, бөрене немесе шабылған сортименттерді сүйретiп шығару жүзеге асырылатын, өскiндердiң, топырақтың және түбiрiнде қалған ағаштардың сақталуын қамтамасыз ететiн кеспеағашта ең қысқа жол;
7) әртүрлi жастағы алқаағаш – сүрекдiң жас айырмасы екі және одан көп жас сыныбындағы әртүрлі жастағы ұрпақтардың ағаштарынан тұратын алқаағаш;
8) балауса ағаш – сүрекдiңнiң өскiн пайда болғаннан бастап сырықталғанға дейiнгi алғашқы жас кезеңi;
9) басты ағаш тұқымдысы – белгiлi бiр орман өсіру және экономикалық жағдайларда орман шаруашылығын жүргiзу мақсаттарына неғұрлым толық сай келетiн ағаш тұқымдысы;
10) бiртiндеп ұзақ мерзiмдi кесу – толысу жасына жетпеген ағаштардың толымдығы кемiнде 0,4 болатын әртүрлi жастағы сүрекдiңдерде жүргiзiлетiн басты мақсатқа пайдалану үшін кесу;
11) бонитет – орман өнiмдiлiгiнiң көрсеткiшi. Өсiп-өну жағдайларына байланысты болады және басты тұқымды ағаштарының орташа биiктiгi мен орташа жасы бойынша айқындалады;
12) бiр жастағы алқаағаш – ағаштар жасындағы айырма екі жас сыныбына дейiнгi бiр жас ұрпағының алқаағашы;
13) бiртiндеп кесу – толысқан сүрекдiң бiр немесе екi жас сыныбы кезiнде бiрнеше кезекпен кесiлетiн басты мақсатта пайдалану үшiн кесу;
14) басым ағаш тұқымдысы – телiм шеқарасында алқаағаш құрамы қорының үлкен бөлiгiн құрайтын ағаш тұқымдысы;
15) биотоп – құрамы, құрылымы, шығу тегі және қоршаған ортаға әсерінің өлшемдері ұқсас сыртқы факторлардың (орман өрттері, климаттық жағдайлар) нәтижесінде қалыптасқан сүрекдің топтары;
16) вегетативтiк (бұтақшалы) алқаағаш – вегетативтік текті ағаштардан (томардан, тамыр атпаларынан және сұлатпа сабақтардан шыққан бұтақшалар) қалыптасқан алқаағаш;
17) екiншi дәрежелi ағаш тұқымдысы – басты ағаш тұқымдысымен салыстырғанда шаруашылық және экономикалық жағынан құндылығы төмен ағаш тұқымы;
18) ерiктi-iрiктеп кесу – басты мақсатта пайдалану үшiн кесу, онда бiрiншi кезекте сүректi уақтылы пайдалану және орманның қорғаныштық қасиеттерiн сақтау үшiн ұзақ тұрған, қураған, өсуi шабан толысқан ағаштар кесiледi;
19) жоғарғы қойма – кеспеағашта немесе оған тiкелей жақын маңда орналасқан, дайындалған сүрек кеспеағаштан тасып әкелiнетiн, сыпталған ағаштарға немесе сортименттерге арналған тиеу алаңы;
20) жаппай кеспеағаш кесу – басты мақсатта пайдалану үшiн кесу, мұнда кеспеағаштағы бүкiл сүрекдiң бiр кезекте кесiледi;
21) жайылма ормандар – уақытша су басып қалатын өзен жазықтарында өсетiн ормандар;
22) жаппай кеспеағашты тарлап кесу – басты мақсатта пайдалану үшін кесу, мұнда ағашы кесiлген жерлердi кейiннен орман шетiнен тұқымдануы есебiнен табиғи жолмен қалпына келтiру мақсатында кеспеағаштың енi таулы ормандарда 50 метрден артық емес, жазық ормандарда – 40 метрден артпай белгіленеді;
23) интрааймақ ормандары – дербес аймақ құрмайтын, тек бір немесе бiрнеше аймақтар ормандарының құрамына енгiзiлген ормандар;
24) кеспеағаш – кесудің барлық түрі үшін бөлінген немесе кесіліп жатқан орман учаскесі;
25) кеспеағаштың ықтырмалы жанасуы - кезектi кеспеағаш оның екі немесе үш еселi енiне тең орман жолағы арқылы орналасатын кеспеағаштардың жанасуы;
26) кесу қарқыны – iрiктеп және бiртiндеп кесудiң және күтiп-баптау мақсатында кесудiң кезектi кезеңiн жүргiзу кезiнде таңдап алынатын сүрекдiң қорының үлесi (пайызбен);
27) кеспеағаштың бағыты – кеспеағаштың ұзын жағының орналасуына байланысты;